///

«Ерлік жыры – Ер Жәнібек»

1725 рет қаралды
5

er 10Ер Жәнібек баһадүрдің 300 жылдық мерей тойына орай Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жариялаған аламан жыр бәйгесінде еліміздің белгілі ақындарынан бастап, жас таланттарға дейін ат салысты. Жыр додасында сексеннен астап үміткердің қатарында Моңғолиядан, Қытайдан танымал ақындардың қатысуы мүшәйра деңгейін көтеріп, ауқымын кеңейте түсті.

Даңқты батыр, атақты шешен, көсем би, көреген басшы Ер Жәнібек жайында сақталған  тарихи аңыздар, жыр, дастан, толғаулар мен жазылған роман, хикаяттар бір төбе болса, мүшәйрада жүлде алған жұлдызды жырлар бір төбе. Мінеки, осы жүлделі жырлар мен қатар бәйгеге жолданған туындылардың бірқаншасының басын қосып «Ерлік жыры – Ер Жәнібек» атты жыр жинағы ақын Ержан Жаубайдың құрастыруымен «Фолиант» баспасынан жарық көріп, Өскемен қаласында өткен  «Ел қорғаны – Ер Жәнібек» атты мәдени іс-шарада оқырманына жол тартты.

Құрметті жыр сүйер оқырман, назарларыңызға осы бәйгеде бірінші орын жүлдесін иеленген Бақытбек Бәмішұлының «Рух жыры – Ер Жәнібек» атты поэмасын ұсынып отырмыз. 

Рух жыры – Ер Жәнібек

Жаратқан!

Жаратқан ерек Ер Баба!

Жазылған аты Тұмарға,

Жайылған түгел Тұранға,

Алты Алаштың боздағы –

Алапат күштің қоздағы –

Айналып кеткен Ұранға!

Замана алаң, бұлаң да:

Қара айғырға Қаратау –

Ала айғырға Алатау –

Аталарым ер салып,

Көк аршасын тұтатып,

Көк Тәңірге тіл қатып,

Ақ сүтін шашып, дем салып,

Киесіз жер баспаған –

Енелерім баптаған.

Алалы жылқы дүркіреп,

Айбаты ерлер күркіреп,

«Алаш» деп Ұран тастаған.

Қаһарлы хұсни жүректі

Қазақтың қолын бастаған.

Дес бермеген дұшпанның,

Демін екі алдырмай,

Табанына жаныштап,

Тапжылмас қып тастаған,

Қаһарманым –

Көкжалым!

Ақырғанда жауына,

Аузынан атқан көк жалын!

Жәнібек!

Жәнібек!!

Жәнібек!!!

***

Киелі Рух, Ер Баба!

Қайырлы жерім қорымды,

Қаралы сөзім қонымды.

Қан жілік қылып торымды,

Қайнатып қара сорымды,

Алқалы көлге сұлатып

Ай-күнге созған қолымды,

Күн туғанда басыма

Көл толғанда жасыма

Тауып берген жолымды,

Жауға аттанып ағасы

Жыртылғанда жағасы

Жамап берген тонымды,

Жаңбырлы күні от киіп

Жауырыныма оқ тиіп

Жараланған қоңымды

Жазып берген жонымды.

Жазылып қойған мұраттан

Жаңылғанда танытқан

Оңым менен солымды,

Сен едің ғой, Ер Баба!

Ұматып кеткен кеше елді,

Ұрғызып тасқа кеселді.

Еңсемді тіктеп көтерген

Еселеп жаудан есемді.

Бес күндік жалған өлшемі –

Бір тамшы нәрға зарыққан

Талайдың ерінін жарытқан

Толтырған аққа кесемді.

Кеңессіз төрдің демі – істік.

Кеміген шақта кеңістік,

Кемерден шығып керісім.

Қиырдан қорып, қоныс ап,

Көгертіп кеткен көсемді.

Атадан жалғыз көбеген

Аңырап жауға кеткенде

Ақ бұршақ салып мойнына

Алладан аман тілеген

Уатып кеткен шешемді

Сен едің ғой, Ер Баба!

***

Тектінің тезі үгітіп,

Тепкінің өшті үні тік.

Кенезем менен көнімнің

Кепкенін көкке жібітіп,

Көнерген ізге түсемін

Көк дөнен ойды жүгіртіп:

Көгіне байрақ ілінген

Кешенді жонға тігілген

Қабырыңның басында,

Қос бөріңнің қасында

Құран оқып, қол жайып,

Қол жайғанда мол жайып

Ауамен бостан дем алып.

Жазаланған жаныма

Жараланған арыма

Аруағыңнан ем алып.

Қу дүние жалғаннан,

Не өтті екен, не қалып?…

***

Көк дөнен күйдің мәні көп

Көк бөрі үннің әні кеп,

Тіл қатты сонда Жәнібек,

Жәнібек батыр, әрі бек:

– Ой деген ағын, іс – түйін,

Құр қиял – бір мыс тиын.

Ұлтыңда болса ынтымақ,

Босағаң берік, мықты үйің.

Боз қырым – боздақ – бозқұлын,

Боз қырға салғай көз қырын.

Сөйлеп бір қане берейін,

Атадан қалған ақ жамбы –

Аңласа ұрпақ Сөз құнын.

… Әйгілі жердің бір елі –

Әй керім белдің түлегі.

Үркіткен үлбір әлемді

Үстірттің үстем жүрегі.

Атынан аю сескеніп,

Ай қалған бұлтқа қорғалап.

Айналған бақыт, сорға бақ.

Алдында тұрды иіліп,

Алты құрлық жорғалап.

Жетесі кетті желденіп.

Жүргенге еріп жерді еміп,

Орманнан отты оқ алып,

Қорғаннан шықты шоқ алып.

Көршінің құдай ақысы,

Төркімнің ұмай қақысы,

Қаперден кетті жоғалып.

Асқынған кеуде – алапес,

Алқалы жерге сыймады.

Ұлтсыз ұрпақ ұясыз

Ұғыспай елді қинады.

Мықтан бастап мың жылдап

Бабаңның шашып жиғанын.

Көкжиек көмген іргені

Бөрідей тиіп бүргені.

Тарылғанның пиғылы

Таралғысы сетінеп

Тарқатылар ілмегі.

Уытты жылан уыстап

Ұстағанын білмеді.

Айласы сұмдық сүрмелі –

Амалы шие күрмелі –

Абақты құрып,

Ауменен

Тыстағанын білмеді.

Бағынан асып кеселі,

Басыма тиді кесегі.

Қараша сөзін,

Хан тілін

Көзіне де ілмеді.

Сағымды дала, шөлдегі,

Сабырлы, салқын көлдегі

Аққу, қаздың

Ай нұрлы

Маңдайына тигені

Өзегінен мүңкіген

Өлексе иіс көр демі

Қасыреттің дөңбегі.

Кеңес қып келген қазаққа

Көгерген қалмақ көмбеді.

Тәңірін мұтып қағынып,

Мүсінге мұздай табынып

Қабылан нәпсі қабынып,

Уыста Ұлы Даланы

ұстамақ зорға жағынып.

Бөрідей жөнкіп үйірі,

Бүйідей шығып бүйірі,

Қандала құсап қан ішті.

Қанға толған шарасын

Дұшпанменен қағысты.

Байтақ Ана –  Жер үшін,

Жер егесі ел үшін

Денесі құлап күрс етіп,

Қаншама шаһит жан ұшты.

Атысқан жауым – қалқаным,

Ақыретсіз кетті қанша мың.

Арқырап келді арғымақ

Ер тоқымын бауырға ап

Сүйретіп ердің қалшанын.

Не өлім – таңдау, не өмір деп

Толғанды қазақ қанша күн?…

Жырақта қалып жазғы леп,

Жұмақтай күндер назы көп.

Жылаған түнде жұлдыздар

Бірлікке келіп билерім

Әйтеке, Төле, Қазыбек.

Алашқа сауын айттырып,

Әбілқайыр қолбасшы

Құлашты кеңге жазып ед…

***

Тау-тасты жапқан белесті,

Қалың шу көрдім елес-ті.

Есіме алдым еріксіз

Он үш жасар оғылан

Туралы талай естіген

Бабалар айтқан кеңесті.

…Жәнібек жетті:

– Ар ма?– деп,

Арлы ойы жебеп қалма деп.

Арқырайды белдеуден

Аңсаған жүріс арда көк.

Сақалы жапқан кеудесін

Саулаған сауал кернесін.

Бал таңдай ата не десін

Баталап жиен келгесін.

– Қарағым, балғын екенсің,

Арманда қалып кетерсің.

Жасқа да толмай жау іздеп,

Жанығып қалқам, не етесің?!

Түйіліп қабақ, түнеріп,

Кірпігі қасқа тіреліп:

– Бер батаңды, Әз Ата,

Санамасаң тірі өлік!

Жасықтық жайын тек білед,

Жұртының жайын бек білед.

Жан бар ма асқан сызықтан,

Жазмыштың жайын Көк білед.

Алдыңа жауды салмасам,

Ант атсын,– деді,– текпілеп!

Бір тізерлеп жүгініп,

Тас мүсіндей тігіліп.

Қайтатұғын түрі жоқ,

Келгендей құды бабасы

Керейде Сары тіріліп.

Қазыбек қалды ойланып,

Түсінен танып сойды анық.

«Жүретін жігіт бұл емес,

Мәстегін мініп қой бағып.

Бермесем бата құсадан

Кетуі мүмкін қорланып».

– Әумин,– деді қарт абыз.

Алдым жалын, арқам мұз.

Асауды мұрсат бер деген,

Аяқтан неге тартамыз.

Жортқанда Қызыр қолдасын,

Жомарттан болсын жолдасың.

Бақ дарып басқан ізіңе,

Жолыңды құдай оңдасын!…

Атадан алып Ақ бата,

Аруанадан туған жас бота.

Атып тұрып иілді,

Қимылында жоқ қата.

Сары ала бауыр ай тамыз.

Жәнібектей қалқаңыз.

От болғалы тұр лапылдап,

Сіріңке тартып қалсаңыз.

Қарасы көкке қадалған,

Төгіліп нұры жамалдан.

Жүрегінің жүрісі

Естіліп тұрды даладан…

Тастан қойып тағымды

Таянып алып жағымды,

Отырған едім Жәнекем

Жалғады сөзін жағымды.

– Болдым деген бәйтерек

Бор болып бір күн солмай ма?

Жаңа шыққан жас шыбық

Жайқалып орман болмай ма?

Таяз деме тау суын,

Тасыса арна толмай ма?

Жерімді жауға бергенше,

Жанымды берсем болмай ма?

Деп ширыққан үр тілді

Алаштап қазақ сілкінді.

(Атап өту керек қой,

Даталы етіп бұл күнді!).

Суға кеткен салыдай

Сергітіп сана, сүлкінді.

Сәтті күні жауының

Сәресіде қандаған

Сәлдесімен сүртінді.

Қаратау асып боздаған

Қайтарып жұртын үркінді.

Қазақтың қаны қайнаса

Дүниені қозғалтар

Ұлы күш екен бір түрлі.

Ақырында не болды?

Қасарысқан дұшпанның,

Қан ішіп, запыран құсқанның:

Ертіске кетті

Қатырған

Мүйізіндей арқардың

Қолаң шашы, желегі.

Адамның арын қорлаған,

Ағармай өзі сорлаған

Қанына толды шелегі.

Көшінен қаңғып көбегі,

Көңімде қалды бөбегі.

Асқынған, арсыз көңілді

Аймалап ажал өбеді.

Айдарлы шашы бау болып

Аранда жатты тау болып

Алтынды басы өрдегі.

Қысылған қалың өліктер

Бұлт болып ұшты көр демі.

Тәңірге жанды тапсырып,

Тауанын жаудың тасқа ұрып,

Аламан ақтық шайқаста

Қалмақтың қара найзасы

Қақ жарып өтпей шарт сынып,

Қанжығамызда қанша бас

Дәм-тұзы бітіп, жатты ұлып.

Ит-құсым жеді жемтігін,

Бастырмай жатып ентігін.

Қаңқасымен толтырдым,

Жыртылған жердің кемтігін.

Қағынған қара жауымның

Қанына қанып жырғадым.

Қабырғасына қадаған

Қара тамақ найзамды

Айызым қанып ырғадым.

Астыма салдым тоқым қып,

Алалы балдақ сырдағын.

«Ошыбайлап» ұшқанда

Оққа айналды мір тілім,

«Алаштап» алға шыққанда

Отқа айналды мылтығым!

Ысылғанда шоқ шашты

Қобызымның ішегі

Қылынан таққан жылқының.

Жұтамын деген жыланның

Аруағымды шақырып

Ажалды басын қыршыдым.

Азуын жұлып, өтін ап,

Қан-жынымен қайнатып

Бітедім құрдым құлқынын…

Ханның да тілін алмаған

Қаздың да тілін алмаған

Халыққа ақыл салмаған

Қанқұмар қара зұлымның

Қашанда бағы жанбаған.

Жорытқан сайын қан ішкен

Жоңғардың жұрын, жұрнағын

Маң Шың кеп тұтас жалмаған.

Алаң да алаң күн болды,

Айланың ұзын қармағы.

Тауаны бітіп таусылды,

Ағынды судың тармағы.

Атадан қалған ескі жұрт

Аңырап Алтай қалғаны.

Енеден қалған ерке Ертіс

Еменнен таяқ таянып

Есімде естен танғаны.

Қазақтың қолы қаһарлы,

Алладан пәрмен алған соң

Қалмақты қырып салған соң

Айырлы менен аюдың

Абылайға түсті салмағы.

Сол заманда Абылай –

Алты Алаштың Ардағы

Асасы алтын балдағы,

Ай-жылды болжап алдағы,

Қарасы толған ой-арман.

Қаламы қанға боялған

Қара тамақ найзама,

Алтынмен зерлеп байлаған

Ақ Туды мықтап ұстатып:

«Ал қара көктің атасы –

Алтайды барып ал»,– деді.

«Ер Түріктің Енесі

Ертіске салды сал»,– деді,

«Ежелгі ата мекенде

Еліңнің шебін бекітіп,

Еге боп мәңгі қал»,– деді.

Екі етпедім хан сөзін,

Адалдық ұтқан хақтығын

Айтқызып мұтқан шаттығын

Алтайға елді көшірдім,

Ертістен өтіп көсілдім.

Шашылған елім жиылып,

Шыққаны кірді есімнің.

Алтайдың шыңы сан қырлы

Азанмен атқан таң нұрлы.

Айырдың тілін идіріп,

Аюдың ішін күйдіріп,

Айбарын айға шаптырып

Ақ Туымды байладым!

Басқа салса кесетін,

Тасқа салса өтетін,

Андасып сүйген ақ қылыш

Жандосым болды айқаста.

Басында намыс – найзамның

Арымнан еді Байрағым.

Байрағымның барында

Алтайдың қойын-қонышын,

Армансыз қыстап, жайладым.

Батасы тиген бабамның

Батыры болдым қол бастап,

Билігі түссе талқыға

Биі де болдым сөз бастап.

Бұлағай бұзық заманда

Бытыраған телімді

Біріктіріп елімді

Басшы да болдым ел бастап.

Аттан түспей алпыс жыл

Елімнің шетін күзеттім,

Етегім жайып,

Ер жастап!…

…Ертістен ары өткенде,

Ежелгі жерге жеткенде,

Күлтегіннің көк тасы

Күн астынан көрініп,

Балабал тастан естіліді

Бөрі үнді өр үміт.

Селеңгі, Тамыр, Орхон, Тул

Ононның суы Бөртенің

Бұрымындай өріліп.

Белінен бөрте бөрі ұлып:

«Бөлтіріктері көк шулан

Көк шуланды көп туған

Бұрымдының бәрі ілік»,–

Баян қылып тұрғандай

Бетінен барқыт желі үріп

Өңірін тосты Өтүкен.

«Жоғарыда Көк Тәңір,

Ал төменде Қара Жер».

Қара Жерде Көк Түрік

Орхонның ойған тасына,

Тонының қойған басына

Қадымның хаты жанып тұр.

Жадыңды жаулар жарық бұл.

Көк түрік тектің көшелі

Ес аңқыған ескі үні

Дүниені жарып тұр.

Сол жарыққа тәу етіп,

Самалды белді бау етіп,

Саған ұлым дарып бұр.

Сескендірер сестіні,

Ойландырар  естіні,

«Бүтүн жұрт» деген бір сөздің

Қуаты  маңдай жарып тұр.

…Ертістен ары өткенде,

Өр Алтайға жеткенде

Өзендей тасып ырысым,

Өркенін жайып Ұлысым

Өрісім кеңіп, өсіп ем.

Өтерімде түс көріп

(Түсімде түрлі іс көріп)

Өңіріме өрлеген

Шыбар көріп шошып ем.

Жағама келіп жармасар

Бір аң көріп шошып ем.

Көк дөненге ер салып,

Торғауыт сауыт киініп,

Тұйғындай түлеп, түйініп,

Бір Тәңірге сыйынып,

Көлденеңдеп тосып ем.

Айбарынан ат үріккен

Атасы Шыңғыс Абылай

Абаққа тірек болар деп,

Арқадан төре алдырып,

Арқалы елге қосып ем,–

Дегенде Жәкем,

Құдырет

Көз алдымнан өткені

Сол кезең ұлы сүгірет.

***

…Аңқыған жұпар жаз үні,

Осында керей қазығы.

Қара нор халық, қалың мал,

Орта бұлақтың жазығы.

Тамырын үзбей түбірден,

Өшкені қайта тірілген.

Ер Жәнібектің ордасы

Еңселі жерге тігілген.

Батыр да, бай да осында.

Шақырған дұшпан, досында.

Айналып кеткен сияқты,

Бір тайпа елі қосынға.

Демеді үлкен жас кіші,

Жиналды игі жақсысы.

Би, батыр, шешен, бай, мырза,

Имам, молла, бақсысы.

Ішіне бүккен тырнағын

Ішінде жоқ жат кісі.

Қосшылар жатыр шатырда,

Жел көрік үнсіз ақында.

Жәнекем неге шақырды,

Құбылыс болар жақында.

Қуаныш әлде бұл қайғы.

Қисынсыз кеңес құрмайды.

Күндік жерден мұндалап,

Ақ туы қолын бұлғайды.

Әулетті жердің әні көп.

Әңгіме, дүкен мәні не ед?

Алқалы топтың алдында

Ақсақал бүгін Жәнібек:

– Ай, жұртым,–  деді ырғалып,

Кімдерім келді, кім қалып?!

Жұрт түгел төрге бұрылды,

Дегендей қартты тыңдалық.

– Тәніміз еріп, жан кетер,

Берілер сөзге, мәнге төр.

Мәңілік жоқ қой ештеңе,

Есті сөз ғана мәңгі етер.

Қартайдым, мен де, бар қайғым,

Барыңды шолып, байқаймын.

Бауыры тыныш бола ма,

Бабадан қалған Алтайдың?

Баласы тыныш бола ма,

Батыс пен шығыс айқайдың.

Басыңды құрап ел еттім,

Екі иініңді тең еттім.

Ертеңіңді ойлап ел-жұртым,

Хан Шыңғыстың тұқымы

Абылай сынды айбарлы

Саялатсам аясын

Мәуелі байтақ теректің.

Орда іші ауа салмақты,

Әр кімі ұста, ар-затты.

Үнсіздік – құптау болар ма?

Сілтідей тұңған айдынға

Бір батыр салды қармақты.

– Зар заман тақым тулаққа,

Күн көрдік аунап, қунап та.

Төрені әкеп

Төбеме

Таяғын әңгір тулатпа!

Боларға басы керейдің

Қатыны бір ер тумап па?!…

Жәнібек түйді қабағын,

Қабағы толы қара мұң:

– Бүгінгі досың, ол ертең

Дұшпаның болып шықпай ма?

Білегі күшті болса да

Білікті елден ықпай ма?

Суы мол жауған жаңбырдан

Сұлу бір тамшы  шық пайда.

Алысып таптық тынысты,

Аруақ келмес аянсыз.

Бұзбайды деме тынышты,

Бос келген бақыт баянсыз.

Жеріміз жайсаң, жынысты

Жылансыз болмас шаянсыз.

Күреспен келген ырысты

Күтпесең кетер аялсыз.

Әлімнен бергі гөй-гөйлі,

Әлдісі жеген әлсізін.

Күрмеліп күдір сөйлейді,

Күреуке бұзған әз тілім.

Қараулы болсын қабағың,

Бағулы болсын әр күнің.

Күдір де күйрек талай жол,

Кезігер кезең қалай да ол.

Оңыңда орман,

Солыңда

қаптаған шүршіт қара нор.

Ордадан тірек таппасаң

Қиыңды шөпке

Шашады

Миыңды көкке

Абай бол!

Шарғысыз сөйлеп төнесіз,

Шарасыз бұған көнесіз.

Төбесіз жер болмайды,

Болмайды ел де төресіз.

Тамыры түптен үзілген

Тұяқпен бірдей көбесіз.

Желкеңе жетті самұрық

Жез сауытын жамылып.

Жеті басты айдаһар

Жеймін дейді қабынып.

Кіміне қайрат қыласың,

Азғана керей шабынып.

Санасы жарық, десі зер.

Керейде көп қой есіл ер.

Қалауын тапса қар жанып

Түйіні істің шешілер.

Сіңірген терін, еңбегін

Өрге салса, төсте озған

Ерлерім мені кешірер.

Көкейге тұнған бұл сұрақ.

Көңілдің түбі тылсым – Ақ.

Тартысқа бұны салмаңдар,

Тәңірден түскен тың сынақ.

Әбілпейіс ханға барыңдар

Керейге тұтқа ұл сұрап…

***

…Әбілпейіс ханның ордасы,

Хандықтың қадым қордасы.

Тауасар келді елші боп,

Батыр мен билер жолдасы.

Сары арқаның әр елін,

Сары алтын жапқан әлемін,

Аралай келіп Ордаға

Жеткізді Жәкем сәлемін.

…Әбілпейіс ол да көреген,

Дарыған құты көнеден.

Керейдің тыңдап қалауын,

Былай деп сонда сөйлеген:

– Болам деп келсең ағайын,

Қолыңды неге қағайын.

Тұмардан туған үш ұлдан,

Көңіліме толады

Жас та болса Көгедай

Сақа тұтар тағайым.

Періште десіп кемсін бе,

Төріңе шығар теңсін де.

Тұмарға сәлем айтыңдар,

Көгедайын Керейге

Төрелікке берсін де!…

***

Жәнекем сөзін жалғады,

Жарқылдап алдан арманы:

– Тұмар ханым көшімен

Көгедай келді хошымен.

Болашағыңды көруге

Жетпеді ғұмыр – өлшеулі

Өмірім бітті осымен.

Аяқсыз арман қалдырмай

Жаным көкке кетсе де,

Тәнімді топырақ етсе де.

Содан бері жалғаннан

Екі ғасыр өтсе де,

Жиделі байсын жерімнің,

Емендей берік елімнің

Көктемдей балғын ертеңі

Бермеді жанға еш тыным.

Өткеніңнің өзегін

Келеді де тұрады

Өз аузынан естігім.

***

– Беу, киелі Ер баба!

Егейлер көші кеткен соң:

Алайда, алай күн болды,

Айналамыз түн болды.

Айсыз өтіп түніміз.

Бұлынай аспас бұлт басқан

Күнсіз өтті күніміз.

Жегідей жеген зертеңі –

Жел сөзге бөккен ертеңі –

Бөріқұрсақ ез болды.

Дәнекті жерге без толды,

Мәйекті жерге жез толды.

Кермиық дала төсіне

Кенеусіз заман кез болды…

Кердеңге қарсы беттемей,

Келгенге кері кет демей,

Зұлымдық, зорлық, кесірден

Кесілдім талай көктемей.

Бозала бұлттай бошалап,

Мұратқа жету мұң болып,

Бұлдырай берді арманым.

Орайда соққан оңымнан,

Борайда соққан солымнан,

Боранға толды жанжағым.

Абылай хан өлген соң,

Түркістанға көмген соң,

Тамыры кеткен талайға

Тапсырып сөзін Абайға

Тағыны жетіп қайырған,

Тақтың да бағы тайғаны.

Бірлігі балта батпаған

Атаққа бұлдап сатпаған

Бақтың да кетті қаймағы.

Екі жақтан тартқанда,

Жотасынан жарылып,

Алты Алаштың алты айлық

Айырылды аймағы.

Салқын төске тігілген,

Тұнжырап белі бүгілген,

Сай-сайдағы сайғағы,

Сары ала қаздай сұңқылдап,

Сыбызғыдай сарнады.

Белбаусіз келіп белденген,

Шырсызы келіп шелденген

Шекемнен шертіп, төсімнен

Төбеме шығып

Төріме

Төремдей көлбеп көсілген.

Пендеауи пәнге арбалып,

Жаңылдым жады, есімнен.

Тылсымды танып сөйлеген

Тасырға тұрып Өй деген

Ұлысымды ұйытқан

Талайлы тар жол, тағдырлы

Алып та шыққан тұйықтан

Ұртымның сәнін көшірген.

Құтымның қамы зарығып,

Жалғанның таңы тарылып

Жұртымнан зауал жарылып,

Топырақ тәнін жаралап

Ұрқыма көшіп уыты

Есілімді отап есірген.

Еркінсіп еніп есіктен,

Бес күндік қағып несіптен,

Қызыл да, ақ та өшіккен,

Қызыр да келмей кешіккен.

Алтайға жеткен аумақты

Саудыратып сау жақты

«Аузы түкті» ұрт алды.

Қадымнан қалған қара жұрт,

Хан Тәңір Таудың етегін,

Қадалса қайтпас құрт алды.

Алты жасар сәбидей

Атқып мінген таяқты

Ұстап қалдым құр талды.

Көрінбей кетті көк құнан.

Көзімнің алды көк тұман.

Мен оқыған тарихта

Әлі де жетер көп күмән…

Ертістің суы ем еді,

Егесі басқа емеді.

Ескісін айтсам ертегі

Еліміз кімнен кем еді?

Арбалып ауыз сағымға,

Керқұлан қалмай қағымда,

Құрыған шақта сілесі

Алланың түсіп сүресі,

Алты арысы емгенде

Ортаймаған телегей

Омырауын жаңбырлы

Қорқыттың күйі тырнаған

Өзегі қыжыл, шерлі Ана –

Өзгеше бүгін кер Дала!

Тұлпарға қаққан тағадай,

Тауысқан толқын жағадай,

Талапты ерлер тағдырлы –

Алатау, Арқа, Атырау,

Алтайдан атты таң нұрлы!

Аса ауыр тағдыр – куәсі

Атты да жердің дуасы.

Құзыры оңбас ем алып,

Құлады зауал ең алып.

Төзімнің төлі – жарылыс

Өңешін жұлып өктемнің

Өкіртіп тұрып кек алып

Азаттық келді жеріме.

Адасып кеткен үйірден

Атылып кеткен тұлпардың

Тұқымы көктеп жетіліп,

Тай-құлын толды желіме.

Ей, киелі көкбөрі,

Көгілдір түпсіз көктегі.

Көгілжім сәуле, көк тегі –

Қаншама жылдар армандап,

Қаншама ғасыр көкседі.

Қасыреті екен қазақтың

Көк дөнен тұлпар, көкбөрі

Көзден де кетіп, көңілден

Көктеммен бірге көшкені.

Дүние шіркін дөңгелек,

Шертпейді бүгін дала мұң.

Тәңірім өзі жарылқап,

Дербестік алдым, дарамын.

Алайда, Баба, алайда,

Қарғалы қанға тараған

Уыты қалды жараның.

Сүрленіп кеткен сананың.

Рухыңмен ұшықтап

Ұшырып кет харамын!

Алаштың күткен асылы –

Заманның зұлмат ақыры.

Қара өкпе етіп бітірген,

Қазыма батқан тақымы.

Үриттеп айбат шегеді,

Үгіттеп, үрлеп басымды,

Кешегі аға-жақыны.

Миымды әлі мүжиді

Мимырттап сіңген зақымы.

Жырынсыз қалың қиынды

Жұлынтұтама жиылды.

Соның бәрін ұшықтап,

Елес қуған санадан

Тазартып кет миымды!

Ғайыптың ол бір құсы еді

Қолыма қонды бостандық.

Ашима іші білмеймін,

Баяғы орақ балғалы

Танытады дос паңдық.

Ата жұртта аз едік,

Аза тұтқан қаз едік,

Ақ тілек жолдап топтандық.

Ақ жолымды қолдай кет!

Алысқа самғап ұшайын,

Қанатымды қомдай кет!

Тәңірім шебер не деген,

Еліміз бүгін егемен.

Бекітіп берді Туымды

Береке-бірлік шегемен.

Биіктен құлап, бүлінген,

Күйіктен бұлап, күйінген,

Ала да болған ауызы,

Жала да болған қауызы

Сол ұлтымды айрандай

Ұйтып кет, Ер Баба –

Көкбөрі – Кие, Көк дөнен!

Көкбөрі – Кие, Көк дөнен.

Абылай ханың алдына

Тартылған тарлан көлденең!

Ұмытылған жадымды,

Жандандыр келіп, тілегім.

Жұлым-жұлым жамаусыз

Жыртылған жердей жүрегім.

Сұбханы ұшқан сұңқылдап,

Намысы нарсыз, әлі әрсіз

Жүректен әбден жүдедім.

Құдайым берген қасиет–

Жерімнің күйін ойласам

Жарылғалы тұр жасыл өт.

Мықтардан бергі мысымды,

Мұхиттан ары асырып,

Миллиярдтан басым ет.

Дұшпаным даяр тұс-тұстан

Сайлап жүр, қайрап күрегін.

Соныдағы тиып кет,

Оқталған маған сары оқтың

Адырнасын қиып кет.

Құдыретіңді ұрқыңның,

Құлқына молдап құйып кет!…

Уа, Аруақ –

Азаттық,

Апталап жауған жаңбырсың.

Аршап жеткен мұраттан

Аянып қалған жан құрсын!

Азаттық Алла нұрымен

Арылып пәле-қаладан

Ауру тәнім жаңғырсын.

Алдамшы сәтті күндердің

Артында қалың сор тұрар

Алам деп кезген елестің

Ауысып есі қаңғырсын.

Араны арсыз дұшпанның

Аялға егер көнбесе

Алаштың алтын белдігі

Аузы-мұрнын қан қылсын!

Алақан жайдым, қолдай кет!

***

Тамыздың тәтті кешінде,

Орта бұлақ, Қалбатау

Жарманың жайлы төсінде.

Алаштың айлы түндігін

Айқара ашып сөйлеген

Ер Бабамның Есі еді:

– Қаз дауысты Қазыбек,

Нағашымның елінде,

Қарқаралы жерінде,

Апай төсте алшайып,

Алаңсыз ұйықтап жатқанда…

Абыздан алып Ақ бата

Он үшке толған жасымда

Қабанбай батыр қасында

Атойлап жауға шапқанда,

Оң қойныма енгені

Сол қойнымнан шығатын,

Сол қойныма енгені,

Оң қойнымнан шығатын,

Оны көрген жауымның,

Оны көрген дауымның

Құмға сіңген судай боп

Қурап қалған тудай боп

Қарасы батып бұғатын.

Қарағай жалды қос бөрім

Қалбатаудың бөктерін

Дүбірлетіп желгені

Күмбірлетіп кермені

Көксеген көп жыл көктемің –

Байланды деп желіңе

Айналды деп Рухың

Аза жұтқан еліңе.

Сүйіншілеп төріме,

Қос бөрім енді көріме.

Қос бөрім көріме енгенде,

Оң жағыма бір аунап,

Сол жағыма бір аунап,

Бір емес-ау, мың аунап,

Көрдім жұртым, көрдім мен

Көз жасыңмен тастапсың,

Бодандықты бұғаулап.

Бостандықтан шошынып,

Кетіпті безіп жын аулақ,

Талқыға түскен тағдыры,

Тұс-тұсыңнан тыраулап,

Аққан тері қылаулап,

Қатқан тері қыраулап.

Келіп қапты кеткенің,

Баянды болсын ұлысым,

Басыңа қонған мынау бақ!

Басыңа қонған мынау бақ,

Тәңірің берген сынағы.

Жауыңның көзі қырағы.

Күбіріңді де еститін,

Сыбырыңды да еститін,

Иттен де сақ құлағы.

Сұғы бар түскен күлге де

Сұмдықтар түлен, іргеде,

Теңізде жүзген телегей

Дүние жалған бір кеме.

Бірлігің берен болмаса,

Ескегің емен болмаса

Есірген екпін жағаға

Жазым қып кетер бір демде.

Ат құлағының алдында

Айыр жатыр ұялап.

Аттың құйрық жағында,

Аю жатыр жұлмалап.

Абай бол, ұлым, абай бол,

Алып кетіп жүрмесін,

Аймағыңды шұрғалап.

Боранды түнде жоғалған,

Азы да, көбі тоналған

Таппаған тоғай жоғың бар.

Азаттыққа үлгірген

Өмірге жаңа үн берген

Арығың бар, тоғың бар.

Бағдарына бойлатпас,

Өзіңше өмір ойлатпас

Оңың менен солың бар.

Тәңірің өзі берген бақ,

Арыңменен апталған,

Көмейіңменен күптелген,

Сұрасаң сусын, берген сүт,

Астары айран, үсті құт,

Сірісіндей Арқаның,

Сеңсеңіндей марқаның

Қыстыгүн аяз, ал күзде

Еселеп жауған су өтпес

Көкейдің құрты тоның бар.

Сол тоныңа анталай

Құрылған сұмдық торың бар.

Адамзат тартар азабын

Ажалды көмген қорым бар.

Толағай тарса қозғалмас

Табандап жатқан сорың бар.

Кердеңдеп келген көк атты

Көлденен өтпес жолың бар.

Жауының қанын уыстап,

Жықбай бір байрақ-ту ұстап

Жотасы нардай дөңкиіп

жолбарыстай көсіліп

баһадүр жатқан жоның бар.

Соған бір түнеп, қоныңдар!

Әуелі соны қорыңдар!

Алыстан шалып, ор-жайды,

Ақылды туған болжайды.

Айлалы алар алдыңды,

Абайсыз болсаң зор қайғы.

Бір қарға келіп үркітер,

Топтанып қонған торғайды.

Азаттық жақсы, алайда,

Тәуелсіздікті қорғайды.

Алатын сабақ Қырым бар.

Артырып тұрар құныңды ар.

Айғайшы болсаң құр бекер

Құр бақа екеш қырындар.

Қорынбасаң дұшпанның

Қолқаңнан еніп қоңызы

Құзғыны келіп жұлындар,

Жүндей қып түтіп жаналғыш

Жағаңды жыртып жырымдар.

Алундай асыл әжеңнің,

Өлүндей көркем шешеңнің

Өрімдей балғын бес талды

Біріктіріп әкеліп

Бес ұлына ұстатып

Ұқтырған ұғып үлгісін

Құрыштай болсаң тыным бар.

Түбінде маржан теңіздің.

Рух пен Рас ең ізгің!

Жаңа туған бөбегім,

Сенің атың –Азаттық!

Қазығыңа ат байлап,

Бодауына бермес мың қыздың

Көк дөненімді мінгіздім.

Алаштап соққан жүректің

Арамның жетпес құрығы

Аршындап салса түбіне

Көк бөрімді енгіздім.

Көпіртіп күрең езуін

Көбеніңді емізгін!

Күркіретіп көк астын,

Көк Түрікпін дегізгін!

Осы болмақ ой жастап,

Бүгінің айтар негізгі Үн!

Дүние жалған – жылтырақ,

Жатпай да тұрмай жылқы бақ.

Ілімнің басы құранда,

Күштінің аты – ынтымақ.

Жеті қат көктің үстінде,

Жеті қат жердің астынада

Тылсымың – терең, тамырлы

Тажалдар мұны ұғыссын.

Жылқы үнің – ерен, сабырлы

Даусыңнан дұшпан ығыссын.

Құнарын басқан қойнына,

Көтерген ұлын мойнына

Жұмақтың шашқан жұпарын,

Тәңірі берген құт, арың –

Жер Ана – Алтын бесігің,

Анаңмен бірге жасайды,

Мәңгілік сенің есімің!

Мәңгілік қалар тірліктің –

Мәнді өмір сүру өлшемі.

Жер-суын сүйген ерліктің

Жыртылмас желге желкені.

Жаныңды салып қорғасаң

Жатсынбай құшар Жер сені.

Күн батыс және күн шығыс,

Тұрмайды мәңгі тып-тыныш.

Бойкүйез әдет – ол дұшпан

Тыныштық сақтау үшін де

Қажетті қайрат, құлшыныс!

Күн жақтан шығар көп – қиын.

Түн жақтан соғар – көп құйын.

Туған жер – Мекен, Топырақ –

Алтын зер асты – оты бақ –

Байтағың,

Балам,

Байқағың,

Шегелеп соңғы айтарым:

Жаның да, тәнің, арың да

Жолында соның шалынсын!

Басқаның бәрі көк тиын!!!

Алматы,  2014ж

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар