///

Шыңғыс ханның Жамуқаны жазалауы

2030 рет қаралды
2

(«Құпия шежіре» баяны бойынша)

Бақытбек Бәмішұлы

Жарты әлемді жалпағынан билеп, дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс ханның түркі текті ру-ұлыстардың басын қосып, бір тудың астына жинап, біріктіруге ұмтылған жолындағы ең басты қарсыластарының бірі әрі тонның ішкі бауындай жастайынан жарасқан, етене ең жақын андасы Жамуқа еді. Жамуқа мен Темүжіннің (Шыңғыс ханның) түп атасы Боданшар ғой. Алайда Жамуқа Боданшарға тигенде екі қабат келген алғыншақ әйелінен туған атадан тарайды. Сондықтан олардың тұқым-жұрағаты түбі жат, бөтен адамның балалары болғандықтан «жад» (жат) аталып, содан Жадаран руы аталыпты дейді көне шежіре.

1359280661_434_22edd9ac2a2e6ae7f9a7244b625823901204 жыл. Көшпенділердің жыл қайыруы бойынша тышқан жылы. Шыңғыс хан Алтай, Қаңғай, Кентай тауларының қойнау, қолаттары мен сол мұзарт шыңды, сеңгір таулардан бастау алатын Қобда, Тамыр, Орқон, Селеңгі, Онон, Тула, Керлің атты керемет көрікті жеті өзен бойын мекендеген, Ұлы Ғоби шөліне дейінгі ұланғайыр даладағы ең қуатты ұлыстар Найман хандығы мен Керей хандығын тұтастай талқандап, бір шаңырақ, бір тудың астына біріктірді. Бірақ та қарауындағы қамұқ жұртын талаттырып, өзі найман хандығына барып паналаған гүр хан Жамуқадан хабар жоқ еді. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын андасы Жамуқа бірде жақтасып, тізе қосып жауына қарсы күш біріктіріп жанынан табылса, бірде жоқ нәрседен сылтау тауып, жандалдасып бөлініп кететін. Жамуқаны түптің түбінде не ойлағанына жету де қиын еді. Өйткені ол әскери өнерге өте жеттік, аса айлакер, ер жүрек қолбасшы, жүрсе ізі білінбес жылан, құрық баспайтын, құйрығын да ұстатпайтын қу болатын. Шыңғыс ханның ендігі көкейін тескен жалғыз мақсаты жапанның жалғыз арланы Жамуқамен жауаптасу еді. Ал Жамуқа болса жеке шайқаста Шыңғыс ханға әлінің жетпейтінін ат жалын тартып мінген, ақыл-есі кірген күннен жақсы білетін. Тетелес ер жетіп, ел ағасы болып, бір тайпа елді он үш, он үш рудан тең бөліп алса да жеме-жемге келген теке тіресте Шыңғыс ханды жеңе алмайтынына көзі талай мәрте жеткен. Сондықтан Жамуқа Керей хандығы мен Найман хандығының ішіне Шыңғыс ханнан жәбір көрген, ел-жерінен қуылған азапқор ретінде тереңдей еніп, сеніміне кіретін де шын мәнінде Шыңғыс ханға қолқабыс көрсетіп, астыртын болысып отыратын. Ондағы мақсат екі хандықты Шыңғыс хан арқылы басып, оның күші әлсіреген тұста тың қолмен келіп, тұтқиылдан тиіп, тарпа бас салып бүкіл үстірт елін дара билеу еді. Жамуқа осы оңтайлы сәтті ыстыққа күйіп, суыққа тоңып, қан кешулер кеше жүріп ұзақ күткен-ді. Сол күннің келетініне де кәміл сенген-ді. Алайда тағдыр жолы сенің ойлағаныңдай бола берсін бе, өмір тегершігі теріс айналып жүре берді. Таян хан мен Шыңғыс ханның соғысында, асыға күткен ең ақырғы шешуші сәтте,  сәтсіздікке ұшырап танауы тасқа тиген Жамуқа Тағна тауына қашып шығып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Тағна тауы – Қанғай тауымен жалғасып, қатарлас жатқан орман-тоғайлы, нулы да сулы, аң-құсы мол өлке. Осы көрікті мекеннің көк тіреген көк шыңдарының бірінен кер балақ, кереге мүйіз кер құлжаны атып алып қанды көйлек бес нөкерімен қақтап жеп отырған да Жамуқа:

434_b18efd04c91cbc3179e40f586ac80423_0
Шыңғысханның Ұланбатырдағы ескерткіші

– «Кімнің ұғұлдары осы күні құлжа өлтіріп, өстіп жеді екен»,– дейді. Жамуқаның жұмбақтай айтқан әлгі сөзінің мәніне нөкерлерінің еш қайсысы зер салмастан сол жерде оны бас салып ұстайды да Шыңғыс хан ордасына алып келеді. Жамуқа келді дегенін естіген Шыңғыс хан андасын көруге асыға ұмтылады. Байлаулы, матаулы Жамуқаны көргенде Шыңғыс хан қатты қаһарланып, таңған арқан-жібін қидырып, оны деру босаттырып:

– Андам-ай, амансың ба? Мынау неткені?! Ханын байлауға қалай қолдары батты екен?! – деп аңырап келіп Жамуқаны қапсыра құшақтап, қатты қысып, бауырына басып, біраз тұрады. Сәлден соң Жамуқа Шыңғыс ханның екі бұғанасына алақанын тең салып шегіндіре итеріп тұрып, қабағын қарыс түйіп, ішін удай күйдіріп бара жатқан намыстың ащы жасына толған мұңлы жанарын Шыңғыс ханның көзіне тіке қадап сөйлейді.

–  «Қара қарға қарала үйректі ұстайтын болды. Қарашы құл хан иесіне қол тигізетін болды…  Хан ием, бұл қалай?!». – Шыңғыс хан сонда селт етіп, басын қақшаң еткізіп, шалт қимылдап, екі аттап ілгері шығып тоқтады. Осыдан біраз бұрын керейдің Тұғұрұл ханының хас батыры Қадақ баһадүр қоршауда қалған ханын қорғап үш күн, үш түн соғысып, алдына келгенде, «Өз қолымызбен ханымызды қалай көзімізше ұстатып, қайтіп өлтіртеміз деп өлгенімізше алыстық. Төзіп, тырмыстық. Қара тұяқтан қал кеткенде «жаныңды қорғап кеткей» деп, ханымызды оқшау шығарғанша күрестік, біз. Енді өлтірсең, өлейік. Шыңғыс хан жарылқаса, күшімізді біріктірейік» деп тарығып-талықсып, түсіп берген-ді. Шыңғыс хан «Өз иесін ақырғы суы сарқылғанша, ақырғы дәні таусылғанша тырысып, қорғап, жаныңды сақтап кеткей деп қоршаудан аман-есен шығарып, шайқасқан ер, нағыз ер ғой, ол басқадардан артық қой. Нөкерлесуге болатын кісі екен» деп жарылқаған-ды. Ал өз иесін өз қолымен өлімге байлап әкеліп тұрған мына пенделерге не істеуге, қандай жаза бұйыруға болады? Шыңыс хан түлкіге түсер қырандай шүңірейіп, оң қолын алға соза көтеріп, сұқ саусағымен көрсете:

– Өз ханына жақсылық қылмаған адам, өзгенің жанын жарылқай ма? Ондай жан басқаға  қандай жырғау әкелмек?! Мұндай пенделермен қалай нөкерлесуге болады?! Жойыңдар!– деп бұйырды. Сонан соң Шыңғыс хан далаға, көк майса үстіне дастарқан жайдырып, Жамуқа екеуі ас-су ішіп, ұзақ әңгімелесіп отырды.

– Анда,– деді Шыңғыс хан,– көрінбесең де, көңілден кетпейсің. Онон мұзының үстінде асыр сап, асық ойнағанымыз есің де ме?

izhdjbptnsa– Әй, Темүжін-ай, есіңде ме дейсің. Сонда ғой, сен қорғасын құйған құлжа сақаңды маған беріп, мен құралай сақамды саған беріп андаласқанымыз.

– Иә, жазғытұрым садақ тартып ойнап жүргенде, атқанда ыңыранып, үн шығарып, алысқа ұшатын жебеңді де маған сыйлап едің, неткен тамаша күндер деші.

– Е, андым, балалықтың бал дәурені жырақта жүрсек те жадыңнан қалмайды екен. Түнде түсіңе кіреді, күндіз көкейіңде тұрады.

– Бөрте қатынымды меркіттер бұлап әкетіп, телімделіп кеткен қатын-қалашты құтқарып беріңдер деп Хан әкей Тұғұрұлмен нөкерлесіп, Жамуқа андама тіл жеткізгенімде, андам қаһарлы туын көтеріп, қара бұқаның терісімен қаптаған дабылын қатты-қатты соғып, қара тұлпарын мініп, қара тамақ найзасын қарына іліп, қауырсын жебесін қаптатып «андамның төсегі құр дейді, өзегім ауырды, Бөртені құтқарайын» деп екі түмен шерікпен жетіп келіп еді-ау.

– Туымыз желбіреп барып, желкілдеп қайтты емес пе?!  – Жамуқа сәл ойланып, табан астындағы көк шөпке қадала қарап отырды да миығынан жымиып: – Жастық махаббаттың құштарлық қуатының күштілігін айтсайшы,– деді. – Жамуқа не деп сөйлер екен деген күдікпен Шыңғыс хан оған қабағының астымен қарап қалды. Жамуқа және бір мәрте мырс етіп алып, оған назар аудармаған қалпы сөзін жалғай берді. – Сенің көзге түртсе көргісіз тас қараңғы түнде сатырлап, лаулап жанған ордалардың жалын отын жапырып, «Бөртелеген» дауысың құлағымнан кетпейді. – Шыңғыс хан сонда барып кеудесін тіктеп, бүкіл денесімен шалқалай қарқылдап күлді. Оң қолының саусақтарын барынша бадырайта жазып, оң жағында отырған Жамуқаның иығынан басып қойып айтты:

– Құлағымнан кетпейді дейсің бе? Кі-кі-кі… көңіліңді босатып, көзіңе жас алдыратын, естен кетпейтін, еш өшпейтін ескі күндер көп болды ғой, Жамуқа анда…Әкем Есукей тоғыз жасымда тоғайлы өзенді кесіп өтіп, ұлым Темүжінге нағашы жұртынан қыз айттырамын деп шығысты бетке алған жолда қоңыраттың Тай шешенінің үйінде қонақ болды. Сонда Тай шешен әкемнің орман-тоғайлы Онон өзенінен аттанып, олхноуд еліне бара жатқан жайының мәнін түсініп, осы Бөртені көрсетеді. «Ұнатсаң берейін, қоңыраттың қыздары әрі сұлу, әрі ақылды болады» дейді. Әкем көрген жерден Бөртені ұнатқаны сондай бір сөзге де келмей, Тай шешеннің белдеуіне жүйрік құласын байлап, құдандаласып, «екі бала бір-біріне бауыр бассын» деп мені сонда қалдырып аттанған еді… Кейін не болғанын өзің білесің… Әкем Есукей сол жолы татарлар қолынан қаза тапты…  Содан тоғыз жыл өткенде әрең қолым жеткен Бөртені ескі кегі қозған үш меркіт бұлап әкетті. Қапелімде тиген жауға қарсыласып қайрат көрсете алмай қапыда Бөртеден айырылып қалдым. Содан жыл айналғанда анда Жамуқа мен Тұғұрұл әкейдің арқасында үш меркітке түн ішінде қораға түскен қасқырдай тиіп, ордасын отқа орап, атой сап кіргенде іздегеніңді таппасаң, жалынды жапырмақ түгілі жасын найзағайды жалаңдаған қылышпен емес жалаңаш қолмен қиып, қара өгіздің терісімен қабаттап қаптаған қалқан емес қара кеудеңді төсеп ес-түссіз жүргенде даусымның қалай зор шыққанына қарады дейсің бе? Өкіре зулаған жебеңді өштескен жаудың өңменінен өткізіп, кектенген жаудың көк желкесін қылпылдатып қайраған көк қылышпен қиып, ордасын отын қылып, туырлығын турап тоқым етіп, туын құлатып қоқым етіп, мал-жанын бұлап, мол олжаға батып, Тула өзеніндей тасып,  масайрап қайттық қой. Қалай мұтасың?!

– Мұтпайсың, Темүжін, мұтпайсың!

3464753730_7914825639_z– Қалай мұтайын, сен, Убас меркіттің Дайыр усунынан олжалап алған алтын белбеуге қызықпай беліме буындырып, жер баспайтын, желден жүйрік мүйізді лақ бозын алдыма көлденеңтартып, маған мінгіздің емес пе. – Жамуқа Шыңғыс ханның сөзін аяқтатпай жалғай жөнелді.

– Ойпырым-ай, олжаға кенеліп, оңды-солды сілтеген күндер еді ғой. Сен де тарлық жасамадың, Темүжін анда. – Жамуқаның жүзі жанып, жадырай сөйледі: –  Сол меркіттің Тоқтағанының белінен шешкен кіселі алтын белбеуді беліме байлап, оның судай жорға сұры құласын сыйға тарттың. Андалығымыз ай маңдайланып, беки түсті.Соған аспандағы ай, жер бетіндегі орман-тоғай куә еді ғой.

Шыңғыс хан елжіреп кетті, Жамуқаны арқа жағынан қапсыра құшақтап өзіне қарай тартып сөйледі.

– Сол түні екеуіміз түні бойы кеңесіп, жұлдызды аспанды жамылып, бір көрпенің астында түнеп шыққанымызды айтсайшы.

– Сол түні аспанда жұлдыздар тым көп еді,– деді Жамуқа үніне діріл пайда болып, басын изеп, ауыр күрсініп.

– Жұлдыздар дейсің бе? – Темүжін оған тағы да қабағының астымен қарады. Жамуқаның жанары анау ұшықұйрығы көкпен көміліп, көз ұшында жатқан ұлан ғайыр далада еді. Көкейін суытып, кеудесіне бір салқын леп енгендей болды Жамуқаның.

– Жұлдыздар азаймайды, Жамуқа. Бір жұлдыз сөнсе, енді бір жұлдыз жарқырап көрінеді. Тіпті кейбіреуі қатар тұрып та жарқырай береді. Аспан кең, көңіл сыйса, жер де тарлық қылмайды. Міне, екеуіміз қатар отырмыз ғой. Қаласаң оң қолым боласың. Алысып, табыстық. Енді араздаспайық. Бұрынғыша сырғақтап сытылып шыға берме. Көкіректе кірбің болса ұмытайық. Жылылық болса сергітейік. «Аспанға күндіз күн, түнде ай ие. Жерде екі хан қалай болмақ. Шығыстан бір сойқан шығып, Оң хан – Тұғұрұлды қорамсақ-қарумен қорқытып, бездіріп өлтіріпті. Енді өзі хан болмақ дейді. Соларға барып сауыт-сайманын жинатып әкелейін» деп астам сөйлеген Таян ханды сөзіңмен шошытып, Керей ханының құпиясын жеткізгенің арқасында жеңіске жеттім.

– Е, Темүжін андам-ай, оның бәрі рас қой. Сен көтерілген таққа меннің шыққым келмеді дейсің бе? Күшіміз де тең еді. Сені Көк Тәңірі жебеді. Сеніңақылың асты, алысты болжадың. Төңіректегі ұлысты түгел тыныштандырып, бір тудың астына біріктірдің. Ханның орны саған жөн. Менің әзір асқа тік қасық болғаным неге қажет. Менің айлам өзіме опық жегізді. Хан андам мені жарылқап, қатемді кешіріп, амырақтығымызды артырып нөкерлесейік дейді. Нөкерлесер шақта нөкерлеспеген мен, бәрі дайын шақта қай бетіммен нөкерлесемін. Түнде түсіңе кіріп, күндіз көңіліңнен шықпай, жолыңа шөгір болып шығып, жағаңа бит болып жабысып, бөгет боламын. Андам, ақыр сөзімді екі етпей, Онон өзенінің жағасына апарып, қызыл қанымды шашпай жүрегімді тыныштандырса. Бұрқан қалдұн тауының бөктерінің бір биігіне жерлесе деймін. Андам солай етсе тәнім туған жердің топырағына айналып, жаным Мәңгі Көк Аспаннан ұрқыңның ұрқына дейін аялап тұрар Ақ батамды берейін,– дегенде Шыңғыс хан ұзақ ойланып, Жамуқаға арқасын беріп тұрып былай деді:

– Адам баласының іс-әрекеті арам болғанымен оның жаны адал. Адамды ақыл басқарады. Ол қандай ақыл? Жан ­­- қызметші. Адал жанды себеп-салдарсыз қалай қиюға болады? Қиянат қылмаған жанға зиян келтіруге ынтаң түсіп, қолың қалай батады, болмайды. Андам Жамуқаның алысып, алыс жүрсе де адал жаныма қастандық жасамақ болған ниетін еш естімеппін. Қалауыңды орындау үшін де орынды сылтау керек… – Шыңғысхан тағы да кідірді. Содан соң: – Ертеде Жөші дармаланың жылқысын тонаған Тайшарды жақтап, қақтығысып, Ононның Жерені қысаңына дейін қуып тығып, жанымды мұрынымның ұшына келтіріп қатты қорқытып едің. Енді өз қалауың,  дегенің болсын,– деді Шыңғыс хан.

***

4avx1tktpyi
Темүжін мен Жамуханың андасуы

Арғы Қаңғайдан аттанған күймелі қосын асықпай жүріп Онон өзенінің бойына жетті. Бұрқан қалдұн тауының теріскей бөктері. Тап-таза, тұяқ тимей тусып жатқан жер. Таңның шеті құлан иектеніп, жаңа сөгіліп келеді. Жамуқа аспан төрінде ерек


ше айқын жарқырап тұрған жұлдызға қадала қарап, сілейіп тұр. Бет әлпетінен, тұрысынан ешбір қобалжу нышаны сезілмейді. Шыңғыс хан екі-үш аттап, Жамухқаның алдына шықты.Оған арқасын беріп, Бұрқан қалдұн тауының басына ілінген көгілдір сәулеге көз жанары ілінді. Тап осы мезетте арт жағынан, тап қара құсы тұсынан сықырлап барып шарт еткен жан түршігерлік сүйкімсіз, суық  дыбысты естігенде жанарының алдын жасыл нұр кесіп өткендей болды да ып-ыстық жасы ыршып шықты.Түндейтүнеріп тұрып, «Көк Тәңірім кешір!» деді.

2016 жыл

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Шыңғысханның жауыздығын жақсы әшкерелеген екен. Шыңғысханнан басқа жазар алмады ма? Шыңғысхан ол Шыңғысхан.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар