Мамырдың 25-інде “Орталық Азиядағы интернет форум” аясында “Медианет” халықаралық журналистика мектебінің жаңа жобасы “Тәжірибелік журналистика 3.0” кітабының тұсаукесері өтті. Бұл жоба өз бастауын 2006 жылдан алады. Бұған дейін оның 2006 және 2008 жылдары екі нұсқасы дайындалған еді. Бұл журналистикадағы жаңа тенденцияларды ескере отырып жасалған үшінші нұсқасы. Оқу құралының кітап нұсқасымен қатар онлайн-нұсқасы ұсынылып отыр. Алдағы уақытта онлайн нұсқа жаңа тараулармен, жаңа тақырыптармен толығып отырмақ.
Кітап 17 тараудан, қазақ және орыс тілдерінде дайындалған. Онда ақпараттың шынайылығын тексеру, мультимедиа, дата-журналистика, SMM және басқа да бүгінгі журналистиканың өзекті тақырыптары еніп отыр. Сондай-ақ, жобадағы маңызды тақырыптар – медиа құқығы, шиеленістер мен этникалық қарым-қатынастарды жариялау принциптері мен этикасына, құқықтық аспектілерді қамтыды.
Кітап авторлары қазақстандық және шетелдік танымал журналистер, медиа-практиктер, редакторлар мен медиа мамандары. Атап айтар болсақ, Гүлнара Бажкенова, Вячеслав Абрамов, Жұлдыз Әбділда, Сергей Домнин, Шолпан Елеусізова, Михайло Кольцов (Украина), Викинтас Пугачаускас (Литва), Ольга Диденко, Асхат Еркімбай, Мария Гордеева, Мұхтар Сеңгірбай, Гүлмира Қамзиева, Есенгүл Кәпқызы, Павел Банников, Назгүл Қожабекова, Игорь Братцев, Әділ Джалилов.
Кітаптың онлайн нұсқасын http://journalismcourse.kz/kk сілтемесі арқылы табасыз.
“Мінбер-ақпарат”
Парақшамызға жазылыңыз