Тумысынан тентек, тура мінезді Шәкір Әбенов 1938–1939 жылдары Жамбылдың әдеби хатшысы болады. Екі ақын да ара-арасында жиі сөзге келіп қала береді екен. Шәкірдің мұнысын шам көрген бәзбіреулер оны Жамбыл ақсақалға жамандай беріпті. Ақыры олар Шәкірге қол тигізіп, соңына «үндеместі» салады. Мұны білген Шәкір Бішкекке кетеді. Араға уақыт салып Алматыға қайта оралғанда да дамыл болмайды. Мұнда да тыныштық болмағасын Шәкір ақын ауылға кетеді. Ақыры сол қуғыннан құтылмай түрмеге қамалады. Соғыс басталғанда түрмеден «айып батальонына» сұранып, майданға барып, жараланып қайтады. Онда да колхоздың бастықтарын сынап, оларға жақпай жүреді. Сол кезде Жамбыл қайтыс болды дегенді естіп, біреулер өлең шығар деп қолқа салады. Ішінде қыжылы бар Шәкір: «Әй, мені қинамаңдар. Қыжылым бар. Сендерге жақпайды, ал өтірік көлгірси алмаймын», – десе қоймапты. Сонда Шәкір: Өлеңді мен айтпаймын кекесіннен, Айтамын бірер сөздің есесінен. Отыз жыл Сталин деп бақылдаған, Айрылды Қазақстан текесінен, – деген екен. Мұндай сөз жата ма, араға біраз уақыт өткен соң соңына қудалау түседі. Содан тағы да он жылға сотталып кете барады. Біздіңше, бұл Жамбылды мұқату емес, оның өзімен сөзбен ұстасып үйренген ақынның сөзі деп түсінген жөн. Екінші, сол сөзі үшін жазасын алған, «құны өтелген» шумақ болса керек. Ондай мінез, Жәкеңнің өзінде де болған ғой. Біз тек сөздің атасы өлмесін деп келтіріп отырмыз.
дерек көзі
www. bmtv.kz