//

Қазақ блогері әлеуметтік желіде танымалдыққа ие болды

5229 рет қаралды

Әлеуметтік желілерді кімнің қаншалықты белсенді пайдалатындығы көпшілікке әрине қызық. Мұндай ақпаратты Klout-тан ала аласыз.
Klout – 2008 жылы Сан Францискода құрылған әлеуметтік сараптама жасайтын компания. Әлеуметтік желі қолданушыларының белсенділік және ықпалдылық дәрежесін 1-100 арасындағы балл бойынша өлшейді. Жүйеге тіркелген қолданушы өзінің қаншалықты ықпалды екенін біле алады.
Қазіргі уақыттағы Klout-тың еліміздегі рейтингісі бойынша: Есен Елеукен – 77, Мұхамеджан Тазабек – 77, Мұрат Әбенов – 77, Мейіржан Әуелханұлы – 76, Берік Сұлтан – 76, Кәрім Мәсімов – 75 (бұл мәліметтер күн сайын өзгеріп тұрады). Осы орайда интернеттің белсенді пайдаланушысы, журналист, блогер – Мейіржан Әуелханнан сұхбат алдық.

– Ассалаумағайлейкум, аға! Klout-тың қазіргі рейтингісі бойынша жоғарғы көрсеткішке ие болыпсыз. Әлеуметтік желіні қалай, қандай жолмен пайдалану арқылы осындай нәтижеге жеттіңіз?
– Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер адам өмірінің айырылмас бөлігіне айналып кетті. Қазіргі күні әлеуметтік желілер, блог жүргізуге арналған платформалар, сайттар көп. Соған байланысты белсенді пайдаланушылар тек бір ғана желіге тіркелмейді. Сол желілердегі түрлі топтарға жазылып, өзіне қызықты ақпараттарды алып, соларды оқиды, өздеріне достар жинайды. Осы тұста, әлеуметтік желідегі тұлғалану деген ұғым пайда болады. Яғни, өзінің көзқарастарымен сәйкес келетін адамдармен достасады немесе танымал адамдарға, топтарға жазылады. Солай топтардағы адам саны көбейеді. Жалпы, саясатта жүрген тұлғалар, тарихшылар, ақын-жазушылар немесе әншілер – олардың өздерінің аты «бренд». Яғни, оларды ғаламтор пайдаланушылар таниды да, сол адамарға жазылып, олардың әлеуметтік желідегі тұлғасын қалыптастырады. Үлкен аудиторияға ие етеді. Ал енді біз секілді қарапайым журналист немесе блогер қалай танымалдыққа қол жеткіземіз? Біз оны әлеуметтік желіде топтар, парақшалар ашуымен шештік. Сол парақшаларда адамдарға қызық болатын, ел оқитын сапалы контентті оқырманддарға ұсындық, сол топтарымызға адамдар жинала бастады. Менің Вконтакте, Instagram және Facebook желісінде «Сіз білмейтін қызықтар» атты тобым бар. Аты айтып тұрғандай ол топта түрлі қызықты ақпараттар, фактілер жарияланып тұрады. Топ адамдарды қызықтырып, оқырмандар, жазылушылар көбейе берді. Танымалдық өз атымызға емес, өзіміз ашқан парақшаға келген болып есептелінеді.
– Әлеуметтік желілерді қай уақыттан бастап белсене пайдалана бастадыңыз?
– «Мінбер» журналисттерді қолдау қоғамдық қоры бар. Сол қор ең алғаш журналистерге жаңа медианы үйрете бастады. Ең қарапайым gmail-де почта ашудан бастап, өзіңнің жеке блогыңды жүргізуге дейін үйретті. Кейіннен сол команданың бір мүшесі болып жұмыс істедім. Түрлі тренингтер ұйымдастырдық, соларға жаңа медиадан сабақ өткіздік. Соңынан блог құрылтайды ұйымдастыруға атсалыстық. Оны да алғаш болып осы «Мінбер» ұйымдастырды. Сол кезде WordPress платформасында жеке блогтарымыз болды. Кейіннен WordPress блогтары түрлі себептерге байланысты жабыла бастады. Қазақстанда ашылмай қалды. Содан блогерлер басқа мүмкіндіктерге қарай ығысты, біреу өзінің жеке сайтын ашты, біреу Twitter-ге, енді біреуі Facebook-қа кетті.
Біз де сол кезде сайт ашып, интернет-журналист болып қызмет атқара бастадық. «Массагеттің» контентін байытуға үлес қосып, 2-3 жыл сонда жұмыс істедік. Кейіннен Вконтакте, инстаграм желісінде топ ашу ойға келіп, соның нәтижесінде «Сіз білмейтін қызықтар» тобы пайда болды. Кейіннен Қазақстанда инстаграм желісі танымалдыққа ие бола бастады. Себебі онда шоу-бизнес өкілдері жүрді. Олармен бірге біз де өз парақшамызды аштық. Қазір жобада Вконтактеде 450 мыңдай, Инстаграмда 150 мыңнан астам, Фейсбукте 70 мыңға жуық жазылушыларымыз бар. Youtube-те онлайн дәрістер жүргізіп жүрген каналымыз болған. Ол жерде он мыңнан астам жазылушылар болған. Ол канал жабылып, қазір соны қайта жандандырсақ деген ой бар. Жалпы алғанда, әлеуметтік желіні белсенді пайдаланып жатқаныма 3-4 жыл болды.
– Әлеуметтік желідегі қазақ контенттеріне, парақшаларына көңіліңіз тола ма?
– Қазір әлеуметтік желіде менікіне ұқсас келетін парақшалар өте көп. Көңілім толатын да, толмайтын да тұстары баршылық. Себебі, ол жерде қазақтың қазақылығын, қазақтың атын, Алаштың абыройын асқақтатып, үнемі соны дәріптеп, насихаттап жүрген топтар да бар. Сосын қазақты масқаралап, оны ұятқа қалдыратын, ұлтымыздың атына кір келтіретін, тіпті, қарауға ұялатын парақшалар да бар. Өкінішке орай, сондай парақшалардың оқырмандары да көп, белсенділігі, яғни лайк пен репосттары өте жоғары. Бұны өкінішті жағдай деп айтуға болады. Онымен күресудің жақсы жолы – өзіміз парақшалар ашып, адамдарға білім беретін, иманды, рухани, тарихи, пайдалы контенттерді ұсынып отыру. Ал жаңғындай нашар парақшаларды жауып тастауға мүмкіндігіміз жоқ. Тек желі администрациясына шағым түсіру арқылы ғана уақытша, 1-2 ай көлеміне ғана бұғаттап тастауға болады. Бірақ, бәрібір түбегейлі жауып тастай алмайсыз.
– Жоғарыда айтып өттіңіз, адамдарға білім беретін каналды қайта іске қосу деп. Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазір қазақ инернетінде орны ойсырап тұрған бір сала ол – ғаламторда жүйелі оқытатын сайт жоқ. Мысалы, ағылшын тілінде ең үлкен, ақылы болса да lynda.com деген сайт бар. Бүкіл бағдарламаларды, қандай жаңа дүние шығады, соны игерудің, үйретудің сабағы сол жақта дайын тұрады. Негізінен ағылшын тілінде, орыс тілінде де өте көп, қытай тілінде де жүйелі, жақсы жолға қойылып, үлкен портал, сайттар жасалынған. Сол жұмыс істеп тұрған сайттың арқасында үлкен командалар күнін көріп отыр деп айтуға болады. Қазақ тілінде де ондай жобалар болды. Бірақ, Photoshop, Corel, Flash, сайт жасау, html-ге байланысты 5-10 сабақ болып барады дағы, ары қарай жүйелі түрде қолға алынып жатқан жоқ. Менің алдағы мақсатым – сондай үлкен бір портал жасау. Оған жүйелі сабақ, дәріс беретін адамдарды қойып, педагогикалық әдіспен жүзеге асыру. Жалпы, қазақ ғаламтор кеңістігіндегі осы саланы дамытсақ деген ой.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Дереккөз: baq.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар