Ұлыстың ұлы күні, әз-Наурызбен бірге Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында Блогқұрылтай болып өтті. Биыл 5 жылдық мерей тойын атап өткен «Блогқұрылтайға» Қазақстанның түкпір-түкпірінен 70-тен астам блогшы атсалысты. Осыдан 5 жыл бұрын Алматыда бастау алған блогқұрылтайдан бұл «Блогқұрылтайдан» айырмашылығы неде?
2011 жылы «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының мұрындық болуымен Алматыда КИМЕП-те тұсауын кесіп, келесі жылы Астанада жалғасын тапқан блогқұрылтайдың қолдаушылары блогшылардың өзі еді. Шараны түрлі коммерциялық ұйымдар мен бизнес құрылым өкілдері қолдады. Қатысушылардың басым көпшілігі — шараға өз қаражатымен келіп қатысты және арнайы жасақталған еріктілер тобы блогқұрылтайға басынан аяқ ат салысты. Сөйтіп, шараны азаматтық белсенділіктің бір көрінісі ретінде өткізді. Алайда, 2013 жылдан бастап «Блогқұрылтайдың» форматы өзгерді. Оған жергілікті әкімшіліктер қолдау көрсете бастады. 2013 жылы Шымкент қаласында өткен құрылтайды Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі қолдаса, 2014 жылы Қарағанды қаласының әкімшілігі блогқұрылтай шығындарын мойнына алды. Биыл блогшыларының саны жағынан аз қала болып саналатын Талдықорғандағы блогқұрылтайды ұйымдастыру шараларын Данияр Алан өз мойнына алғанға ұқсайды. Талдықорғаннан белсенген блогшыны байқай алмадық. Байқағаным, 5 жыл бұрын осы шараны ұйымдастырып, оның өмірге жолдама алуына бас-көз болған азаматтардан ешкім жоқ. Блогшылардың дені жастар. Алайда, олардың араларында блоггер ретінде танылғандары саусақпен санарлық қана. Қазнеттің дамуына атсалысып жүрген, Ұлттық интернет қауымдастығының төрағасы Серікқазы Кәкібаланов, әуелі блогер ретінде танылған, бүгінде Каспий банкінің пиар менеджері Ербол Азанбек, www.newreporter.kz сайтының қазақ тіліндегі парақшасының редакторы Назгүл Қожабекова, «Сұрақ-жауап» сайтының иегері Ербол Серікбай, Шымкенттен Ұлықбек Әлиакбарұлы, Данияр Алан, Алматыдан Бауыржан Карипов, Роза Әрен, Бақытжан Бұқарбай секілді айтулы блогерлерді айтуға болады.
Екі күндік шарада блогерлер Талдықорған қаласына саяхат жасады. Қаланың көрікті жерлерін аралады, әкімшілік қызметкерлері блогерлерге жақсы істерін жарналамап қалуға тырысты. Наурыз мейрамын мерекеледі. Спорттық жарыстар өткізді. Әкімнің қонағасында болды. Екінші күні ресми іс-шара басталды. Таңертең 10 сағатта басталған шара түсте 16 сағатта аяқталып та үлгерді. Әуелі пленарлық жиын өткізіліп, кейіннен шеберлік сыныптары өткізілді. Арасында блогерлер мен журналистердің, әкімшілік қызметкерлерінің бас қосуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелде түрлі пікірлер мен әртүрлі көзқарастар ортаға салынды. Соның ішінде ескі мен жаңаның айтысы, интернеттің дәстүрлі құндылықтарды жоқ ету мүмкіндігі сарапталынды. Іс-шара қорытындысы бойынша, Алматы облысының әкімі Амандық Батталов 5 интернет белсендісін арнайы 150 мың теңгемен сыйлады.
Шара соңында ой бөліскен блогерлер жалпы Блогқұрылтайдың форматын өзгертетін кез жеткен сынды деген идеямен тарасты.
Е. Құмар
Парақшамызға жазылыңыз