///

Министр “Қазақ тілі” мен “Қазақ әдебиетіне” неге өшікті?

1797 рет қаралды
4

Жақында ғана мәлім болғандай, ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен жоғары және одан кейінгі оқу орындарындағы мамандықтар тізімінен «Қазақ тілі», «Қазақ əдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика», «Шығыстану» сияқты ең қажетті пəндер алынып тасталынды. Түсінгенге бұл қазақ үшін «26-баптан» еш кем емес, рухани апатқа бастайтын, қазақты ұлт ретінде жойылу шегіне апаратын сұмдық!

Ерлан Сағадиев тізгінін ұстап отырған Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасындағы жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру мамандықтарының классификаторы» деген құжатының жаңа нұсқасын 01,02,2017 ж. қолданысқа енгізді. Аталған құжаттың «Бакалавриат мамандықтары» деген 7.1. бөлімінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті мамандығы атымен жоқ. Оның орнына «Мұғалімдерді тілдер мен әдебиет бойынша даярлау» (Подготовка учителей по языкам и литературе) деп жазылған. Сөйтіп, БжҒМ «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» мамандарын дайындаудан бас тартыпты. БжҒМ-ның бұнысын қалай түсінуге болады? Сағадиев мырзаның министрлігінің қазақ ұлтын, тілін жоюға бағытталған бастамасына наразылық білдіріп Қазақстанның бір қауым ғалымы Ақордаға хат жазыпты.

Елбасының өзі ұлтымыздың әдебиетіндегі жауһарларды, рухани мұраларды, тілді, ділді түгендеп жатқанда мұндай мамандықтардан бас тарту кімге керек болды? Біз үнемі мойын соза көз сүзетін Батыстың Гарвадында, Оксфорды мен Кембриджінде Сағадиев мырза керексіз деп тапқан «әдебиеттану», «лингвистика», «тарих», «шығыстану» деген пәндер оқытылады. Министр Сағадиев мырза Ахметтің әліппесін «өлтіріп» болып, енді мемлекеттік тілге шүйліккені қалай?

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН БАСҚА ҚАНДАЙ ТІЛ БОЛУЫ МҮМКІН? 

Айгүл Ісмақова, Филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Бір айта кетерлік мәселе, мамандықтар тізбегінде «Аударма ісі, ілеспе аударма» деген бар. Бұл филология – әдебиеттану мен тілтану саласының бірі. Оны бөліп алу арқылы Білім және ғылым министрлігі ендігі кезекте тек аудармашылық мамандықты ғана даярлайтын болып отыр. Қазақ тілі, қазақ әдебиеті, әдебиеттану, түркітану, шығыстану тәрізді ғылым салалары қайда қалды? Тіпті бұл құжатта филология деген сөз жоқ. Осы ретте мынадай заңды сауал туындайды: филология саласын басқа тілдердің аудармашыларын даярлаумен ғана шектеп тастағанмыз қалай? «Тілдерді оқу», «Әдебиет пен лингвистика» мамандықтарына тоқталайын. Әлемдік ғылыми классификаторындағы «Филология, Литературоведение, Лингвистика» деген атаулар жойылған. «Әдебиет пен лингвистика» деп пән ретінде аталғанымен берілетін дәреже – «Тілтану» делінген. Сонда қай елдің, кімнің әдебиеті оқытылмақ? Неге қазақ әдебиетінің аты аталмайды? «Изучение родного языка» дегенде кімнің туған тілін оқыту көзделіп отыр?

Мемлекеттік тіл – қазақ тілінен басқа қандай тіл болуы мүмкін? Түсінемін, орыс тілі, ағылшын тілдерін оқыту – заманның қажеттілігі. Бірақ аталған тілдердің өз отандары бар. Мемлекеттік қазақ тілі мен оның көркем шежіресі – қазақ әдебиетін білім беру жүйесінен осылайша ысырып тастау арқылы біз тәуелсіздігімізге қиянат жасап отырғандаймыз. Елімізде қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің келешегі бұлыңғыр болып тұрғанын осындай құжаттан-ақ бағамдай берсеңіз болады.

Былтыр Қазақ тариxы, Қазақстан тариxы деген мамандықтар жойылған кезде тарихшылар дәл осындай күй кешіп еді. Енді мұндай жағдай әдебиетшілердің, қазақ филологтарының алдынан шыққанда, ұлт ғылымына төнген қауіпті айтуды азаматтық парызым деп есептеймін. Мемлекеттік тіл мен ұлт әдебиеті, еліміздің тариxымен бірге тәуелсіздігіміздің, ұлт қауіпсіздігінің негізгі тірегі емес пе? Егер осылай кететін болса, ендігі ұрпақ күні ертең қазақ әдебиеті түгілі қазақ тіліне де зар болғалы тұр.

Көршілес Ресей елінде бұл ғылым саласы орнында тұр. Олар мұндай қадамға біз сияқты бара қоймайтыны айдан анық. Себебі әр мемлекет үшін оның тілі – ұлт тұтастығы мен қауіпсіздігінің мәселесі. Министрлік райынан қайтып, бұл құжат өзгертілмесе қазақ тілінің болашағы туралы ойлаудың өзі қиын. Тәуелсіздік кезде мемлекеттік тілді және ол тілдегі әдебиетті жоғары оқу орындарының классификаторына енгізе алмасақ, бұл елімізге абырой әпермесі анық.

БҰЛ ӨЗ АНАМЫЗДЫ БАСҚА ТЕПКЕНДЕЙ ӘРЕКЕТ

Ұлан Еркінбай, Қазақ Гуманитарлық заң университеті, Қазақ тілі және жалпы тілдер кафедрасының меңгерушісі:

– XX ғасыр басында тіл мен әдеби мұраларымызды тану кәсіби деңгейге көтерілді деп қуандық. Әдеби, сыни, эстетикалық пікірлердің төркіні сан ғасырға кетсе де кәсіби әдебиеттануды біз алаштықтардан бастап жүрміз. Осыны айтып, А.Байтұрсынұлының “Әдебиет танытқышын” кәсіби әдебиеттанудың басы деп Мәскеуде баяндама жасағанымда: ызаға булығып, жүздерін қызғаныштың оты шарпып, бірер профессор мен бірқанша доценттің залдан шығып кеткені әлі есімде. Сондағы қызғаныштарының мазмұны: “Томошевскийден бір жыл, Бахтиннен үш жыл бұрын кешенді теориялық еңбек жазатын, кто он такой Байтурсынов” болатын. Ол 2003 жыл болатын. Мұндай қасиеттті додаға мені бағыттаған З.Ахметов, З.Қабдолов, А.Ісімақова, К.Сыздықов, Ф.Фаткуллин сынды бір шоғыр зиялылар еді. Мен ол кісілерге мәңгілік қарыздармын. Әлемдегі ең сұлу, ең таза мамандыққа баулығаны үшін.
Ал қазіргіміз не? Рас, қазір “Қазақ филологиясы”, “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы аса модный емес шығар. Оны мойындаймыз. Ондай уақытша модныйлыққа қызмет ететін мамандықтар емес олар. Екі мамандық та халық даналығымен, сөз атты құндылықпен, рух атты қасиетпен тікелей жұмыс жасайды. Бүгінгі жәудіреген қазақы құндылығымыздың шырақшысына айналған осы сала мамандары қазір кісі мүсіркерлік халде. Асылында, барлық мамандықтардың негізгі құралы сөз. Мәтін.Қисын. Құндылық. Аты аталған дүниелер бүгінгі министрлік қажетсіз санап отырған екі мамандықтың негізгі нысаны. Сондықтан, бұл мамандықты еш талқысыз қысқарту мүмкін емес. Керісінше, жаңа форматта түрлендіріп құндылығын арттыруды ел болып ақылдасуымыз керек. Әйтпесе, өз анамызды басқа тепкендей әрекет қой бұл…

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. талапай еткісі келіп, мемлекеттің негізгі мүддесіне қарсы тірлік қылып жүргендер кімдер? Осы сұрақ төңірегінде ойланалық ағайын!

    Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ

  2. Мемлекеттің ақшасын жымқырудың тәсілі
    1-ші сыныпта 9 оқулық, 10 дәптер бар. Айтайын дегенім, оқулыққа қосымша берілетін дәптері туралы. Ол дәптердің көлемі А4 форматта. Әдемі безендірілген, қағазы да сапалы. Оны баспаханада басып, кітап формасына келтіруге аз ақша жұмсалмағаны көрініп тұр. Оқушы әр сабақ сайын, тапсырманы орындау барысында дәптер бетіне жазып, сызып, бояп отырады. Демек, ол дәптер келесі жылға жарамайды. Оны оқу жылы аяқталған соң, қоқысқа лақтырып тастауға тура келеді.
    0-сыныпта да осындай оқулықтар мен, осындай дәптер-кітаптар бар. Келер жылдан бастап дәл осындай оқулықтармен, дәптер-кітаптармен 2-ші, 3-інші, 4-інші сыныптар да қамтылмақ. Былтыр елімізде 350 мыңдай оқушы 1-сыныпқа барыпты. Демек, 350 000 оқушы × 10 дәптер = 3 500 000 (үш миллион бес жүз мың) дана дәптер-кітап басылған деген сөз. Бұған 0-сынып пен келер жылдан бастап қосылатын 2-3-4 сыныптарды қосыңыз. Сонда бір жыл ғана пайдаланып, келесі жылы лақтырылатын дәптер-кітаптардың саны он миллионнан асады. Бұл тек дәптер-кітап туралы. Оған оқулықты да қосып қойыңыз.
    Сонда бұл не қылған шығын? Бай шетелдерде солай екен деп, біздікі не далақтау? Оқушыны үнемділікке үйретудің орнына, бұл не шашылу?
    Аңдап қарасаң, бұның өзі мемлекеттің ақшасын қалтаға басудың бір тамаша тәсіліне ұқсайды. Мысалы, қолында билігі бар адам, он миллион таралымы бар кітапты біреудің атында тұрған өз баспаханасында бастырары анық. Болмаса, танысының баспаханасында бастырып, пайдасын бөлісері де белгілі.
    Бұндай оқулықтар мен дәптер-кітаптар мектепке осындай мақсатта ендіріліп жатпаса неғылсын.

  3. осы министр қайдан келген өзі?! біздің елдей реформа шығарғыш мемлекет жоқ шығар, сірә! неге ойына келгенін істей береді? жоғарыда отыргандарға да бәрібір болғаны да!еһ, амал жоқ .

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар