///

АЛАШ. ӘЛИХАН. ЮНЕСКО

666 рет қаралды

alihanТіршілік мұқата алмайтын отаншыл сезімді тәрбиелейтін – сол сезіммен о дүниеге аттанған шейіттердің өмірі болса керек. Бас сауғаламай, ел үшін құрбан болудан тайынбау – бұл бүгінгінің оп-оңай жалғап кетер ерлігі ме екен? Соны сезінген, ширай түсер. Жас күнінен ерлігі мен ақылы арқылы көзге түскен, әлемдік саясатты ерте сезініп, өзгерістерге қарсы жүрген, өмірінің жартысын қыл үстінде өткізген, бақылауда, түрме мен мырзақамақта жүріп негізгі еңбектерін жазған, алысқа кеткенде де Алашы арқа тұтқан Әлихан сондай үлгі болуға жарар… Әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлымен құрған сұхбат.

– Әлихан Бөкей­хан­ның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болды деп қуанып жатырмыз. Құтты болсын! Бұны бір жеңіс деп алсақ, сол жеңістің тарихын қысқаша айтып бе­ресіз бе?
– Осыдан төрт жыл бұрын Әлихан Бөкейханның 145 жылдығына, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткен Астанадағы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­цияда тиесілі қарар қабылда­ған­быз. Сонда Сыртқы істер министрлігі арқылы ЮНЕСКО ұйымына Әлиханның 150 жыл­дығын тойлауға ұсыныс жіберу турасында тармақ болған. Елге оралған 2013 жылдан бастап осы мәселені қолға алдым. Міне, соң­ғы екі жарым жылға толмайтын уақыт­тың ішінде үш Мемлекеттік хат­шыға, екі Мәдениет министріне хат жазылыпты.Олардың ішінде Әділбек Жақсыбеков Мемлекеттік хатшы болып тұрған кезде хатыма назар аударып, ЮНЕСКО-мен бай­ланысты істерге жауап беретін ұлттық комиссияға жіберіпті. Ол комиссияға 2014 жылдан  бері Мәдениет министрі төраға­лық етеді. Өз кезегінде ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссия Ал­ты Алаш көсемінің 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО аясында тойлау туралы ұсынысты қолдап, өткен жылдың жазында Мәдениет министрлігінен хабарласып: «Хатты сіз жазған екенсіз, енді Әлиханның 150 жылдығын неге халық­аралық дең­гей­де ­­тойлау керек, соның не­гіз­демесін де жазып берсеңіз» деген өті­ніш білдірді. Ж­а­­райды дедім де, орыс және ағылшын тілдерінде Әлиханның ХХ ғасыр басын­дағы қазақтың мәдени қайта өрлеу мен «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысын бас­таған тарихи ролімен қатар, Орта Азия халық­та­рының ұлттық сана-сезімін оятып, азат­тық қозғалысына дем берген теңдессіз қайраткерлік қызметін айғақ-деректермен сипаттап, халықаралық маңызы зор тұлға екенін дәлелдеп, ұқ­тыратын негіздеме жазып бердім. Оның бірден-бір дәлелі: Әли­хан атамыздың аты-жөні ЮНЕСКО-ның ағылшын тіліндегі құжаттарында да «Bukeikhan» деп «ов» деген қоспасыз жазылды. Ұлттық комиссиядан Алты Алаш көсемінің фотосуретін сұратты. Оны да жібердім. Осылайша, наурыз айында ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің 196  сессиясы Әлихан Бөкей­ханды – бүкіләлемдік  шынайы  даңқты  қайраткер деп танып, Халықаралық ұйымның Бас конференциясына оның 150 жылдығы мерейтойын ЮНЕСКО аясында тойлау туралы ұсыныс жіберді. Бас кон­ферен­цияның 38-ші сессиясы қараша айында өтіп, Әлихан Бөкей­хан­ның 150 жылдығы 2016 жылы ЮНЕС­КО-ның қа­ты­суымен атап өтілетін ме­рей­тойлар­дың тізіміне енді.
Жалпы, ЮНЕСКО ұйымының айтулы даталар мен мерейтойлар туралы тізіміне саяси тұлғалар енбейді. Оған мәдениет, ағарту саласында еңбек еткен, артынан із қалдырған айтулы тұлғалар ғана енеді. Әлихан да саяси тұлға ретінде емес, түркі халықтарының, оның  ішінде қазақ хал­қы­­ның әдебиетін, ғылымын, мәде­ниетін дамытқан тұлға ретінде тізімге кірді. Және ЮНЕСКО ұйымының комиссиясы Әли­хан­ның 150 жылдығын айтулы даталар тізіміне енгізген кезде оның шын мәнінде халықаралық  деңгейдегі қайрат­кер екенін мойындады.
– Өтініш білдіргеннің бәрін қабылдап, олай мойындай бермейтін шығар?
– Әрине. Олай мойындауының себебі, Әлихан – Кенесары ханның көтерілісінен кейін қазақ ұлтының мемлекеттігі үшін күрескен бірден-бір адам. Бірақ күресі бас­қаша болды. Ол қарусыз мәдени төңкеріс жасады. Соғыссыз мемлекеттік алып, ав­то­номиялық мемлекет құрды. Әлихан қазақтың  ұлттық мемлекетін қайта құрып қоймай, Орта Азия кеңістігіндегі қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік секілді өзге туыс халықтардың ұлттық сана-сезімінің оянып, азаттық қозғалысының өрбуіне дем берді емес пе?! Қоқан автономиясы деген атауы­мен белгілі Түркістан мұхтариатын құрудан үш апта бұрын, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқай, Серікбай Ақайұлы және тағы басқалар Әлиханның Уақытша үкіметтің комиссары болып Орынбордағы отырған резиденциясында 2 күн бойы қызу талқылап, содан Мұха­мет­жан, Мұстафа, Серікбайлар бәлшебек­тер  басып алған Ташкентке аттанады, одан соң Қоқанға барып «Қоқан автономиясын» құрады. Алаш автономиясын жариялаудан бұрын.
– Осы  Алаш автономиясы туралы әр түрлі пікір бар. Кейбіреулер ол автономияны ешкім мойындамаған, ол жай бір ұмтылыс еді дейді?
– Патша  үкіметі құлаған 1917 жыл­дың ақ­панынан бастап 1920 жылға дейін бұрынғы Ресей жерінде қанша үкімет құрылды? Соның қайсысын кім мойындады? Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті, Уфа директориясы, Сібір территориясы, Ресейдің «жоғарғы билеушісі» адмирал Колчак  бастаған «Омбы өкіметі» құрылды, соның бәрін біреу мойындады ма? Әдетте біздің тарихшы ғалымдар Түркістан автономиясын Алаш автономиясынан жоғары қояды, сол Түркістан автономиясын кім мойындады? Тек алға­шында, 1917 жылы Уақытша үкімет орна­ған кезде, соны ғана Ұлыбритания мен Франция дереу мойындады. Өйткені, соғыс  жүріп жатты. Ресей оларға Герма­ния­ға қарсы қанды соғыста одақтас ретін­де керек болды. Ал күзде үкіметті басып ал­ған бәлшебектердің өкіметін өзге елдер 1922 жылы бір-ақ мойындаған жоқ па?
Енді мына нәрсені қараңыз. 1917 жыл­дың қарашасында, қазақ жерінде бүкіл­ресейлік Құрылтай жиналысына сайлау болды. Оған үш партия қатысты: Көлбай Тоғысовтың «Үш жүз» партиясы, Николай Степнов – Әліби Жангелдиннің бәлше­бектік социал-демократтар партиясы, содан соң «Алаш» партиясы. Осы сай­лау­дың нәтижесінде жалғыз  ғана «Алаш» пар­тиясы ойсырата жеңіске жетіп, бүкіл­ресейлік Құрылтай жиналысына өз қата­рынан 43 депутат сайлады. Қалған екі партия бірде-бір депутатын өткізе алмады. Бұл – Ресей империясымен одақтасамын деп оның отарына айналып, жерінен, мемлекеттігінен айрылып, Дала және Түркістан өлкелері, Каспий жағалауы және Орынбор облыстары болып бөлшек-бөлшек болып езілген қазақты Алаш идея­сы ­маңайына біріктіріп, қазіргі ұғымдағы ұлт ретінде қалыптасуының бірден-бір көрінісі болатын. Қазақтың ұлттық сана-сезімі оянып, ұлттық мемлекет болу санасына өсіп жеткенін анық байқатты. Сол кезде бүкіл Ресей кеңістігіндегі саяси партиялар ішінде  Алаш партиясы сегізін­ші орынға шыққан. Ал негізінде, ол сайлау бәлшебектер билікті  қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен басып алғаннан кейін арада үш апта өткенде болғанеді. Демек, Алаш идеясы үстемдік еткен қазақ елінде советтік уағыз бен  билікке еш орын қал­ған жоқ еді. Өйткені, бәлшебектердің утопиялық уағыздамасы, дәлірек айтсақ – қазақ қоғамын таптық жікке бөлетін сандырағы бірде-бір дауыс ала алмады.
Ең басты мәселе, Алаш автономиясын ешкім мойындаған-мойындамағанында емес, Алты Алаштың сана-сезімінің дербес мемлекет болу деңгейіне дейін өсіп жетілуі, ұлттық мемлекет құруға деген құлқын батыл жүзеге асыруы болатын. Оған бірден-бір мысал келтірсем, адмирал Колчактың «Алаш-Орданы кім сайлады, Ресейдің қандай мемлекеттік билігі қашан оны осы құқында бекітті?» деген сауалына Әлихан Бөкейхан: «Алаш автономиясын – өкілетті жалпықазақ съезі сайлады, сол себепті  Алаш ешкімнің мақұлдауын  қажет етпейді», – деп жауап береді.
– Алаш туралы айтқандай, Алаштың көсемі Әлихан туралы да әр түрлі әңгіме айтылады. Мәселен, ол өзінің билігін ой­лаған, төрелерді жақтаған дегендей. Жалпы, «алашшыл» болу жай ғана «сәнге» айналды дейтіндер де бар. 
– Жалпы, бір нәрсе айтарда сол туралы біліп алған дұрыс. Егер Әлихан төрелерге ғана көңіл бөлсе, маңайына төрелерді жинаған болар еді. Егер Әлиханды халық төре болғаны үшін құрметтеді десек, сонда басқа  төрелер  қырылып қалып па? Жүрді  ғой қаншама төре. Біреуі Әлихандай бола алды ма? Сыпайылап айтқанда, далбаса әңгіме.
1917 жылы Жалпы Сібір съезіне қа­тысып келгеннен  кейін Әлихан «Жалпы Сібір съезі» деген мақала жазады. «Біз қанша надан болсақ, Түркістан халқы бізден он есе надан. Енді осы автономия арбасына түйе мен есекті жегіп қайда барамыз?» – деп, әзірге қазақтан басқа Орта Азия халықтарын автономияға қосуға «болмайтынын» айтады. Бұны біз саяси тактика деп қабылдауымыз керек. Қа­раңыз, 1917 жылы Орта Азияда саяси бел­сен­­ді болған, көзі ашық болған қазақ­тан басқа ұлт болды ма? Болған жоқ.
– Ол жақты да қазақтар басқарып тұрды ғой…
– Иә, 1917 жылдың қарашасында Түр­кіс­тан мұхтариатын да, сол жылдың жел­тоқсанында Алаш автономиясын да, 1918 жылы Түркістан кеңестік автономиясын құрған да қазақ болды.
Ал әлгі сөзді айтқан кезде Әлихан алыс­ты ойлаған. Сол кезде де, қазір де кар­таға қарасаңыз, Қазақстан түгел Орта Азияны жауып тұр. Бірінші Петр айтқан­дай, Қазақ хандығы – Орта Азияның қақ­пасы. Біз сол үшін де ең көп опық жеген, жа­па шеккен халықпыз… Сондықтан алдымен қазақты көтеріп алу керек болды.Бірінші Алаш автономиясын құрып алса, қалғандары кейін Алаштың жетегінде кетеді. Бірақ енді ондай нәрсені саясаткер адам ашық айтпайтыны түсінікті ғой. Зәки  Уәлиди естелігінде  Уфадағы мәжіліс туралы былай жазады. Жиында та­тар бас­шысы федерацияның атын «Түркі мұсыл­ман халық­та­рының шығыс федерациясы» деп атайық дегенде, Әлихан «Мұ­сылман халықтарының шығыс фе­дерациясы» деп атайық, «Түр­кі» деген сөзді қоссақ, патшаны шошытып аламыз деп айтты дейді. Бұл дегеніңіз саяси сақтық. Әлиханның көре­ген­дігі.
Одан соң, автономия неге «Алаш» деп аталды? Бұл сөзді қазір қазақ сөзінің си­но­нимі деп қана қарастырамыз. Ал байыбына барсақ, ол қазақтың ғана автономиясы емес, бола­шақта Ресейдің қол астына түскен бар­лық түркі халықта­рының басын қосатын империясына айналуы керек бол­ған. Әлихан 1918 жыл­дың көк­­темінде Ахмет Байтұр­сын­ұлы бастаған үлкен делегацияны Шәуешекке жібереді. Неге кішігірім топ емес, Ахаң бастаған үлкен топты жіберді? Өйт­кені, Шығыс Түркіс­тан­ды ме­кендеген қазақты же­рі­мен бір­ге түгел Алашқа қа­ра­ту­ды ой­лаған. Қытайлар үшін ол кәдімгі қауіп болды. Мәсе­лен, Се­мей облыстық земствоны басқарып отыр­ған Райымжан Мәрсекұлына Шы­ғыс Түркіс­тан өлкесінің ­билеу­шісі – жандаралы (ұлты қытай) іссапар­мен келіп кетеді.Себебі, оларға Алаш автономиясын құрып жатқан қазақтардың тамырын басып көру керек еді. Қытай­дың тарихи жады өте мықты. Олар Түркі дәуірінде, Шыңғыс­хан заманында, Қасым хан кезінде қазақтар­дың қандай қауіп төндіргенін ұмытқан жоқ.
Алаш автономиясы  Әлиханның  бас­шы­лы­ғымен 1918 жылы «атты милиция» деген атаумен Алаш армиясын құрып үл­гер­ді (бұл кезде Түркістан мұхтариаты бәлше­бектің алғашқы оғына қарсы тұра алмай қалған). Оның алдында ғана со­ғыс­қа солдат алғандықтан, шошып қал­ған халықты әскер деген сөзбен қор­қыт­пайық деп милиция деп атаған. Әйтпесе, ол Қор­ғаныс министрлігінің міндетін атқарған еді.
Негізі, әскер құру мәселесі автономия құрылмай тұрғанда басталған. 1917 жылы  қараша  айында Торғай облысы комиссары болып отырғанда Әлихан Орынбордағы әскери юнкерлік мектептің басшысына  хат жазады: «Орталық үкімет құлады, бүкіл Ресейде хаос орнады. Енді қазақтар өз қауіпсіздігін өзі ойламаса болмайды. Қазақтың  жігіттерін  әскер ісіне дайындау керек» дейді. Сол юнкерлік мектеп қазақ жігіттерін алады. Алғашында Алаш ми­лиция­сының саны 13,5 мың адамнан құралды. Өйткені, ол кезде Азамат соғысы әлі күш алмаған еді, сондықтан әскер саны басында аз болды.
Аздаған шегініс жасайық. 1916 жылы Патша үкіметі әскерге адам аламыз дегенде халық көтеріліп, Әлихандар болса қар­сы шықпаңдар, солдатқа барыңдар деген позицияда болғаны бар ғой? Соны көп адам  Алаштың сатқындығы деп ойлайды.Ал бірақ  кейін сол солдатқа алынған жі­гіт­тер Алаш әскерінің денін құрады. Одан әріге барайық. Қазақтан атты әскер құ­руды Әлекең 1906 жылы бірінші мемле­кет­тік  думаға  сайланарда қолға алған. 1834 жылы қазақты әскери міндеттен босат­қан жарлық бар, соны өзгертейік деп ұсыныс жасайды. Бірақ орыс әскері сияқты емес, казактар сияқты өзін-өзі басқаратын әскер жасайық, олар он екі жыл әскерде бола­ды,  бірақ  жыл сайын үш ай ғана қызмет етеді, сөйтіп бас-аяғы үш-ақ жыл таза қыз­метте болады да, қалған уақытта жерін жыртып, егінін жинап жүреді  дейді. Біз де сөйтеуіміз керек деген тоқтамға келеді. Бірақ кеше ғана Кенесарыдан таяқ жеген патша үкіметі қазаққа сенбейді. Әйтпесе, оларға әскер керек болуын керек болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұра­тана халықты соғысқа бекер алған жоқ. Әлихан сол кезде де атты әскер құрайық деп хат жазады. Сонда Патша өкіметі есептей келе, қазақтан әскер алсақ, бір мезгілде 400 мың атты әскер шығаруға болар еді  дейді. Наполеон кезінде Парижді алған әскердің ішінде төрт полк қазақтан шыққанын олар білмеді дейсіз бе? Жақсы білді. Бірақ ертең қазақтар өзімізді алқымнан алуы мүмкін деп ойлап, атты әскер жасақтау ойынан бас тартты. Алайда, дәл сол уақытта Алашордашылар олай істемес еді, тек уақыты келгенде ғана әскерді пайдаланар еді. Мәселен, ақпан революциясынан кейін атты әскері бар Алаш: «Автономия бересіңдер, бермей көрің­дер, не істер екенбіз» деп Уақытша үкіметке айта алар еді. Онда қызыл әскер қазақ жеріне аттап баса алмас еді. Әттең құрып үлгермеді…
Оксфорд университетінің жанында 1987 жылға  дейін Орта Азияны зерттеу қо­ғамы болған. 1985 жылы сол институт «Қазақтар 1917 жылға дейін орыстар туралы не ойлады» деген зерттеу жасаған. Сонда олар «1917 жылға  дейін Алаш қайрат­керлері мәдени төңкеріс жасады» деген қорытындыға келді. Өзіңіз қараңыз, тұң­ғыш романдар, тұңғыш оқулықтар қашан жазылды, ұлттық баспасөз ісі қашан басталды, тұңғыш абайтану қашан іргетасын қалады? Кімдер жасады оның бәрін? Совет үкіметі орнағаннан соң да оқулықтарды кім жазды, мәдениет, білім беру саласында кім үстемдік құрды? Алашордашылар қайта-қайта қамалып, үнемі бақылауда жүрсе де соның бәрін істеген жоқ па? Біз солар негізін салып кеткен ғылым мен білім, мәдениетті пайдаланып отырып  соларды  мойындағымыз келмей­ді. Бұдан өткен сорақылық бар ма?
1924  жылы Мәскеуде шыққан Қошмұ­ха­­мед Кемеңгерұлының «Қазақ тарихы» деген кітабында: «Патшаның қуғын-сүр­гін заманында қазақтың қамын ойлап шыққан ат төбеліндей топ болды, соны тәрбиелеп шығарған  Әлихан еді»  деген сөз бар. Осы сөз – сөз.
– Әлихан Бөкейханның табылмаған ең­бектері бар ма? Орыс географиялық қо­ғамын­да  жүрген кездегі еңбектері әлі архивте жатыр дегенді естіген едік…
– Бекер сөз. Ол кездегі еңбектері кітап болып шығып кетті. Мен Әлиханның жұмыстарын іздеп бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Тек таба алмаған екі нәрсем бар. Әлекеңді Мәскеуде 1927 жылы зейнетке шығарып жібереді де, 1937 жылға дейін қамауда ұстайды ғой. Сол 30-ыншы жылдардың ортасына дейін француз­дың «Фигаро» (фр. Le Figaro) газетімен астыртын байланыс жасап, соған мақалалары шығып тұрған. Ол туралы қызы айтып кет­­кен  екен. Сол  газетке жетуге әлі жағ­дай болмай тұр. Одан соң Швецовтың 1928 жылы Әлекеңе жазған мінездемесінде «Қазақтың жылқысы туралы жазған аса құнды очеркі бар еді, аз данамен шығып еді» дейді. Соны таба алмай жүрмін.
– Енді ЮНЕСКО шешімінен қандай пайда  болуы  мүмкін және жалпы мерей­той­ға әзірлік қалай болып жатыр деген сұрақ?
– Оның ең үлкен пайдасы, енді үкімет Әлекеңді елесе де елейді, елемесе де елей­ді. Халықаралық дәрежеде тойлауға мәжбүр болады. Бірақ әдеттегідей алты­бақан тепкізіп, концерт қойғызып өткізе салудың түк те қажеті жоқ…
Біз енді мынадай бірнеше ұсыныс жасап отырмыз: Астанадағы Еуразия  Ұлт­тық университетіне Әлиханның аты бе­рілсін,  ал Гумилевтің есімі осы университет жа­нындағы Еуразия зерттеу ор­талы­ғына қалдырса да жетеді. Бүгінгі Семей қала­сына – 1917 жылдың 12 жел­тоқ­санынан 1920 жылдың қыркүйегіне дейін дерлік «Алаш» деген атаумен Алаш автоно­миясының  ресми  астанасы болып келуіне байланысты оның Алаш деген атауын қайта берсе, ол Алаш автономиясы  мен Алаш алыптарына  ортақ әрі  ең  лайық­ты  ескерткіш болар еді. Облыс  орталықта­рын­дағы орталық көшелерге Әлиханның есімін берсін.
– Сөзіңіз аузыңызда… Алматыдағы ең елеусіз  көшелердің бірі осы Әлекеңнің атында. Сол қалай өзі?
– Ол бұрынғы Аэродромный деген шағын ғана көше. Оны 1990 жылдардың ортасында академик Манаш Қозыбаев бастаған біздер бергізгенбіз. Сол кездегі қала әкімінің  санасына  Әлихан Бөкейхан­ның кім екенін жеткізе алмаған едік…
Содан,  Алматыдағы Аграрлық университетке Әлекеңнің атын берсін. Өйт­кені, оның  мамандығы агроном бол­ған. Орман-шаруашылық институтын бітірген. Қазақ­тың жер-суын, халық ша­руа­шылы­ғын, қазақтың мал шаруашы­лығын Әлихандай терең де жан-жақты зерттеп, теңдессіз мұра қалдырған қазақ жоқ.
– Сонда екі университет сол кісінің атында бола бере ме? 
– Онда тұрған не бар? Біреуі аграрлық, біреуі ұлттық университет қой. Содан соң Әлихан туралы кітап жоқ. Бірақ жақында екі тілде, екі томдық ес­те­лік кітап шыққалы тұр. Құрастырушы – өзім. Одан кейін, білім, өнер, мемлекеттік билік саласына үлес қосқан тұлғаларға Әлихан Бөкейхан атындағы ұлттық сый­лық   тағайындалатын  болсын. Мемлекет­тік сыйлықтан бөлек, Ұлттық сыйлық.
Жақында бір әріптесіміз «Централ Эйша Монитор» («Central Asia Monitor»)газетіне берген сұхбатында Астана қала­сында педагогикалық институт ашып, оған Әлиханның атын берейік депті. Шырағым-ау, бүкіләлемдік даңқты қай­рат­кер деп танылған Әлихан атамыздың атын олай қорламай-ақ қойыңыз! Ешбір институт, мектеп Әлиханның атына ла­йық емес. Ешкім олай аузын ашпай-ақ қойсын. Ұлттық   деңгейдегі университеттер мен мекемелерге ғана беруге болады. Одан да дұрысы – өз алдына дербес «Әлихан Бөкейхан Институтын» аша­йық!
–  Соңғы сұрақ. Биыл  әйгілі  «Қар­қаралы петициясына» 110 жыл. Бірақ еш жерде ол туралы ештеңе айтылған жоқ.
– Иә, атаусыз қалды. Негізі біздің күні бойы әңгімелеп  отырған Алаш партиясы­ның, Алаш идеясының негізі сол Қарқа­ра­лыда 1905 жылы қаланған еді. Әлекең сол кезде-ақ «Қазақ» газетін шығармақ болған. Бірақ қамауға  алынып, жоспарлары орындалмай, 1913 жылы Семейде емес, Орын­бордан бір-ақ шығаруға тура келді…
– Алаш туралы әңгімеміз таусылмасын. Көп-көп рахмет!

Әңгімелескен Арман ӘЛМЕНБЕТ.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар