//

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ: “Бүгіннгі айтыс құнсызданды дегенмен келіспеймін”

935 рет қаралды

айтыскер

– Айтыс тізгінінің Жүрсін Ерманнан Бекболат Тілеуханға өтуінің мәні неде?

– Біріншіден, айтыс Жүрсін Ерманнан Бекболат Тілеуханға өтіп кеткен жоқ деп ойлаймын. 2008 жылдан бастап айтысқа мораторий жарияланған болатын. Бұрынғы айтыстар эфирден және радиодан берілмеді. Айтысты жер-жерлерде өткізуге тыйым салынып, бірнеше жылға үзіліп қалды. Содан кейін ұлттық өнерді Мәдениет және ақпарат министрлігі қамқорлығына алып, «Рухани даму» қоры мен «Нұр Отан» партиясы бірігіп, жылына бір рет өткізіп тұруға шешім қабылдады. Министрлік ішінен Айтыс бөлімі ашылған. Жетекшілігіне Жүрсін Ерман тағайындалса, Еркебұлан Қайназаров, Иранғайып Күзенбаев, Балғынбек Имашев сынды ақындар қызметке алынды. Бұрындары айтыс ай сайын өтіп, жұма сайын «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетіліп тұратын. Кейін үзіліп қалған соң, Жүрсін Ерман айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағын құрды. Бұл ұйым жақында «Қазақстанның айтыс­кер ақындары» деген кітап та шығарды. Ал енді айтыстың мәтіндерін дайындап біраз кітап шығару қолға алынып жатыр. Бұл жерде айтыстың басы-қасында Жүрсін Ерман болса, кейін ол жауапкершілікті алған – БекболатТілеухан. Мұнда қандай саяси мән-мағына бар екенін мен түсіне бермеймін. Тағы айтарым, бүгінгі айтыс құнсызданып кетті деген пікірмен келіспеймін, қосылмаймын. Қазір небір талантты жас ақындар бар. Бірақ эфирден берілмейтін болғандықтан, дер кезінде халыққа танылып үлгерген  жоқ. Әйтпесе, өлеңдері де сондай көркем, суырыпсалмалық қабілеттері жоғары.

– Кейінгі жылдары айтыстан көрінбейсіз… Жастарға орын бергеніңіз бе?

– Мен 2008 жылы мамыр айында Өскеменде Шәкәрім қажының 150 жылдығына орай өткен айтыстың бас жүлдесін алғаннан кейін айтыспен қоштасқанмын.  Одан кейін екі өлеңдер жинағым жарық көрді. Өткен жылдың желтоқсанында Астанада «Балбал тастың жүрегі бүлк еткенде…» атты шығармашылық  кешімді өткіздім. Сонда айтыста жүрген он жылымда айтқандарымды қағазға түсіріп, «Шертолғақ» деген атпен кітабымды ұсындым халыққа. Яғни, қайда жүрсек те, айтыстан кетсек те, әдебиеттің айналасындамыз. Ғылыми жұмысым бар, қазір докторлық диссертация жазу үстіндемін.

– Шәкірттеріңіз бар ма?

– Айтыста біраз шәкірттерім бар. Сахнаға шығып жүрген Ринат Заитов, Еркебұлан Қайназаров, Асхат Ізтілеуов, Жандарбек Бұлғақов, Мейірбек Сұлтанхан сынды ақындарды ізбасарларым деп білемін.

Қазақы мінез қазіргі замандастарыңыздан табыла ма?

– Қазақы мінез – үнемі қозғап келе жатқан тақырыбымыз.  Қазақы мінез неден шығады? Ұлттық мінез,  ұлттың бойындағы қадір-қасиеті қазіргі жастың бойынан, соның ішінде қалам ұстап жүрген жастың бойынан табылса, ол ұлтын сүюге, ұлты үшін жанкештілікке баруға дайын.

Қазақы мінезді кішкентай қалыпта көруге болмайды. Бұл – ауқымды мәселе.

Жаһандану дәуірінде фольклорды тартып, әлемдік деңгейде әдебиетті оқи отырып оны қазақылықпен өрбітсе, бұл – бізге әбден керек.

– «Жастар кітап оқымайды» дейді аға буын. Сіздің уәжіңіз қандай?

– Бұл – белең алған қоғамдық пікір емес. Кей тыңдарманның, оқырманның жеке, өзіндік пікірі шығар. Әрине, «қазір кітап оқудан қалдық, интернет жайлаған заман» деп дабыл қағамыз. Мен үш жыл «Foliant» баспасында қызмет еттім. Сонда баспадан шыққан кітаптарды, бабалар сөзін насихаттап, бүкіл облыстардың ғылыми, әмбебап кітапханаларында кездесулер өткіздім. Әр облыстың зиялыларын, қалам ұстағандарын шақырып, осы мәселені үнемі қозғап, көтеріп отырдық. Кітап оқымаудың бірнеше себебі бар. Біріншісі, әр мектеп қабырғасындағы оқушы студент болмас бұрын ҰБТ тапсырады. ҰБТ – ешбір білім нәрін сіңірмейді, тек жаттандылық. Сондықтан жастар кітаптан алшақтады.

Қазір еліміздегі баспа жүйесі қайта қалыпқа келіп, керемет көркемдік деңгейде кітаптар шығаруда. Кітаптың безендірілуіне, ішкі мазмұнына жауапкершілікпен қарайды. Сол кітаптар баспада, қоймада шаң басып тұрған жоқ. Олардың барлығы мектептерге, жоғары оқу орындарына таратылып беріледі. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс­пен шыққан кітаптар міндетті түрде тегін тарайды. Бүгінде сол кітаптарды қолына алып, арасына ауа кіргізіп жүрген жас болса, қуанар едім…

– Сізде жылқы түлігіне қатысты өлеңдер көп. Жүйрік баптайсыз ба?

– Ақсаңдап жүргеніміз де сол. Тау-тас­тан суық өткен. Жылқыны, даланы, тауды жақсы көремін. Бүкіл болмысым – қазақ, қазақи тәрбие алдым. Аттың жалында өстік. Сегіз жасымызда асау мініп, көкпар тарттық. Сонымен қатар, кейде тау-тасты кезіп, сел-серуен құрған кезіміз көп. Бұл ойыңның сергек болуына, санаңның сақаюына, жалпы денсаулыққа да жақсы. Шет ел асып кететін қаражатымыз жоқ. Сондықтан тау-тасқа шығамыз.

Жылқы баптайтын байдың баласы емеспін. Бірақ ауылда өзімнің аттарым бар. Қыста да, жазда да төрт аяғын тағалап, баптап, етін сүрлеп, атты қызыл май қылмай, арқасын жауыр қылмай, аяғын талдырмай, құнанға тұсау салдырмай мініп, рахаттанып желпініп қалатын сәттер болады.

Айша ДАМБУЛШАЕВА

“Астана ақшамы” газеті

Тақырыбы өзгертілді

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар