//

ҚАЗАҚСТАН  РЕСПУБЛИКАСЫ  ҮКІМЕТІНІҢ НАЗАРЫНА!

634 рет қаралды

ЕЛБАСЫНЫҢ ХАЛЫҚТЫҢ КӨШІ-ҚОНЫ САЯСАТЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ ҮКІМЕТ ТІКЕЛЕЙ ӨЗ ҚҰЗЫРЫНА АЛСА

 Осы мақаланы Елбасымыздың: «Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етудің оңтайлы теңгерімін табу – өмірлік маңызды нәрсе..», «Қазақстан мемлекеті ешқашан, тіпті ең қиын кезде де азаматтарын тастамайды. Мемлекет елдің дамуына қажетті танымал емес шешім қабылдауға өзіне жауапкершілік алудан қорыққан жоқ» деген даналық сөздерімен бастағым келді. Оған себеп 1997 жылы бекітілген «Халықтың көші-қоны туралы заңы» 2011 жылы 22 шілдеде түбегейлі өзгерістерімен өмір талабына сай жаңадан бекітілген еді. Егер сол кезде Ішкі істер министрлігі үкіметке осы заңды жүйелі жүзеге асырудың оңтайлы шешімдерін қарастырған нормативтік акт, ережелерін бекіттіріп қолданысқа енгізгенде заң да өз қажеттілігін ақтар ма еді?.. Өкінішке орай одан кейін де едел-жедел осы заңға 2013 жылы 13 маусым және 10 желтоқсанда өзгерістер енгізілгенімен «Отаным» деп келген қазақ ұлт өкілдері сергелдеңге түсіп ел арасында сабылып, қайта-қайта шекара асып тек уақытша тіркеуге тұрумен ғана шектеліп жүргендеріне де бір жыл болды…

Осындай күй кешсе де, өзгенің елінде өгейленіп өмір сүргенше, «өз елінде, өтпелі өмірдің маңдайына жазылған тағдырын көріп, тауқыметін тарту» олардың ата жұртындағы ұрпақ жетістіктерін ет жүректерімен сезінгендері деуден басқа не дерсіз.

Өз тарихи отандарына жедел жетуді армандаған ықпалды топ – Өзбекстан, Қытай, Моңғолия еліндегі ұрпақ тағдыры алаңдатқан этникалық қазақ өкілдері. Моңғолияның бір демограф ғалымы, ұлты моңғол, Англия елінің ғалымдарымен бірлесіп көп жылдары жүргізген зертеулерінің нәтижесінде Моңғолия Президентіне «Қазақ деген әлемдегі бірден-бір гені таза, құт береке, ырыс дарыған ұлт. Қалған қазақтарға бар жағдай жасап елден көшіп кетулеріне жол бермеңіз олармен бірге ел-жерден құт береке кетеді» деп жазыпты. Шет елде АҚШ, Жапония, Корея, Ресейде т.с.с. мемлекеттерде білім алып, докторлық атақ қорғап, әр елде қызмет істеп жүрген қажетті жеке маман иелері де бар. Соларды өз елімізге алдырып, өзекті салаларда кәсіби мамандықтарын пайдалануды үкімет өзі қолға алса игі іс болар еді.

Кезінде 1965-1970 жылдары Семейден Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына жеткізілген ақбас сиырлардың санын қазақтар бүгіндері қаншама миллионға жеткізді. 3 миллионға жуық халық тұратын Моңғолияда 30 миллионға жуық мал бар. Ендеше көшіп келемін деген әр бір отбасына 15-20 басты қозы-лақ, 5-10 басты бұзау-тайларымен бірге өз машиналарымен шекара асып келу жағдайын Ресей мен Қазақ елінің үкіметі келісіп шешсе келген ағайындар өз күндерін өздері көріп 2050 жылдары Қазақ елінің мал басын миллиондап еселеумен бірге адам санын да күрт өсіруге өз үлестерін қосарына еш күмән болмас еді..

Ал, бүгінгі қолданыстағы заңның солқылдақ тұстары, басқарудың ара жігі, жауапкершілігіне байланысты Түркия елі арқылы самолетпен көшіп келген, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан басқа да елдерден келіп Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қолдарында біздің көк паспорттарымыз бар қаншама ағайындар өздері келген елдеріне барып тұрып жатқандарына 10-20 жыл болғандарын енді шет елдегі қазақтар өздері мәлімдеп жаза бастады. Бұл қазіргі кездегі көші-қон үрдісіне жауапты мемлекеттік мекемелердің қызметтерінде жүйе жоқтығының айқын көрінісі. Сондықтан да үкімет халықтың көші-қон үрдісі бойынша Елбасымыздың саясатын жүзеге асыруды тікелей өз қолына алуын өмір өзі талап етіп отыр деуге болады.

Жұмамұрат Кеңесұлының 2014 жылғы 5-12 желтоқсандағы «ҚАЗАҚ» газетіндегі «Өзбекстандағы қазақтардың халі мүшкіл» атты мақаласында: «Бүгінгі таңда, Өзбекстан қазақтарының жоғарғы оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері мүлдем жоқ. Өйткені, оқу бағдарламаларының барлығы да толығымен латын әрпіне көшіп кеткен. Осының салдарынан көптеген қазақ мектептері жабылып қалған. Жасыратын несі бар, таза қазақ бір жарым миллион деп жүрміз. Қазіргі таңда, өзбек болып кеткен, қазақтар саны одан әлдеқайда көп. Жетпіс жыл орысқа табынған еді, енді келіп өзбектің ыстық құшағына кіруде. Осылай бара беретін болса, он-жиырма жылда Өзбекстандағы қазағым суға салған мұздай еріп, өзінен-өзі жоқ болады» деп ағынан жарыла жазғаны ол елдегі жағдайды паш етіп тұрғандай.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы талдау орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаеваның зерттеуі бойынша шетелдегі саны көп қазақ қауымы Қытай елінде. Қазақтар негізінен 1955 жылы 1 қазанда құрылған Шыңжаң-ұйғыр автономиялы районының (ШҰАР) солтүстік батыс өңірінде тұрады. 2010 жылы бұл өңірде 1418278 қазақ мекендеген. Яғни елдегі барлық қазақтың 96,97 пайызы осында. Алтыншы бүкіл қытайлық халық санағы бойынша 11425 қазақ басқа ұлт өкілдерімен некелескен. Яғни қазақтың 10470 жігіті басқа ұлт өкілдерімен үйленсе, 955 қызымыз бөгде ұлт жігіттеріне күйеуге шыққан. Бұның ішінде 6617 адам қытаймен некелессе, 4813 адам аз ұлттармен некеге тұрған. Қытайлармен некеге тұру саны жөнінен қазақтар қытайдағы ұйғыр, орыс, қырғыз халықтарының бәрін қоса санағандағыдан көп. Ұйғырлар мен дүңгендер өз проблемаларын тікелей Бейжіңге жеткізе алады, қазақтардың мұндай құқығы жоқ, олар өз мәселесін Үрімші билігіне қоюы керек. Шыңжаң қазақтарының ауылдық бөлігінің жерден айырылу қаупі де күшейген. Қазақтар жазғы жайылымдарынан айырылды, олардың байырғы жерлерін қытайлар белсенді түрде сатып ала бастаған. Аймақ халқының саны қытайлар есебінен жасанды жолмен көбеюі, кадрлық шектеулер арқылы бәрін шешу жергілікті халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр екен.

Мұндай жағдайлар атамзаманнан барлық халқының 99,5 пайызы қазақтар тұратын Баян-Өлгей аймағында да көрініс береді. Соңғы жылдары ішкі көші-қон бойынша квотамен моңғолдарды көшіріп әкеліп билікке де соларды ақырындап орналастыруда.

Ащы шындығы, қандастарымыз кезінде өз биліктерін өздері жүргізіп мамыражай күй кешіп отырған Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елінде, тағы басқа да елдерде дінін, ділін, тілін, қазақи рух салт-санасын қаз-қалпында сақтап қалу мүмкіндіктері күн санап жойылып бара жатқаны өмір шындығы.Сондықтан да тәуелсіз еліміздің қазынасы, қара қазанының бетіне түсетін қаймағы, сары баланың қамын, ерікті-еріксіз біреулердің есептік некесінің құрбаны болып адасқан ұл-қыздарымыздың жолын ашып Қазақстанның солтүстік өлкелерінде ұлт болып ұйысып өсіп-өнетін аймағы, шет елде зарығып құмға сіңіп бара жатқан этникалық ұлт өкілдерін үкімет тікелей өз бақылауына алып бірнеше жылдың ішінде апыр-топыр ұйымдасқан түрде көшіріп алса ел ертеңі, мемлекеттің мерейлі мүддесі үшін мәңгілікке жалғасар игі іс болар еді. Бұл қазақтардан артық, кем құжаттар талап етілмей шет елде тұрған ауылынан есеп айырысып шыққан, шет елдегі Қазақстан Республикасының елшіліктері, консулдарынан Қазақстан Республикасына қоныстануға алған куәліктері негізінде үш айдың ішінде келген елді мекендерінде жеңілдетілген түрде азаматтыққа қабылданса. 4-5 жан саны бар бір отбасы барлық құжаттарына аударма жасатып, нотариуспен куәландыру үшін 18-20 мың теңге төлейді. Егер оларға бірінші кезекте ықтиярхат берілсе екі қайта шығындалмақ. Отаныма тұрақты тұрамын азаматтық аламыз деп келген қазаққа не үшін ықтиярхат беру қажет екені де түсініксіз. Ел ертеңі, мемлекетіміздің мүддесін ойласақ шетелдіктерге де ықтиярхат шектеулі талаптарға сай берілетін болса. Өз еркімен үш айдың ішінде азаматтық алған қазақтарға ары қарай үкімет тарапынан берілетін көмектер ішкі көші-қон заңы аясында рет-ретімен жергілікті халықпен тең дәрежеде берілсе. Жастары қайта даярлау курстарынан өтіп, жұмыспен қамтамасыз етілсе. Өз кәсіптерін жалғастырар мүмкіндіктер, жеңілдіктер жең ұшымен жалғаспай делдалсыз тікелей өздеріне берілсе.

Үкімет өткеннен өнеге алып, ұлы істің басына ұлты үшін ұлағатты қызмет жасайтын ұлт жанды кадрларды таңдаса. Облыстарда көші-қон үрдісімен жеке айналысып жүйелі жұмыс жасайтын басқармалар жедел жасақталып өзгертулер енгізілген «Халықтың көші-қоны туралы» Заңды іске асыруға ат салысса нұр үстіне нұр болып көште көлікті болар, ел де Елбасы да елеңдемес еді.

Құрметбек Сансызбайұлы,

 саясаткер, көші-қон үрдісін зерделеуші,

 Алматы облысы. Талдықорған қаласы.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар