Шынтуайтында, Мамырдың 11-і күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының талап арызын қарап, “Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам”, “Жұлдыздар отбасы” және “Жұлдыз жорамал” журналдарының бас редакторы Жарылқап Қалыбайға 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.
Қазіргі кезде айыппұл сомасы 222 мың 240 теңгені (шамамен 1200 АҚШ доллары) құрайды.
Сот процесінде сөйлеген Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы өкілінің айтуынша, аталған үш журнал биыл, 2014 жылы ақпан айындағы нөмірлерін шығарған кезде БАҚ туралы заңның 15-бабының бірінші бөлігіндегі талап орындалмаған, яғни журналды басқан баспахананың мекен-жайы көрсетілмеген.
Аталған журналдардың бас редакторы Жарылқап Қалыбай ақпан айында жарияланған бұл журналдарда баспахананың мекен-жайы жазылмай қалғанын мойындайды, бірақ ол баспахананың аты мен басқа да деректері журналда берілгенін алға тартты.
Редактор биыл сәуір айынан бастап Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен елде шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланғанын еске салды. Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы мораторийге де қарамадыі– дейді Жарылқап Қалыбай
“Отбасы” ЖШС заңгері Мақсат Нұрыпбаев “сот процесінде Жарылқап Қалыбайдың айыбы анықталмағанына қарамастан оған ең жоғарғы айыппұл салынды” дейді. ”
Отбасы” ЖШС-нің “Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам” журналының Адольф Гитлер туралы сәуір айындағы саны қарама-қайшы пікір тудырған еді. Журнал редакциясын сынаушылар да, қолдаушылар да көп болды. Қазақстан байланыс және ақпарат агенттігінің “Аңыз адам” журналының соңғы нөміріне қатысты жариялап үлгерген жылдам мәлімдемесі де дауды ұлғайта түскен болатын.
Ресей сыртқы істер министрлігі 21 сәуір күні Қазақстан билігін “Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам” журналының Адольф Гитлер туралы материал басқанына байланысты бір шара қылады деген үмітте екенін” мәлімдеген еді.
Сәуірдің 21-інде Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында ауған соғысы ардагерлері мен өздерін НОД (ұлттық азат ету қозғалысы – ред.) деп атайтын ұйымның ондаған белсендісі “Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам” журналына қатысты наразылық акциясын өткізіп, Адольф Гитлер туралы материалдар шыққан журнал санын өртеген болатын.
Парақшамызға жазылыңыз