Сәуірде Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында болған төңкерістен соң, Қазақстан мен Өзбекстан өзінің шекараларын жапқан болатын. Бұл әдетте сақтық мақсатында қабылданатын шаралар. Себебі шекара арқылы бүлікшілер өтіп, көрші елге лаң салуы мүмкін. Әйткенмен, таяқтың екі ұшы бар тәрізді қазақ шекарасының жабылуы қырғыз экономикасына кері әсер етуде. Қазақстан тарапы шекараны осы аптада ашты. Десе де шекара жабық тұрған сәтте осы мәселе көптеген шетелдің ақпарат құралдары мән берді. Солардың бірі The Economist.
Осыған байланысты жарық көрген мақалаларды оқи отыра, шетелдік басылымдардың барлығы мәселені бір жақты қарастырғаны, көп ретте тек Қырғызстандағы төңкерісті ақтап алуға бағыттап жазғаны анық байқалады. Тіпті кей тұстарында Қазақстанды да айыптайды.
The Economist басылымындағы мақалада осыған пара-пар ой айтқан. «Өз саясатында елеулі өзгеріс жасағанымен 5,4 млн. тұрғыны бар Қырғызстан экономикалық күйреудің алдында тұр» дейді халықаралық экономикалық сараптама.
«Ел ішінде халыққа жеткілікті жұмыс жоқ. Қырғыздың ұлттық экономикасы ұзақ уақыт бойы еңбек мигранттары әкелген ақшамен күнелтті. Өткен жылы бұл сома 1 млрд. АҚШ долларына дейін жетіп, ЖІӨ-нің 22%-ын құрады. Орташа есеппен алғанда 500 000 қырғызстандық Ресейде, 50 000 – 100 000 арасындағы қырғыз көршілес жатқан Қазақстанда маусымдық жұмыстарды атқарып жүр»
деген сандармен көмкерілген мақаланың негізгі айтар ойы шекара мәселесіне ұласады: «Жығылғанға жұдырық болып, өткен айдағы дүрбелеңнен кейін Қазақстан мен Өзбекстан өздерінің шекараларын жауып тастады. Өзбек үкіметі негізінен бұрында да шекарасын жауып тұратын. Ал соңғы кезде мүлдем жауып тынды.
Алайда заңсыз қару-жарақ тасымалының алдын аламыз деген сылтаумен жабылған Қазақстанның шекарасы бұдан да ірі зардаптар әкелуде. Азық-түліктің көпшілігі сырттан әкелінетін. Саудагерлердің дені Қазақстаннан келетін тауарларға тәуелді болғандықтан дүкендер қаңырап босап қалды. 100 000 жуық адам жұмыссыз қалды» деп шекараның экономикалық зардаптарын есептеуге тырысқан.
Ресми тұлғалар көршілес елдердегі шекараның жабылуының астарында «революция вирусын» сыртқа таратпау қаупі жатыр дейді. Іргелес жатқан елде «шынайы демократияның» бүр жарып келе жатқанын көріп отырғандықтан бұл олардың өз еліндегі оппозицияға майдай жағуы мүмкін. Өз елдерінің саяси тұрақсыздығынан гөрі олар, Қырғызстанның жағдайын одан әрі ушыққанын қалайды», – дейді шетелдіктер.
«Егер олар шекараларын ашпаса, біз өз төңкерісімізді соларға экспорттаймыз» депті осыға орай Бішкек қаласының жаңа әкімі Иса Өмірқұлов ашуланып. Мақала «Бірақ егер шекара алдағы айларда да жабық болатын болса, бұл қырғыз экономикасына үлкен апат әкеліп, ашу мен ыза көршілес жатқан Қазақстанға революция вирусының таралуына ұласпақ» деген сөйлеммен аяқталған.
Жазгүл есімді оқырман The Economist сайтында жарық көрген басылымның осы бір мақаласына қатысты өзінің пікірін былай білдірген:
«Қырғызстанның басты сауда әріптестері саналатын Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы шекаралардың 40 күннен аса уақыт бойы жабылуына қатысты пікіралмасулар негізсіз. Қырғызстанда сауда-саттық 70 пайызға төмендеп кетті. Егер шекара алдағы айда да жабық болатын болса, экономикамыз құрдымға кетпек. Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық шекараның ашылмауының ресми себебі ретінде аталуда. Әйткенмен, шекараның жабық болуы экпорттың төмендеуіне, жұмыссыздық пен әлеуметтік тұрақсыздықтың одан сайын өршуіне ұласпақ. Бүгіндері Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қырғызстанда тұрақтылықтың орнауына көмек көрсетіп отырған Қазақстанға жоғары баға беруде. Ақылға қонымсыз екен! Көптеген сарапшылар авторитарлық режимдегі Қазақстан мен Өзбекстанның өз шекараларын тарс қымтап алуы Қырғызстандағы жағдайды одан әрі ушықтыру үшін жасалап отырғанына сенімді. Ресей мұнай бағасын қымбаттатып отыр, Қазақстан мен Өзбекстан шекараларын жапты. Мұның барлығы демократия құрып отырған Қырғызстанды одан әрі әлсірету үшін жасалуда. Көмектесіңдер!»
Әзірлеген Мақсат АЯН
Парақшамызға жазылыңыз