/

Б.Байбек: «Түркістанның» мерейтойы – қазақ руханиятының мерекесі

896 рет қаралды
1

Туркестан112«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрындағы «Түркістан» газетінің 20 жылдық мерейтойына орай сөйлеген сөзі: 

Құрметті зиялы қауымұлт жанашырлары!

Ақпарат кеңістігінде өзіндік ерекше орны бар «Түркістан» газетіне 20 жыл толып отыр. Осы мерейлі оқиғамен басылым ұжымын, барша оқырмандарды шын жүректен құттықтаймын!

Мен үшін Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі әсем Алматыда, осындай мерекенің үстінде Өздеріңіздей ұлт зиялыларымен, аға буынмен жүздесу – үлкен мәртебе!

Өйткені, жиырма жыл абыроймен жұмыс атқарып, Тәуелсіздік жылнамасын жасауға атсалысып, яғни елмен бірге, биыл 15 жылдығын тойлап отырған партиямен бірге жасап келе жатқан «Түркістанның» мерейтойы бір басылымның ғана емес, жалпы қазақ баспасөзінің тарихындағы қуаныш дер едім.

Жаңарып жатқан өмір, экономикамыздағы оң өзгерістер және атауына сәйкес тек қазақтың ғана емес, бүтін түркі дүниесінің тыныс-тіршілігі, рухани құндылықтары, бәрі де газет ұдайы көтеріп жүрген алтын арқаулы мәселелер.

Ең бастысы, «Түркістан» газеті осы жылдар бойы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын насихаттай отырып, халықаралық ақпаратта төл бет-бейнемізді қалыптастыруға үлес қосты. Оның Қазақстаннан тысқары, әсіресе, қандастарымыз шоғырланған Ресейге, Моңғолияға, Түркияға, Қырғызстанға тарайтыны осының дәлелі болса керек.

Басылымның идеялық бастамашысы әрі алғашқы Бас редакторы – халық жазушысы, марқұм Қалтай Мұхаметжанов. Ең алғашқы құрылтайшыларының бірі – халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Мұның өзі газеттің құнарлы ортадан бастау алғанын көрсетеді.

Басылым тарихы айтулы оқиғаларға толы. Айталық, газет бетінде алтын бесігіміз – ауыл тақырыбын кеңінен көтеріп жатқан тұста Мемлекет басшысының редакцияға телефон шалып, қолдау білдіргенін газет журналистері әлі күнге мақтанышпен еске алады.

Сонымен қатар, Президентіміздің кезінде көкейтесті мәселелер бойынша жазылған үш бірдей мақала бойынша Үкіметке тапсырма бергені де белгілі. Газет жұмысының үнемі жоғары назарда болғанын осыдан-ақ көреміз.

«Нұр Отан» партиясы үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болып, өзара ынтымақтасу өте маңызды. Мұндағы мақсат – халық мұңын мұңдаушы, жоғын жоқтаушы БАҚ-тар арқылы халыққа жақын болу.

Осы қағидаттың жарқын көрінісі – елмен тікелей қарым-қатынас жасау үшін жаңа форматты қоғамдық қабылдаулар жүйесін жетілдіріп, электрондық партия кешенін енгіздік, интернеттік тәсілдерге иек артуымыз көбейді.

Бұл ретте біз үшін «Нұр Медиа» тобына қарасты ақпарат құралдарын заман талабына сай дамыту, қазақтілді оқырманның қажеттілігін қамту мәселесі айрықша басымдыққа ие. «Астана» телеарнасының қазақтілді бағдарламаларының үлес салмағы өсуде. Нұртөре Жүсіп, Шамшиддин Паттеев сияқты майталмандар басқарған «Айқын» мен «Түркістанның» қатары жақында ғана атақты «Ара» журналымен толықты. Қатарымызға Көпен Әмірбеков сынды ағамыз қосылды. Келесі жылы, Өздеріңізбен бас қоса отырып «Араның» сонау Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтерден басталатын 100 жылдық мерейтойын атап өтеміз деген жоспарымыз бар.

Қазір газет-журналдар үшін электрондық нұсқаға, яғни Интернетке өту заманы туып отыр. Атақты ұлыбританиялық Гардиан газеті өткен жылы интернетке толық ауысатынын хабарлады. Басқа да атышулы басылымдар осыны жоспарлап отыр. Соған қарамастан, қаракөз оқырмандардың ақпараттық қажеттілігін ойлаған «Нұр Отан» үшін сұранысқа ие ана тілді газеттер қатарын молайтып, мазмұнын жақсартып, интернетпен қатар алып жүру басты бағыт болып қала бермек.

Жалпы қазіргі БАҚ құралдары біздің түсінігімізде халыққа ақпарат жеткізіп қана қоймай, барынша рухани бағдар берумен, бірлікке, елдікке шақырумен айналысуы қажет. Партиялық активтердің бірі емес бірегейі саналатын «Түркістан» газетінің елге мәлім ерекшелігі — ұлттық құндылықтарды насихаттап, дәстүрлі дүниетаным мен болмыстың сақталуына үлес қосуы. Отбасылық құндылықтардың дәріптелуіне барынша жұмыла кірісуі.

Рухани құндылықтарды сақтау мәселесі зиялы қауыммен талқылай отыра өткен жылы қабылданған партияның жаңа Доктринасында көрсетілгендей, «Нұр Отанның» негізгі басымдығы болып табылады. Осылайша, Елбасы саясатын жүргізуге арналған партия мен газеттің күн тәртібі бір.

«Түркістан» жүріп өткен жиырма жылда еліміз әлемдік қоғамдастықта мәртебелі мемлекетке айналды. Бұл — Президентіміздің сындарлы саясатының арқасы. Енді халқымыздың алдына «2050-Стратегиясында» өркениетті 30 елдің қатарына ену мақсаты қойылып отыр. Бұл мақсатқа жету дегеніміз – Тәуелсіздігімізді нығайту, мемлекетімізді жасампаз ету, бабалар мұраты — шынайы Мәңгілік ел болу деген сөз. Ол үшін өзгелермен экономикалық тең терезелі тығыз қарым-қатынаста болуымыз керектігі айғақ.

Қазіргі заманда ешқандай еларалық жобаларға қатыспай, көршімен тізе қоспай қарқынды даму болмайтынын халықаралық статусты «Түркістанның» оқырмандары жақсы біледі. Жаһандану жағдайында мүмкіндігімізді саралай отырып, пайдамызға қарай басқамен экономикалық тұрғыда бірікпеу – бәсекеге қабілетімізді кемітеді. Дамыған елдердің бәрі де осындай үрдіс арқылы бүгінгі деңгейіне жетіп отыр.

Елбасы айтқандай, біз үшін көрші жұртпен экономикалық тұрғыда тығыз болу – өмір заңдылығы, отандық бизнеске үлкен нарық кеңістігін ашу, яғни экономикамыздың өміршеңдігін, мемлекет қуаттылығын ұзағынан ету жолы.

Осы тұрғыдан алсақ, біз үшін басты мәселе – ішкі ынтымағымыз. Әлемдегі жағдайды ескерсек, біз әрдайым бірліктің, ынтымақтың ерекше үлгісін көрсете білуіміз керек. Елімізде салтанат құрған бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтау, шаңырағымыздың шайқалмауынойлау алдыңғы буын ағалардың артынан ерген біздер үшін жай ұран, алдарту сөз емес, үнемі есте сақтайтын жағдай.

Елдің иесі ретіндегі негізгі жауапкершілік Сіздер мен біздердің мойынымызда. Сондықтан да, бүгінгі заман барынша байыптылықпен, аталарымыз айтқандай, «екі шоқып бір қарайтын» уақыт дер едім. Ел мүддесі үшін түсіністік пен ымыраға шақыру, салмақтап сара жол таба білу – «Нұр Отан» үшін басты ұстаным.

Мен жаңа ғана шеттегі қандастарымызды тілге тиек еткенмін. Шын мәнінде де, қандастар проблемасының баршамыздың көңілімізге қаяу түсіріп келгені жасырын емес. Мұны партия ұйымдастырған аламан айтыстарда ақындарымыз талай мәрте жырлаған болатын. Өздеріңіз білесіздер, күні кеше азаматтық алу мерзімін 7 жылдан 1 жылға дейін азайту, қандастарымызды қоныстандыру, әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселелерін барынша жеңілдету бойынша саяси шешім қабылданды. Ұзағынан болсын дей отыра, бұл тұста елдегі оқырманын шеттегі қазақпен байланыстырып, алтын көпір қызметін атқарып отырған «Түркістанның» қызметі де ерекше дер едім.

Құрметті ағалар, бауырлар!

Бүгінгі мерейтой — қазақ руханиятының мерекесі. Түбі бір түркінің үні болсын деген ниетпен басталған істің өзінің берекелі жолын тапқанына куә болып отырмыз.

Басылымның жетістіктері – қазіргі таңда іс басында жүрген және оған дейінгі іскер азаматтардың, барша ұжымның еңбегі.

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтқандай «халықтың көзі, құлағы hәм тілі» болу, әрине, ерекше жауапкершілік жүктейді. Тиісінше, әділдігін тікесінен айта жүріп, кемшіліктерді түзеуге бастау — аса маңызды миссия.

Жақсы істердің жаршысы болып жүрген «Түркістан» бұдан әрі де абыройын арттырып, Елбасы саясатының белсенді насихатшысы ретіндегі жұмысын жалғастыра береді деп сенеміз. Бұл істе біздің бәріміз зиялы қауымның,

алдыңғы буынның ақыл сөзіне, сілтеген жөн-жобасына жүгіне білуге дайынбыз!

Баршаңызға Отанымыздың Тәуелсіздігін нығайту жолында бірлесіп атқаратын іс-қимылда қажымас қайрат, жемісті еңбек тілеймін!

дерек көзі: qaznews.kz

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. # проф. Совет-Хан Ғаббасов 31.05.2014 21:33
    Ақберен айналайын, мынау сан-саққа ой жүгірткен мақалаң… мені қатты ойландырды. Осылайша ойлануға ұмтылған… сендердің буындарыңа ризашылық сезімім мен шерменде жатқан үмітім де оянғандай болды. Сен – неге… неге… -деген сұрақтың жауабын іздегеніңмен табалмағаның анық. Әйтседе, бұл сұрақтың жауабын иісі Қазақ баласы болып іздеуге тиісті. Міне осы ізденуге қозғау салғанның өзі де көп жетістік. Мұны оқып шыққан әр азамат, бос сөздің құлы болмай… НАҚТЫ ПІКІРЛЕРІН ортаға салса, нағыз игілікті іс болмақ ?!!..
    Олай болса менің ұсынатын нақты пікірім төмендегідей :
    І. Халық рухани сілкініс жасап, қолынан келетіні… бауырынан дүниеге келген балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл аударуы ауадай қажет. Дәуір ауысуына сәйкес… келген уақытты түсініп, АЛЛАНЫҢ құретімен әзірше бізге ғана… Қазаққа ғана түсіп тұрған, – “ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ЖАҢА ІЛІМІН” – дереу жаппай қолға алып, шындығында да “…НЕМҚҰРАЙЛЫҚ …” пен ЕНЖАР- САЛҒЫРТТЫҚТЫ жою керек. Бұл ІЛІМ – бұрынғы тәрбиедегі “ТӘН ҚҰМАРЛЫҚТАН” оздырып, жаңа буынды “ЖАН ҚҰМАРЛЫҒЫНА” ауыстыратыны ғылыми дәлелденгені анық. Мұны біреуден сұрап алардай… қолға түспейтін нәрсе емес. Бұл ІЛІМ бірнеше басылым кітап болып шыққан. Бұл кітаптардың аттары : – “Ізгілк әліппесі” – “Халық педагогикасының негіздері” – “Педагогика мен Психология негіздері” – “Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі” – авторы Совет-Хан Ғаббасов болады. Осылайша, Халық -өзін-өзі түзеуге кіріседі.Қазірд ің өзінде бұл технологиямен өмірге келген балалар арамызда аса үлкен жетістікпен көріне бастады.
    ІІ. МЕМЛЕКЕТ пен ХАЛЫҚТЫ басқарудағы кемшілік ! Мемлекетті басқарудағы құдіретті ҮШ ЖҮЙЕ бізде жоқ. Олар қоғамды – БАСҚАРУ – ҰЙЫМДАСТЫРУ – ҚАДАҒАЛАУ – жүйелері болып табылады. Дүние жүзінде бұл ҮШ ЖҮЙЕНІ жақсы меңгерген ЖАПАН елінен үлгі алуға болады.
    ІІІ. Қазақ өз ҰРПАҒЫН өзі аздырып отырған халық. АНА ТІЛІНІҢ құдіретін тсінбеуден… өз балаларын басқа тілде оқытып, Өзінен туған баласына қаскүнемдік жасаудан жаңылар емес. Ең әуелі – “СӨЗ” (слова)- пайда боғанын… Талмутта да, Інжілде де, Құранда да бекер айтпаған ғой. Тек ТІЛ ғана – ата-баба зердесімен байланыстыратын ы ғылымда баяғыда дәлелденген. Ғылымда – филогенетикалық зерде – делінеді. Міне, ТІЛІ орысша шыққан Қазақ баласы өзінің ата-бабасының зердесінен АДА қалады. Ал ТЕГІ басқа болғандықтан ол бала Орытың да ата-баба зердесімен де қосыла алмайды. Мұндайларды – космополиттер немесе Шалақазақтар – деп атап жүрміз. Бұларға – ұлттық құндылық – дәстүр мен салт, тіпті Отаннын да құрметтеу қиын соғады. ЭЗЕТЕРИКАЛЫҚ ІЛІМ де – бұларды ІБІЛІСТІҢ І-ші көмекшісі дейді. Мен ұсынатын ПІКІРЛЕР әзірше осы. Иісі Қазақтың баласы Ұлт пен Халқың керек болса тыңда ! ҰЛТ ТАҒДЫРЫ – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар