//

Биыл Ресейді не күтіп тұр?

902 рет қаралды
2

путинРесей біздің құдайы көршіміз. Ал оның бүгінгі жағдайы мен ертеңі болашағы біздің де қал-жағдайымызға, өмірімізге әсер ететіні белгі.  Құдайы көршіңнің тыныштығы жақсы. Былтырғы жыл олар үшін онша оңтайлы жыл бола қойған жоқ. Ал енді ертеңі қандай болмақ, алда оларды не күтіп тұр. Осы сауалға жауап іздеген мына бір материалды ұсынуды жөн көрдік.  Мінбер-ақпарат.

Украина дағдарысы Ресейдің Батыспен қарым-қатынасын нашарлатып жіберді. Бұл теке-тіресте жеңілген жағдайда Ресейдің 2015 жылы зор шығынға ұшырауы мүмкін. 2014 жыл Владимир Путин үшін ең жайлы да жайсыз жыл болды.

Наурыздың 18-і күні Мемлекеттік дума алдында масаттана сөз сөйлеген ол Ресейдің Украинаның Қырым түбегін аннексиялағанын жария етті. Бұл – оның жұлдызды сәті еді.

Ал желтоқсанның 15-16-сында Ресей президенті үшін ең қиын күндер туды. Арзан мұнай бағасы мен Батыс санкциялары екі бүйірден қысқандықтан, рубль бір күннің ішінде 20 пайыз құнын жоғалтты.

Осы жыл ішінде Путин Екінші дүниежүзілік соғыстан бері ешкімнің батылы бармаған іс жасап, шекараларды күшпен өзгертті, сөйтіп қалыптасқан халықаралық тәртіпті бұзып, Батысқа ашық қарсы шықты. Сол шешімінің салдары енді байқалып жатыр. 2015 жыл Ресейдің Совет Одағынан бергі тарихындағы ең зардапты жыл болғалы тұр.

Путиннің Азияға, соның ішінде Қытайға бет бұруы оның жағдайын оңалта ала ма? Еуразия Одағы Еуропа Одағына өміршең балама бола ала ма? Ресейдің энергия ресурстарына тәуелді экономикасы мұнайдың арзандауын көтере ала ма? Тұрмыс жағдайы нашарлаған ресейліктер Путинді бәрібір бұрынғыдай қолдай бере ме? Азаттық Батыс сарапшыларынан осы сауалдарға жауап сұрады.

– Ресейдің әлемдегі басқа актерлармен бірлесіп Батыстан жоғалтқанының орнын толтыра алатындай мүмкіндігін көріп тұрған жоқпын. Бірақ оның бұрынғы жағдайы керемет болды дей алмаймыз. Батыс Ресеймен ешқашан терезесі тең әріптес ретінде санасып көрген емес. Батыс Ресейді өзі қалаған деңгейде құрметтеген емес. Ал қазір онсыз да ресейліктерді сыйлайтын ешкім қалмаған сияқты, – дейді Уильсон орталығы Кеннан институтының директоры Мэттью Ройански.

Ратгерс университетінің профессоры, саясаттанушы Александр Мотыльдің айтуынша, Путин Украина мәселесінде «стратегиялық қателік» жіберді, сөйтіп «Украинадан тұтасымен әрі біржола айырылып қалды».

– Путин Майдандағы еурореволюцияны тудырды. Ол Януковичті құртты. Ол Украинадан айырылып, Ресейді жоғары дамыған Қытайға шикізат сатып отыратын әлсіз елге айналдырып жатыр. Ал Қытайдың Батыстан айырмашылығы – ол өз есебін білетін ел, ол өзі көріп жатқан игілік үшін барынша аз ақша төлеуге күш салады, – дейді саясаттанушы Мотыль.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДҮРБЕЛЕҢ

Ресейдің Азияға бету бұру әрекеті болашақта жемісін беруі мүмкін, алайда Батыспен байланысты үзгенінін зардабын қазір-ақ тартып жатыр.

Батыстың кредиттерінен қағылған Ресей компаниялары әсіресе Путиннің айналасындағыларға тиесілі мемлекеттік фирмалар, қарызды өтеуде қиындықтарға ұшырап жатыр. Игорь Сечин басқаратын мемлекеттік «Роснефть» мұнай компаниясы 21 желтоқсанға дейін рубльге шаққанда қымбаттаған доллармен 7 миллиард қарызын төлеуге тиіс. Ал 2015 жылы бұл компания тағы 20 миллиард доллар өтеуі керек. The Economist журналының есептеуіне қарағанда, компанияның жалпы корпоративтік қарызы 550 миллиард долларға жуықтайды.

Бұған әлемдегі энергоресурстар бағасының арзандауы қосылып, мұның бәрі ұлттық валюта – рубльге соққы болып тиді. Ол бір жылдың ішінде 40 пайызға арзандады, әлі де төмен құлдилап барады.

Үкімет тыныш заманда біраз қор жинап алған, бірақ кей сарапшылардың айтуынша, бұл қордың өзі Ресейді дефолттан құтқара алмайды. 2015 жылы Ресей қарыздарын өтей алмай, дефолтқа ұшырауы мүмкін дейді экономист Андерс Эсланд. Осы айда Bloomberg агенттігі таратқан ақпаратқа сенсек, қазіргі уақытта Ресейдің дефолттан сақтандыру бағасы Ливан, Сальвадор сияқты елдермен бірдей болып қалған.

Оның үстіне, Ресейдің Орталық банкі 2014 жылы елдегі 128 миллиард доллар ішкі капитал сыртқа кетеді деп болжап отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 56 миллиард болған еді.

КЕДЕН ОДАҒЫ ҮШІН ШЕШУШІ ЖЫЛ

Путиннің бұрынғы совет республикаларын қайта интеграциялауды көздейтін Кеден Одағы жобасы үшін де 2014 жыл жақсы, жаман жаңалыққа толы болды. Үш ел біріккен ұйым 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Еуразия экономикалық одағына трансформацияланбақ. Сол күні Армения бұл ұйымға төртінші мүше ретінде қосылады.

Дегенмен Украинаны да қосып алуды көздейтін бұл ұйымның болашағы бұлыңғыр көрінеді.

Украина дағдарысы кесірінен бұл блоктың қабырғасында жарықтар пайда болды дейді Бирмингем университетінің профессоры, халықаралық қатынас және саясаттану профессоры Катарина Вольчук. Оның айтуынша, Ресейдің Еуропа Одағынан келетін азық-түлік тауарларына біржақты тыйым салуы бұл одақ үшін үлкен сын болғаны тұр. Ол нағыз терезесі тең елдердің ұйымы ма, әлде өз үстемдігін жүргізу үшін Ресей Еуразия кеңістігінде құрған виртуалдық жоба ма, ол да анық болмақшы.

– Кеден Одағының бір мүшесі осындай (Батысқа қарсы – ред.) санкциялар қабылдайды, ал қалған мүшелері ондай санкцияларды көзге ілмеуге тырысады. Мұндай жағдайда Ресей Беларусь пен Қазақстаннан Батыстың азық-түлік өнімдерінің тасымалдануына көз жұма қарауы керек, немесе Беларусь пен Қазақстанды да осындай санкциялар салуға көндіруі тиіс, – дейді Катарина Вольчук Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Беларусь пен Қазақстан Украина тауарларына тыйым салу туралы Ресейдің санкцияларына да қосылған жоқ. Оның үстіне, Ресей Украина мен ЕО қол қойып, кейіннен уақытша кідіртілген еркін сауда туралы келісім Кеден Одағының мүдделеріне қайшы келеді деп мәлімдесе, Минск мен Астана Мәскеудің бұл пікірін қолдай қойған жоқ.

Сондықтан Вольчуктың айтуынша, 2015 жыл Кеден Одағы (Еуразия экономикалық одағы) үшін «қызықты әрі шешуші жыл» болмақ.

ІШКІ АХУАЛ

Халықаралық аренадағы аласапыран Ресейдің ішкі жағдайына да әсер етті. Бір жағынан халықтың патриотизмі артып, үкіметті қолдау күшейді, Путиннің рейтингі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Екінші жағынан, елден кеткендер саны да күн сайын артып барады. 2013 жылы Ресейдің 186 мың азаматы шетелге қоныс аударған. Салыстырар болсақ, 2011 жылы тек 36 мың, ал 2010 жылы 33 мың адам шетелге тұрақты тұруға кеткен.

– Меніңше, Ресейдің бағыты дұрыс емес. Осы күнгі Ресейдің дамуынан ерекше ақыл-ойды, энергия мен динамиканы, плюрализмді көріп тұрған жоқпын, – дейді сарапшы Ройански.

Питтсбург университетінің Ресей және Шығыс Еуропаны зерттеу орталығының сарапшысы Шон Гиллоридің сөзінше, «Ресейде өз ішінде булыққан автократия белең алып келеді».

– Ресейде антикосмополиттік ұрандар көтеріліп, Батысты тұтастай қаралау науқаны жүріп жатыр, – дейді ол.

Алайда экономикалық ахуалдың нашарлауы қарапайым ресейліктерге қатты әсер етіп жатыр.

«Газпром» келер жылдан бастап газ бағасын қымбаттататынын хабарлады. Желтоқсан айында Мәскеуде жүз шақты адам көшеге шығып, үкіметтен доллармен несие алған адамдарға көмек көрсетуді талап етті.

Жақында бүкіл ел аумағында жүргізілген сауалнама қорытындыларына сенсек, ресейліктердің 73 пайызы үкімет тек элиталық шағын топтың мүддесі үшін жұмыс істеп жатыр десе, 3 пайызы ғана үкімет халықтың мүддесін ойлайды деген пікірді ұстанады.

Лондондағы профессор, саясаттанушы, 2013 жылы шыққан «Ресей модернизациялана ала ма?» деген кітаптың авторы Алена Леденеваның айтуынша, экономикалық жағдай нашарлаған сайын үлесі азайған элитаның да, халықтың да Путинге деген наразылығы артады. Оның айтуынша, Дмитрий Медведевтің үкіметі ауыса қоймайды, бейресми билік механизмі жұмыс істеп тұрған жалпы жүйе қиындыққа шыдас береді.

– Путин көп мән берген қатаң шаралардан нәтиже шықпады, мүмкін либералдық әрекеттер жемісін беріп қалар. Менің ойымша, Путин жүйеден емес, жүйе Путиннен құтылуға тырысады. Путин соңғы айларда көп тәуекелге барды, сөйтіп Кремльге қысым күшейген үстіне күшейе түсті, – дейді Алена Леденева.

Экономикасы әлсіреп, мемлекеті әлжуазданса да, барынша оқшаулану саясатын жүргізіп отырған, жемқорлық пен клептократия үстемдік құрған, өзі тиімсіз, өзі стратегиялық тұрғыдан үлкен қателіктер жіберетін Путиндікі сияқты режим орта және ұзақ мерзімде аман қала ала ма, жоқ па, бұл – үлкен мәселе.

Сарапшы Ройанскидің айтуынша, Путиннің қазір осыдан екі жыл бұрынғыдай көп саяси капиталы қалмаған.

– Ол саяси капиталын жұмсап отыр. Оның бұл дауылды шақыру үшін Ресейдің байлығын да пайдаланып отырғаны рас. Дауыл неғұрлым ұзаққа созылған сайын және күшті болған сайын оның ресурстары да азая береді, – дейді Ройански.

Ресейдің Қырымды аннексиялауын Совет Одағының Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Балтық елдерін өзіне қосып алуымен салыстырған сарапшы Батыс пен Кремль арасындағы бұл дағдарыс ұзаққа созылады деп болжайды.

Оның айтуынша, даудың басы – Ресейдің Қырымды аннексиялауы, қырғиқабақ соғысқа да осы жайт себеп болған. Демек, Қырым дауынан соң Мәскеу мен Батыс арасында ұзақ уақыт салқындық орнауы мүмкін.

Ратгерс университетінің профессоры Мотыльдің айтуынша, қазір – Путин үшін өте қауіпті кезең.

– Экономикасы әлсіреп, мемлекеті әлжуазданса да, барынша оқшаулану саясатын жүргізіп отырған, жемқорлық пен клептократия үстемдік құрған, өзі тиімсіз, өзі стратегиялық тұрғыдан үлкен қателіктер жіберетін Путиндікі сияқты режим орта және ұзақ мерзімде аман қала ала ма, жоқ па, бұл – үлкен мәселе, – деді Мотыль.

Роберт Коалсонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей. 

дерек көзі:http://www.azattyq.org/

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Ресейдің АҚШ-қа есе жіберген ұлыдержавалық сипаты қайта ораларына сенімдімін. Қазаққа ағалығын көрсетіп келе жатқан осындай ұлы елдің көршісі болу қандай сәттілік десеңші!

  2. Егер шұғыл несие керек пе? Сіз борыш болып табылады? Сіз кез келген мән-жайлар Біздің қызметтер қазір, Easy & Secure несиелер Жылдам болып табылады, өз бизнесін қайта қаржыландыру шұғыл несие қажет ?, Егер сіз банкпен жоққа шықты, артық емес алаңдатты. Бүгін $ 1,000.000 – $ 2,000 дейін қарызға! Бұл электрондық пошта несие ақпарат бізге хабарласыңыз: noramildred.loans@hotmail.com

    Ескертпе: 24 сағат ішінде алдын ала жауап және қаржыландыру күтеді

    Құрметпен.
    ханым Nora

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар