//

Ұлтқа қызмет ету

1204 рет қаралды

SHona-Smahanuly

Алматыда қазақ мектептерінің ашылуына мұрындық болған Шона Смаханұлының туғанына 90 жыл

Жақында жазушы, сықақшы , қоғам қайраткері Шона Смаханұлы атындағы №62 мектеп-гимназияда Шона Смаханұлының 90 жылдығы мен аталған оқу орнының отыз жылдығы аталып өтті.
Осыдан 30 жыл бұрын қазақтың ұлт ретінде ұйысқаны былай тұрсын, ұлттығын сақтап қалу екіталай мәселе болғаны белгілі. Осы кезде жариялылықты ту етіп қазақтың тілінің қайта түлеуіне еңбек еткен тұлғалар бар. Солардың бірі және бірегейі – осы Шона атамыз. Қазақстанның ұлттық партиясының рөлін атқарады-ау дейтін Жазушылар одағының 800-ден астам мүшесі бар. Алайда, кезінде идеологияның ірі құралы ретінде пайдаланылған жазушыларға қара халық өкпелі. Өйткені елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтау былай тұрсын жазушыларымыз жеке басының қамын көбірек күйттейтін болды. Елдіктің, адамдықтың, ұлттың сөзін сөйлеуден жасқанатын деңгейге жетті. Ал қылышынан қан тамған қызыл империяның гүрілдеп тұрған заманында Шона Смаханұлының Алматы қаласынан қазақ мектептерін ашуға бел шешіп кірісуін көзсіз ерлікке балаудың еш артықшылығы жоқ сияқты.
1986 жылдың ызғарынан кейін қазақтың ұлттық проблемаларының бар екендігі ескеріліп, қазақ тілінің республикадағы дәрежесі көтерілді. Ол орыс тілімен тең дәрежеде мемлекеттік тіл дәргейіне көтерілді. Осы бір жылымықты пайдаланған қазақ жазушылары Жазушылар одағы жанынан «Мектепке кеңес» қоғамдық кеңесін құрады. Алматыда тек №12 қазақ мектебінің алып мегаполиске аздық ететіндігін дәлелдеп, әрбір отбасына арнайы бас сұғып, қазақ мектептерінің қажеттігін дәлелдейтін қолхат алып, қазақ мектептерінің ашылуына түрткі болады.
Бұл туралы жазушы Ерғали Сағат мырза былай еске алады:
– «Мектепке кеңес» қоғамдық кеңесі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ізін ала, 1987 жылы құрылды. Өйткені бұл сол кездегі қазақ зиялы қауымына, әсіресе, жүрегінде қаны бар қазақтарға біршама қозғау салды. Сөйтіп, Жазушылар одағының жанынан мектептер жұмыс істейтін арнайы штаб құрылды. Оған Шона Смаханұлын басшы қылып қою тегіннен тегін емес болса керек. Ол кісі өте қызба адам еді. Сол қызбалықпен ұлттың шымбайына тиетін мәселелерді батыл-батыл айтып тастайтын. Онымен бірге ол кісі Дінмұхамед Қонаевқа батыл кіре алатын. Сол кезде Бексұлтан Нұржекеев, Жақсылық Түменбаев, Ақселеу Сейдімбек, Ғаббас Қабышев және Марат Тоқашбаевтар осы қоғамдық кеңестің жұмысына ерекше еңбек сіңірді. Сол жылдары «Орбита» ықшам ауданы жаңадан ашылып жатқан. Сол ауданда №86 мектеп ашылды, сөйтіп қазақ мектептерінің ашылуына жоғарыда аты аталған азаматтардың барлығы ерекше тер төкті. Бұл кісілер үйді-үйге кіріп ата-аналардан қол жинады, жұмыс орындарына барып, қазақтарды үгіттеді. Шона Смаханұлы ағамыздың үйіндегі Амангүл жеңгеміз машинка басатын. Ол кісі қайда қазақ мектебі ашылғалы жатқаны жайында хабарландыруларды машинкаға басатын. Жаңағы жігіттер ол хабарларндыруларды әрбір аулаға апарып жапсырып қайтатын. Сөйтіп Алматыда қазақ мектептерінің жаппай ашылуына осы қазақ зиялылары мұрындық болды.

№62 мектеп-гимназиясының директоры Атығай Бижанов №62 қазақ мектебінің Алматыда №12 және № 86 мектептерден кейінгі үшінші қазақ мектебі болғандығын айтады. Бүгінде Шона Смаханұлының осы бір еңбегі еленіп, Алматыда үшінші боылп бой көтерген №62 мектеп-гимназия Шона Смаханұлының атымен аталады. Жыл сайын оқушылар Шона атамыздың туғанын күнінде ол кісінің ескерткішіне гүл қояды, өлеңдерін, әзіл әңгімелерін жатқа айтады. Ұлтқа қызмет еткен ұлы тұлғаның аты мәңгілікке ел жадынан өшпек емес. Жазушыны еске алу жиынына қатысушылардың әңгімесінен осыны түйдік.

https://soundcloud.com/yesengul/811-0197a-1

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар