///

Ұлы көш: Адам баласында болатын сана мен түйсік бізді алдамаған екен

2476 рет қаралды

Бұл дүниеде қазақ деген ұлттың бір ғана Отаны бар, ол – Тәуелсіз қазақ елі Қазақстанымыз. Нобель сыйлығының иегері неміс ғалымы Макс Планк «Ғаламды ҰЛЫ САНА билейді. Күллі әлем оның көзге ілікбес қуатымен өзара байланысып тұр» – деп жаңа дүниетаным басталатынын атап көрсеткен екен. Ғалым айтқан ҰЛЫ САНАНЫҢ ұшқыны монғол елінде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының санасына сонау 90 – жылдардың басында өз сәулесін шашқан еді.

1232132132 Бұлай деп айтуымызға 1991 – жаңа жыл шыға Моңғолияда халықтық демократиялық күштер жаңа серпінмен жұмыс бастады. Бұрынғы революцияшыл халық партиясының серкелері бұқара халықтың қолдауымен тарих сахнасына шыққан жас демократияшыл күштер талаптарына түсіністік танытып биліктен бас тартуға ниетті екендерін ашық білдірді. Жаңа қоғам құру бастамасы әділ де ашық сайлауға жол ашып берді. Осылай басталған тарихи өзгерістер ол елдегі қазақ диаспорасының атажұртқа ат басын бұруына мүмкіндік берді. Сол кездегі Моңғолия үкіметінің сыртқы істер министірі Содном деген адамның қолдауымен жергілікті қазақтарға Қазақ еліне жұмыс күші ретінде баруға болатыны туралы әңгіме ел арасына тарай бастады. Екі елдің Сыртқы істер және Еңбек министерліктері жұмыс күшін алмасу туралы келісімге келеді. Атамекенге аңсары ауған қазақтардың арман тілегі орындалар сәтті күн осы келісімнен кейін басталып кеткен болатын. Қазақ халқының ұзыннан ұзақ тарихында қаншама қаралы, жаралы көшулер мен босулар болғанын ұлтының өткені мен болашағына бейжай қарамайтын қандастарымыз жақсы біледі.

migratsiya

Осылайша 1991 жылы «саналы түрде басталған» көштің бұйдасын ұстау Моңғолияда тұрып жатқан қазақтардың пешенесіне бұйырған еді. Бұрын соңды болған басқа көшулерден орыны ерекше «Ұлы көш» осылайша басталған болатын. Саналы түрде басталған деп сеніммен айтуға бірнеге себептерді атап көрсетуге болады. Біріншіден, ол кезде Қазақ КСР-і деп аталған еліміз әлі Кеңес одағының құрсауында болатын, алайда Моңғолиядағы қазақтарға бұл жағдай еш кедергі болмады, себебі олардың санасында сарғая күткен, атажұртқа жетсем деген асқақ аңсары болды. Екіншіден, Жер шарының әр түпкірінде тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылып кеткен қандастардың бір ғана Отаны бар, ол – Қазақ елі. Басқа елдің сұлтаны болғанша, өз елінің ұлтаны болғанын ар санамаған қазақтар ұрпақ болашағы жолында алда қандай қиындықтар болса да төзуге дайын екендеріне ішкі түйсіктерімен сенімді болды. Үшіншіден, бүгінге дейін моңғол қазақтары деген жанама атпен аталып келген қазақ диаспорасының мекен қонысы есте жоқ ескі заманда Сақтардан қалған сары жұрт екенін, өз заманында әлемге Көк түріктер немесе Шығыс Түрік мемлекетінің, бағзы замандағы Ұлы Ғұн империясының ата мекені болса да біздерге жат жұрттың құрамында қалған атажұрттың бір пұшпағында болғаннан қазақтың қара шаңырағы Қазақ елінде өмір сүру әлдеқашан маңызды еді. Төртіншіден, бүгінгі заман талабымен ойлап қарасақ, біртұтас қазақ халқының құрамында болып ортақ Отанымыздың өсіп өркендеуіне хал қадырымызша үлес қосу, қара шаңырақтың бір уығы болып көтерісу, қазақтың санын бір адамға болса да көбейту арман мүдделерден туындаған еді. Енді артқа сәл шегініс жасап, осыдан 25 жыл бұрын басталған көштің өткен тарихына көз салып қарасақ «Ұлы көш» басталған кездегі қандастардың көңіл-күйі, іс-әрекеттері кинодағы оқиғалардан да керемет әсерге бөлейді. Себебі бұл кино емес нағыз шынайы өмірдегі қазақ халқының бір бөлшегінің 200 жылға жуық моңғолдармен бірге өмір сүрген бірнеше ұрпақ ата-бабамыздың басы қалған қоныс жұртымызды тастап көшу оңай болмады. Замандас құрдастарым Павлодар облысының Зария елді мекенінде өмір сүріп жатқан Тілейхан мен Алматы қаласының іргесіндегі Байбесікте тұрақты қоныс тепкен Келерхан екеуі сол кездегі оқиғаны былай деп еске алады. «Қазақта қонар қонысы, тұрақтар мекенін алдын-ала көріп келетін «қоныс шалу» деген жол бар емес пе? Біз де 91-жылы ерте көктемде бірыңғай жастар 91 адам Қазақстанға ат басын тіредік. Талдықорған облысының Сарыөзек станциясында бізді аудан өкілдері қарсы алды. Аз-кем тынығып дем алғаннан кейін малшы қыстақтарына сақыманшы көмекшілікке жіберді. Әне-міне дегенше екі ай уақыт сырғып өте шықты. Мамыр айының аяғында жалақымызды алып «Еңбек шартына» отырып жанұямызды көшіріп әкелуге кері қайтқан едік. Байөлке аймағының Бұлғын өлкесінен үлкендердің ақыл-кеңесі жол сілтеуімен жеті отау көшті бастадық. Артта қалған ағайын-туыс, ауылдастарға «Айырылыспағымызды» беріп, үлкендер ақсарбасын шалып, ақсақалдардың ақ батасын алып 1991 жылы мамыр айының соңында киіз үйлеріміз бен дүние мүлкімізді артқан Зил 130 жүк көлігі Ұланбатырға тура тартты. «Бұлғындық алғашқы қарлығаштар» атанған жеті отау жанұямыз бен екі-үш жеңіл көлікке жайғасып жолға шықтық. Ауылдастар бес-алты шақырым жерден «көш байсалды болсын» айтып шығарып салды, ал туыстарымыз сексен-тоқсан шақырымға дейін еріп келіп ақ жол болсын айтысып, сәт-сапар тілеп қимастықпен көздеріне жас алып, қош айтысып қала берді. Үш жүз шақырым жолды артқа тастап аймақ орталығына келдік. Одан әрі ұшаққа отырып ел астанасы Ұланбатырға жетіп, Пекин – Мәскеу халықаралық жолаушылар поезі арқылы Новосібірден, Қазақстанға баратын поезге ауысып отырдық. Үй мүлкімізді жүк воганына тиеп жіберген болатынбыз. Осылайша бір апталық жолды артқа тастап бұрынғы Талдықорған облысына қарасты Үшарал станциясынан аңсап келген «Атажұрттың» топырағын сүйіп тұрып ағайынмен қауышып, мәрә-сәре күйге түстік. Аллаға мың мәрте шүкірлік еттік. Алғашында біздің бұл келуімізді басқаша түсінген жерілікті ағайындар бір аптадай кешігіп келген жүгімізді қабылдап алып, алты қанат ақшаңқан киіз үйлерімізді ауыл сыртындағы қайнар бұлақтың қос қапталына бар сән-салтанатымен қаз қатар құрып, түтінімізді түтете бастағанда, атажұртты аңсап келген нағыз қазақтар екенімізге көздері жетіп ұлтымыздың дәстүрі бойынша шашу шашып, көрімдіктерін атап, ата-баба жолымен ақ дастархан жайып ерулікке шақырысты. Байөлке этникалық қазақтардың ұлттық аймағы саналғанымен Моңғолияның астанасынан бастап өндірістік қалалары мен басқа да аймақтарында еңбек етіп жүрген қандастарымыз жаппай көше бастады. 1991 жылдың 16 желтоқсанында жер жүзіндегі барша қазақтың арман тілегі болған «Тәуелсіздік» таңы арайлап атты. Енді ойлап отырсақ, адам баласында болатын сана мен түйсік бізді алдамаған екен. Тірі жүрсек бір төбеде, өлсек бір шұңқырда боламыз деп келген біздер ел тәуелсіздігін атажұртта ағайынмен бірге қарсы алып, ыстығына күйіп, суығына бірге тоңып келеміз. Атажұртты аңсап келген алғашқы көш басталғанда топ ортада жүрген, журналист досым Бекен Қайратұлының атамекенге атбасын бұрған ағайынның жан сырын тап басып тебіренген өлеңінен үзінді келтіре кетейін. «Неге келдің дейсің бе?» Алтын Ордам көрейінші деп келдім, Қолым ұшын берейінші деп келдім. Шетте тудым, шетте өстім ағайын, Дәл ортаңда болайыншы деп келдім. Атамекен, нұр алайын деп келдім, Шертіп бір күй уанайын деп келдім. Сен жыласаң жоқтау айтып тоқтаусыз, Сен қуансаң қуанайын деп келдім… Артта қалған ширек ғасырда ел халқымызға не бердік деген заңды сұраққа былай деп жауап берген болар едік. Елге ел қосылса құт деген сөздің растығына көзіміз жетіп отыр. Әлемнің әр түпкірінен атажұртын аңсап келген қандастар есебінен тәуелсіз елімізге 264 мың отбасы қосылып, халқымыздың саны 1 миллионға көбейді. Кеңес билігі кезінде 30 пайызға жетер жетпес пұшайман күйде болып, өз жерімізде азшылыққа ұшыраған кер заман келмеске кетті. Жергілікті автохонды халық қазақтардың үлесі 65 пайыздан асқаны тәуелсіздіктің жемісі, жер иесі қазақтардың жан саны өз елінде басымдыққа ие болдық, жарқын болашақта ұлт мерейінің үстемдік ала берерінің айқын көрінісі.

1390370745_fd60ad8640ee08ef74b7811a87343143Біздің балаларымыз қазақ тілінде білім алып келгендіктен қазақ мектептерін немесе қазақ сыныптарын ашқызу мәселесін төтесінен қоюға тура келді. Орынды қойылған талап-тілекке билік түсіністік танытып мәселені дұрыс шешкендіктен орыс мектептері қабырғасында қазақ сыныптары ашыла бастады. Бұл бастама жер-жерде жергілікті ағайындар тарапынан қызу қолдау тапқандықтан, ана тілінде білім алғысы келетін ұрпақ саны біртіндеп арта түсті. Тек орта білім беру саласында ғана емес жоғарғы оқу орындарында да қазақ тілінде маман даярлайтын факультеттер ашылуына да мысқалдай болса да себепкер болдық. Шеттен келген ақын-жазушылардың атажұртта кітаптары жарық көріп, газет-журналдарда түрлі тақырыпқа қалам тартқан мақалалары, өлең жырлары баспасөзде көптеп жариялана бастады. Осылайша рухани саладан бастап қоғамның барлық дерлік саласында қандастар өнімді жұмыс жасап жүргеніне ешкім күмән келтірмес деп ойлаймын. Бастапқы кезде еңбекке шыдамды барлық адамдар мал шаруашылығына жұмысқа тартылса, кейіннен ғылымның әр саласында алған мамандықтары бойынша еңбек етіп қоғам мен мемлекеттің алға жылжуына белгілі дәрежеде өз үлестерін қосып келеді. Әсіресе, жас ұрпақ өздерінің атажұртында әртүрлі мамандық бойынша жоғары және арнайы орта маман иелері атанып қоғам өмірінің барлық саласында өнімді қызмет атқарып жүргендері қаншама. Алғашында «Еңбек шартымен» деген атты жамылып басталған көш нағыз ақжолтай көшке ұласты. %d0%ba%d3%a9%d1%88%d1%96-%d0%ba%d0%be%d0%bdТәуелсіз еліміздің тұңғыш президенті ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасы негізінде1992 жылы 3 шілдеде ел үкіметінің қауылысымен өзінің тарихи Отанына қайтып келуге тілек білдірген шетелдердегі қандастарды атажұртқа біржолата көшіріп алу туралы мәселелерді нақты шешу үшін жұмыс тобы құрылады. Елбасының ұйытқы болуымен 1992 жылы қыркүйекте Дүниежүзі Қазақтарының тұңғыш құрылтайы Алматы қаласында өтеді. Міне, осы тарихи басқосуда «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген баяндамасын Елбасы «Қадірменді қауым! Алыстан келген ағайын! Ардақты Отандастар! Бүгінгі күн – ерекше күн. Орта толды, өшкеніміз жанды»- деген жүрек тебірентер сөздермен бастап тұрып, «Ұлы даланың айдарынан жел есіп, байрағы талай желбіреп, азат мемлекет болғаны да белгілі» – деген сөздері өткен тарихымызға қаратып айтылған ақиқаттың бір парасы еді. 1991 жылдың әз Науырызында басталған ақжолтай көш бір жылдан кейін «Ұлы көшке» ұласып дүниенің әр түкпірінде екі көздері төрт болып, атажұртына аңсары ауып, сәтті күнді сағынышпен күтуде жүрген қандастарымыз үкіметтің қол ұшын созуының нәтижесінде көліктің барлық дерлік түрін пайдаланып елге ат басын бұрды. Айтар ойымды түйіндей келе, ХХ ғасырдың соңын ала басталған көш нағыз «Ақжолтай көш, Байсалды көш, Көлікті көш, ел мерейін өсірген Мерейлі көш, елдіктің еңсесін тіктеген Тарихи көш» болды десек артық айтқандық болмас. Иә, алдағы ұзақ сапар, ұлы жолда ұлтымыздың ұйтқысы бұзылмай, елдігіміз еңселі, бірілігіміз бекем ата-бабаларымыз аманаттап кеткен ұланғайыр жеріміздің бір сүйемін де жат жұрттықтарға жем қылмай «Ұлы Дала» елі атану арманымыз орындалып, мемлекетіміздің шаңырағы биік іргесі бекем болуына қызмет ету бүгінгі біздер мен болашақ ұрпақтың мойынындағы мәңгілікке жазылған абыройлы борыш екенін естен бір сәтке де шығармайық. Еркіншілік орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Маутай

Бейбітхан. Ақмола облысы Ерейментау ауданы

www.qamshy.kz
http://qamshy.kz/home/show/13079

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар