///////

Л. Н. Гумилев атындағы «Алаш» ғылыми зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ: Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде өтпеуі мүмкін

2793 рет қаралды
1

e9f229fe6bcf76e6fe3ce13b1db4314c-ml062uh9amyy3elinhf1z5u1teejo8hw1nhwznjycc

1866 жылдың 5 наурызы – ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан жарық дүние есігін ашқан күн. Қазақ ұлтының ел болып, халық болып бой түзеуі үшін бар ғұмырын сарп еткен, халық көкірегіне  жарық сәуле шашу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген Әлихан Бөкейханның біртұтас  «Алаш» идеясын ұсынуы  халықты бір жұдырыққа жұмылуға, ұлт болып ұйысуға бастаған еді. Амал не, тоталитаризм ұлт көсемдерінің бұл идеясын жүзеге асыруға жол берген жоқ, 70 жыл бойы атын атауға тыйым салды. Биыл 150 жылдығы аталып өтілетін Әлихан Бөкейханның қазақ үшін жасаған ұланғайыр еңбегі қалай бағалануда? ЮНЕСКО тарапынан қолдау тауып отырған мерейтой қалай өткізілмек? Осы және өзге де ұлттың ұлы мәселелері жайында алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлымен әңгімелесудің сәті түскен еді.

БҮГІНГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕГІЗІ «АЛАШОРДА» АВТОНОМИЯСЫНАН БАСТАУ АЛАДЫ

sultanqan1– Биыл Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл. Жалпы, саяси тұрғыдан Әлихан Бөкейханның саяси қайраткерлігіне қандай баға берілді деп ойлайсыз?
– Жалпы, менің ойымша ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысына ғылыми және тарихи тұрғыдан жалпылама баға берілді. Одан жоғары бағаны күтпеңіз де. Жан-жақты да лайықты баға беріледі деп бос үміттенбеңіз. Өйткені, Алаш қозғалысының, Алаш идеясының, Алаш партиясының,Алаш автономиясының тарихи маңызы әлі терең зерттелген жоқ. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тарихында Алаш қозғалысына саяси баға беру жайлы талпыныс та болған жоқ. Өйткені, Қазақстанның қазіргі президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөздерінің 7 томдық жинағын оқысаңыз, Алаш-Қазақ елінде коммунистік билік Де-юре немесе ресми жойылғанымен, Де-факто – іс жүзінде Қазақстанның мемлекеттік саяси мәртебесі де, мемлеукеттік билігі де еш өзгерген жоқ. Бұрынғы коммунистік партияның орынан НұрОтан партиясы алды. Бұл өтірік пе? Мен ойдан шығарып отырмын ба? 1989 жылы Назарбаев бастаған компартияның орнын тағы да Назарбаев бастаған НұрОтан партиясыалды. Бұл өтірік пе? Мен саясаткер, саясаттанушы немесе мемлекет қызметкері емеспін. Бүгінгі саяси билік тұсында ешқашан болмаймын. Н.Назарбаевтың «саясатқа килікпеңдер!» деген сөзі бар. Өте жақсы. Олай болса, президент мырза, сіз бастаған саяси билік білімге, ғылымға, мәдениетке, өнерге килікпесін! Мен осыны билікке ойып тұрып айтқым келеді. Қоғамдық өмірдің бұл салаларында сіздің шаруаңыз болмасын!!!
Ал тақырыпқа оралсақ, Әлиханның есімі Алаш идеясымен қатар айтылады. Әлихан десек, Алаш ойға келеді, Алаш десек – еліксіз Әлиханды ойға аламыз. Өйткені, Алаш деп аталған қозғалыс, идея, партия және автономия Әлиханның есімімен біте қайнасып кеткен. Сол Алаш идеясының авторы Әлиханға саяси баға берілмегендіктен, дәл қазіргі кезде белгілі себептерменберіле қоймайтыны айдан ақын, Алаш идеясы өзініңне тарихи, несаяси лайықты бағасынәлі алған жоқ. Сол Алаш қозғалысының негізі болып табылатын, бұл идеяның авторы, негізгі уағыздаушысы, оны жүзеге асырушы Әлиханның өмірі мен шығармашылығы, оның қазақ тарихындағы миссиясы әлі лайықты бағасын алған жоқ. Біз Алаш автономиясы бүгінгі Қазақстанның іргетасын, негізін қалап кеткенін ешуақытта ескермейміз.
– «Жас Қазақ үні» газетінде заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Қасымовтың «О национальном герое Алихане Бокейхане» атты мақаласы жарық көрді. Сол мақалада Әлихан Бөкейханға Қарағанды қаласынан көше берілмегендігі жайында жазылады. Cондай-ақ, сол мақалада Әлихан еңбектерінің, ол туралы зерттеу кітаптарының ешқандай мемлекеттік тапсырыспен басылмағандығы айтылады. Сонда өзі туған қаладан көше атауын беруге сараңдық танытуымыздың сыры неде деп ойлайсыз?
– Сабыр ағамыздың сөзінде жаны бар. Дегенмен, мәселенің әділдігін айтқан жөн. Әлихан Бөкейхан шығармаларының 9 томдығы шықты. Алайда, соның өзін ырым-жырым етіп4төрт жылға созып әзер шығардық. Мәселен, 2009 жылы алғашқы үш томы, 2010 жылы төртінші-бесінші томдары, 2013 жылы қалған төрт томы жарық көрді. Ал қалың оқырман көпшілік одан бейхабар. Себебі, Қазақстанда әлеуметтік-саяси маңызы бар әдебиеттер бар болғаны 2 мың дана таралыммен шығады. Қазақстан халқының жалпы саны 17,7миллион болса, сол 17,7 миллион жанға қызмет көрсететін 12 мың кітапхана бар екен. Ал жаңағы ғылыми көпшілік, ғылыми-танымдық әдебиет бар-жоғы 2000 данамен жарық көреді. Демек қазіргі саясатты мемлекет құрушы халықтың ұлттық сана-сезімін, рухын оятуға бағытталған саясат деп айта аламыз ба? Жауапты әркім өзі берсін.
– Жалпы, алаштану да, әлихантануда біздің ұлттық ғылым қандай жетістікке жетті деп ойлайсыз? Жеткен жетістігіміз не, кемшілігіміз неде? Жүйелі зерттеу бар ма?
– Жүйелі зерттеулер бар деп айта алмаймын, жоқ деп айтуға да ауызым бармайды. Аз до болса бар, оны жоққа шығара алмаймын. Осы саламен қаншама тарихшы, филолог, жазушы, т.б. да маман иелері күні-түні демей айналысып жүр. Бірақ, Алаш идеясының негізгі тарихи маңызы неде? Алаш Орда үкіметінің көздеген нақты мақсаттары болды. Ең алдымен назар аударатын мәселе: Алаш Орда дегеннің астарында Қазақ мемлекеті деген терең мағына жатыр. Ал Алаш Орда үкіметінің қандай мақсаты жүзеге асты? Осыған толыққанды жауап таба аласыз ба? Иә, күмілжіп қаламыз. 1917 жылдың 12желтоқсанында азан шақырып жарияланған Алаш автономиясының жоғарғы атқарушы билігі Алаш Орда үкіметінің қабылдаған ең алғашқы Қаулысы не туралы еді? Соны білесіз бе: жаппай білім беру, ғылымды жан-жақты дамыту. Тіпті 1941-1945 жылдардағы ІІ Дүниежүзілік қанды соғыс жылдарының өзінде Кеңестер Одағы ғылым, білімге бөлінетін қаржыны қысқартқан емес. Ал тәуелсіздік алған ширек ғасырда Қазақстанның орта және жоғары білімі де, ғылымы да адам айтқысыз деңгейге дейін төмендеп кеткені дәлелдеудің қажеті бар ма? Байқайсыз ба, Есенгүл, мен пәлен-төлен деп кесіп айтып отырғаным жоқ, тек әркімнің кеудесінде, жүрегінде жүрген сауалды ашық айтып отырмын.Жақында ғана Қазақстанның Білім және ғылым министрі ауысты. Тәуелсіздіктің айналдырған қайдағы бір 25 жылында Қазақстанның Білім және ғылым министрі…11 рет ауысты. Демек, бір де бір министр екі жылдан артық отырған жоқ. Министрдің бірін де періште деп айтудан аулақпын. Оның есесіне әрбір «жаңа» министр өз «реформасымен» келді де кетті. Алдыңғы министрдің қолға алған ісі аяқсыз қалады. Бұдан соң, Тәуелсіз Қазақстанның ғылымы мен білімі қалай жетілді деп кім айта алады? 2016 жылғы республикалық бюджетте ғылымға бөлінген қаржының, 2014 жылғыдан асып кеткені шамалы. Бар айырмашылық 3 девальвацияның салдары…Ал 2014 жылдан бері теңгенің екі еседен асып құнсызданғаны құпия ма? Бір ғылыми-зерттеу институтының директоры ретінде менің 2013 жылғы алатын айлығыммен 2016 жылғы айлығымның арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Осы 3 жылдың ішінде теңге үш рет құнсызданды. Яғни, біздің ғылымға қаншалықты көңіл бөліп отырғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Жоғары оқу орнының жанындағы ғылыми зерттеу институттары жоғары оқу орнының жанында болғандықтан азды-көпті жалақысын алып отыр. Ал, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Шығыстану немесе Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты сындығылыми-зерттеу мекемелерінің қызметкерлері жалақыларын жыл басынан бері ала алмай, ақысыз демалысқа жіберілгені – бұл «Орта Азияның барысымын» деп жер жаһанға жар салған мемлекет үшін масқара емес пе?! Демек, қазақ ғылымына жеткілікті көңіл бөлмей, ол өз дәрежесінде дамымайды.
– Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту туралы әңгімелер айтыла бастап еді. Бұл іс қалай жүзеге асуы мүмкін?
–2015 жылдың қараша айында Парижде ЮНЕСКО-ның 38-сессиясында Қазақстан тарапынан келіп түскен Әлиханның 150 жасқа толуын халықаралық деңгейде атап өту туралы ұсыныс қаралып, қабылданды. Осы жайлы «Ақ жол» демократиялық партиясының парламенттік фракциясы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдап, «Әлихан Бөкейханның 150-жасқа толуы ЮНЕСКО аясында атап өтілуі әбден мүмкін. Соған байланысты Үкімет арнайы комиссия құрып, мерейтойды халықаралық деңгейде тойлау үшін тиесілі шаралар қарастыра ма?» – депутаттық сауал жолдаған болатын. Оған Премьер-Министрден арнайы жауап келді де. Онда: «ЮНЕСКО-ның Қарарын біз де күтіп отырмыз. Бірақ 2016 жылдың бюджетінде бұл мерейтойды атап өтуге мақсатты қаржы қарастырылмаған. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын атап өтуге қатысты мемлекеттік комиссия құруды біз қисынсыз деп санаймыз. Мемлекеттік мекемелер 150-жылдық мерейтойды2016 жылғы бюджетте қарастырылған ағымдағы жоспары аясында атап өтеді» делінген. Мен үкімет жауабындағы сөздерді сөзбе сөз емес, мағынасын айтып отырмын.
Ақпан айының басында Мәдениет және спорт министрі журналистерге айтқан бір сөзінде: «Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын атауға мемлекеттен қаржы бөледі» деп ойламай айтып қалып, аңқау журналистер қауымы оны жер жаһанға жайып жіберді.Бірақ, айналайын-ау, кімде кім Премьер-Министр бұл шараға қаржы бөлінбегенін айтып отырса, Мәдениет министрі жоқ қаржыны қайдан тауып бермек? Журналистер соны неге ойламайды?!? Оның үстіне, Алматыдағы бір баспа үйі Әлиханның кітабын мемлекеттік тапсырыс бойынша шығаруды сұрап осы Мәдениет және спорт министрлігіне жүгінген екен. Оған бір вице-министр «қаржы қарастырылмаған» деп қысқа жауап қайтарады. Сол себепті де, биыл Әлиханның 150 жылдығы ЮНЕСКО аясындалайықты тойланады дегенге зор күмәнім бар. Қателессем – төбем көкке жетер еді!

Қарағандыда Ленин атында көше бар, ал Әлихан Бөкейхан атында көше жоқ

images– Сіздер Әлихан Бөкейханның мерейтойын атап өту үшін елден қаржы жинауға кірісіпсіздер. Бұл шара қалай жүріп жатыр? Жалпы, мерейтойды атап өтуге қаржы жиналуы мүмкін бе?
– Жаңа жылдың алдында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының бастамасымен елдегі алаштанушы ғалымдар, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері бас қосып, Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейіне лайық атап өту амалын ақылдасып, 67 бөлімнен тұратын ұсыныс дайындадық. Соның бірнешеуін атап өтер болсам, Ұлттық банк тарапынан Әлиханның 150 жылдығына арналған арнайы монета, Қазақ пошта тарапынанпошта маркасын шығару. Айта кетейін, «Ақ жол» партиясының бастамасымен Қазақпошта Әлиханның 150-жылдығына арналған марка шығаруға кірісіп кетіпті.
Ал Ұлттық банк монета банк шығара ма, жоқ па, оны бір Алланың өзі біледі. Жоғарыда Сабыр ағамыз айтып өткендей, бүгінгі Қазақстанның іргетасын қалаған Әлихан Бөкейханның атында Қарағанды қаласында көше жоқ. Оның есесіне, Ленин көшесі мен Октябрь ауданы бар. Осы даңғыл мен ауданға Әлиханныңесімін берсе. Әлиханның кіндігі кесілген Ақтоғай ауданында«Талды бейіт»,«Қасым қыстағы» деген тарихи жерлер бар. Әлиханның әке-шешесі, ата-бабалары тұрған жер. Сол жерге Әлиханға арналған кешенді мемориалды кешен тұрғызу, Алматы қаласындағы Ұлттық агроуниверситетке, Алматы қаласындағы тұңғыш метроға Әлихан атын берсе, Алматыдағы орталық алаңдардың бірінде «Алаш» аллеясын ашып, қақ ортасына Әлиханның зәулім ескерткішін орнату туралы ұсыныстар айтылды. Жақында бір топ ақсақал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке осы мәселелерді жазып, хат жолдап еді. Ол хатқа қала әкімшілігі екінші-үшінші деңгейдегі шенеунектерінің бірі жауап жолдап, оның бәрі қаланың құзырында емес екендігін айтыпты. Дәл осындай хаттар Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының әкімдеріне жолданды. Астана қаласындағы сол жағалауда резервте тұрған бес даңғыл бар. Сол даңғылдың біріне Әлихан Бөкейханның есімі берілсе, сол жағалаудағы ең көрнекі жердің біріне тағы да «Алаш» аллеясын ашып, онда да Әлихан ескерткішін орнатса деген ұсыныстар айтылды. Алаш көсемінің Мәскеудегі сүйегінің күлі жерленген зираттан бір уыс топырақ алып, ырым ретінде Астана қаласындағы ұлттық пантеонға мемлекет басшысына лайық зор салтанатпен жерлеп, басына зәулім ескерткіш орнатса, ол тәуелсіз Қазақ елінің ескі де жаңа дәстүрі болып қалыптасып кетпей ме!
– Сіз тағы бір мақалаңызда Семей қаласының атауын «Алаш» деп атау туралы ұсыныс айтасыз. Бұл ұсынысты қайда жолдадыңыз? Ол қаншалықты қолдау тапты?
– Семей қаласы қазақтың қазіргі замантарихындағы орны бөлек, ерекше қала. Ол Алаш Орда Халық кеңесінің, яғни үкіметінің1917 жылғы желтоқсаннан 1920 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстанның тұңғыш ресми астанасы болған Семейге Алаш атауын қайтарып берсе, ол Әлиханның 150 жылдығына да, келесі жылы тойланатын Алаш автономиясының100 жылдығына да керемет тарихи ескерткіш болар еді. Семей қаласының атауын Алаш деп өзгертуге саяси шешім, көп машақат кетпейді. Семей – Алаш деген атаумен Алаш автономиясының астанасы болып Екіінші Жалпықазақ съезінің қаулысымен бекітілген!!! Осы Қаулыны арада 100 жыл өткен соң жүзеге асыру болып табылады. Бұл исі қазақтың шешімі болатын. Басқа Қаулының қажеті де жоқ.
– Сол секілді Алаш қозғалысының 90 жылдығы да атаусыз қалды. Алда 100 жылдығы келе жатыр. Бұл да елеусіз қала ма?
–Олой болатынына еш күмәнім жоқ. Өйткені, бүгінгі түсінік бойынша қазіргі Қазақстани аумағында «ешқашан қазақ мемлекеті болған жоқ, өйткені – шекара болған жоқ» емес пе?! Оны айтпағанда наурыздың 5-інде Әлихан Бөкейханның туған күні, 150 жасқа толуы ескерусіз қалайын деп отыр. Ал туыстас, бауырлас Түркия республикасында 4 наурызда Гази университеті мен ЮНЕСКО істері бойынша Түркияның ұлттық комиссиясы Әлихан Бөкейханның ЮНЕСКО тарапынан «бүкіл дүниежүзілік даңқты қайраткер» болып танылуын мақтан етіп, 150-жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында тойлануын ескеріп, Халықаралық конференция өткізгелі жатыр. Бұның сыры неде? Бұл Кеңес Одағы мен коммунистік идеология сарқыншақтарының әлі күнге дейін елді билеп-төстеп отырғандығынан. Қазақстан Кеңес Одағы ыдырып, амалсыз тәуелсіздік жариялағаннан кейін маңдайшасын ауыстырғанымен, саяси билігі мен жүйесі өзгермген жоқ. Билік басында кешегі комсомол мен коммунистіп партия көсемдері үстемдік етіп отыр. Мен мұны ойдан шығарып отырған жоқпын. Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдамалы шығармаларының 7-томдығын парақтап көсерңіз, соған көз жеткізесіз. Нұрсұлтан Назарбаев –тәуелсіздік жариялаудан 2,5 жарым жыл бұрын Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің соңғы бірінші хатшысы болды.
– Сіз Алаш идеясы ғылыми айналымға енгенімен, саяси тұрғыдан ештеңе іске аспады дейсіз. Бір еңбегіңізде «Әлихан Бөкейхан Қазақстанды Жапонияның деңгейінде мемлекет жасағысы келді. Сол үшін Жапонияның тыңшысы ретінде қудаланады» деп жазасыз. Олардың Жапонияның даму үрдісін Қазақстанға әкелу туралы идеясын тарқатып айтып өтсеңіз…
– Әрине, Әлиханға «жапон тыңшысы» деп айып тағуға тырысқан. Сондай айып тағылғанда Әлиханның бұлтартпайтын жауап қайтарғаны туралы алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың әдемі тарихи мәліметі бар. Сол себепті де оған «жапонтанушы» деген айып тағылады. Ал оның үзеңгілестеріне, мысалға, Ахмет Байтұрсынұлы және басқаларға «жапон тыңшысы» деген айып тағылып, оларды өлім жазасына кесуге себепкер болған айыптың бірі де осы еді. Әлихан бастаған алаш қайраткерлерінің Жапон тәжірибесіне қатты қызыққаны рас. Сөйтіп, Әлихан Қазақ елін Жапония мен Батыс Еуропа елдерінің қатарына20-25 жылда жеткізуді нақты жоспарлады. Егер Жапонияны1868-1889жылдар аралығында, яғни артта қалған феодалдық, аграрлық самурайлар мемлекетінен әлемнің жетекші елдерінің біріне айналдырған «Мейзи исин» немесе «Мэйдзи төңкерісі» бағдарламасы десек, Алаш идеясы сол бағдарламаның қазақша баламасы болатын. Сөйтіп олар қазақ даласын 20-25 жылдың ішінде әлемдегі ең қуатты елдердің біріне айналдырғысы келді. Ол, сондай-ақ, Батыс Еуропаның да даму үрдісін үлгі етіп алғысы келді. Германия, Дания, Англия, АҚШ, Швейцария, Аустралияның тәжірибесін мұқият зерттеді. Ол туралы Әлихан 1910 жылғы «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркінде жазды. Оның 1924 жылы «Теңдік» газетіне шыққан «Үлгі алыңдар! Дания кооперативі және ел шаруашылығы» деген мақаласында Данияның 1879жылдан 1900 жылға дейінгі аралықта, яғни 21 жылда агроөнеркәсібі ең дамыған елге айналғаныайтылады. Әлихан осыларды көлденең тарта отырып, Қазақ елін де ең дамыған аграрлық және өнеркәсібі өркендеген елге айналдыруды көздеді. Бұл Алаш бағдарламасының бірден бір стратегиялық мақсаты болатын. Егер ол мақсаты жүзеге асқанда, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ елі мен бүгінгі Қазақстаның жер мен көктей айырмасы бар мемлекет болуы ғажап емес еді. Алайда, Ұлы қазақ даласына Кеңес үстемдігі орнап, қазақ елінің дамуын 1 ғасырға кейін қалдырды. Ал қазір бір ғасыр тұрмақ, бір жыл кейін қалу тым зор кемшілік.
– Жалпы, демографиялық тұрғыдан аштық болмағанда, халық қуғын-сүргінге ұшырамағанда, соғыс болмағанда қазақтардың саны бүгінде кем дегенде 30 миллионға жетер еді деген де әңгімелер айтылып жатады ғой?
–1897 жылыРесей империясында тұңғыш халық санағы болып өтті. Әлиханның 1910 жылғы «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркінде тілім қазақ, ұлтым қазақ дегендердің саны 4 миллион 84 мың адам болғанын атап көрсетті. Бірақ, –дейді Әлекең,– осы халық санағында қазақтар ұл балалары мен төрт түлік малының санын кемітіп көрсетті. Себебі, олар балаларын жат армияға шақырады деп қорықса, мал көп болса салық та өседі деп қорыққан. 1917 жылы Алаш автономиясын жарияларда Әлихан, Ахмет, Міржақып үшеуінің «Алаш азаматтарына» деген үндеуі жарық көрді. Сонда: «Баяғы әдетпен балаларыңыздың санын, малдарыңыздың санын жасырып қалатын заман өтті. Егер біздің халқымыздың саны аз болатын болса, бүкіл Ресей құрылтайына қатысатын депутаттарымыздың саны да кем болады. Егер малымыздың санын кем көрсетсек, онда бізге бөлінетін жер нормасы да азаяды» деп қатаң ескертті. Демек, 1897 жылғы есеп бойынша, Хиуа, Бұқарадағы өзбектер мен тәжіктердің жалпы саны бір миллионға жетпеген. Әлиханның 1924 жылы бүгінгі «Егемен Қазақстан», сол кездегі «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақ қанша?» деген мақаласы жарық көреді. Сонда ол 1897, 1907, 1914 жылғы есептерді айта келіп, 1914 жылы басталған І дүниежүзілік соғыстың қарсаңында қазақтың саны 6,47миллион болған еді дейді. Арада он жыл өткенде қазақтың саны 1916 жылғы көтеріліс, азамат соғысы, 1921-1922 жылғы аштық және эпидемияқазақтың табиғи өсімін жойды да, қазақтың саны осы 6,47 миллион қалпында қалды дейді. ХІХ ғасырдың соңында бір миллионға да жетпеген өзбектің саны бүгін отыз миллионнан асса, қазақтың саны қанша болуға тиіс еді? –Жай табиғи өсімімен 60-70 миллионнан болып шықпай ма?!?.

РЕСЕЙ ДУМАСЫНА «АЛАШ» ПАРТИЯСЫ АТЫНАН 43 ДЕПУТАТТЫҢ САЙЛАНУЫ, ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСУЫНЫҢ АЙҒАҒЫ ЕДІ

–Сіз өз зерттеулеріңізде Әлиханның ресейлік масон ұйымы қатарында болғанын айтасыз. Мен бұл ақпаратты бірнеше адамның еңбектерінде кездестіремін. Ол мүшесі болған кадет партиясы масондардың партиясы болған делінеді. Ол осы партияның қатарында 12 жыл болады. Кейіннен тастап шығып, Алаш партиясын құрады. Бұған не түрткі болды деп ойлайсыз?
– Патша отаршылдығына қарсы 1837-1847 жылдарғы Кенесары ханның қарулы көтерілісінің сәтсіз аяқталуы салдарын терең зерттеген бірден бір қазақ болса ол Әлихан Бөкейхан болатын. Сөйтіп ол әлемдегі ең алып, ең отаршыл Ресей империясына қарулы көтеріліспен төтеп бере алмайтынын және оны бүкіл қазақ қолдай қоймайтынын түсінеді. Сол себепті ол Патша үкіметіне бейбіт, саяси күрес арқылы қарсы тұруға ұмтылды. Оның осы күрес жолында түйген бір мәселесі, самодержавиелік, патшалық билік үстемдік еткен Ресейдің өзін түбегейлі реформаламай, қазақтардың ешқашан ұлттық тәуелсіздігін ала алмайтынына көз жеткізген. Сол себепті Әлихан Ресейдің өзін реформалауға күш салған. Ол 1905 жылдан 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін сол кездегі Ресейдегі ең ірі, ең ықпалды Конституциялық демократиялық партиясына (оны «Халық бостандығы»немесе кадет партиясы деп те аталған) мүше болып кіреді. 1912-1917 жылдарыкадет партиясының Орталық комитетінің мүшесі болды. Ол 1906 жылы Семей қазақтары атынан І Мемлекеттік думаға сайланғаннан кейін, ол Ресей империясындағы масон ұйымына мүше болып қабылданды. Ол өз мақсаты мен масондардың алға қойған мақсатының ұштасатынын көрген соң, олардың ұсынысын қабыл алады. ХХ ғасыр басындағы Ресей империясының масондығы дегеніміз, қайта жанданған Ресей масондығының атасы, профессор Масим Масимович Ковалевскийдің1906 Жылы Франциядан оралғанда «самодержавияны тек масонддық ғана жеңе алады» деген әйгілі сөзі бар. Демек, Әлихан мен масон ұйымының мақсаты біреу – екеуі де Ресейдің самодержавиелік, яғни патшалық билігін құлату болды. Ол кадет партиясына өмірінің соңына дейін мүше боламын деп кірген жоқ. Ақпан төңкерісі Ресейдегі самодержавиелік билікті құлатты. Ресей түпкілікті, федеративтікдемократиялық парламенттік мемлекет болуға аяқ басты. 1917 жылдың қараша айында сайланған бүкілресейлік Құрылтай жиналысы Ресейді федеративтік демократиялықпарламенттік республика деп жариялауға тиіс болатын. Ақпан төңкерісінің арқасында Әлихан өзінің алдына қойған бір жоспарына қол жеткізді. Енді екінші әрі басты мақсаты –«автономия» деген сылтаумен Қазақ мемлекетін қалпына келтіруге бел буды. Сөйтіп Алаш ұлттық партиясын құрды. 1917 жылдың 12-18қарашасында Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутат сайлауы болғанда, қазақ даласында үш партия дауысқа түскен болатын. Олар – бәлшебектер мен меншебектердің социал-демократиялық партиясы мен шолақ белсенді қазақтардың «Үш жүз» партиясы және Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» партиясы. Сол сайлаудың нәтижесінде қазақтың 9 облыс, 1 гүбернеге бөлінген Ұлы даласынан43 депутат сайланды. Соның бәрі осы Алаш партиясының өкілдері болды. Бұл сайлау қазақтың бір ұлт болып қалыптасқанын дәлелдеген сайлау болды. Өйткені қазақтың бәрі Алаш партиясын қолдады. Олар ешқандай жүзге бөлінуді көрсеткен жоқ. Бұл тарих алтын әріптермен жазылуы тиіс тарих. Қазақты ұлт ретінде ұйыстыра білген кім? – Әлихан Бөкейхан!
– «Алаш» идеясын зерттеушілердің арасында олардың өзара бірлігі, идея ауызбіршілігі болмағанын айтатындар кездеседі. Біреулер автономияны қолдады, екіншілері мүлдем жеке ел болуды мақсат етті. Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлұлыр «Түркістан» идеясын жақтады деп айтады…
– Тарихшылардың шатасып та, жұртты шатастырып та жүрген бір мәселесі бар. Ол Алаш партиясының ішіндегі пікір еркіндігін, идея еркіндігін түсінбеуі. Мысалы, 1917 жылы ІІ жалпы қазақ съезінде Халел және Жанша Досмұхамедұлы бастаған зиялылар тобы «Алаш» автономиясын бірден жариялайық деп таласты ма? Екінші, Әлихан бастаған басым көпшілігі құрылтай жиналысын күтейік және ел ішіндегі орыстар, ең бастысы – Түркістан қазақтары Алаш автономиясына қсылатын-қосылмайтынын айқындайық деп дауласты. Әлиханның сондағы түпкілікті көздегені – қазақтың біртұтас мемлекетін құру болатын. Осыны біреу-міреу теріске шығарып көрінші – көрейін. Тарихи деректер негізінде! Егер Алаш қайраткерлерінің 1930-жылдардағы тергеу материалдарын оқып қарасаңыз, Жиханща және Халел Досмұхамедұлдарының ұстанған көзқарасын бос демогогия деп бағалағанын анық көресіз. Өйткені, олар жас, тәжірибесі аз, қызу қанды жастар еді.м Әлиханды қолдаушылар көп болғанымен, Алаш автономиясын жариялайық деген топ, егер бізді қолдамасаңдар «қазақтан бөлініп» кетеміз деп дау шығарды. Бұл Алаш қайраткерлері арасындағы дау-дамай емес, тактика мәселесіндегі дау болды. Керісінше, бұл «Алаш» партиясының ішінде ой, пікір еркіндігі бар тірі партия екендігін анық көрсетті. Яғни, Алаш қазіргі тәуелсіз Қазақстандағы партиялар үлгі тұтарлық нағыз демократиялық партия болатын. Екіншіден, «Алаш» автономиясы құрылғаннан кейін, ІІ Жалпықазақ сиезі Алаш Орда үкіметіне 1 айдың ішінде Сырдария, Каспий маңындағы қазақтар бізге қосыла ма, қосылмаса – Алаш автономиясын өз ықтиярымен жариялау құзырын берді емес пе!?
–Сіз Кенесары мен Әлихан Бөкейханды тәуелсіздік үшін ұлт азаттық қозғалысын бастаған батырлар ретінде қатар қоясыз. Әрі олардың мүрдесі мен басын таппай, Қазақтың рухын қайтара алмайсыз деген пікірдесіз. Оны іздеуден қандай да бір нәтиже бар ма?
– Дана қазақ «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демейме! Біз ата бабаларымыздың рухына, аруағына табынып өткен қалың елміз. Аруақтарымыз риза болмаса, біздің ісіміз де ілгері баспайды. Бұл біздің тек бізге ғана тәнұлттық ерекшелігімз, қасиетіміз. Басқа халықтардан ерекшелеп тұратын да осы қасиетіміз. 2014 жылы Омбыға барып келгеннен кейін Кенесарының бас сүйегіне байланысты тың мәліметтерді әкеп жарияладым. Сол мақаланы бір күнде 15 мың адам оқыған. Бұл біздің юүгінгі жас ұрпақтың тарихымызға, тарихи тұлғаларымызға, аруақты қайраткерлерімізге деген қызығушылықтың аса күшті екенін білдіреді. Егер сол Кенесары ханның басы мен денесін тауып Астана қаласындағы ұлттық пантеонға зор қошаметпен жерлесек, біздің қасиетті тұлғаларымызға деген жаңа зор қошамет, зор құрмет қалыптаспай ма? Жастарымыздың ұлттық рухы бір серпіліп қалар еді. Өткен тарихымызды қастерлей алмасақ, болашағымыз да не болмақ?! Әлиханның бас сүйегін іздеудің қажеті жоқ. Оны 1937 жылдың 27қыркүйегінде ату жазасына кескеннен кейін, сол күні оның сүйегін Мәскеудегі Дон зиратында өртеп, оның күлін сол жердегі №1 шұңқырға (ОГПУ-НКВД-МГД-КГБ-ның ресми құжаттарында ол дәл солай «№ 1 шұңқыр» деп келтірілген. – С.А.) басқа бес мыңнан астам адамның күлімен бірге жерлепті. Ол жерде Нығмет Нұрмақұлының да сүйегі жатыр. Ал Кенесарыға келер болсақ, оның бас сүйегі Ресейдің өте құнды жәдігерлерді сақтайтын ГоХран деген мекемесі бар. Міне, Кенесарының бас сүйегі ғана емес, оның бірнеше қанжары, Құран кәрім, Кенесары әскерінің тулары, бас аяғы 300-ге жуық жәдігер Ресейдің мемлекет қамқорлығындағыГоХран музейінде. Мәселе Ресейдің бермей отырғанында емес, Қазақстанның «жоқ» дей алмайтындай етіп сұрамай отырғанында. Оны қайтаруға құлық танытып отырған жоқпыз. Менің бір мәліметім бойынша, Кенесарының қырғыз жерінде қалған дене сүйегі табылып, оны Қазақстанда қазір оны жасырын сақтап отырған көрінеді. Сергей Маслов деген орыс жазушысының жазуына қарағанда, Кенесарының бас сүйегінің маңдай тұсына Патшалық Ресейдің мөрі басылған. Мен бұл деректі Омбы сапарында анықтаған едім. Ол ешқашан өшпейді. Яғни Хан кененің бас сүйегін ешқандай басқа бас сүйекпен шатастыра алмайды. Ал Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі. Сол жағдайды пайдаланып мұрағаттағы тарихымызға қатысты жәдігерлерді неге талап етпеске?
–Әлихан Бөкейханның тегіне байланысты бір сауал. Көбіміз «Әлихан Бөкейханов» деп жазамыз. Әлихан өз шығармаларында да «Бөкейхан»деп жазды ма, жоқ «Бөкейханов» деп жазды ма? Сіздіңше, қалай жазғанымыз дұрыс?
– Дұрысы Әлихан Нұрмұхамедұлы БӨКЕЙХАН. Ол кісінің құжаттардағы қолтаңбасын мен сіздерге жолдайын. Ол кісінің 1900 жылы «Дала уәлаятында» шыққан мақаласындағы қолтаңбасы төте араб әрпімен жазылғанда, Бөкейхан деп қол қойған.

Алихан колыОл 1890 жылы Омбыдағы техникалық училищені бітіргенде, сол оқу орнының директоры Доброхотовқа жазған бір өтініші бар. «Менің нағыз тегім –Нұрмұхамедұлы емес, Бөкейхан» делінеді онда. Патшалық Ресейдің ұстанған бір саясаты кез келген тегіне «ов»-ты қосып отырған. Бұл орыстандыру саясатының өте қитұрқы саясаты. Біздің әлі «ов»-тан айрыла алмай отырғанымыз құлдық сана сезімнің көрінісі. Бірақ біз оны құлдық сана сезімнің әсері деп ойламаймыз. Өйткені, бізде ұлттық сана сезімнен дым қалмаған. Ұлттық сана сезім осындай майда шүйдеден басталады. Біз аты-жөнімізді жөндей алмасақ, басқа ұлы ұлттық істерді тындыра алмаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Есенгүл Кәпқызы

www.turkystan.kz

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар