//

Бақытбек Бәмішұлы: Бөріні ату, атқанмен бірдей Анаңды!!!

1317 рет қаралды
10

қасқырКөкжалдар қорғап, арландар баққан даламды,

Бозғұрттар емдеп, құртқалар жазған жарамды.

Санасын, ұлым, улаған Ну, «Ну, погоди!»,

Бөріні ату, атқанмен бірдей Анаңды!!!

Бөрілі байрақ көтерген кеше бабамыз,

Түркілер тегі Көкбөрі деген бар аңыз!

Жойылып мүлдем кетпейді Сөздің маңызы,

Аршысаң шығар, жарқырап көктей баран із.

Бөрі боп ұлып, қасқыр боп жұлып, ойнаушы еді баламыз,

Алшақтап тектен кеткен бе біздің кеше мен бүгін арамыз.

Бір түйір оқпен Көкжалдың шешіп тағдырын,

Киеден қорықпай, не болып, халқым, барамыз?!

Ақша қар беті алаулап жанған қызыл қан,

Солайма еді, Көкжалға жазмыш сызылған?

Белінен едік, Бөрі емеген ерен атаның,

Дал болып тұрмын, қанымыз қалай бұзылған?!

Арланды атып, атқандар шатып, мастанып,

Шапалақ соған соғады мәңгүрт, мас ғаріп.

Сонда да сөнбей, көзінің оты жайнаған,

Көкжалдар жатыр, қып-қызыл отты жастанып!

Киесін сүттің, жүйесін сөздің мұтыппыз,

Үлкеннен кіші, қымсымбайд қыздар қытықсыз.

Ұл туды арсыз, намыссыз, надан, құлықсыз,

Қасқырсыз қалған, қасиеті жалған замана мынау қызықсыз!

Жаралған тегі, жаужүрек алтын ұрықтан,

Жауынгер ұрпақ, осыны қалай ұмытқан?!

Арланды қорлап, аярлық жасап асқындық…

Айына қарап, ағады әне, ұлып қан!

Көкжалдар қорғап, арландар баққан даламды,

Бозғұрттар емдеп, құртқалар жазған жарамды.

Санасын, ұлым, улаған Ну, «Ну, погоди!»,

Бөріні ату, атқанмен бірдей Анаңды!!!

                                                              11.01.2016ж

Парақшамызға жазылыңыз

10 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар