Құрметбек Сансызбайұлы, Сіз 1991 жылы 17 наурызда Моңғолия қазақтарының тарихи отанына алғаш оралған «Ұлы көштің» қатарында атамекеніңізге оралдыңыз. Міне содан бері қазақ көшін зерделеп, осы саланың белгілі саясаттанушысы, көші-қон үрдісінің білікті маманы ретінде ой толғап елге танылып жүрген азаматсыз. Кәнігі маман ретінде жолдаған ұсыныс-пікірлеріңіз ескерліп жатыр деп ойлайсыз ба?
2013 жылы 10 желтоқсанда заңға аяқ асты енгізілген өзгерістердің бір ұшы өз қандастарымыздың мүддесіне тигізетін кері әсерімен қоғамдық наразылық туындатып, күні бүгінге дейін талқылануда. Содан бері тұрақты тұру мақсатымен келген қаншама этникалық қазақ ұлт өкілдері өз отанында тұрақты тіркеле алмай ел арасында ат сабылтып әуре сарсанға түсуде. Уақытша тіркеулерімен жүріп осында балалы болған аналар жас нәрестесімен келген еліне барып визасын создырып келу мүмкіндіктері болмай қиындықтар туындауда. Осында туылған баласы мен анасы өздеріне тиесілі әлеуметтік көмектерін ала алмай жүргендері тағы бар.
Сол кезден бері мен ғана емес, ел мүддесі мен ұлт мұраты үшін қаншама жандар, зиялы қауымдар, қоғам болып осы мәселе турасында ат салысып бүгінгі таңда заң жобасы парламентте қаралуда. Қандастарымызға қатысты өзгерістерінде көңіл көншітер тұстары көп. Атап айтсақ оралмандардан (әсіресе Қытай елінен келетіндерден) артық анықтамалар талап етілмейтін болыпты. Он күн ішінде тұрақты тіркеуге тұрып, бес күн ішінде оралман мәртебесін ала алады. Ары қарай Ықтиярхат алып Қазақ елінің азаматы болуға жарты жылда қол жеткізу мүмкіндігіне ие болмақ. Үкімет арнайы бекіткен өңірлерге барғандары арнайы жеңілдіктерге ие болады. Осының барлығына олардың отаным, атамекенім деп тұрақты қоныстану мақсаты мен көздеген мүдде ниеттері өз шешімдері өте-өте маңызды екеніне оралмандардың да назарын аударғым келеді.. Менің айтып, жазып жүрген пікір-ұсыныстарым дер кезінде болмасада бір екі жылдан аспай өз жолын тауып жатады. Елің үшінгі ойың іске асқанын оқырман қауым мен бірге бөліскенге не жетсін! Бар бақыт ел қолдауында деп ойлаймын.
Іске сәт! Көш көлікті болсын!! Маман ретінде айтарым өмірдің талабы көп, амалы мен арнасы Үкіметтің қолдауында! Немесе ұлтының ұлағаттылығына ұлылық танытқысы келмейтін ықпалды белгісіз жандардың қалауында!
Мен құзырлы органдарға ой салатын пікірлер ұсынып жеке хатта жаздым. Ойдан ой туындатып қарау мықты заңгер, зиялылардың құзырында. Ойдан сөз туындатып бұрмалау кімге қажет екенін түсінуде қиын емес..
Кейбір құзырлы органдар тек хатқа ғана жауап беріп оны уақытында жабу үшін іс әркет жасайтыны әрине өте өкінішті…
Негізгі мәселе, қаншама мықты заң шыққанымен оны жүзеге асыратын иесі мен жүйесі айқындалмаса баяғы жартас бір жартас болып заң пәрменді іске аспайды. Оралмандарға қатысты көш өз ағымымен ғана жалғаса бермек.
Миграция деген ұғым Қазақ елінің айнасы деп түсінсек қағидасы қалт кетпейтін заң болғаны қай жағынан да халқымыздың кәдесін тағдырымен ұштастыра алатын болуы бүгінгі қоғам мен өмір талабы.
Елге оралған ағайындардың көшімен ғана көші-қон саласын, «Халықтың көші-қон туралы» Қазақстан Республикасының Заңының маңыз мағынасын бағалауға болмайды деп ойлаймын. Бұл заңда ел мен мемлекетіміздің мүддесі, Қазақ еліне келіп-кететін пенделердің тағдыр үрдісіне байланысты 28 ұғым бар. Соның 7 ұғымы ғана оралмандарға тікелей қатысты. Қалғандары көші қонға байланысты елімізге келіп кететін қонақтарының тағдыр тауқыметі, жүріс тұрысы, еңбек қатынасы басқа да жағдаяттарға сай іс әрекеттерін реттеуге қатысты. Біраз ұғымдары Ішкі істер министрлігі мен Сыртқы істер министрліктері өз құзыреттері шегінде халықтың көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бағыттап бекіттірген Қазақстан Республикасының заңдарымен жүзеге асырылады. Бұл екі министрліктен басқа тағы біраз министрлік өз құзыреттері шегінде халықтың көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Әр министрліктің Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктері қағидалары бар. Барлығының басын қосып сараптап есеп алып қортындылап жауапкершіліктерін зерделеп отыратын тікелей Президент әкімшілігіне немесе Үкіметке бағынышты бір мемлекеттік мекеме жоқтығынан әр қайсысы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына жиі-жиі өзгерістер енгізіп жібереді. Олары өмір, жаңа қоғам талаптарына сәйкеспей келешекте болатын кедергілерге жол беріп жататыны да осы саланың ұдайы сынға ұшырауының басты себептерінің бірі..
Дұрыс айттыңыз, қазақ көшін бұдан басқа қалай зерделеуге болар дерсіз? Соңғы жолы Қазақстан Республикасының Үкіметіне және төрт бірдей құзырлы органдарға жолдаған ұсыныс-пікірлеріңіз интернет сайт және газеттерде жарияланды. Сіз көш үрдісін бастауды ауыл, кент әкімдеріне жүктеп, кімде болса алдымен тұрақты тіркелсін, содан кейін ғана Оралман мәртебесі берілсін, оралмандарға қатысты құжаттар «Халыққа қызмет көрсету орталықтарында» қабылдансын дегенді қайталап айтудан жалықпайсыз толықтыра кетсеңіз?
Өз ауылының жағдайын тыныс тіршілігін әкімінен артық кім білер дейсіз.Өзі жауаптанған елді мекеніне тек оралмандар ғана емес басқа да ұлт өкілдерінен кімдер келіп кімдер кетіп жатқанын кім немен айналысып жүргенін жақсы білетін әкімдер көші-қон үрдістерімен айналыспайды, олардан ешкім ештеме сұрамайды, оларға жүктелетін жауакершілікте жоқтың қасы. Ауылына келіп қоныстанып жатқан оралмандар туралы мәліметтер жайында ауыл, кент әкімдері еш хабарсыз деуге болады.
2013 жылғы 13 маусымда «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 15-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жүктеліп құзыр берілді. Елбасымыздың жергілікті атқарушы органдардың аражігін ажырату мақсатындағы тапсырма бағыт бағдарламалары, халыққа қызмет көрсетіп жұмыс істеудің барлық бастамасы ауылдан басталатынын айқындайды. Қазіргі кезде ауыл, кент әкімдері көптеген өкілдіктерге ие болып бюджеттері өз құзырларына беріле бастады. Нарықтық қоғам капиталистік жүйе бойынша келешекте әркім өз өнімінің құндылығымен бақуатты өмір салтына жететінін сезінген көзі ашық көкірегі ояу жандар іске кірісіпте кеткені қашан. Ертеме кешпе облыстағы көптеген өкілеттіктер аудан, қала әкімдеріне жүктелер. Облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік қызметшілер санының тең жартысы деп айтуға болатындайы қысқартылады. Қазірдің өзінде аудан, қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарынан асып облысқа келетіндер саны күрт азайғаны осының бір айғағы деуге болады. Заман ағымына сай Қазақ елін келешекте төрт облыс жүйелеп ел экономикасын жоспарлайтын және оны қаржыландырып жүйелеп бақылайтындар арқылы ғана басқару жүйесіне көшуі де мүкін деп ойлаймын. Ал, ел ертеңіне қатысты пенделердің іс әрекеті мен үрдістері осы көші-қон ағымы аясында қалыптасатынын өмір өзі көрсетіп келеді. Қазақстанға келген әр қонақтардың пиғыл ниеттері, олардың қажеттілік зат тауарлары, күнделікті тұтынатын азық түліктері, техникалық құрал жабдықтары халықтың сана сезіміне әсерлі іс қимылдарының нәтижелері біраз жылдан кейін өздігінен өзі неге жарап жатқанын да өмір көрсетіп берді. Сондықтанда өмірдің қайнар көзінде халықпен тікелей қоян қолтық араласып олардың отбасы ошақ қасының тірлік тіршіліктерін өскелең ұрпағының қамына ата анасының қалай қарайтынына дейін біле алатын ауыл, кент әкімдеріне сол ауылдағы учаскелік полициясы бөліміне көші-қон үрдісінің ағымдарына қатысты өкілеттік құзыр беру, жауакершілік жүктеу, олардан есеп алу ел ертеңіне ауадай қажет деген ойдан туындаған еді. Әр-түрлі ағымдарға ілесіп елден кетіп басқа жақта соғысқа тағы басқа жағдайларға қатысып жүрген қандастарымыздың да саны күрт азаюы әбден мүмкін.Оралмандардың тапсыратын құжаттар топтамасы халыққа қызмет көрсету орталықтарында аудандарда қабылдануы да ел мүддесі мен олардың да жеке мүддесіне өте тиімді және артық шығынсыз болар еді.. Тек оларды қабылдайтын мамандарды республика, облыс көлемінде арнайы дайындап әдістемелік тәжірибеден бір жүйеде өткізу өте маңызды деп ойлаймын.
Құрметбек Сансызбайұлы, шет елдердегі қандастарымыздың барлығы отанына оралуға ынтызар деп айта аласыз ба? Көштің пәрменділігін қалай арттыруға болады?
Әркімнің қай елде өмір сүргісі келетіні өз құзырындағы шешімін күткен мәселе. Айталық біз алғашқы көш басталғанда оның қиындықтарына, келу жолына мән бермедік. Тәуелсіздікке қолы жеткен Қазақстанға жету арман болған қазақтардың жүрек қалауы толқынына ол кезде төтеп беру мүмкін болмады. 1991-1993 жылдар арлағындағы көштің көрінісі нағыз атажұртқа деген сағынышқа толы көш легі еді. Міне сол көшке 24 жыл толды.
Отбасының оңтайлы ғұмырын отанымен ұштастырғандары ұрпақ тағдыры үшін ештеңеге қарамай тарихи «Отанына» тұрақты туруды мақсат етіп көшіп келер. Халық арасында «Қағаз қанша жұқа болғанымен түртпесең тесілмейді, Адам қанша ақылды болғанымен айтпасаң түсінбейді» деген дана сөз бар. Жол көрсетеіп айту біздің парызымыз. Өз басым өз Отанымда отбасым мен еш алаңсыз, алланың берген несібесімен өмір сүріп жүргенім үшін бізден бақытты жан жоқ деп сеніммен айта аламын. Ал әлі де шет елде жүрген қандастарымыздың жатса тұрса ойлайтыны ұрпақ тағдыры деп білемін. Тілі, діні олардың өмір салты қалай жалғаспақ. Жеті атадан бері қыз алыспай гендік таза қасиетімен әлемді таң қалдырған ата-бабаларымыздың аманатын қалай ақтай алады. Ұл-қыздарының келешегі қалай болатыны оларды мазалайды.. Ал ауқатты жандар балаларына Қазақ елінің түпкір түпкірінен баспана алып беріп осында, шет елдерде оқытып жатқаны да бар. Ол тек қазақ ұлты ғана емес басқа ұлттарға да тән қасиет. Ұрпақтарының келешектерін өз Отандарымен байланыстырып баспана қызметтерін шешіп қойған басқа ұлт өкілдері аз емес. Сондықтан да отанына тұрақты тұруды мақсат етіп, бірақта шет елде оң солын білмей отырған қазақтарды жүйелі түрде кешеуілдете бермей жедел көшіріп алып қажетті өңірлердегі елді мекендерге орналастыруға көмек қолын созу, қамқолық таныту тек Елбасымыздың ғана емес отанында алаңсыз өмір сүріп жатқан әр қазақтың басты мақсаты болса екен дегім келеді!! Әрбір қазақ қандасы үшін қазынасын қызғанбаса мәңгілік ел болу мақсатымызға да жетерміз!
Көштің пәрменділігін арттыру үшін Заңмен бекітілген «Ішкі көші-қон», «Бизнес көші-қон», «Еңбек көші-қон» деген қағидаларды іске асырудың жүйелі жолын тетігін тауып тізгінін қолға алу қажет деп ойлаймын. Бұл мәселелер тек қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Пәрменділігін тауып қандастарымызға қолдау көрсете алсақ өз көштерін өздері жолға қойып қаншама өндіріс, жұмыс орындарын өздері ашып ел ертеңіне қомақты үлес қоса алатындары олардың арасында жетіп артылады. Қандастарымыздың бақытын бағалай біліп, қуаныштарына бірге қуана білгенде ғана олардың «құт береке ырыс» әкеліп жатқандарын сезінетін боламыз! «Оралман» деген ұғымнан да мүлдем арылуымыз керек. Қаны бір қандастарымыз Қазақ елінің қазынасы! Ағайынның арасы ажырамауы керек!
Құрметбек Сансызбайұлы сізді, болып өткен кедергілерді сипаттай отырып алда келеңсіздіктерді болдырмаудың жолын көрсеткендей ой пікірлерді ханға да халыққа да жайымен жеткізудің жолында шебер жан деп айтсам артық болмас. Мұндағы мақсатыңызды толықтыра кетсеңіз?
Әркім өз ісінің шебері шамасы жетсе шежіресі бола алса мақсатына жетіп, игілігін елі көрер және демер деп ойлаймын. Қазақ елінің тарихы тереңде, хандық жүйесі қаймана заманнан бері жалғассада тәуелсіз ел болғанына не бәрі 24 жыл. Қазына байлығымыз бен кең байтақ жеріміз, тамылжыған таңғажайып табиғатымыз, жібек жолын жалғайтын құрлықтар қатынасында қолайлы орналасуымыз әлем жұртының назарын өзіне тартады.
Тарихи отаныма оралғаннан бері осы көші-қон саласының қазанында қайнап үрдісіне бойлап жүргендіктен ел ертеңі, мемлекетіміздің мерейлі мүддесі тұғырымыздың мықты болылып, тұқымымыздың бұзылмауы, игіліктің иірімі бәрі-бәрі осы саладан бастау алатынын ет жүрегіммен сезінгендіктен болар деп түсінемін. Сондықтанда бұл салада жайбырақаттық, жайсыздық, кең пейілділік, келеңсіздік, сыбайластық, жауапкершіліксіздік сияқты ел ертеңіне балта шабар іс әрекеттер болмауын сол үшін ұлтын сүйер әрбір азаматқа ақпарат жеткізуді мақсат етемін. Мақсатыма қалайда жетемін деп ойлаймын, жетіп те жүрмін. Елді елдестіріп, көңіл жетсе кездестіріп шырайлы жүздестіріп біреудің жолын ашқанның өзі ұлы көшке ұлағаттылығын беретіні азаматтық парызың өтелгені. Уақыт бәрін өз орнына өмір заңдылығымен қоятынын ескерсек көші-қонға қатысты кедергі келеңсіз жайыттардың көбісі құрықталып жатыр. Алда құжаттандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінсе, алдыңғы келгендермен санасып олардың тірлік, еңбек жетістіктері халыққа шынайы дәріптеле берсе «ұлы көштің ұлылығы ұлы еліміздің құндылығы» боларына еш күмәнім жоқ.
Ашық екі әңгімеңізге алғыс айтамын!
Сұхбаттасқан: Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Парақшамызға жазылыңыз
Қандастар қазақ жерінен қашпаған. Қашқандар – сатқындар.