///

Мүдделердің мүйіздесуі

724 рет қаралды

syriaСирия – бұл ең алдымен мүдделердің қақтығыс нүктесі. Әскери қақтығысқа қатысушы жақтардың бәрінің өз мүддесі бар.

Башар Асад 2014 жылы 3-маусымда өткен Президент сайлауында халықтың 88 пайызының қолдауымен өз қызметінде қалғанымен оппозиция оны өз халқын мезі еткен диктатор деп таниды. Сирия лидері Башар Асад болса өзінің «заңды» билігін сақтап қалғысы келетіні түсінікті.
АҚШ Башар Асадты тақтан тайдырып, Сирияда төңкеріс жасағысы келіп өліп барады. Бұл оның жалпы мұсылман елдерін Ауғанстан, Ирак, Либия (Ливия) сияқты экономикалық тұрғыдан тұралату, саяси тұрғыдан тұқырту жоспарының жалғасы. АҚШ-тың Сирияға тынымсыз әуе шабуылының себебі сол. Оппозиция болса АҚШ-тан қаржылай көмек алып отырған соң екілене түскені айқын. Біртіндеп оппозиция екіге ыдырады. Бірі – Башар Асад режимін құлатып, демократиялық мемлекет құрғысы келсе, екіншісі АҚШ арнайы қызметінің идеясы мен ақшасына құрылған ИГИЛ /ИШИМ өздеріне дем берушілерінің ықпалынан шығып кетіп, енді шариғат заңдарымен өмір сүретін бүкіләлемдік халифат құрғысы келеді. Алайда олардың ислам туралы ұғымдары жан шошытады. Адамдарды жаппай өлтіру, тарихи мұраларды қирату, террористік әрекеттер, соғысқа жас балаларды тарту, әйелдерді секс-жиһадқа мәжбүрлеу, т.б. әрекеттері мұсылмандардың олар туралы пікірлерін түбегейлі өзгертіп отыр.
Сонымен Сирияда Башар Асадтың ресми үкіметі, оппозияция және ИШИМ сияқты үш ішкі саяси күштің және тәуелсіз елдің ішкі істеріне қол сұғып отырған АҚШ пен оның одақтастары және Ресей сияқты агрессияшыл елдердің мүдделері мүйіздесіп қалды.
Ал бұл жерде Ресейдің несі бар дейсіз ғой. Кешегі КСРО-ның Жерорта теңізіндегі әскери-теңіз күштерінің 720-базасы осы Сирияның Тартус қаласында орналасқан. Оған бүгінде Ресей ие болып отыр. Өткен жылы Ресей Украинаға басқыншылық жасап, Қырым түбегін тартып алған кезде Башар Асад Путинді қатты қолдаған. «Еруліге – қарулы» демей ме, енді міне, Путин Башар Асад режиміне қолдау көрсетіп жатқаны.
Шын мәнінде Ресей Сирияда үлкен соғысқа бара алмайды. Оған орасан материалдық шығын қажет. Украинамен қақтығыстан кейін Ресейдің қазір ондай қауқары азайды. Тартус түбіндегі Латакияда орналасқан ресейлік әуежайда 30 МИГ ұшағы ғана бар, оның екеуі Ресейге қайтып кетіпті деседі, ал сириялық оппозиция күштері болса орыстардың екі ұшағын атып түсірдік деп жатыр. Ұшақтарды күзетуге 2 мың адамдық әскер тартылған. Орыс ұшақтары «ноқаттық соққылар» жасадық дегендерімен ақпарат көздері бұл соққылардан көптеген бейбіт тұрғындар қаза болып жатқанын көлденең тартады.
Ресей билігінің Башар Асадқа көмектесуден өзге аса маңызды тағы бір себебі бар. Ол «төрттіктің» Минск келісіміне сәйкес ауыр қару-жарақтар шығарылған соң Донецк мен Луганск бейбіт жолмен біртіндеп Украинаның қармағына өтуге тиіс. Қазір осы үрдіс жүріп жатыр. Путин Украинадағы өзінің жеңілісін, әлем алдындағы, ресейліктердің алдындағы қара бет болып қалған имиджін бүркемелеу үшін, жұртшылықтың назарын басқа жаққа аудару үшін Сирияға әуе шабуылын жасап отыр. Ресей ақпарат көздері басты назарын Украинадан Сирияға бұрып отырғаны сондықтан. Әрі агрессорлық қасиет АҚШ пен Ресейдің «қанында» бұрыннан бар ғой.
Мен әріге бармастан ерінбей 1917 жылдан күні бүгінге дейінгі АҚШ пен Ресейдің қанша соғыс пен әскери қақтығыстарға қатысқанын санап шықтым. Сөйтсем, АҚШ 98 жылда 131 рет басқыншылық қимылдарын жасаса, Ресей осы мерзімде 41 рет соғыс пен әскери қақтығыстарға қатысыпты. Қысқасы бірінен бірі оңып тұрғаны жоқ.
Енді міне, Сауд Арабиясы Ресейдің Сирияға әуе шабуылын тоқтатуды талап етті. Бұл әскери қақтығыстан әр мемлекеттің өзіндік «мінезі» көрінеді. Еш бір келіссөзге келмейтін, еш бір мәмілеге көнбейтін күш – «ИШИМ» деп ойлаймын.
Әлемдік державалар жалпы мұсылман мемлекеттерінің экономикасын қиратқанымен олардың ерік-жігері мен қарсыласу қуатын тоқтата алмайды. Бұл қақтығыс ұзақ уақытқа созылатын түрі бар. Біз үшін жанға бататыны бейбіт тұрғындардың жапа шегуі мен құрбандыққа ұшырауы. Сондықтан Қазақстан позициясы Сирияда әскери қақтығыстарды дереу тоқтату жағында болуға тиіс!

Марат Токашбаев

Дерек көзі: www.facebook.com

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар