Мақпал Жүнісова сұхбатында концерттерде бой көрсететінін, бірақ отандық телеарналардың эфирге шығармайтынына налиды. Өйткені қайда барса да, алдынан кесе-көлденең кедергілер шығатын көрінеді. Қызы Мерей аяққа тұрып кеткен соң, елден кетуі мүмкін екенін ашық айтқан.
«Жасырмаймын, ондай ойым бар. Өзіңіз де көріп отырсыз, ешқайда шығармайды. Мен қашанғы жылай бермекпін? Оған дейін зейнетке де шығып қалармын. Басқа мемлекетке баруым не болмаса туған жеріме кетіп қалуым мүмкін. Ауылыма барып, бауырларымның жанында тып-тыныш өмір сүргенге не жетсін?”, – деген Мақпал Жүнісова.
Әртіске Алматыдағы үлкен үйді ұстап тұрудың өзі оңайға түспейтін көрінеді. Күнделікті үй шаруасына көп қаржы жұмсауына тура келеді екен. Көлік жүргізе білмейтін әнші қазірде рөлге отыруға мүлдем қорқады. Сол үшін жүргізуші жалдайды.
Сөз соңында М.Жүнісова: “Бір тиын да жинамаппын. Айтқанымдай, артық ақшам болса, бәрін таратып жүреді екенмін. Бір үйімді сатып, депозитке салсам ба деп енді ойланып отырмын. Бәрі уақыттың еншісінде. Қызым аман-есен мектебін аяқтап, жақсы оқуға түссе деймін. Одан басқа мақсат-мұрат жоқ. Несібемізге қарай бұйырғанын көрерміз. Шақырған жерден қалмай, шақырмаған жерге бармаймын. Жағдайымды жасайтын болса, ән айтуға дайынмын”, – деген.
Дерек көзі: Нұр.кз
Парақшамызға жазылыңыз