Таңертең сағат 11.00-де үйден қозғалған мен 11.15-те Төле би және Байзақов көшелерінің қиылысында болдым. Ол жерде он-он бес минут аялдап, әрі қарай Бөгенбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысына жеттім. Бас-аяғы онбес минут. Менің қай жағымнан өтіп кеткенін білмеймін осы уақыт аралығында атыс болып үлгеріпті. Экстремистер әлде террористер (бүлікшілерді қалай атарымды білмей отырмын) үш полицей мен бір бейбіт тұрғынды атып өлтірген. Қалған 7 полицей ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жөнелтілген. Ай мен күннің аманында бейбіт елді қанға бөктірген кім? Не зор келді? Қайдан келді? Неге осындай бүлікшілердің алдында маңдайымыз тасқа соғыла береді. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана Ақтөбе соғылған санымыз, Алматыда қалай оның алдын ала алмадық?! Қазақ болған марқұмдардың (Алла есіркесін!) обал-сұбабы кімге? Бейқам билікке ме? Қаныпезер жандайшапқа ма?

Әзірге қолымыздағы бар нақты деректер бойынша, шабуылдағандардың бірі жараланып, қолға түскен. Олардың саны аз, бірақ нақты дерегі әлі жоқ. Атыс-шабыс қаланың тек үш жерінде болды: Алмалы АІІД (Никольск базарының маңы), ҰҚК (Абай-Байзақов) және ескі алаңда. Сонымен бірге, Алматы – 1 темір жол вокзалында және City Center сауда орталығында бомба қойылды деген ақпарат теріске шығарылды. Жиырма бес жылдан астам уақыт өмір сүргенімде Алматы дәл бүгінгідей үрей құшағына енбеген еді. Әлемде ең тыныш қала қайда десе, ойланбай-ақ Алматы дер едім, әлемдегі ең бейбіт қала қайда десе, ойланбай-ақ, Алматы дер едім. Бүгін сол бейбіт, жұмақ қала Алматыны таңертеңнен үрей тербетті. Өзіңнің туған қалаңда үрейден дірілдеп, аяғыңды басудан қорқып, үйіңе жеткенше, алаңдаудан өткен қорлық жоқ екен. Дәл сен жүріп өткен көшеде, қиылыста, сен тоқтап тұрған алаңда кісі өлімі болып жатыр немесе болып өткен, немесе болады… Қандай қорқыныш. Бәрінен бұрын осы зор өзгеден емес қаны бір қандасыңнан, діні бір қарындасыңнан келіп жатыр. Ұсталғандардың бәрі, кеше Ақтөбеде қару алып, халыққа оқ атқандардың бәрі қазақтың өрімдей жастары. Қазаққа зауал қазақтан келеді дегенді ойлаудың өзі қиын екен.

Дәл бүгін халықты үрейден, жалған ақпараттан сақтандырып, нақты ақпараттар беріп жатуға тиіс телеарналардың профилактикаға жабылып қалғанын қараңызшы! Осындай төтенше жағдайлар болып жатқанда, профилактиканы бір күнге шегеруге болмас па екен!!! Жұрт қаңқуға, уатсаптан келген жалған ақпаратқа сенбей қайтеді. Осыдан кейін паника басталады ғой. Мен түс әлетінде 13.00-13.30 аралығында Төле би Абылай хан көшелері қиылысы жанынан өттім. Полиция Төле би көшесінің Абылай хан мен Әйтеке би аралығын жауып тастапты, көлік жүргізбейді. Алыстан көзімізге әлденелердің жатқаны, әлденеге соғылған көліктің қарасы байқалады. Жақындап барудың өзі қорқыныш. Алыстан орағытып өттік.

Сөйтіп жалғыз күнде Алматыда терроризм қаупінің қызыл деңгейі белгіленіп, Алматы қауіпті қалаға айналып шыға келді. Барлық ресми орындар жабылды, дүкендер мен супермаркеттерге қара құлып салынды. Бұл жағдай қаншаға дейін созылары белгісіз!!!

Алла адасқандардан сақтасын!!! Кемедегінің жаны бір, тілеуі бір… Аман болайық, ағайын!

https://www.youtube.com/watch?v=Zj4zOdQr2Mc

Мінбер-ақпарат

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Осы ой маған да маза бермейді, апай…неге қазақтың жастары қазақтың еліне оқ атады?..

  2. Алыста, Астана отырсақ та, Алматыны билеген үрей бізді ді биледі. Ел іші тыныш болса екен…

  3. Alla tagala elimizde bulik sigarip urey salgandardi ondirmasin. Otanimizga tinistiq pen bereke bersin!

  4. Аллаға аманат.Алла сақтасын.Шынымен де…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар