Қазақстан Республикасы Денсаулық және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Дәулет Арғындықов Мәжіліс депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері алдында “Халықтың көші-қоны туралы” заң жобасын таныстырды.
Дәулет Арғындықов мырза шеттегі миллиондаған қандасымыздың көз тігіп отырған заң жобасын орысша таныстырды. Ол депутаттардың қазақша сауалдарын түсінбеді де, олардың сауалын орысша қоюын талап етті. Яғни, заңды таныстыруға келген шенеуніктің мемлекеттік тілде сөйлеуі былай тұрсын, түсінбеуі депутаттардың да, заң жобасын тыңдауға келген оралмандардың да сынына ұшырады. Өйткені әлеуметтің мұңын тыңдап, олардың көңілінен шығатын заң жасау үшін олардың тілінде сөйлеп, мұңын да мұңдай білу қажет. Онсыз толыққанды заң қабылдау мүмкін емес. Өкінішке қарай, Денсаулық және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханым оралмандардың құқықтық мәселелерін шешуге бел шешіп кіріскенімен, оның қарамағындағы шенеуніктің мұрнына бұл мәселенің иісі де бармайтындығы аңғарылып қалды.
Сондай-ақ, заң жобасына қатысушы жұмыс тобының өкілдері бүгінде тұрақты тіркеуінің мерзімі аяқталған, Қазақстаннан депортациялануы тиіс шетелдік қазақтардың құжатының мерзімін созуға қандай да бір жеңілдік бола ма деген сұрағына да, мерез шенеуніктен мерез жауап алды. Құжатының уақыты аяқталған, тіркеуі жоқ шетел азаматтары Қазақстаннан шығарылуы тиіс. Үкіметті шығу визасымен Қазақстаннан шығып кеткен қазақтардың бес жылсыз елдің есігін қайта аша алмайтындығы толғандырып отырған жоқ.
Тіпті, депутаттардың бірі “сапасыз қазақтарды шақыра беріп қайтеміз, олардың жетпіс пайызы білімсіз, олар Қазақстанға келгеннен кейін, өзін-өзі қамтамасыз етуші топтың құрамын толықтырады. Одан да сапалы қазақты шақырайық” деп айды аспанға бірақ шығарды. Алайда, Денсаулық және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев “Қазақстанға қандай қазақ болса да керек. Әрі таяу жылдарда бұл саясат өзгермейтін болуы тиіс” деп жауап қатты. Демек, Аслан мырза Қазақстан билігінің ішкі есебін де, ұлттық саясатын да жақсы түсініп отыр. “Саннан сапаға” деген маркстік ілімді де есіне мықтап ұстаған. Қазақ өз елінде әлі де аз. Сол себепті де өз үйіне өзі қожайын бола алмай келеді. Егер сандық тұрғыдан артса, сапалық тұрғыдан нәтиже беретіні де анық.
Жақында “31канал” арнасы Ықтияр хаты болса да, тіркелу мерзімі аяқталған бір оралманның Қазақстаннан кетуге мәжбүр екендігін, екіншісі Қазақстан азаматы атана алмағандығынан перзентханада босанған әйелін ақшаның жоқтығынан шығара алмай шырылдап жүргендігін көрсетті. Алайда Қазақстан билігі бұл бейбақтардың Қазақстанда тіркелуіне қол ұшын созуды ойлап отырған жоқ.
“Заң солай” деген желеумен елден аластап жіберуді көздеуде. Аталған заң жобасы өткелектен өтіп болғанша, тіркеле алмай жүрген мыңдаған қандасымыздан жан шығатын секілді.
Рs: Мінберден: 13-ақпан күнгі Мәжілісте өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының тұсаукесер жиналысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самиголла Хамзаұлы Уразовтың қандастарымыз туралы “Қазақша айтқанда саны бар да сапасы жоқ. Келгендердің 70 пайызы жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Олардың саны біз де онсыз да 2 жарым млн нан асады” деген сөзі жалпақ әлемге жария болды.
Дерек көзі: «Түркістан» сайты, Kapkyzy Yesengul
13 Ақпан 2015, 21:37,
Парақшамызға жазылыңыз