ЖАҢА ЖЫЛ: МЕЙРАМ БА? ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ОЙРАН БА?
– немесе ҚАЛАЙЫҚ, ОРМАНҒА ОЙРАН САЛМАЙЫҚ
Жердің шарын ортақ мекендеп отырған елдердің басым көп бөлігі қолданатын күнтізбе болғандықтан, сондай-ақ өзіміз де осы жылсанаумен тіршілік етіп отырған халық болғандықтан, жыл қорытынсын желтоқсанда, жылдық жоспарды қаңтарда жасауға әбден дағдыланғанбыз. Сондықтан болар, жаңа жылды, нақтырақ айтқанда, григориян календары бойынша, әр жылы 12-ші айдың 31-і күні түнгісағат 00:00- ді дегбіріміз қалмай, ес-ақылымыз шығып, бейне жеті әкеміз бірден тіріліп, қаздай тізіліп келе жатқандай, ебіл-дебіл болып күтеміз… «Ескі жылда есіркедің! Жаңа жылда жарылқай көр! », – деп тілек айтамыз. Тайлы-таяғымызбен қытайдың шайтанқуғыш тарсылдағын атамыз. Үйде ақ түйенің қарны жарылған дастарқан. Атылып, ақтарылып жатқан шампандар, шараптар… Көшеде қызылтанау дүрлігіс… Көршілер, бейне бір-бірінен көптен көз жазып қалған қимас жандардай бас салысып көрісу, былш-былш сүйісу… Осы көрініске қарап тұрып кейде «бүгін өзі 1945 жыл 9-шы май емес пе?» деген де ой келіп, басыңды сәл-пәл сілкіп аласың…
Дұрыс қой енді, бір жылды аяқтап, жаңа бір жылды бастағалы жатқанда, бір-бірімізге жақсы тілек айтуымыз керек! Жылына бір келетін мереке болған соң тойлау керек, тамашалау керек! Ойнау керек! Демалу керек!
Алайда, айтайын дегенім бұл емес. Осы бір әр кім өзі саналы түрде, өте белсенді бейнемен айтқызбай тойлайтын мерекеде көңілге кірбің ұялататын бір өте ауыр жағдай бар, ағайын!
Жаңа жылдың дайындығы басталатын желтоқсан айында көшеге шыға қалсаңыз, көше-көшенің бұрышында, дүкен-дүкен, базар-базардың алдында жау тигендей баудай түсіп, қыршынынан қиылып, туралып үйіліп жатқан шырша балашықтарын көресіз! Көресіз де жүрегіңіз шаншиды. Жаныңыз ауырады. Жылағыңыз келеді! Жаңадан қаулап өсіп келе жатқан кісі бойындай ғана қыршын шырша күні ертең қоқысқа айланбақ! Қалай күйзелмейсің?!
Агроном-ғалымдардың айтуынша, бір шырша-балашықтың қатарға қосылып, жуан қарағайға (шырша) айналуына кем дегенде жарты ғасыр, тіпті бір ғасырға таяу уақыт керек екен… Ал біз болсақ, әр жылы желтоқсанда жас орманды ойрандап, орып тастаймыз.
Осыған әрісі БҰҰ тарапынан ба, жоқ әлде өзге де халықаралық қоршаған ортаны қорғау ұйымдары тарапынан ба, немесе әр елдің өз өкіметі тарапынан бола ма, бір тиым болмай ма?!
Сұмдық қой, мынау! Онсыз да өсуі баяу, онсыз да сиреп бара жатқан қымбат бағалы орманды жау тигендей әр жылы отап тастау!
Бұл туралы Сіз қандай пікірдесіз бауырым?
Дүкен Мәсімханұлы,
дерек көзі: ФБ-дан
Парақшамызға жазылыңыз