//

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ. Алаш мұраты не немесе тәуелсіз қазақ тарихындағы оралманның рөлі қандай?

857 рет қаралды
4

“Қазақ хандығына  550 жыл” шығармашылық бәйгесіне!

kaz karta 1Кез-келген мәселеге тарихи баға беруге келгенде, біз Қазақстанның аумағымен ғана шектелеміз. Шетелдегі қазақтың қазақ үшін, оның жерінің тәуелсіздігі үшін күрескендігін ұмытып, ол тарихты мүлдем сызып тастауға тырысамыз. Бірақ, қалай дегенменде фактінің аты факт. Ерте ме, кеш пе оның айтылуы да, жарыққа шығуы да заңдылық.

Осыдан елу жылдың алдында Қазақстаннан тыс жерде қазақтар өмір сүретіні туралы айтудың өзі қорқынышты болса, бүгінде әлемнің отыздай елінен қазақтар Атажұртына қоныс аударып, өз елімен, жерімен табысуда. Соның арқасында тарих беттерінен әдейілеп сызылып тасталған, шетте қалған рухани мұрағаттарымыз бен тарихи жадымыз қайта жаңғырыға бастады. Соның бір дәлелі – күні кешеге дейін ауызға алуға, айтуға жүрексінетін «Шығыс Түркістан үшінгі ұлт азаттық көтерілісі» жайында жүйелі зерттеу жасалмаса да, там-тұмдап айтыла бастауы еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын 100 жылдық мерейі атаусыз қалған, Шығыс Түркістанның азаттығы үшін басын бәйгіге тіккен батыр Оспан Сіләмұлының рухын асқақтатып, оның тұлғасын әспеттеу мақсатында республикалық ақындар айтысы өткізілді. Кейіннен оның идеаласы Манас ауданының әкімі Қалибек Хакімнің 100 жылдығы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан аталып өтілді. Ғылыми-теориялық конференциядан кейін, Қалибек хакімнің ұлы Хасан ағамызбен әдейі жолығып, Қалибек Хакімді ұлықтау шарасының қандай деңгейде өткізілгені жайында сұрадым. Хасан аға, «Әуелі, оның Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолға алынғандығының өзі маңызды» деп жауап берген еді. Демек, азат ойдың ұландарын ұлықтау ісі бізде басталды. Бірақ, азаттықты ту еткен, ұлттың дамуына барынша үлес қосқан «Алаш» зиялыларының тарихтағы орнын айқындауға келгенде әлі де сараңдық танытып отырмыз.

Саясаттану ғылымында «Саяси ой тарихы» атты пән үйретіледі. Ал, «Азат ойлау тарихы» осы «саяси ой тарихының» құрамдас бөлігі іспетті. Қазақтың азат ойлау тарихы Жәнібек пен Керейдің атқа қонып, Қазақ хандығын құру заманында күшейді. Бұған дейінгі, жалпы түркілік деңгейден, жеке ұлт ретінде қалыптасуға дейінгі тарихты былай қойғанда, Қазақ хандығынан бүгінге жеткен азат ойлау жүйесінің тамыр-тарамыстары тым-тым жіңішкеріп бара жатқанға ұқсайды. ХҮ ғасырда атойлап атқа қонған батырларымыз бен ел басқарған хандарымыздың алдында Қазақ хандығының іргесін бекемдеу мақсаты тұрды. Осы жолда әркім әртүрлі күрес жолын таңдады.

Бүгінде тарихшыларымыз тынбай айтатын Жоңғармен арадағы соғыс – империялардың бірін-біріне арандатуы салдарынан туысқан екі халықтың көзалартуынан туындаған еді. «Бөлшекте де билей бер» дейтін кәдімгі империялық пиғылдан туған. Дала көкжалдарын бірін-біріне айдап салып, біріне-бірін жем еткен Ресей мен Қытай империяларының басты мақсаты – ұланғайыр далаға иелік ету болатын. Жоңғария мен Қазақ хандығының алдында екі жол ғана бар еді, бірі – ұлт ретінде сақталып қалу, екіншісі – жер бетінен жойылып кету. Осы соғыста табандылық танытқан Қазақ елі Жоңғарды жоқ етті. Алайда,  200 жылға созылған үздіксіз соғыс Қазақ хандығын да әлсіретіп кеткен еді. Қос империя осы бір оңтайлы сәтті пайдаланды. Сөйтіп, ХҮШ ғасырдың орта шенінде Қазақ жерін ту талақай еткен қос империя өзара шекара бөлісу ісіне кірісті. Қазір тарих оқулықтарында Ресейдің қазақ жерін отарлау тарихы айтылады да, Қытайдың қазақтың ең шұрайлы өлкесін иемденіп алғаны жайында ұмыт қала береді. Қазақ жерін бөлшектеу ісі – 1860 жылы Петербор келісімінен басталып, 1881 жылы Шәуешек келісімімен аяқталған еді. Сөйтіп, қазақтың бөліну тарихы басталған. Оспан батыр мен оның серіктестерінің етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішіп жүргендегі ұлт азаттық күресінің мәні де осы – Қытай (Чин) империясының қоластында қалған қазақ жерінің азаттығы еді. Бүгінде 1944 жылдан басталып, 1954 жылға дейін жалғасқан үздіксіз күресті – Хан Кененің ұлт азаттығы жолындағы күреспен салыстырушылар бар. Бұл саяси күрестерге баға беруде олардың арасынан қандай да бір ұқсастық іздеудің өзіндік мәні бар. Біріншіден, бұл батырлардың екеуінің де саяси мақсаты біреу – жат қолындағы қазақ жерін, өзгеге бодан болған елін азат ету.Екі қаһарман да 10 жыл бойы аттан түскен жоқ. Бірінің басы алынды, екіншісі атылды. Бірінің басы – Санкт-Петерборға Эрмитажға аттанды. Екіншісінің денесі үрім-бұтағына қайтарылды.

Азат ойлау жүйесі қай заманда да, қай ғасырда да болғаны мәлім. ХХ ғасырдың басында ұлт көсемдерi — Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мiржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай бастаған “Алаш” зиялылары да азат ойлаудың кемел үлгісін танытты. Олардың мұратымен қазiргi әлем қазағының мұратының үндесiп жатқандығын баса айтуымыз керек. Ал, Кеңестер билігінде болған 70 жыл сол азат ойлауға бұғау салған жылдар еді. Халықтың жылдар бойғы ыза-кегінің көрінісі 1986 жылы желтоқсанда сыртқа бір бұлқынып шықты. Соның нәтижесі – әлемді дүр сілкіндірген алып КСРО-ны құлатып, Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет болуына алып келді. Қазiр алаштықтар аңсаған тәуелсiздiк қолымызда тұрғанымен, жаһанданудың тасқыны ұлттық рухымыздың еңсесiн тiктеуге мұрсат бермей отырғандығы да айқын.

Соның бір дәлелі ретінде тарих толқынымен шетте қалып қойған, өз бірге туғанымыз, оралғандарын «оралман» деп, оралмағандарын «диаспора», «этникалық қазақ» деп үкілеп жүрген өзге мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз жайлы пікірлердің тым үстірт әрі жалған айтылатындығы. Көптеген мақалаларды сарапқа салып көрсеңіз, көбіне 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі немесе аштық жылдарында шекара асқандар, отанын тастап кеткендер деп бағалаушылар бар. Алайда, көзі ашық, көкірегі ояу жан халқының тең жарымынан астамының ауып кетуі мүмкін емес екендігін бағамдай алар еді. Алысқа бармай-ақ, Қазақстанның қазіргі саяси картасын алдыңызға жайып тастап, Ресей мен Қытаймен, Өзбекстан мен Түркімениямен шектесетін тұстарына көз жіберсеңіз де талай ақиқатқа тап боласыз. Ең бастысы, Қазақстанмен шектесетін аумақтарда өзге елдердің территориясында қалған қазақ жерлері өз атауымен-ақ көзге ұрып тұрған жоқ па? Айталық, тұңғыш астанамыз Орынбор, қазір Оренбург болып Ресейдің ірі облысына айналды, сол секілді Сарытау (Саратов), Омбы (Омск), Томбы (Томск), Құрманғазы бабамыздың бейіті жатқан Астрахань, Самара, Түмен (Тюменск) секілді Ресей отарлаған қазақ жерлерінде миллионнан астам қазақ қалды. Өзбекстанда ресми есеппен 1,2 миллион, ресми емес статистикаға жүгінсек, 1,5 миллион қазақ бар. Олар да Өзбекстанға басына күн туғанда ауып барған жоқ. Қазақ аумағының біршама жері осы мемлекетте қалғанының салдарынан, ірі диаспора шоғыры қалыптасып отыр. Бүгінде халқының саны 30 миллионға жетіп отырған Өзбекстанның мемлекеттік территориясының басым бөлігі қазақ жерінің есебінен түгенделгені ақиқат. Кеңес одағының алғашқы жылдарында Ташкент қазақ зиялыларының орталығы болғаны есімізде. Төле мен Әйтеке билердің бейітінің Ташкент маңында қалуы да тегіннен тегін болмаса керек. Егер тарихты сөйлетсек, өзбектерге тиесілі аумақ –  Бұқара, Самарқанд, Хиуа маңайы ғана көрінеді. Тіпті, өзбек пен қазақтың еншісі бөлінбеген, бір халық болды. Сол үшін де олардың территориялық аумағы бір еді. Соның нәтижесінде қазақ пен өзбек бірге жайлап, қыстап отырған көптеген қоныс Өзбекстанға кетті. Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақ автономия облысы да Кеңестер одағының алғашқы жылдарында Қазақстан құрамында болған. Сол себепті де ондағы 450 мың қазақтың бір жақтан ауып бармағаны белгілі болды. Оның үстіне кезінде Хрущев белден басып, Оңтүстік Қазақстан облысындағы үш ауданды Өзбекстанға бере салған жоқ па? Осының бәрі ондағы 1,5 миллион қазақтың тарихи отанында отырғандығының дәлелі.

Жоғарыда атап өткенімдей, қазақтың бөліну тарихының ХVІІІ ғасырға баратындығы. Қазақ жерін әуелі екі ірі империя – Ресей мен Қытай өзара бөліске салғандығын айтып өттік. Қытайға қолды болған қазақтың үш аймағы – Алтай, Іле, Тарбағатайда 2 миллионға жуық қазақ өмір сүреді. Міне, қазақ халқының белгілі бөлегі өзге мемлекетте, бірақ өзінің атақонысында отыр. Демографтардың тілімен айтқанда, бұлар диаспора өкілдері емес, ирридиенттер. Біздің тілге тиек етпеген, әлемнің өзге мемлекеттеріндегі шашырап жүрген қазақ диаспорасы өкілдерінің негізін Қытайдың Алтай аймағынан ауған қазақтар құрайды. Оспан батырдың Шығыс Түркістан үшінгі күресі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Оспан батыр Батыстың да, Шығыстың да назарында болды. Ал бұл көтерілісті аяусыз жаншылды. 1930 жылдары Шыңжаң өлкесін басқаруға келген Шыңшысайдың зұлым саясатына көнбеген қазақтың біраз бөлігі босқынға айналды. Бұл босу 1936 басталып, 1954 жылға дейін жалғасты. Марқұм, дін абызы Халифа Алтай «Алтайдан ауған ел» кітабында Алтайдан 18000 адамның шыққанын, оның 1300-і ғана Түркияға жеткенін және 6 жылда бірде-бір шарананың дүние есігін ашпағанын жазады.

2000 жылы «Түркістан» газетінде «Ол және ол туралы» деген айдармен марқұм, қоғам қайраткері Айтан Нүсіпханұлы жайында мақала жарияладық. Сол мақалада айтулы қытайтанушы, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов: «Айтан Нүсіпханұлы «Шығыс Түркістан мен Қазақстан кітаптың екі беті, бір беті ашылмайтын кітап қалай оқылады? Біз Қазақ елі деген кітапты толығымен оқуымыз үшін, Шығыс Түркістан толығымен ашылуы керек» дейтін. Сол себепті де, біз Шығыс Түркістанда қалған территорияларымыздағы тарихи ақтаңдақтарды аршып алуымыз керек» деген еді.

Алайда, өткенге салауат. Жат қолында қалған территорияларымыз үшін енді күресе алмасымыз анық. Оның үстіне Қазақстан өзге көршілерінің бәрімен шекараларын айқындап, делимитация жасап алды. Сонда Қазақстанның қазіргі саясаты қандай болуы керек еді? Әрине, сол мемлекеттерде қалып кеткен қандастарын Тәуелсіз Қазақстан төріне жинау болуы тиіс-тұғын. Бірақ, өкінішке қарай, биліктің оралманға деген солақай саясатының салдарынан, бұл мақсат аяқасты етіліп, орта жолдан үзілді. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарда Қазақстанға 1 миллионға жуық қандасымыз келді дейміз. Алайда, олардың саяси-әлеуметтік салмағын таразыға салған ешкім жоқ. Оралман кім? Оның Қазақстанға бергені не, берері не? Қазақстанға оралман керек пе, оралманға Қазақстан керек пе? Ол жағына бас ауыртқан бірде бір саяси зерттеу институты немесе арнайы мекеме болған жоқ. Керісінше, орыстілді басылымдарда азуын айға білеген қазақ саясаттанушылары Данияр Әшімбаев, Ермұхамет Ертісбаев, Тимур Құлыбаевтар оралманның Қазақстанға келуі зиянын ғана тигізіп жатыр, олар масылдар, тойымсыздар, аутсайдерлер деген секілді жағымсыз пікірлерді қардай боратты. Бұл пікірлер әсіресе, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптады. Жаңаөзен оқиғасын өзге емес, оралмандар жасады деген жалған қоғамдық пікір қалыптастырды. Тіпті, орыстілді ақпарат құралдары мұндай мәлімдемелерді жерден жеті қоян тапқандай қуана мәлімдеп жатты. Соның салдарынан 2011 жылы қабылданған «ҚР Азамататтығын алу туралы» заң мен 2012 жылы қабылданған «Еңбек мигранттары туралы» заңдар қандастарымыздың Қазақстанға келіп орналасуына және азаматтық алуына кедергі келтіру үшін қабылданды. Қазір Алматы мен Астанада, сол секілді Қазақстанның түкпір-түкпірінде азаматтық алу былай тұрсын,  тұрақты тіркеуге тұра алмай сергелдең болып жүрген қандастарымыздан аяқ алып жүргісіз. 2012 жылдан бері Үкіметте оралмандарға қатысты екі Қаулы қабылданды. Ол 2012 жылғы №364 Қаулы мен 2014 жылдың №111 Қаулысы. Осы екі Қаулы бүкіл Қытайдан келетін қазаққа қойылған бөгет болуда. Онда келетін еліңнен сотталмағаның туралы анықтама мен сол жердегі тұрақты тіркеуіңнен шығып келуді міндеттейді. Бұл екі анықтаманы да Қытай үкіметінен алу, қияметтің қыл көпірімен өтумен бірдей дүние. Былтыр Украинадағы жағдай ушыққаннан кейін, оралманның Қазақстанға келуіне қатысты саяси көзқарас аздап өзгерген сынды болды. Премьер министрден бастап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі және басқа да құзырлы органдар бірнеше жиын өткізіп, оралманның Қазақстанға келіп орналасуына тыйым салатын Қаулыны өзгертіп, азаматтық алу, тұрақты тіркеуге тұру Ережелерін өзгертуді қолға алатындықтарын айтып, жаһаннамға жар салды. Алайда, 2014 Жылдың соңына дейін қабылданып үлгеруі тиіс болған заң жобасы әлі күнге дейін Парламент қабырғасында талқылануда. Сарапшылардың айтуынша, заң жобасында жылт еткен үмітті оятар тамаша баптар бар секілді. Алайда осы заң қабылданып болғанша, талай жанның төзімі де сарқылып бітетін түрі бар.

ОТАНЫҢА НЕ БЕРДІҢ, ОРАЛМАН?

Оралманның рухани әлеуетін санамалап, оның қазақ рухани әлеміне қосқан үлесі жайлы айтуға да тым сараңбыз. Өйткені, саяси баға (егер ол бар болса) тек материалдық тұрғыдан ғана беріледі. Осы жиырма жылда биік мінбеден де, қоғамдық ортадан да еститініміз бір ғана уәж. Оралмандар сапасыз, сапалы жұмыс күшінен айрылдық, мамандар кетіп қалды, тек қолдар келіп жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Саяси шешімдер институтының оралмандарды әлеуметтік аутсайдерлерге теңеп, айды аспанға бір-ақ шығарғаны бар. Алайда, бұл бағаның бәрін орыстілді ағайын беріп жатыр. Өйткені, ұлттық құндылықтарын екінші деңгейге ысырып тастаған елде қазақы таным да, тіл де бүгін адыра қалып отыр.

Ең әуелі,  өткен ғасырдың 90-жылдарының басында тұралап қалған демографиямызға оралмандардың келуі арқылы жан бітті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ өз отанында 39 пайызды ғана құраса, бүгінде 67 пайызға жетті. Бұл әрине, шеттен келген 1 миллион қазақтың арқасы. 1954-1962 жылдары Қазақстанға 350-400 мыңның айналасында қазақ келген екен. Осы қазақтың елу жылдағы өсімі миллионнан асып, отаршылдық саясаттың кесірінен өлімші халге жеткен қазақ тілі мен мәдениетіне сәуле бергені айқын. Ал, 25  жылда оралған қазақтың өсімін қазір дәп басып беретін ешқандай мекеме жоқ. Осы миллион адамның 4-5 пайызы ғана зейнет жасындағылар, қалғандары еңбекке жарамды және жасөспірім, балалар. Кейде шенеуніктер оралмандардың алпыс пайызының бьілімі жоқ деп ұрандатқанда, осы балалардың әлі де мектеп жасында екенін ұмытып кететін сынды. Демек, демографиямызға ғана жан бітіріп  қойған жоқ, оралмандар қайда жүрсе де өзінің ұлттық келбетін, тілін сақтай білгендігінің арқасында әлі де төрге оза алмай отырған тілімізге де жан бітірді. Көптеген солтүстік өңірлерде оралмандардың арқасында қазақ мектептері ашылды.

Егер, «Тіл –халықтың жаны» десек, Ахмет Байтұрсыновша зерделесек, «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатынын» ескерсек, әлі де отаршыл күштердің дүлей қарсылығынан құтыла алмай отырған тіліміздің сергуіне, оның төрге озуына өзге емес, шеттен келген қазақтың да, шетте жүрген қазақтың да қосқан үлесі зор. Қазақстанға келмей-ақ, өмірбақи қазақ үшін қызмет етіп, қазақтың рухани байлығын еселеген жандар қаншама. Кезінде Ресей президенті Путин шетте жүрген орыстар мен орыстілділерге үндеу тастап, орыс мәдениетіне үлес қосқандардың еңбегі еленеді деп мәлімдегенде, біз де осы мәселені біраз қаузаған едік. Алайда, біздің сөзімізге құлақ асар пенде жоғары билікте қайдан болсын. Жалпы, оралмандардың қазақ мәдениетіне қосқан үлесін әдебиет, өнер, мәдениет және ғылым деп төрт саладан қарастыруға болады екен. Егер, осы тұрғыдан сөз қозғасақ, бұл шағын мақаламен шектелмесі анық. Бұған арнайы зерттеу жұмысы немесе арнайы кітап арнаған абзал. Алайда, енді он-жиырма жылда шеттегі қаймағы бұзылмай отырған қазақтан айырылып қаламыз ба деген үрей бар.

Жазушы, этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Қазақ халқы ХХ ғасырда әлемнің қырықшақты еліне тарыдай шашылды. Осылардың ішінде мәдени-рухани өнім беріп, өнер туындата алғандары – төрт-ақ елдегі қазақ диаспоралары. Олар Қытайдағы, Моңғолиядағы, Өзбекстандағы, Түркиядағы қазақтар. Ресейдегі миллионға жуық қазақ соңғы бір ғасыр аясында мәдени-рухани бедеулікке ұшырағанын көз көріп отыр. Бұл қазақ диаспораларының тағдыр-талайына барометр бол алатын мысал» дейді «Қазақ әдебиеті» газетінің 2006 жылғы №3 санында «Бір өлеңнің жай-жапсары» атты мақаласында. Әңгіме «Көшпенділер» фильміне арқау болған ән турасында. «Көшпенділер» фильмінің кеңесшісі болған Ақселеу Сейдімбек фильмнің ажарын ашатын ән іздеу барысында көңілге қонымдысын таппай қиналғандығын айтады. Сөйтіп, ел ішінде халық әні аталатын «Балапан қаз» әні таңдалған екен. Оның сөзін жазған Арғынбай Жұмажанұлы моңғолиялық қазақ. Өлең әннің мазмұнын да, ажарын да аша түскен. Міне, мәдениеттер тоғысы деген осы.

Осы Ақселеу ағамыз айтқандай Ресейдегі рухани бедеулікке ұшыраған қазақтардың тағдырын қалған төрт мемлекеттегі қазақтар құшпасына кім кепіл? Өйткені өркениеттер тоғысы жүріп жатқан қазіргі заманда әр мемлекет өз еліндегі диаспоралардың жай-күйін жылы жауып қойып (Қазақстаннан басқасы), біртұтас ұлттық идеяға көшуге бет бұрды. Қазір Түркиядағы жастарды былай қойып, орта буын өкілдерінің өзі қазақ тілінен мақұрым. Өзбекстанда қазақ мектептерін жаппай жауып, өзге этностарды «өзбек» деп жаздыру процесі басталғалы біраз уақыт. Қытайда қостілділік саясатын желеу етіп, қазақ мектептерінің тамырына балта шабыла бастағалы да бірнеше жылдың жүзі. Қазақстан мен Қытай арасында арнайы мемлекеттік көші-қон келісімінің жасалмауы – көшті біраз тығырыққа тірегендей. Қытайдың жоғары деңгейдегі басшыларының біразы Қазақстанға ат басын бұрды. Біздің Елбасымыз да талай ресми кездесулерге барып қайтты. Осы кездесулер барысында «Қытайдағы қазақтан айырылып қалмайық десек» деген тақырыппен бірнеше мақала жаздық. Алайда, ірі деңгейдегі кездесулердің бірде бірінде ұлттың толғақты мәселесі  болып саналатын Қытайдағы қазақтардың жағдайы күн тәртібіне енбеді. Өйткені, біздің билік қазақ мәселесіне көз жұмып қарайды. Елде ондай проблеманың бар екендігін айтпау үшін, көп ұлттымыз деп жаһанға жар саламыз.

Бүгінгідей жаппай рухсыздануға бет бұрған, рухани деградацияға ұшыраған заманда Алаш мұраты не болуы керек? Мақаламызды Алаш мұраты деп атауымыздың астарындағы мән  үлкен. Бастысы әлем қазағының мұраты, мақсаты, болашағы бір үдеден шықпаса, Қазақстан атты алып кемеге дұрыс бағыт-бағдар бере алмаймыз. Кез-келген елдің даму жолында ұстанған терімқазығы болады. Біздің темірқазығымыз не? Әрине, ұлттың ертеңі, рухани деградациядан құтылып, ұлттық ел болу, дені де жаны да сау ұрпақ өсіру. Ол үшін о қазақ пен бұ қазақтың ертеңі алаңдатуы керек бізді. Сол себепті де, 1991 жылы басталған ұлы көштің бұйдасын үзбей, қазақ даласын қазақпен толтыруды мақсат еткеніміз жөн. Сан болса, сапа да болады.

Есенгүл Кәпқызы

дереккөзі:  Qamshy.kz-тен алынды

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. 2015/03/10 Жауап беру
    Есенгүл КӘПҚЫЗЫ мақаласының атын: “Алаш мұраты не немесе тәуелсіз қазақ тарихындағы оралманның рөлі қандай?” – деп атаған.
    Мақаласында қазақ хандығы құрылғаннан тәуелсіз қазақстанның 24 жылдығына дейінгі кезеңдердегі қазақ ұлтының өмір сүрген ортасы мен шекаралық иелік еткен мекен – тұрақтарын ,оларға қалай қол жеткізгендігіміз бен соңында қаншалықты территорияға иелік етіп қалғанымызды дәйектеп келіп , шет қалған территорияларымыздың қолды болуын армандайды.
    Тарихшылар қазақ жерінің иелігін қытайдың ұлы қорғанынан қара теңіздің жағасына дейін деп жүр. Сол ұлан қайыр мекенде қалған қандастарымыз өз жерінде бөтеннің елінде отырғанын келтіреді.
    қазақстанға келген оралмандар тағдыры мен олардың қазақ ретінде қосқан үлесін түйіндеп төрт жікке бөледі: “Жалпы, оралмандардың қазақ мәдениетіне қосқан үлесін әдебиет, өнер, мәдениет және ғылым деп төрт саладан қарастыруға болады екен.
    Ең әуелі, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында тұралап қалған демографиямызға оралмандардың келуі арқылы жан бітті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ өз отанында 39 пайызды ғана құраса, бүгінде 67 пайызға жетті. Бұл әрине, шеттен келген 1 миллион қазақтың арқасы. ” – деді. Тұщымды тұжырым. Қазақ хандығы құрылғалы 550 жыл болыпты. Бірақ қазақта 550 жылдан бергі тұрақты мемлекеттілігі толыққанды тәуелсіз болмады , содан бергі мекендеген жер аумағын иемденіп қалған иелігі сол қалпында өз иелігінде қалмады. Неге солай деген сұраққа мақала толық жауап береді. К.Есенгүлдің мақаласын көпшілік оқып талқылап жатқан кезде қазақстан теле эфирлерінде бүгінгі күннің жаңалықтары ретінде қазақстан президентінің сайлауына түсуге үміткер кандидаттардың мемлекеттік тіл туралы емтиханнан сүрінгендері туралы хабарлап жатты. Бақсаңыз тәуелсіздік алған 24 жылдан бері қазақстанның байырға абориген қазақтарының өз тілдерін өздері менсінбей , оны үйренбей өзгенің тілінде сөйлеп жүргендері айқын болды. Бұл ең жоғарғы деңгейдегі лауазымнан үміткер , Ел сенімін алып мемлекет пен халықтың билігін ұстаймын деген үміті бар азаматтардың бет бейнесі. Осыған қарағанда оралмандардың тек тіл мен мәдениетке , өнер мен ғылымға қосқан үлесі орасан.
    К.Есенгүл мақаласында : ” Кезінде Ресей президенті Путин шетте жүрген орыстар мен орыстілділерге үндеу тастап, орыс мәдениетіне үлес қосқандардың еңбегі еленеді деп мәлімдегенде, біз де осы мәселені біраз қаузаған едік. Алайда, біздің сөзімізге құлақ асар пенде жоғары билікте қайдан болсын. ” – деп қазақ қамы үшінгі ынта , ықыластың еленбеуіне өкінеді.
    Путин жоғарыдағы үндеуін Елінің конституциясына сүйеніп айтқан . Кәзір де Қырымды аннекциялап алуы , Украйнаның шығысындағы жағдай туралы мәселелерде , ондағы орыс тілділер мен отандастарымның мүддесі бар деп өзінің пікірін ашық айтып жүр. Неге ? Ол оның басты заңында бар Ережеге сүйеніп отыр. Әйтпесе дүние жүзілік қауымдастық оның аузын аштырмайды ғой.
    Бізде қазақстанның конституциясында сондай болмаса да соған ұқсайтын , тым болмағанда , шет елдерде тұратын қандастарымызға жағдай жасаймыз, қажет болса олардың мүддесін қорғаймыз деген мағынада норма жоқ. Сондықтан шет елдердегі қазақтарды түп қопара көшіріп аламын деп айта алмай немесе олардың салт – дәстүрі мен тілін , мәдениетін сақтап қалуына жағдай жасай алмай отыр.
    Түптеп келсе кәзіргі қолданыстағы халықтың көші – қоны туралы заңының оралмандарға қатысты бөліктері өз халқы сөз шығарса конституцияға сәйкес болмай шығады. Бар сенген заңымыз солқылдақ деген сөз.
    Осыны орнықтыруды мықтап қолға алатын кез жетті дегенді К.Есенгүл мақаласында ыммен ескертіп отыр. себебі қазақстанның осы тәуелсіздікті сақтап қалуы , оның тұрақтылығын нығайтуы үшін шеттегі және мұнда келген оралман қазақтардың ұшан теңіз күш көмегі қажет екенін сарапқа салып отыр.
    Мақала өте өзекті мәселені орынды көтеріп , адамзаттың ұлттық құндылығын жоғары бағалайды.(пікір Қамшы сайтынан алып жарияланды)

    • солай қылып бір-біріңнің артынан түртпесең болмайма

  2. Азазэль, мұндай үзілді-кесілді пікір айту үшін тарихқа көзіңді ашып қарасаңшы, мына сөзің өз деңгейіңнің қаншалықты сауатты екенін көрсетіп тұр. Хат білетін, қара танитын адам екенсің аз болса қазақ тағдырына қатысты мәселелердің мәніне мән бер. Ардан аттама!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар