//

Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ:ОРАЛМАН АҒАЙЫНДАРҒА АЙТАРЫМ БАР, ОҚЫРМАН ҚАУЫМ ҮН ҚОССА!  

1149 рет қаралды
3

Тағыда айтқым келгені, Қазақ елінің жері миллиард адамды, жерінің шөбі мен жемі    80-100 миллион малды асырай алады. Қазақстан Республикасы-Еуразия материгінің орталық бөлігінде орналасқан. Жалпы жер көлемі 2717,3 мың шаршы шақырым. Шекарасының жалпы ұзындығы 15 мың шақырым, оның 12000 шақырымы құрлық болса, 3000 шақырымы су. Қазақстан Батысы мен Солтүстігінде Ресей Федерациясымен-7591 шақырым. Шығысындағы Қытай елімен 1783 шақырым, Өзбекстанмен-2351 шақырым, Қырғызстанмен-1242 шақырым, Түркіменстанмен-426 шақырым шекараласады.  

Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алады. Ресей, Канада, Қытай, АҚШ,Бразилия,Австралия,Үндістан мен Аргентинадан кейінгі аумағы ірі мемлекеттердің алғашқы ондығына кіреді.

Қазақстанда үлкен кіші 85 мыңға тарта өзен бар. Ең суы мол өзен Ертіс. Оның жалпы ұзындығы 4248 шақырым болса, 1400 шақырымы Қазақстан жерімен ағып өтеді. Текес пен Күнес өзендері түйіскен жерден Іле өзені басталады. Іленің ұзындығы 1439 шақырым, соның 802 шақырымы Қазақстан жерінде. Сырдария өзені де Қазақстан шекарасынан тысқары жатқан Еренқабырға сілемінен бастау алады. Ұзындығы 2212 шақырым, Нарын өзенімен жалғасқанда Сырдарияның ұзындығы 3019 шақырымға жетеді. Жайық өзені Орал тауының оңтүстік алқымынан бас алады, ұзындығы 2534 шақырым, соның 1084 шақырымы Қазақстан жерімен ағады.Солтүстік Қазақстандағы ең ірі өзендердің бірі Тобыл мен Есіл, Орталық Қазақстанда-Сарысу мен Мұра өзендері.

Менделеев кестесінде көрсетілген 105 элементтің 99-ы Қазақстанда бар. Әлемнің 186 елінің ішінде аса маңызды деген қазба байлықтар қорынан мынандай орын алады: Вольфрам, Қорғасын, Барий қорынан дүниежүзінде 1-ші орында. Хромит, Күміс және Мырыштан 2-ші орын, Марганец қорынан 3-ші орын, Мыс мөлшерінен 4-ші орын, Уран рудасынан 5-ші орын, Алтынан 6-шы орын, Темір рудасынан 7-ші орын, Қалай мен Никельден 8-ші орын, Көмір мен Газ қорынан 9-шы орын алады. Ал Мұнай қоры жөнінен Қазақстан әлемде мұнайға бай Парсы елдері, Латын Америкасы, Ресей, АҚШ-тан кейін 13-ші орын алады. Әлемдегі Хромит қорының үштен бірі, Уран мен Марганец қорының төрттен бірі Темір кенінің оннан бір бөлігі Қазақстанда жинақталған.

Көмірдің барлық қоры 200 миллиард тонна. Қазақстан жаңа ғасырда әлемдегі мұнайға бай он елдің қатарына қосылады. Бір ғана Каспий аймағының қоры 7 миллиард тонна, жер астындағы мұнай 2,5 миллиард, су астындағы (шерьф) қоры-4,5 миллиард.

Арал аймағында да үлкен мұнай «теңіз» бар. Оның қоры 350 миллион тонна, жылына 3,5 миллион тоннадан алса, 100 жылға молынан жетеді. Осы жерде 100 миллиард текше метр газ жатыр.

Қасиетті қазақтың осынау дарқан даласы мен орман, тоғайында 6 мыңнан астам өсімдік, 500 түрлі құс, 178 түрлі аң, 49 түрлі бауырымен жорғалаушылар, 12 түрлі қос мекенділер болса, өзендер мен көлдерде балықтың 107 түрі бар. Бұл ғаламат байлық!!!

      Қазақ еліндегі осыншама байлықтың иесі қазақ екеніне ешкімнің таласы жоқ. Әлемнің 55 елінде тұратын 17.5 миллион қазақтардың 11 385 000 (18.10.2014 ж мәлімет бойынша) Қазақстанда тұрады. Өзбекстанда – 2 500 000, Қытайда – 2 200 000, Ресейде – 1 310 000, Моңғолияда – 145 000, Түркіменстанда – 120 000, Қырғызстанда – 45 000, Түркияда – 30 000 , Ауғанстанда – 30 000, Германияда – 17 000, Иранда – 11 000, Тәжікстанда 10 000, АҚШ-та 10 000, Украйнада – 6 000, Пәкістанда 5 000 деп арықарай кете барады.

      Соңғы кездегі БАҚ-ы және Тораптар, қазақ ұлт өкілдері көптеп шоғырланған елдерде қазақ тілінде білім алатын оқу орындары жабылғанын, тұрып жатқан елінің ұлты болып кеткен қазақтар саны өсе бастағанын, аралас некелер көбейгенін, қазақстанның теле арналары толыққанды көрсетілмейтінін, Қазақстанға келіп кету жолы күрделеніп шығындары қымбаттап кеткенін, қазақтың қаймағы бұзылмаған шұрайлы тілінде сөйлейтін жастар саны күрт азайғанын, жастардың сана сезіміне тұрған елінің негізгі ұлт өкілдерінің мәдениеті, салт дәстүрі, рухы, діні, тілі ерекше әсер ете бастағанын нақты дерек дәйектермен жазады. Осындай дәйектерді оқып отырғанда Қытай халқының: Ақшаға дәреже сатып алуға болады, бірақ «құрмет» сатып ала алмайсың; Ақшаға құмарлық сатып алуға болады, бірақ  «махаббат» сатып ала алмайсың деген мақалдары шет елдегі қазақтардың құрметі мен махаббаты соңғы кезде құнсызданып бара ма? деген ой туғызады. Алыс-жақын шет елдегі этникалық қазақ ұлт өкілдері Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көші-қон үрдісі бойынша ұстанымы, саясатын бірден бір қолдаушылары, Елбасымызды өздері тұрып жатқан елдегі билік өкілдері, саясаткер ғалымдары қалай бағалайтынын сол елдің тіліндегі БАҚ-ы жар салып дәріптеп насихаттап жатқанын бөгде тілде оқып танып біліп өздері де ат салысып жүрген куәгерлері. Сондықтан да олар Елбасының «Біз өресі биік, рухы берік, отаншыл елміз. Біз үшін туған елдің бір уыс топырағынан қасиетті жер жоқ, бір түп жусанынан артық жұпар иіс жоқ», «Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтары қажет» – деп айтқан нақыл сөзінің қасиетін бізден кем түсінбейді деуге болады. Тек 2010 жылдың аяғында аяқ асты Көші-қон комитеті белгісіз себептермен тарап «Халықтың көші-қоны туралы» Заңын жүйелеп Елбасымыздың осы сала бойынша бағдарламасын пәрменді түрде іске асыратын иесі болмай қалғаны көптеген ағымдағы теріс үрдістердің етек алуына жол ашты. Ал, Отанына отбасымен бірге оралғысы келетін қазақтарға кедергі болып содан бері ұлы көштің жолына тосқауыл қойылғандай болды.. Облыстардағы көші-қон департаменті талам таражға түсіп Еңбек министрлігінің ұсынысы бойынша содан бері үшінші мекеменің құрамында тек оралман куәлігін таратушы бөлім болып тағдыры кездей соқ келген кадрлармен шешіліп, ел мен мемлекеттің ертеңгі мүддесіне кері әсерін тигізетін келеңсіздіктер орын алып жатқанын кімдер айтып жазбады. Өмір өз талабымен бір күндері бәрін де орнына қоятынына кәміл сенеміз.

     Сондықтанда, этникалық қазақ ұлт өкілдеріне айтқым келетіні: «Өздеріңе қалағанды өзгегеде қаламайынша, толық иманға жетпейсіңдер» деген даналықты ескере отырып, адассаң еліңмен адас. Ешкімге өкпелеме. Отаныңа бүгін жетуге асық. Ертең кеш қалуың әбден мүмкін. Кетемін деп шешсеңіз артыңа жалтақтама отбасыңмен бірге орал. Әр ұлт өз бақытын өз қолымен жасайды. Қазақтың ертеңін ең алдымен қазақ қана ойлауы керек екенін естен шығармаңыз. Отан отбасынан басталады десек, сізде отбасы әулетіңіздің ертеңі үшін өзіңізді құрбандыққа шалудан бас тартпаңыз. Тағдырдың салғанын көруге бел байлаңыз. Шақырылған қонақтың қадірлі болатыны қазаққа мәлім. Ендеше Қазақ елінің Үкіметі жүйелі түрде орналастыруға шешім қабылдаған облыстарға баруға ұмтылыңыз. Қазақстан Республикасының азаматтығын жедел алуға асығыңыз. Оған толық мүмкіндігіңіз болады. Азаматтық алған соң ішкі көші-қон бойынша солтүстік облыстарға барып Үкіметтің жеңілдетілген көмектеріне қол жеткізу мүмкіндігіңіз болады. Бұл туралы ақпаратты көлделең көк аттылардан емес мемлекеттік орган қызметкерлерінен алыңыз. Кімнен ақыл кеңес алғаныңыз жайында білуге толық құқылы екеніңізді де ұмытпаңыз. Бөгде елден алған біліміңізбен, істеген қызметіңізді қаз қалпында жалғасытырып кету мүмкіндініңіз бола бермейді. Өз менталитет болмысыңыз жаңа ортаға бейімделу үшін біраз жыл уақытыңыз кететінін Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бергі 24 жылда түсінген боларсыздар. Керісінше біліктілігіңіз қайрат жігеріңіз, ашылмаған талант дарыныңыз жеке кәсіпкерлік, шағын бизнеспен шұғылдануыңызға жетелейтініне кәміл сеніңіз. Еліңізге еңбегіңізбен танылсаңыз ертеңгі күні ұрпақ алдында еңсеңіз биік абыройлы боласыз. Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстарды құрметтеп араласып кетуге әрекеттеніңіз.

Он-онбес жылда қазақ жерінің, байлығының иесі сіз екеніңізді өмір өзі оларға мойыдатады. «Есіктен орын тисе төрге ұмтылма» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Жастардың емін-еркін араласып кетулеріне қолдау көрсетіңіз. Жатсынбаңыз. Қазақ елінің демографиялық, экономикалық, қазақи мәдениет, салт дәстүр, өнер мен әдебиетіне қосқан үлесіңіздің жемісі 15-20 жылдан кейін баға жетпес құндылыққа айналып өміріңізді түбегейлі өзгертетініне кәміл сеніңіз. Бұл менің сіздерге айтып отырған ақылым емес,     24 жылда осы саланы зерделеп сараптағандағы тәжірибем деп біліңіз. Әрине айтуға бәрі де оңай. Ал тәжірибенің салмағы мен сарыны санаңызға сіңе келе халыққа жеткізуге сізде асығатын боласыз. Келер ұрпақтың сара жолын ашу бүгінгі отағасы мен отанасы сіздердің қолдарыңызда! Іске сәт! Көш көлікті болсын!!!

 

«ХАЛЫҚТЫҢ КӨШІ-ҚОН ТУРАЛЫ» ЗАҢЫНЫҢ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ    

 ЗАҢДЫ ЖҮЙЕЛІ ІСКЕ АСЫРУШЫ ИЕСІНІҢ ҚҰЗЫРЫ МЕН ҚҰДЫРЕТІНДЕ!

 

    Көші-қон дегеніміз – жеке тұлғалардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке, сондай-ақ мемлекет ішінде тұрақты немесе уақытша, ерікті немесе мәжбүрлі түрде қоныс аударуы. «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы осы үрдістерді реттейді. Қазақ елінде өмір сүріп жатқан халықтың, мемлекеттің мерейлі мүддесінің қалт кетпеуіне қызмет ететін, оның кейіпкері болған адамдармен тікелей жұмыс жасайтын Заң. Бұл заңда 30-ға жуық ұғым бар. Адам-ол пенде. Жұмыр басты пенде не өзі немесе біреудің басқаруында пендешілік жасайтыны тағы бар. Қазақстанның жері мен байлығы, әр пендені қызықтырады. Шекарадан асқанның бәрі періште емес. Олардың өзімен, затымен, денсаулығымен, сана сезімімен бірге теріс үрдістердегі ағымдар ере келетінін ешкім жоққа шығармайды.         

       Қаншама мықты заң бекітілгенімен үйлестіріп жүйелі іске асырушы құзырлы иесі болмаса ондай заң елмен мемлекеттің мүддесі үшін емес жеке бір топтың мүддесіне қызмет істей беретінін өмір өзі көрсетіп келеді…

       Жасыратын несі қалды қазіргі таңда елімізде заңсыз көші-қон үрдісімен жүргендер  күн санап көбейіп жатқанын БАҚ-ы айтудай-ақ айтып келеді. Жария етіледі жолы кесілмейді. Оған қазіргі қолданыстағы заңымызды нақты іске асыратын иесі кім екені, халықтың көші-қоны туралы Елбасының алдында жауаркершілікті кім мойнына алатыны да белгісіз. Шет елден келген кейбір азаматтардың қолында екі шет елдік паспортпен жүретіндері де кездеседі. Ал, екі елдің азаматы болып екі төл құжатпен жүргендер біреуге қызығушылық тудырса, біреулердің көш жолына кедергі жасауда. Ел экономикасы қарқындап дамыған сайын алыс-жақын шет елдермен араласуымыз, сауда саттық, тәжірибе алмасуымыз арта түсері нарық заңдылығы. Сондықтанда болар Қазақстанға     80-ге жуық елдің азаматтары визасыз келіп кететіні қаралып соның 60-тан астам елінің тізімдігі келісіліп жарияланды. Халықтың көші-қоны туралы заңының қағидасы қатаң, талаптары тартымды болмаса келетіндер арасында арам ниетті пенделерде ере келуіне жол ашық. Шекаралас көршілеріміз Қытай, Ресей, Өзбекстан елдері миграция заңының қағидаларын барынша қатаңдатып алды. Ол елдерге өздерінің мемлекеттік тілдерінде еркін сөйлемесең олардың ұлттық рухына құрмет көрсетпесең ол елде уақытша тұрудың талабы таудай. Азаматтығын алуды ойламай-ақ қойыңыз. Ал, бізде керісінше. Өзбекстан тірі адамды қойып жансыз шет елдік авто көліктерді кіргізбей отырғаны үлгі тұтар қағида. Япония кезінде шет елде қалған қандастарының мүрдесін алдырып құрмет көрсеткеніне не айтарсыз. Біздер келген қандастардан ұзын сонар құжаттар топтамасын сұрап естерін шығарамыз. Қазақ, қазаққа ешқашан жау болмайды. Керісінше қазақтың саны жедел өсіп кетуіне бірден-бір үлес қосатын оралман ағайындардың көптеп келуіне белгісіз күштер кедергі жасаудың жолын қалайда тауып ойларын жүзеге асырып келеді.

         Сондықтан Қазақстанның шекарасына келген әр пенденің көз қарашығы мен саусақ ізінің мөрі қалса игі ісболар еді. Онсыз да әр жыл сайын игерілмей қалып жатқан миллиардтаған қаржылар осындай ел игілігі үшін жұмсалса дегім келеді. Көші-қон деген ұғымнан қаражат үнемдейміз деп жүріп одан неше есеге артық батқан шығындарды айтпағанда бүгіндері қауіп қатер, қайғылы оқиғалардың түрлері осы сала бойынша солқылдақтық танытқанымыздан туындап жатқанын неге Елбасына жеткізіп айта алмаймыз… 2011 жылы түбегейлі өзгерген «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының        15-бабы бойынша осы саланы реттеп жүйелеу, басқару облыс әкімдігіне берілді. Бақандай бес жыл өтті. Облыс деңгейінде, аудан көлемінде бірде бір рет көші-қон үрдісі туралы жиын болған емес. Ауыл, аудан, облыс әкімдері сабылып келіп кетіп жатқан шет елдіктерді айтпағанда көші-қон үрдісінің бір бөлігі ғана болып өз аймағына келіп жатқан оралмандардың есебін де толық білмейді, олар туралы сөзде қозғамайды десем артық айтпағаным болар. Міне осыдан болып біз, Елбасының көші-қон үрдісі бойынша саясат бағыт, бағдарламасын толыққанды түсіне алып жүрміз бе? деген ой туындайды..  

        Қазіргі қолданыстағы Заңның 20-бабы бойынша Қазақстан аумағына келгенге дейін бұл туралы өтініш жасаған этникалық қазақтарды өз ауылына қабылдау немесе қабылдамау мәселесін сол ауылдың әкімінің жазбаша берген келісімі бойынша шешеді. Ал, өз еркімен келіп жатқан этникалық қазақтар ауылына қалай келіп тұрып жатқаны немесе қалай баспана сатып алып тұрақты тіркеліп жатқанынан ауыл, кент әкімдері еш хабарсыз. Бұл істі кім жүйелейтіні де белгісіз??

        Қазіргі кезде өзгерістер енгізілуге парламент палаталарында қаралуда жатқан көші-қон заңы бойынша елімізге келген этникалық ұлт өкілдері бірінші кезекте «Оралман мәртебесін» алып оларға оралман куәлік берілмек. Оралман куәлік алған қазақтар Ықтиярхат алып содан кейін ғана Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға қайтадан құжат жинап тапсырады екен. Егер бір жылдың ішінде азаматтық алмаса оралман мәртебесі жойылып «Оралман деректі» ақпараттық жүйесінен өшіріледі.. Енді қараңыз отбасы құрамымен толыққанды Отаныма тұрақты қоныстанамын деп келгендері сөзсіз азаматтық алуға асығады және алады. Азаматтық алғаннан кейін немесе алмай тұрып-ақ Үкімет бекіткен облыстарға барады. Қазіргі кездің өзінде солай барамыз көш қашан басталады деп жүргендер өте көп. Сонда бұл адамдарға екі қайта құжат жинатып әуре сарсанға салудың қандай қажеттілігі бар? Этникалық қазақ ұлт өкілі екенін дәлелдейтін құжаттар топтамасы бар болса ауыл әкімінің келісімі бойынша тұрақты тіркеуге алып содан кейін «Оралман мәртебесін» беріп Қазақстан Республикасының азаматтығын беруге неге болмасқа. Оларға Ықтиярхат деген құжатты мәжүбірлеп беру не үшін керек. Ал қонаққа келгендерде «Оралман мәртебесін» ала алады. Оларда Ықтиярхат ала алады. Олар Қазақстан Республикасының азаматтығын алмай Ықтиярхаттарының уақыты біткенше он жылға дейін екі ел арасында визасыз емін еркін жүре береді. Бір жылдан кейін оралман мәртебесін жойып компьютерден өшіріп тастасада оларға бәрі бір. Бұлардың арасына Өзбек, Қырғыз, Ұйғыр т.с.с. ұлт өкілдеріде еніп кетуі әбден мүмкін. Соңғы кезде тарам-таражға түсіп өздері көшіп қонып құты қашқан көші-қон бөлімінен исі мұсылман басқа ұлт өкілдері оралман куәлік алмағанына ешкім де кепілдік бере алмайды. Бұл жайында шет елден келген қазақтар бізден де жақсы біледі.. Сондықтанда олар бірінші кезекте құзырлы Көші-қон полициясының алдынан өтіп тұрақты тіркеуге тұрулары заңды. Әйтпегенде айта салуға бәрі оңай. Тұрақты тіркелген соң ғана оралман мәртебесін алса статистикалық есеп нақты болады. Ал, алдымен Оралман мәртебесін алатын болса шет елден келген қонақтардың барлығы куәлік алады да біз Үкіметке есебін ағымды жылға береміз. Енідігі заң бойынша күшін жойдық деген қосымша жалған есеп беруімізге тура келеді. Осы орайда бір адамның  аты-жөнін Қытай және Ағылшын  басқа да шет ел тілінен  аудармашылар  әрқалай жасап беретінін ескерсек бір адам бірнеше облыстан құжаттар алуы жалғаса бермек. Бұл мәселенің түйінін кім шешеді ол да белгісіз!  

     Күз айларында бекітіледі деп үміттенген заңға Үкімет ерекше мән берсе деген пікір айтқым келеді.

     Қандастарымыз, этникалық қазақтар үшін: Отанына тұрақты тұру мақсатымен келіп тұрған қазақтардан талап етілетін құжаттар топтамасы көп болғаны заң қағидасын қатаң сақтаймыз деуге сәйкеспейді деуге болады. Керісінше бұл салада қызмет ететін мамандардың біліктілігін арттырып, тәжірибелендіріп отырса бұл салаға мәңгілік Қазақ елінің мүддесі үшін адал қызмет ететін жандар тартылса құжаттар саны өзіндігінен азаяр еді. Төл құжаттарының түп нұсқасымен көшірмесін салыстырып тексере алатын білікті маман оларды нотариусқа жіберіп әуре сарсанға салмайтыны анық.

       Құзырлы орындардың зердесінен өтіп он күн ішінде тұрақты тіркеуге тұрған этникалық қазақтарға «Оралман мәртебесін» беріп 3 (үш) айдан асырмай Қазақстан Республикасының азаматтығы берілсе. Ал, Отанымызға қонаққа келіп кетіп жүріп қоныстанатын елді мекенімізді таңдауға мүмкіндік болса, арттағы туыс туғандарман ақылдасып бірақ келсек деген ниетегі шет елдегі этникалық қазақтарға Қазақстанға визасыз келулеріне ел аралық келісіммен бес жылға дейін мерзімге рұқсат берілсе. Онда Ықтиярхат аламыз дейтіндер болмас еді. Жалпы шет елдіктерге де Ықтиярхаттың орнына визасыз келуге алған төлқұжаттарының мерзіміне сәйкес уақытша тұруға арналған құзыры шектеулі куәлік немесе анықтама берілсе мәңгілік Қазақ елінің ертеңі үшін бірден бір игі іс болар еді. Бұл іске Үкімет ерекше-ерекше мән берсе дер едім!

Жалпы, ғалымдар ел арасынан көші-қон саласы бойынша айтылып жатқан сын-пікірлер кейде ескерусіз қала беретіні өкінішті-ақ. Осындай тұлғалар Елбасымыздың, халықтың әлеуметтік мәселесі, денсаулық мәселесі, жұмыспен, зейнетақымен қамтамасыз ету сияқты басты бағдарламаларын жүйлеп отырған Денсаулық сақтау және әлеуметтік министрлігі Көші-қон саласының жұмысына тікелей басшылық жасау мүмкіндігі аз екенін қаншама рет айтып жазды. Нәтижесі шамалы. Соңғыларының бірі сенатор Қуаныш Айтаханов ағамыз Үкімет басшысына дабыл көтерген 20.01.2015 жылғы хатында     «Соңғы 20 жылда көші-қонға жауапты мекемелердің атауы да, дәрежесіде сан рет өзгерді. Ал қазір Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі комитетінің шағын ғана бір басқармасы! Мұндай жағдайда болашақта оралмандардың келуіне жаңа жол ашылып, бұл мәселе алға жылжып кетеді деп сенудің өзі қиын» деп ескерте келе «Көші-қон жұмыстарын республикалық деңгейде үйлестіріп, бағыт-бағдар беріп, басшылық жасап отыру Үкіметтік деңгейде шешілуі керек» деген ұсыныспен шыққан еді.       Көші-қон мемлекеттік мекемесі тікелей Президентке есеп беретін немесе Үкіметтің өз басқаруында болып облыстағы дербес құрылымы облыс әкіміне тікелей бағыншты болса ғана Қазақ елінің айнасы деуге болатын көші-қон саласы бір жүйеге түсері қақ. Кезінде Индонезияның Тимор аралына бір ғана христиан келіп діни уағызын жүргізе келе ақырында Еуропа сол елді христиан мемлекеті етіп жасағаны немесе бір ғасыр бұрын Суданның оңтүстігіне енген христиан миссионерлері де тұтас Суданды екі мемлекетке бөліп тастағаны, бұндай жағдайлар басқа да Африка елдерінде көрініс алып жатқанындай келеңсіздіктерге душар болып қалмасақ болғаны.

     Жалпы қай салаға қабылданған маман болсын басшы болсын Япония елінің қызметке қабылдау тәжірибесіндегідей келген саласының жұмысын қызметін алға шығару бағдарламасымен сарапталып алынатын және атқарған қызметінен қаншама жылдан кейін де шикілік шығатын болса өзімен қоса ұрпағы құда жекжаттары мемлекеттік қызметке алынбайтын үрдіс Қазақи болмыспен біздің де мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу жүйемізге еніп кетсе келеңсіздіктердің алдын алу мәселесі өздігінен шешімін тауып сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл боларма еді..

     Әрбір мемлекеттік қызметкерлер өз саласы бойынша Президентіміздің саясат, бағыт бағдарламасын толыққанды түсінгенде ғана  халық қамықпайды, Елбасы елеңдемейді деп ойлаймын. Назарбаевтың жеті тірегінің бесіншісінде «Халықаралық істердегі жүйелі және сындарлы ұстанымымыз бүкіл әлемде бізге нағыз бедел алып берді» деп қортындыланған. Ал, ішкі саясатты ұлттық идеологияны қалыптастырып отырған жергілікті билік тек көші-қон үрдісі бойынша Елбасының саясатын пәрменді жүзеге асыра алмағандықтан қаншама келеңсіздіктер күн санап өрісін жайып барады. Бұның арты жақсылыққа апармайтыны айтпасада түсінікті…

                                                                            Алматы облысы, Талдықорған қаласы.

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Ардақты ағайын!
    Жүздеген жылдар мен сынақтардан елімізге деген махаббатымызды өшірмедік, елімізді қалыптастырдық, тәуелсіздікке ие болдық. Барлығымыз бірігіп егемен мемлекет құрдық. Ендігі мақсатымыз – өткен жетістіктерімізді сақтай отырып, жаңа биіктерге жете отырып, болашақ ұрпақтарымызға бай және егемен елімізді аманат ету.
    Біздің тәуелсіздігімізге әлі екі онжылдық қана болды. Өз жеріңде өмір сүру және жұмыс істеу, өз тағдырыңды өзің анықтаудан артық нәрсенің жоқтығын миллиондаған қазақтардың түсінуіне осы қысқа тарихи уақыттың өзі жеткілікті болды.
    Қазақтарды тізе бүккізіп, бағындыруды, өз жерінен, атынан айыруды көздегендер аз болған жоқ. Бірақ оларға әрқашан жол бермей тұрған күш – ерлікке, атамекенге деген сезімге және бостандық жолында құрбандыққа толы қазақтық мінез жатты.
    Отанымыздың тәуелсіздігі жарияланған күннен бері жиырма жыл өтті. Бүгін, тәуелсіздігіміздің бағасыздығына көзіміз жете отырып, халықаралық тоғыста орналасқан Қазақстан Республикасының әлемдегі елдермен қарым-қатынастарының дамуын бақылап отырмыз.
    Сүйікті отанымыз Қазақстан – бүгін халықаралық қоғамдастықтың белсенді, танымал, құрметті мүшесі. Бұл жоғары мәртебе ұлтына лайықты әр ұлынан, сонымен қоса әр деңгейдегі депутаттар мен әкімдерден, үкімет мүшелерінен Отанның бүгіні мен ертеңі үшін, сүйікті Қазақстанымыздың дамуы үшін, сонымен қатар әлемдік аренада оның үнінің қатты шығуы үшін үнемі күш жұмсауды талап етеді. Отан үшін жауапты болуға әрқайсымыз адал еңбектеніп, жемісті күш жұмсап, үлкен жауапкершілік пен мықты ерікке, ұлттық намысқа, жоғары білімділікке, таза ниетке ие болуымыз қажет.
    Әр жыл сайын республика өндіргенінің 80 пайызын экспорттайды. Барлық табылған табыс, меніңше, халыққа еңбекақы, әлеуметтік игілік, отандық экономикаға инвестиция ретінде қайтуы керек. Әрқашан осылай болуға тиіс. Осындай экономика құру біздің мақсатымыз.
    Бүгінгі жағдайлардағы Қазақстанда біз одан әрі халық игілігі үшін аянбай еңбек етуге, мектептер мен балабақшалар жетіспеушілігін және азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге, ауылдарды газификациялауға, индустриалды-инновациялық саясатты іске асыруға, қарапайым азаматтарды әлеуметтік қорғауға, мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға міндеттіміз. Сонымен қоса, коммуникациялық тәуелсіздік және сауда қорғанысына, азық түлік қауіпсіздігіне және экономикалық өсімді өндіруші сала арқылы қамтамасыз етуге, халыққа стратегиялық кәсіпорындарды және пайдалы қазбалар орнын қайтаруға, заң шығарушы органдардың ролін күшейтуге бағытталған стратегиялық мақсаттарға жақындауымыз керек. Уақыт талабы осындай.
    Жоғары мақсаттарға жету мен үлкен жемісті жоспарларды іске асыру оңай іс емес. Ол бір-екі жылда орындалмайды. Бірақ әрқайсымыздың, ұлттың ұлдары – Парламенттің, Мәслихаттың депутаттарының, әкімдердің, үкімет мүшелерінің, ұйымдастырушылардың, барлық деңгейдегі мамандар мен жауапты жұмысшылардың, министрліктер мен ведомстволар қызметкерлерінің мақсаты адал еңбекті қажет етеді.
    Алдымызда шешімін талап ететін мақсаттар тұр. Мысалы Қаржы саласындағы мәселелер осы:
    • Ұлттық валюта курсының тұрақтылығын қамтамасыз ету;
    • Несиелік қорларды көбірек тарту және осы негізде шағын және орта кәсіпкерлікке, әсіресе өндірістік кәсіпорынға салынатын жалпы несие көлемін үлкейту;
    • Несиелік ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету саясатын жалғастыру және оның қызметін халықтың бос қаражаттарын тарту арқылы, банк қызметтері сапасын жақсарту арқылы, олардың орындалу тәртібі арқылы кеңейту.
    • Отандық өндіруші кәсіпкерлікке берілетін ұзақ мерзімді несиелерге клиенттерді тарту арқылы несие жүйесін нығайту.
    Экономиканың нақты секторын, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатымен Ұлттық банк және коммерциялық банктер осы бағыттағы несиелердің көлемі мен санын көбейтуге, несиелік қорларға көбірек клиент тартуға керекті шаралар қолдануға тиіс.
    Осыған байланысты, елде банктердің, басқа да несиелік ұйымдардың санын көбейту үшін және қызмет сапасын жақсарту үшін барлық сәйкес нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарап, олардың қызметін жақсартуға жағдайлар жасау керек. Сонымен қатар, алыстағы аудандарға микронесиелеуді көбейтуге қосымша шаралар қолдану қажет.
    Құрметті отандастарым!
    Осы ұлы жетістік пен бағасыз ұлттық игілігіміздің қасиетті, мінсіз, және әрқашан тұрақты тәуелсіздігін сақтау — мемлекеттің мақсаты және Қазақстанның әр саналы және адал азаматының миссиясы. Тәуелсіздік пен егемен мемлекетті, әлемді нығайтуды, тұрақытлық пен ұлттық бірлікті, жоғары отаншылдық сезімді, рухани қырағылықты, ұлттық намысты, ұлттық құндылқтар мен мемлекеттік нышандарды қорғау – нағыз азаматтық қоғам құруға, мықты экономикалық және әлеуметтік дамуға, стратегиялық жоспарлар мен мақсаттардың іске асуына бізді толықтай бағыттайды.
    Тәуелсіздік пен оның жетістіктерін нығайту бізді халықтың тарихи санасын, этикалық және мәдени құндылықтарын қалпына келтіру мен тілдің, әдебиеттің, ғылымның, мәдениеттің, ағарту мен білім берудің дамуына көп күш салуға итермелейді.
    Ұлттық сананың қалыптасу үрдісін күшейтудегі, өркениетті азаматтық қоғам негіздерін күшейтудегі тарихымыздың тағдырлы кезеңінде ең қуатты жемісті құрал – қазақ халқының ұлы бабаларының мұрасына назар салу.
    Тәуелсіздік жылдарында тамаша тіл болып саналатын мемлекеттік тіліміздің қалпына келуі және дамуы үшін барлық жағдайларды жасауымыз керек еді. Өйткені бұл бабалардан қалған аманат және біздің ұлтымыздың ең басты құндылығымыз. Біз отаншылдар қазақ тілін көсегесін көгерту үшін барлық шараларды жасаймыз. Бұл біздің тарихи міндетіміз.
    Бір кездері мемлекеттік және саяси тіл болмаған қазақ тіліміздің үні қазір БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың ең жоғары мінберлерінен шығып тұруға, ақ көгершін сияқты бейбітшілік пен достық құсы ретінде әлемдік кеңістікте шарықтауға тиіс.
    Сондықтан, ежелгі, бай, дана және ақындық тілге деген мемлекеттік және бүкілхалықтық қамқорлық – әрқайсымыз үшін асыл парыз.

  2. Дұрыс қой, нар тәуекел деп Қазақстанға келіп алған жөн, қайда да итшілеген тірлік қой. Көш жүре түзеледі және оны түзету де керек. Қазақтың басы толық қосылмай тәуелсіздік берік болмайды, ата бабалар арманы орындалмайды.Ағайындар, алға! Қазақстанда басымыз қосылсын, дұшпанымыз тосылсын, қазақтар Қазақстанға жосылсын!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар