Сонымен мерзімінен бұрын тарап, мерзімінен бұрын өткен Парламентсайлауыныңда ыстық суығы да басылайын деді. Жаңа сайланған парламентарийлер мандаттарын құшып, жаңа орынға жайғасып, алғашқы жиынын өткізіп те үлгерді. Статистикаға сүйенсек, бұл жолғы Мәжілістің құрамы 64 депутатқа жаңарған. Мәселен, «Нұр Отан» партиясы Мәжілістегі құрамын – 51 адамға, «Ақ жол» – 4 адамға, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы – 3 адамға, Қазақстан халқы ассамблеясы атынан ұсынылған депутаттар – 6 адамға жаңарған.
Қазақстан Парламентінің Мәжілісіне сайлау 2007 жылдан бері партиялық тізіммен өткізіліп келе жатқанын ескерсек, саяси партиялардың елдің саяси-әлеуметтік өмірінде алар орны да айшықталып қалар еді. Өкінішке қарай, 2007, 2012 және 2016 жылғы сайлаулардың барлығында саяси партиялардың аса бір белсенділігі байқалмады. Сайлаулар алдын ала ұйымдастырылған сценарий бойынша өтіп жатқанға ұқсайды. Саясаттанушылар Қазақстандағы саяси партияларды билік партиясы, билікті жақтаушы партиялар және оппозициялық деп бөлуге құмар. Ал билікті жақтаушы партиялар өздерін «центристік» көзқарасты ұстанушы ретінде таныстырғанды жақсы көреді.
Қазақстанның саяси аренасында партиялар сайысының көрігін қыздырған кезең – 2001-2004 жылдар болды десек қателесе қоймаймыз. Сол жылдары «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысынан бөлініп шығып, жеке саяси күш ретінде жұмылған жұдырықтай бес тең төрағасымен ерекше есте қалған «Ақ жол» демократиялық партиясы елдің шынайы ықыласына бөленген еді. Елдегі саяси режимді қатаң сынай бастағанымен бұл партия да мүлдем солшыл болды дей алмаймыз. Олардың негізгі ұраны –саяси жүйені билікті үнемі жаңалап отырудың механизмін құру арқылы түбегейлі өзгерту, оның азаматтық қоғаммен үнемі қарым қатынаста болуы, ашықтық және есепберушілік, бәсекеге қабілетті сайлау базасын құру, президенттік басқару жүйесін президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшіру, Парламенттің өкілетін және бақылау құзыретін күшейту, Конституциялық сотты қалпына келтіру, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау. 2004 жылғы сайлауда халықтың басым бөлігі «Ақ жолды» жақтап дауыс бергені мәлім. Алайда, сол сайлау барысындағы партия ішіндегі алауыздық, бес тең төрағаның өзара келісе алмауы – саясат алаңындағы жаңа күш «Ақ жолға» деген сенімсіздікті тудырды. Салдарынан 2007 жылғы Мәжіліс сайлауында «Нұр Отаннан» өзге саяси партиялар барлық сайлаушылардың жеті пайызын иелене алмай, бір партиялы Мәжіліс 2007-2011 жылдар аралығында салтанат құрып, ақыры мерзімінен бұрын тарауға мәжбүр болғаны мәлім. Ал 2011 жылы Мәжіліске қонжиған «Ақ жол» партиясының бұның алдындағы идеологиясынан да, құрушыларынан да, партиялық тезисінен де жұрнақ қалмаған болатын. 2005 жылғы Президент сайлауында Президенттің сенімді өкілі болған, бұған дейін Азаматтық партияны құрған Азат Перуашев 2004 жылғы Мәжіліс сайлауына Аграрлық партиямен одақтасып, АИСТ блогын жасақтайды. Бұл сайлауда партияларға бөлінген он орынның бірін иеленген бұл одақ кейіннен 2006 жылы «Асар» партиясымен бірге «Отан» партиясына қосылып, билік партиясы «Нұр Отан» деген жаңа атауға ие болады. Ал Азат Перуашев «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесіне мүше болып тағайындалады. Осы лауазымда бес жылға жуық тұрақтаған ол, 2011 жылы жұрттың ықыласы суыған, алғаш партия ретінде құрылған концепциясы жүз сексен градусқа бұрылған «Ақ жол» партиясының төрағалығына сайланады. Бұған дейін ұлттық құндылықтар жайында есіне ештеңе түспеген Азат Перуашев «Ақ жолға» төраға болғаннан бері «Алаш» идеясын көлденең тартып, «алашшыл» партиямыз деп жаһаннамға жар салумен келеді. Бірақ, өкінішке қарай, Азат Перуашевтің «Алаш» идеясын бетперде тұтып, электораттың ықыласына бөленуді мақсат тұтқанымен, әрбір сайлау қорытындысында оның бұл мақсатының шынайы еместігі байқалып келеді. Мәселен, 2012 жылғы сайлауда саясаттанушы Амангелді Айталы, жазушы Дулат Исабеков, ақын Серік Тұрғынбекұлы секілді алаштың айтулы азаматтары сайлау тізімін бастап тұрғанына қарамастан, депутаттық мандатқа ие бола алмады. «Сол кезде «Ақ жол» лидерінің шын бет бейнесі көрінді» деп зиялылар біршама реніш білдірді. Көбі партия қатарынан шығып кетті. 2016 жылғы сайлауда да тура сол көрініс қайталанып тұр. Партияның депутаттыққа үміткерлер тізімінде «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы, ақын Қазыбек Иса, алаштанушы ғалым Қайырбек Кемеңгер секілді ұлттық мәселелерді көтеруге ұйытқы болушы азаматтар бұл жолы да депутаттық мандатқа ие бола алмады. Қазыбек Иса бұған байланысты өз ренішін www.qazaquni.kz ( «Ұлтыңды сүйгенің үшін кешірмейтін заман болып тұр!», 24 наурыз, 2016 жыл) сайтында жазды да.
Мәжілістен орын алған үшінші партия – Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы. Серікболсын Әбділдиннің басшылығындағы Қазақстанның коммунистік партиясынан бөлініп шыққан Владислав Косаревтің басқаруындағы бұл партия да өздерінің Президенттің қазіргі курсын жақтайтындығын жасырмай айтумен келеді. Бір қызығы әрбір президент сайлауында осы партия атынан тіркелетін үміткердің болашақта депутат атануы заңдылыққа айналды. Ешкімге аты мәлім болмаған Жамбыл Ахметбеков пен Тұрғын Сыздықовтың атын президенттікке үміткерлік шығарды. Сосын оп-оңай депутат атанып шыға келді. Шын мәнісінде депутаттық немесе қайраткерлік халықтың шынайы ықыласына бөленген соң келуі тиіс қой. Ал біздің депутаттарды былайғы жұрт танымайды да, ал олар оп-оңай депутаттық мандатқа ие бола салады.
Жалпы партиялардың саяси белсенділігінің төмендігі неден? Неге сайлауға екі ай қалғанда ғана олардың үні шығады. Басқа жыл он екі ай інде бұғып жатады. Мәселен, өздерін қазіргі саясатқа оппозициямыз дейтін Жалпыұлттық социал демократиялық партияның да, Патриоттармен бірлесіп «Ауыл» патриоттық демократиялық партиясы деп құбылған «Ауыл» партиясы да былайғы жұрттың көңілінен өшіп кеткелі қашан. Жалпы, осы сайлауға қатысқан 6 партияның ішінде «Ауыл» партиясының көпшіліктің көңілінен шығуына бек мүмкіндігі болды. Өйткені, ауыл – қазақтың жаны, негізгі ұстыны. Бүгінгі ауылдың мүшкіл халі егер «Ауыл» партиясының саяси жарғысында жақсылап көрініс тауып, жарнамасы жақсы жүргізілгенінде Мәжілістен орын алуы да ғажап емес еді. Бірақ неге екенін бұрынғы «нұротандық» депутат Әли Бектаев басқарған бұл партияның да жүрісі мандымады.
Ел тіпті «Азат» деген саяси брендін иеленген партия барынан мүлдем бейхабар. Өйткені олар кез келген сайлауды елемейді, көзге ілмейді. Өздерінің бар екенінен хабар беріп тұрғанды да қойған. Кезінде бүкіл халықты дүр сілкіндірген, аттарынан ат үркетін серкелерінің қайда жүргенінен де жұрт бейхабар. Сөйтіп елдегі аты бар, заты жоқ саяси партиялардың күні батуға жақын. Қазақстанға саяси модернизация жасаудың күні туған секілді. Партиялар келесі сайлаудан дәмелі болса бүгіннен бастап, сайлау қамына кірісу қажеттігін түсінетін кез жетті деп ойлаймын.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ
“Түркістан” газеті
Парақшамызға жазылыңыз
Кеше орақен орып, балғамен ұрып қазақты қойдай қырған коммунистерді не үшін депутаттыққа сайлағамыз!