Көші-қон саясатының сан қырлы астары

4464 рет қаралды
1

Қазақстанның ауылды жерлерінде жаңа экономикалық жүйе құруға деген талпыныс әзірге ешқандай нәтиже бермей отыр. Ауылдан қалаға ағылған тұрғындардың саны толастар емес.

Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметтері бойынша Қазақстанда жыл сайын 300 мың адам ел ішінде арлы-берлі көшіп-қонып жүреді екен. Олардың үлес салмағы 1991 жылдан 2007 жыл аралығында 68,8%-ға жеткен. Яғни, көрсетілген мерзімде 4,7 миллион адам Қазақстанның ішкі өңірлеріне жөңкіле көшіп-қонып жүрген.

Ішкі мигранттардың негізгі көздегені – Алматы, Астана қалалары. Облыс орталықтары мен өндірісті аймақтарға қоныс аударғандар саны тым аз. Көшіп-қонушылардың басым көпшілігі қазақтар. Сондай-ақ, Қытай, Өзбекстан, Моңғолиядан келген оралмандар мен экологиялық апат аймақтарының – Арал мен Семей өңірінің тұрғындары да ішкі көші-қон процесін жеделдетіп жіберген.

Көші-қон үрдістерінің сараптамасы ішкі миграцияның шарықтаған кезеңінің 1991 жыл болғандығын көрсетеді. Бұл кезеңде ауыл тұрмысының қатты тұралағаны белгілі. Дәл осы кезде республиканың түкпір-түкпірінен 500 мың адам сандалып көшіп жүрген. 1992-1995 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 300-400 мың адамға дейін құлдыраған. 1996-2003 жылдар аралығында ішкі көші-қон 300 мың адамды қамтыған.

2003 жылдан ішкі көші-қон үрдісі қайта жанданған. Бұл елдегі жаңа аграрлық саясаттың енгізілуімен байланысты болса керек. Жаңа «Жер кодексінің» қабылдануына орай, жерге жекеменшік нысан енгізілгені белгілі. Аталған заң ауылшаруашылығын алға жылжытудың орнына, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қиындатып жіберді. Статистикалық агенттіктің мәліметі бойынша, ішкі миграция дәл осы тұста қайта қарқын алған.

Урбанизация – қашып құтыла алмайтын үрдіс. Сондықтан, бұл жағдайда біз АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесіне иек сүйегеніміз абзал. Бұл елдерде кезінде урбанизация жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Онда мигранттарды орналастырудың тетіктері мен іс-шаралардың кешені қамтылған. Сондай-ақ, ауыл мигранттарын қала жағдайына ыңғайлап, жоспарлы және жүйелі түрде қайта оқыту қолға алынған.

Әзірге ауыл жағдайы өзгерер емес, Қазақстанның аграрлы аймақтары өмір сүруге қолайлы мекенге айналмаса, ауылдан қалаға ағылған тұрғындардың саны жыл санап өсе бермек. Әрі бұл тек Алматының ғана емес, сондай-ақ, барлық Қазақстанның проблемасы. Қазіргі әлемдік дағдарыс та өзінің жаңа проблемаларын ала келді. Бұл ауыл өмірін қиындата түспесе, жеңілдік әкелмесі анық.

Асанбаев Мұхит Болатбекұлы, Қазақстан гуманиатрлық-саяси конъюнктура орталығының вице-президенті, саяси ғылымдарының кандидаты.

Дерек көзі: www.voxpopuli.kz
Аударған – «Мінбер»

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Урбанизация қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптарына балта шабатын жоба. Нағыз қазақтың бейнесі ауылда ғана сақтала алатындығын естен шығармағанымыз жөн. Қазақтың отаншыл, айтулы азаматтарының бәрі ауылдан шыққан. Қала халқында шақырмаса ағайын-ағайынға, көрші-көршіге кірмейтін жаман әдет бар. Төрт қабырғаға қамалып алып күні-түні теледидар көргенді жақсы көреді.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар