////

Тамара Калеева: БАҚ туралы заң жобасы демократия талаптарына сай емес

1484 рет қаралды

«БАҚ туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші оқылымында мақұлданып, Сенатқа жолданды. Егер бұл заң жобасы қабылданатын болса, оның Қазақстандағы журналистиканың дамуына әсері қандай? «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Тамара Калеева заң жобасына қатысты өз ойларымен бөліскен еді. 

 

АҚПАРАТТЫ СҰРАТУДЫҢ МЕРЗІМІ ҰЗАРАДЫ

      – Тамара Мисхадовна, Сіз бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасын жасаушы жұмыс тобының мүшесі болдыңыз. Қазір ол заң Мәжілісте екінші оқылымда мақұлданды. Яғни, Парламенттің төменгі палатасы мақұлдап, жоғары палатаға жолданды. Жұмыс тобының мүшесі бола тұра, сіздің бұл заң жобасымен келіспейтін тұстарыңыз көп. Нақты қай баптарымен келісе алмайсыз?

– Біздің заң жобасына, Ақпарат министрлігінің және Парламенттің бұл заң жобасымен жүргізген жұмыс барысына тағар кінәміз көп. Егер заң мазмұнына нақты үңілер болсақ, бұл әуелі ақпаратты сұрату мерзіміне қатысты. Біздің қолданыстағы заң бойынша, ақпаратты сұрату мерзімі 3 күнге дейін. Яғни, кез келген шенеунік ақпарат құралдары тарапынан түскен сауалға үш күннің ішінде жауап беруі тиіс болса, қазіргі ұсынылып отырған жобада ол жеті күнге дейін ұзартылып отыр. Басында бұл мерзімді – 15 күнге дейін ұзарту ұсынылған еді. Ақыры – жеті күнге тоқтадық. Көп сарапшылар осының өзін жеңіске балап, бөріктерін аспанға атып жатыр.  Бірақ, бұл дұрыс емес. Біз тағы да шенеуніктердің қақпанына түсіп қалдық. Өйткені, өзін демократиялы, дамыған мемлекет деп сезінетін елдердің барлығында ақпаратқа жауап журналист қажет еткен кез келген сәтте берілуі тиіс.

-Демек, біз ақпаратты тек жазбаша сұрата алатын болдық па? Бұған дейін шенеуніктер кейде ауызша сауалға да жауап беріп жататын еді ғой?

– Иә, солай болайын деп тұр. Енді шенеуніктер бізге тек жазбаша сауалға ғана жауап беретін болады. Егер сіз ақпаратты электронды пошта арқылы немесе электронды үкімет порталы арқылы жолдайтын болсаңыз электронды кілтпен қол қою қажеттілігі туындайды. Бұл ақпараттың жеделдігіне біраз нұқсан келтірмек.

Дәл осы ақпаратты сұратуға байланысты бапқа орай, әрбір мекеменің жанынан баспасөз-қызметі, яғни баспасөзбен байланыс бөлімшесі ашылмақ. Бір жағынан өте дұрыс. Кез келген мекемеде баспасөз орталығы болады. Ақпаратты солар арқылы аламыз. Бірақ екінші жағынан бұл жұмысты тағы да қиындата түседі. Өйткені журналистер мамандарға немесе құзырлы адамдарға тікелей шыға алмайтын болады. Сондай-ақ, құзырлы тұлғалар немесе мамандар болып жатқан жағдайға орай өз ойын білдіргісі келсе немесе қолында бар ақпаратпен бөліскісі келсе, тағы да оған рұқсат жоқ. Баспасөз қызметіндегілер, әрине, техникалық орындаушылар. Олар ақпараттың барлығын сүзгіден өткізіп, қандай ақпаратпен бөлісуге болады, қандай ақпаратты жасырып қалу керектігін шешеді. Демек, біздің билік пен журналистердің арасы толығымен ажырап кеткелі отыр.

ҚОҒАМДЫҚ МҮДДЕ МЕН ЖЕКЕ МҮДДЕНІҢ АРАЖІГІ АЖЫРАТЫЛУЫ ТИІС

-Қоғамда тағы да бір сілкініс тудырған, ұзақ талқыланған баптардың бірі –адамдардың жеке мүддесін қорғау мақсатында жеке, коммерциялық, банк, медициналық және отбасылық құпияларын жариялау үшін сол адамнан рұқсат алу туралы бап. Медиа сарапшылары бұл бапқа да қатты қарсылық білдірді. Сіздердің де бұған қатысты мәлімдемелеріңізді  тыңдадық. Бұл баптың сөз бостандығына тигізер кесірі не?

– Біз бұған әу бастан-ақ үзілді-кесілді қарсы болдық. Өйткені, бұл жемқорлықпен күрес барысына барынша кедергі келтіреді. Мысалы, егер оның рұқсатын алу қажет болатын болса, шенеуніктің заңсыз сатып алған зәулім сарайлары мен яхталары туралы қалай жазамыз? Бұл заң жобасы Мәжілісте екінші оқылымында мақұлданған кезінде министр Дәурен Абаев мырза мұндай заң нормалары бұған дейінгі  Қазақстан заңнамаларында бар екендігін еске салды. Әрине, мұндай нормалардың бары рас. Бірақ, біз отбасы құпиясы туралы айтқанда нақты қандай құпиялар туралы әңгіме болуы керек.Оның тізіміне не енеді? Адамның жеке басына қатысты құпияның бәрі «жеке құпия» болып есептелінеді. Бірақ Қазақстан заңдылықтарында отбасы құпиясы мен жеке құпияның ара жігі ашылмаған. Бұндай түсініктер айқындалмаған. Егер, сіз «біз туған-туысқандарымызбен ұрлық жасаймыз, сонымен күн көреміз» деген мәлімдеме жасасаңыз, біз сізді заң нормаларын бұзғаныңыз үшін, онда өзіңізбен қоса отбасы мүшелерін көрсеткеніңіз үшін сотқа береміз. Өйткені сіз отбасы құпиясын бұзып отырсыз.

– Шетелде «қоғамдық тұлға» мен «жеке тұлғаның» арасындағы ара салмақ айқын. Қоғамдық тұлғаның іс әрекеті айқын болуы керек, оның кіріс декларациясы жарияланады, табыс көздері анық болуы тиіс. Бізде жалпы заңнамаларда «қоғамдық тұлға» деген түсінік бар ма?

– Сіз халықаралық стандарттар туралы айтып отырсыз. Онда қоғамдық тұлғалар мен қайраткерлер қарапайым адамдармен салыстырғанда, көбірек сын найзасына ілінуі тиіс. Олар қарапайым тұлғалардан қарағанда, қоғамда ашық болуы тиіс. Бізде ондай түсінік жоқ. Бұл түсінік тек «Өз бейнесіне құқық» деген бапта ғана айтылады. Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы министр болып тұрған кезінде «Азаматтық кодекстегі» «Өз бейнесіне құқық» бабын қалдыру немесе алып тастау туралы ой тастады. Бірақ бұл бап қазіргі қолданыстағы заңда бар. Онда «Журналист суретті өз иесінің рұқсатынсыз басып шығаруға құқы жоқ» делінген.  Осы кезде біз қоғамдық орындар, бұқараның тобымен жиналған жерінен алынған суреттер жайында ой қозғадық. Бұл дегеніңіз түрлі шерулер, ереуілдер, ашық жиналыстар, халықтың көп шоғырланған жерлері, салтанатты жиындар. Яғни, қазіргі қолданыстағы заңда «қоғамдық орындарда түсірілген суреттер үшін рұқсат сұрау қажет етілмейді» делінген.

Біз осы уақытқа дейін «қоғамдық мүдде», «қоғамдық тұлға» және «қателесу құқығы» деген түсініктерді енгізу жайлы қаншама мәселе көтеріп келеміз. Бірақ оған әлі ешкім құлақ асқан жоқ. Бұның барлығы халықаралық стандарттар, халықаралық нормада бар түсініктер. Ал қазір бізде ешкім қол сұға алмайтын, ешкімге түсініксіз «жеке отбасылық құпия» деген түсінік пайда болды.

– Жаңа заң жобасы бойынша ақпаратта «үгіт-насихат» болмауы тиіс делінген. Оған не дейсіз?

– Мен «үгіт» ұғымына берілген түсініктемені оқып шықтым. Онда тағы да нақтылық жоқ. «Үгіт» дегеніміз не? Мәселен, жасөспірімдердің өз өзіне қол жұмсауын насихаттамауымыз керек. Жақсы, дұрыс. Бірақ, ақпаратта оның қаза болу себебі айтылады ғой. Немесе компьютер ойындарының зияны туралы айтылады ғой. Бұны біз не деп түсінеміз. Насихат әлде қоғамды сақтандыру. Яғни, нақты критериі жоқ, нақты анықтама берілмеген. Бұның соңы да жаппай сотқа сүйреумен аяқталатыны анық.

– Ал веб-басылымдарда комментарий яғни пікір қалдыру үшін міндетті түрде тіркелу талабын қалай түсінуге болады? Бұл интернет журналистикадағы пікір алуандығына кесірін тигізбей ме?

– Бұл тіркелу тек сол сайттың әкімгері арқылы ғана жүзеге аспайды. Кез келген мақаланың астына пікір қалдыру үшін электронды үкімет порталы арқылы тіркелуің керек. Немесе сайт әкімшілігіне хабарлама жіберіп бір жолғы тіркелу паролін аласыз. Бұл пароль барлық жазылатын пікірге жарай ма, жоқ әрбір пікір жазған сайын алып отыру керек пе?  Бұл хабарламалар ақылы ма, жоқ ақысыз ба? Ол жағы да айқын емес.

– Жалпы заң жобасы бойынша қанша ұсыныс енгіздіңіздер? Оның қаншасы қабылданып, қаншасы қабылданбады?

– Біз жалпы Ақпарат министрлігі тарапынан құрылған жұмыс тобында 1 жылдай уақыт жұмыс істедік. Сол уақыт аралығында осы мәселелерге қатысты ойларымызды үнемі ұсынып отырдық. Қаншама ұсыныстарымыздың бірде бірі енбеді.

Ұсыныстар әртүрлі болады. Бірі – техникалық мәселелерге орай, редакциялық өзгертулерге орай болса, екіншісі, мүлдем заң жобасының мазмұнына қатысты. Мәселен, біз ақпаратты сұратудың мерзіміне орай, қоғамдық тұлға түсінігін енгізуге қатысты мәселелерді айттық. Өкініштісі, ешқайсысына құлақ аспады.

– Министрлік өкілдері заң жобасын қоғамдық талқылауға беріп, оның айналасында жүзге жуық жиындар өткіздік. Заң жобасына қатысты пікірін айтып, сынайтын жұрт сол кезде  қайда қалды деген ой айтып қалды…

– Иә, әрине заң жобасын талқылауға медиа қауымдастық өкілдері өте көп қатысты. Өте көп талқылаулар ұйымдастырды. Ол рас. Бірақ министрлік біздің осы заң жобасының жұмыс тобына қатысуымыз арқылы, былайғы жұртқа түрлі медиа ұйымдар, журналистер қатысып, көпшліктің батасын алған заң деген есеп бере алады. Өкініштісі сол, біз жұмыс тобында болғанымызбен, бұл заң жобасының көптеген кемшіліктері барын және оған қол қоймағанымызды айтқымыз келеді.

– БАҚ туралы заңның сыртында 2016 жылы «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заң қабылданды. Осы заң қабылданған кезде біз ақпаратты алуға бір табан жақындай түстік деп қуандық. Екі заңның бір-біріне деген қарама- қайшылығы жоқ па?

– «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жалпы Қазақстан Республикасындағы азаматтардың ақпаратты алу ережелері мен тәртібін белгілейді. Ондағы ақпаратты беру  нормаларының БАҚ-қа қатысы жоқ екендігі айқын жазылған. Бізге ақпаратты 15 күнде береміз деген идеяны заң жобасын жазушылар осы заңнан алып отыр.  Енді бұл заңның өзіне көптеген өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындап жатыр. Қазір бұл өзгертулермен жұмыс жасалуда. Ол заңның өзін 6 жыл дайындап, екі жылдың алдында қабылдады. Енді онда әлі де жетілдіре түсетін тұстары мол екен дейді. Демек, біздің заңдарымызды қалай қабылданып жатқанын осыдан білуге болатын шығар. Қандай заң қабылдасақ та, шенеунік журналистің қажет еткен ақпаратын ешуақытта берген емес. Ол ақпарат оның мансабына, қызметіне және өзі өкілдік ететін мекемесіне қауіп төндіруі мүмкін. Біздің менталитетіміз сондай.

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ШЕКТЕУЛІ БОЛСА ДА, БАР

– Көптеген мемлекеттерде БАҚ-тың жұмысы кәсіби этикалық кодекстер арқылы реттеледі. Егер, Кәсіби эткалық кодекс болса, онда БАҚ туралы заңның да, Ақпарат министрлігінің де қажеті болмай қалады деген  пкірілерді жиі естимін. БАҚ туралы заңға енгізіліп отырған нормалардың көбі, біздің басқа заңдарымызда да бар. Мәселен, Қылмыстық кодекс, Азаматтық және Әкімшілік кодекс, Жеке бас құпиясы туралы заң т.б. толып жатқан арнайы заңдарда БАҚ-қа қатысты арнайы баптар енгізілген. Жалпы, БАҚ туралы заңның қажеті бар ма?

– Біз заңның қалай болуы қажеттігін сөз етіп отырмыз. Жалпы, дамыған елдерде БАҚ туралы заңның болуы міндетті емес. Өйткені, редакцияның ішкі ісін реттеу ол редакцияның өз міндеті. Бірақ, БАҚ-тың өзін өзі реттеуін тағы да жазалау органына, бақылауды күшейту мақсатында пайдалану көзделуде. Біз сөз етіп отырған заң жобасында БАҚ-тың өзін өзі реттейтін институт немесе арнайы орган құру талабын енгізу мақсаты болды. Бізде «Өзін өзі реттеу туралы» арнайы заң бар. Ол жерде БАҚ қызметінің принциптері қамтылған. Адалдық, адамдардың құқығын қорғау, принцип деген мәселелердің заңға енгені дұрыс емес. Бұл – этика мәселесі. Бізде журналистердің Кәсіби этикалық кодексі бар. Бірақ жұмыс істемейді. Неге? Өйткені бізде БАҚ туралы заң бар.

Сіз дұрыс айтып отырсыз, журналистердің қызметі Қылмыстық, Әкімшілік және Азаматтық кодекспен реттеліп отыр. Ал БАҚ туралы заң техникалық формальдылық жағын ғана қамтуы тиіс еді. Яғни, БАҚ-ты қалай құрамыз, кім оны құра алады? Және ол ақпаратты монополиялауды шектеп, журналистердің құқығына кепілдік беруі тиіс. Журналистика –  қоғамдық институт. Өкінішке қарай, бізде ондай түсінік те жоқ. Ал біз айтып отырған құқықтың бәрі декларативті ғана. Мен заңды басынан аяғына дейін оқып шықтым. Онда «сөз бостандығы» деген сөз үш рет айтылған. Преамбулада – сөз бостандығы дегенге анықтама беріледі,  екінші тарау – сөз бостандығы деп аталады, ал осы тараудың 1-бабында «сөз бостандығына кепілдік беріледі» деп жазылған. Бұдан басқа жердің бәрін де тыйым мен шектеулерге басымдық беріледі. Онда «мониторинг» және «бақылау» сөзі 21 рет кездеседі. Оның негізгі миссиясы не? Ол қоғам мүддесі, БАҚ қызметін дамыту үшін қолайлы жағдай тудыру, БАҚ-тың әртүрлілігі мен плюралистік көзқарастарды дамыту ғой. Біздің заңдарды шенеуніктердің мүддесін қорғау мақсатында шенеуніктер жазады.

-Сөз бостандығына келер болсақ. Жақында Алматы қаласында «Медиа құрылтай» болып өтті. Сол Құрылтайда медиа сарапшылардың бірі Арманжан Байтасов «Бізде сөз бостандығы бар» деді. Сондай-ақ, сол жиында Нархоздың ректоры жүргізген бір зерттеу жұмысы таныстырылды. Ол зерттеуді сөздердің тональдылығы негізінде жасай отырып, Қазақстанда сөз бостандығы қамтамасыз етілген деген қорытындыға келеді. Сіздіңше, Қазақстанда сөз бостандығы бар ма?

– Сөздердің тональдылығы дегеніміз ерекше критерийлердің бірі. Дегенмен мәселені объективті түрде зерттеу үшін тағы 10 критерий болуы керек. Сөз бостандығы дегеніміз қолмен ұстап, көзбен көруге болатын зат емес. Оны бағалау өте күрделі құбылыс. Сөз бостандығы мүлдем болмауы мүмкін. Мәселен, Солтүстік Корея. Немесе ол шектеулі деңгейде көрініс табуы мүмкін. Абсолютті сөз бостандығы деген жоқ. Егер ондай жағдайға барсақ, анархия болып кетуі мүмкін. Кез келген бостандық қоғам мүддесі тұрғысынан бақылануы тиіс. Ал біздегі сөз бостандығы біздің халықаралық рейтингідегі орнымызға сай келеді. 199 мемлекеттің ішінде 166 орын. Демек, сөз бостандығы шектеулі болса да, бар. Сіз екеуміздің бүгінгі ситуацияны талқылап отырғанымыз да, сөз бостандығының бар екендігінің көрінісі. Солтүстік Корея мен Түркіменстанда бұл мүмкін емес. Яғни, менің пікірімше аз да болса сөз бостандығы бар, бірақ, өте аз. Әрі жыл өткен сайын оның аясы тарылып барады.

– Сөз бостандығына тұсау болатын критерийлердің бірі – мемлекеттік тапсырыс деген пікірлер бар. Жоғарыда аталған жиында «Правовый медиа центр» қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремова: «Мемлекеттік тапсырыс – БАҚ-ты бағынышты етіп отыр. Ал бағыынышты БАҚ-тан қандай сөз бостандығын күтесіз?» деген пікір айтты. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

– Мен бұл пікірмен толығымен келісемін. Біз бен сіздің қалтамыздан төленген салықтың негізінде жасақталып отырған бюджет қаржысының белгілі бір бөлігі БАҚ-ты қолдау мақсатында бөлінуі тиіс. Ол қандай БАҚ-ты қолдауға жұмсалуы тиіс? Қызметін енді бастап жатқан немесе этникалық азшылықтардың ақпарат құралдарын қолдауға бағытталуы тиіс. Бірақ бұл қаржы биліктің қызметін насихаттауға бағытталмауы тиіс, ол БАҚ қызметін дамытуға арналғаны жөн.  Қазіргі мемлекеттік тапсырыс мемлекеттің ақпараттық саясатын насихаттауға арналып кетті. Бұл дегеніміз – мемлекеттің жарнамасы деген сөз. Яғни, мемлекеттік тапсырыс арқылы БАҚ-ты сатып алып жатыр.

– Қазақтілді БАҚ-тың 99 пайызы мемлекеттік тапсырыспен күн көреді. Соңғы жылдары сындарлы сараптамалардың азайып кетуін, жалпы қазақтілді БАҚ-тың мазмұнының жеңілдеп кетуін осы – мемлекеттік тапсырыстан көреміз бе?

– Меніңше, қазақтілді БАҚ-тың халыққа ықпалы күштірек. Сол себепті де билік тарапынан оған деген қысым да, бақылау да күшті сияқты. Бәлкім, мемлекеттік тапсырыстан берілетін қаржы мол болғандықтан, олардың жаңаға ұмтылуына, оқырмандарды іздеуге талпынуына әсер етіп жатқан шығар.

Қалай дегенмен де, орыстілді басылымдардың ресейлік ағайындары оларға көбірек бағыт-бағдар берді. Оқырманы да мол. Мәселен, форбсты алайық. Ол жаңадан пайда болған басылым емес қой. Ресейлік басылымның қазақстандық аналогына айналды

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Есен Байнұр.

“Жас Алаш” газетінен

Карикатура “Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сайтынан алынды. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар