Қайнар Олжай
Кемелбек кетті. Отандық телевизияның тарихындағы он тоғызыншы басшысы болыпты.
Сонау 1957 жылы 29 маусымда /тура бір жылдан соң осы күні біз пақырыңыз дүниеге келіппіз/ Қазақстан үкіметінің нөмірі 436-шы қаулысының бірінші тармағымен құрылған радиохабарларын тарату мен телевидение жөніндегі комитеттің сол қаулының екінші тармағы бойынша бекітілген басшысы Қанапия Мұстафиннен бері санағанда. Қанапия атамыздың туғанына былтыр 100 жыл толған. Атаусыз қалды жарықтық. Ғасырлық мерейтойы корпорацияның бір басшысы кетіп бір басшысы келген, жаңадан министрлік құрылған, алас-күлес кезеңге тап болыпты. Біздің осы жазбамыздан басқа, ол кісінің 100 жылдығы жайында бір де бір ақпаратты байқамадық.
Сол атамыздың тұсында бұл қызмет «Председатель» аталған. Тоғызыншы басшы Шерхан Мұртаза қызметке келгенше орыстың осы сөзі мызғымаған. Шерхан әкеміз басшы болып келгенше бұл ведомствоның өзі Мемлекеттік комитет еді. Оны қызметке тағайындау тұсында комитет «Қазақстан» мемлекеттік телерадио компаниясына айналды. Айтпақшы, бірінші, екінші басшылар Мұстафин мен Сағындықовтың кезінде «радио» сөзі «телевизия» сөзінен бұрын жазылып келген. 1962 жылы Кенжеболат Шалабаев үшінші Председатель болып тағайындалғанда олардың орындары ауысып, «телевизия» сөзі алдыға қойылды. Сол кезден партия мен үкімет көгілдір экранның мәні мен маңызы радиодан басым түсерін бағамдаса керек.
Сонымен «Егемен Қазақстанның» бас редакторы қызметінен ауысып келген Шерхан Мұртазамен бірге телерадио компаниясына Төраға атауы еңгізілді. Оның алдында газетте жүріп Шер-ағаңның тікелей қолдауымен «пенсияны» – «зейнетақы», «пенсионерді» – «зейнеткер» деп жазуды еңгізгеннің бірі едік. Сол екпінмен қазақтың құлағына жетпіс жыл бойы сіңірілген «Председатель» сөзін «Төраға» ауыстырды. Әнтек аударма екені сәл кейін аңғарылды. Көші-қон жөніндегі агенттікті Алтыншаш Жағанова басқарғанда. «Әйел адам қалайша аға деп аталады» деген қисынды сұрақ қойылды. Сәл аңтарылып барып газетте оны «Төрайым» деп жазу ұйғарылды. Бір қызметті, лауазымды екі түрлі атау дұрыс емес еді. Әу-баста «Председательді» «Төрие» деп аударғанда «аға» мен «айым» арасында әрі-бері шапқыламас едік, тегі. Бірақ, бізді кім тыңдар дейсің?
Кемелбек кетті. Сонымен Шерхан заманынан бастап бұл қызметті «Төраға» деп атап келеді. Сөйте тұра, екі рет әйел адам тағайындалды. Біріншісі – Бекетова Ләйла. Беріде Храпунова ханым. Реті бойынша оныншы басшы Бекетова қызметке келген тұста ведомоство тағы өзгерген. Екі жыл бұрын ғана жаңаша аталған компания 1994 жылғы 5 сәуірде Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен республикалық телерадио корпорациясына айналды. Бекетованың өзін қайдам, кеңесшілері мықты еді. Камал аға Смайылов бастап, ұлшыл азаматтар екі Бейбіт – Қойшыбай мен Сапаралы, сосын телевизия техникасының білікті маманы Юрий Крылов. Айтпақшы, беріге дейін жалпы жұртшылық, тіпті белгілі қайраткерлердің өзі ауыз-екі тілде «Қазақстан бір» деп жатады. Бұған себепкер де – Бекетова. Оның тұсында киіз үй тәріздес «Қазақстан» логотивіне «1» цифры қоса жазылды. Болашақта «Қазақстан 2», «Қазақстан 3» арналарын ашуды көздесе керек.
Кейін корпорация құрамында «Балапан» және «Казспорт» эфирге шығып, арман ақиқатқа айналды. Бірақ, балалар арнасын ашу рет бойынша он жетінші төрие Жанай Омаровтың, ал спорт арнасын іске қосу он сегізінші төрие Нұржан Мұхамеджанованың еншісіне бұйырды. Мұхамеджанова – осы ұжымды басқарған екінші әйел. Қазіргінің журналистері неге екенін, «әйел» деп жазғаннан гөрі «нәзік жанды» деген тіркесті тәуір көреді. «Әйел» – атау, «нәзік жанды» – сын есім. Екі әйелдің бірі нәзік жанды болмасына анау Храпунова анық мысал.
Хош, қазақ балалар жазушысы Сейітжан Омаровтың ұлы Жанайдың жұмыс тілі орысша болғандықтан, «Балапан» арнасының бар бейнеті сол кездегі бірінші орынбасар Ләззат Танысбайдың иығына түссе керек. Оны да, Нұржанды да «нәзік жанды» дей алмайсыз.
Бекетова демекші, өткенде төриенің кеңесшісі Серік Абас Шах мырза екеуміз сонау Кенжеболат Шалабаевтың заманында қабырғасы көтерілген телевизия ғимаратының, қазіргі корпорацияның Алматы филиалының фоэесінде жүргенбіз. Осыдан он жылдай бұрын өзіміз жасақтауға қатысқан шағын мұражайды жағалай жүрдік. Ол мұражайды жинақтауға он бесінші төраға Нұртілеу Иманғалиұлы мұрындық болған. Әр аймақта, орталықта қалған түрлі техниканы жинатқан. Сосын өзіне дейін комитет, компания, корпорацияға төриелік еткен тұлғалардың суреттерін ілгізген.
Онда Шерхан Мұртаза мен Әшірбек Көпішевтің арасында Ләйла Бекетованың суреті тұратын. 2016 жылғы қазан айының соңында Абас Шах екеуміз аралағанда сол суретті алып тастағанын байқадық. Орны үңірейіп қалмаған, Шер-ағаң мен Әш-ағаңның суреттерін бір-біріне жақындата салған. Дұрыс емес еді. Бекетова-Храпунова ханымның қазіргі қылықтары Қазақстан саясатына жат шығар, тіпті біз оның әу-баста Храпуновқа тұрмысқа шыққанын да құптамас едік, бірақ, «Қазақстан» телерадиосы корпорациясының төриесі болғаны даусыз. Тарихты түрліше бағалауға болады, бірақ ондағы оқиғаларды өшіре алмайсың.
Кемелбек кетті. «Сонымен дәуір аяқталды» деу қисынсыз. Телевизия мен радио тарихында «тұтас дәуір аяқталды» деуге тұрарлық отставкалар болған. 1975 жылы төртінші председатель Кеңесбай Үсебаев қызметіне кеткенде. Неге?
Оның алдындағы Құрманбек Сағындықов, Кенжеболат Шалабаев және Кеңесбайдың өзі телевизия мен радио салаларын басқаруға дейін баспасөзге редактор болған. Құрманбек атамыз 1959 жылы Радиохабарлары мен телевидение жөніндегі комитетке «Қазақстан коммунисі» журналындағы бас редакторлық қызметтен келді. Ол кездегі ең білікті басылым болған. Қазір оның орнына «Ақиқат» деген журнал шығады, шамасы.
Құрманбек атамыз – телевизиядағы, жалпы республикадағы тіл мәдениетіне аса кірпяз қараған кісі. Бала кезімізде біз айтқан, анығында біздің буын айтқан /өзімізге Жаратушы дауыс та, музыкалық түйсік те бермепті/, кейін балаларымыз айтқан, енді немерелеріміз айтып жүрген «Әрқашан күн сөнбесін» деген ән бар емес пе. «Бұл дұрыс аударма емес» деп пайымдайды Құрекең. «Күн сөнбесін» деудің алдында «әрқашан» деген емес, «ешқашан» деу ләзім. «Әрқашан» сөзін қолданғанда оған «күн бола берсін» немесе «нұрын шашсын» дегендей сипаттамалар болуы қисынды. Бұл кісі тілге осылай лупамен үңіліп қараған. Біздің бойымызда атамыздан бір жұқана жүрген сияқты деп мақтанып қоялықшы. Өкінішті жері, сол Құрекең басқарып тұрған кездің өзінде әлгі ән радиодан «әрқашан» деп басталған қалпы шырқалыпты әрі бізге дейін жеткен «Алтын қорда» солай сақталыпты.
Кенжеболат Шалабаев комитетті басқарардан бұрын Солтүстік Қазақстан облыстық газетінде қызмет атқарған. Бұл да Құрекең сияқты соғыстан шыққан майдангер еді. Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, Құрманбек ата майданда да газет шығарған.
Төртінші председатель Кеңесбай ата Үсебаев соғыс кезінде Қарағанды облыстық газетінде жауапты хатшы болған. Оның сол жылдарғы еңбегі майдандағыдан кем болмаса керек. Одан Ақмола облыстық «Сталин туы» газетін басқарып, сосын ғана Алматыға қызметке шақырылған. Осылайша теле-радио саласын басқаруға газет-журналда тәжірибе жинақтаған, идеологиялық шыңдалудан өткен басшылар жіберілетін. Бұл өткен ғасырдағы 70-ші жылдардың ортасына дейін газеттің орны электронды ақпарат құралдарынан жоғары тұрғанын аңғартатын.
Төртінші преседательді ауыстырған Хамит Хасенов алты жыл сол Үсебаевқа орынбасар болды. Тәжірибе жинақтады. Телерадио саласын басқару енді іште жетілген, ішек-қырындысын жақсы білетін маманға жүктелді. Сырттан тек «шыңдалған» деген аты болмаса, бұл әлемнен хабарсыз басшы әкелу үрдісіне тоқтау түсті. Міне, осы ауыстыру кезінде «дәуір аяқталды» деуге болады.
Немесе 1992 жылы жетінші жетекші Ғаділбек Шалахметов Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің бірінші орынбасары – Қазақ ССР Телевизия мен радиохабарлары жөніндегі мемлекеттік комитеттің председателі қыз
метінен кеткенде. Біз «жетінші председатель» деген анықтауышты Ғаділбек Мінәжұлының 1986-1990 жылдарғы қызметі бойынша алып отырмыз. Әйтпесе, ол 1991 жылғы тамыз бүлігі тұсында сегізінші басшы Сағат Әшімбаев кенет дүние салған соң председатель қызметін министрдің орынбасары қызметіне қоса атқарады. Демек, телевизия тарихында осы қызметке қайта оралған жалғыз тұлға болып тұр.
Бұл Қазақстанның отарлық қамыттан құтылып жаңа ел болған тұсы. Комитет арқылы басқару аяқталып, енді компания құрылған, оған Шерхан келген шақ. Ендеше, «Шалахметовпен телевизияның тұтас дәуірі аяқталды» дегенге ешкімнің таласы жоқ.
Сонда мына отставканы қалай бағалаған қисынды? «Кезең аяқталды» десе қайтеді?…