«Баспа бас қызға бермес жануарым»,– Ақан Сері
(Баллада)
Ат еді Қара жорға күлік қара,
Жүретін салтанатқа мініп қана.
Жанына барғаныңда кеудеңді иіскеп,
Сүйетін жанарымен тұнық қара.
Кететін кербезденіп жарағанда,
Жібектей майда жалы тарағанда.
Сымбаты қыздай сұлу көрінетін,
Көз салып көлденеңнен қарағанға.
Жүрісі, тұрысы да ертек еді,
Тегіне тартып туған елсек еді,
«Тойота камридай» былқылдаған,
Үсті жел, мінсіз мінез, елпек еді.
Мұнтаздай таза жерге байланғанды,
Қыс болса құс көтеріп, сайран салды.
Былқ етпей бала-шаға мініп-түссе,
Құтына ауылының айналғанды.
Атағы ауылды асып, аймақты алған,
Қызылға құмар қылған дүние жалған.
Бәйгісін Қара жорға қағып кетіп,
Шайналып талайлардан бармақ қалған.
Дәригүл қысы-жазы баптаушы еді,
Жусатпай жануарды жатпаушы еді.
Қасына қырық келмей айналсоқтап,
Бойына ішкен асы батпаушы еді.
Ат та бір адамзаттың балапаны,
Қуантқан тілеуқорын, бар атаны.
Адам мен жануарды бір-біріне,
Бауыр қып, өстіп-тағы жаратады.
Дәригүл сырқаттанып, жатып қалып,
Қара ат та қайғырғанды қатты налып.
Баққандай осы сәтті баукеспелер,
Жорғаны жөнелгенді артып алып.
Із тозсыз Қара жорға жоғалғанды,
Ұрлықпен көргеміз жоқ оңалғанды.
Ел болып іздесе де Қара жорға,
Байланған қазығына оралмады…
Қапаста қамап оны ұстағаныды,
Көрсетпей күннің нұрын мықтағанды.
Жанына батқан еді бәрінен де,
Жемменен күні-түні қыстағаны.
Жұп-жұмыр тостағандай қара тұяқ,
Жарбайып бара жатты құт табаны.
Қарайып бауыр еті күйген еді,
Шіркін-ай, қайда қалды сүйген елі.
Шүйгін жеп, тұнық ішкен жануар-ай,
Қорланып, жегенінен жиренеді.
Арланып, қара көзден жас моншақтап,
Қоңданбай қу тулақтай күйге енеді.
Байлаулы баста ноқта, кісендеулі,
Ақыры азапқа да үйренеді.
Алты ай бордақылап байланған соң,
Жыра сап, жардай болып күйленеді.
Бір күні Балпық бидің базарына,
Әкелді, кім кезігер ажалына?
Төрт елі қазылы деп кердең басқан,
Түсті ол қасапшылар назарына.
Бағасы Қара жорға удай еді,
Жібек жал қурап қалған тудай еді,
Тұрса да еті сыймай терісіне,
Жанары солып қалған судай еді.
Жақындап қара ат қа келді біреу,
Сыртынан байқалады белді біреу.
Жымыңдап қасапшы тұр арт жақында,
Менің бұл жұмысым деп ендігі іреу.
Құнына қалтадағы барын салып,
Түйедей тұрпатына көңіл қанып.
Асына әкесінің соймақ болып,
Әлгі адам қан базардан шықты алып.
Асфальтқа шалп-шалп тиіп май табаны,
Жалы да күлтеленіп жайқалады.
Шыққан соң оңашаға Қара жорға,
Құлпырып, жетегінде тайпалады.
Алушы тұлпар мінген ол да кеше,
Тоқтатып тамсанады жолға неше,
Ат құмар, көргендінің баласы еді,
Қоятын асын жерге жорға десе.
Қысылып, дүниеге сия алмады,
Ескіні, бүгінгіні қиялдады.
Есіне Ескелдінің еліне аян,
Түскені Қара жорға қияндағы…
«Бүркітбай», сенбісің?» деп хабар берді…
Жетті ол да қан сорпа қып қарагерді.
Көргенде Бүркітбайды Қара жорға,
Арқырап таң қалдырды тамам елді…
Үстінен су төгілмес қара жорға,
«Теректі» ауылына барған зорға.
Тебіндеп, Текеліні бетке алғанда,
Жануар секіреді жолдан жолға.
Елітіп жүрісіне дәл бір күйдің,
Түндігі желкілдеді әр бір үйдің.
Жануар үңіледі әр бір жанға,
Қарасы көрінер деп Дәригүлдің.
Мына жер әлде сары, әлде күлгін,
Жарықты көрмеп еді қаншама күн.
Өткенде Қара бұлақ, Ешкі өлместен,
Ескендей естіледі аңсаған үн.
Тұра ма, тұлпарларын тау сағынбай,
Тұлпар да келе жатыр аңсап ұлдай.
Самалы Текелінің аңқылдаған,
Сылайды Даригүлдің саусағындай
Жеңгенде жер майысып кемел ақыл,
Ұшқан құс сүйіншілеп жөнеді асыр.
Кемпірлер шылауышын сүйрей ұшты,
Дегенде Қара жорға келе жатыр.
Жолынан тосып алып, есік ашты,
Арындап Қара жорға алшаң басты.
Ұшықтап, ақтық байлап, а құдайлап,
Әр бір үй қонақ етіп, шашу шашты.
Бараны Қара жорға көрінгенде,
Сүріне-қабына үйден атып шығып,
Дәригүл аңыратты-ай көзден жасты.
Бараны Қара жорға көрінгенде…
15.10.2016ж
Парақшамызға жазылыңыз
“Алыспенен жақынды жортқан білер…”, арғымақтың қадірін “құлагер”жырдың иесі Бақытбек құда білер. Шабытыңыз шарықтай берсін!
Құтты болсын!
Алла разы болсын, Бақытбек! КЕРЕМЕТ! Әкемнің бәйге аттарын анам баптаушы еді… Иесін, туған жерін аңсап жылаған жылқы баласын көзіммен көріп өсіп едім. Көңіл босамай оқу мүмкін болмады… Құтты болсын! Жазар көбейсін!
Тамаша жазған баллада қаламың бұдан да тамаша өлең дастан жазыуга нәсіп етсін
Керемет.Көзге жас үйірілтіңіз ғой.
Бәке, жазар көп болсын! Қаламың мұқалмасын!
Керемет. Ер қанаты тұлпардың асыл қасиетін ардақтаған ата бабаңтыңаруағы разыболсын
Пай-пай-пай!!! Не деген керемет көрініс?! Көңілім толқып, көзіме жас келіп,тебіреніп отырмын,Аға!
Ага керемет жазыпсыз окыган кезде тура бір кино көріп отырғандай козге елестетіп жібердіниз
Шабыттана бериниз шыгармашылык табыс тилеймин. Оте керемет.