Тұнық тіл мен нәзік діл не, асыл дініміз де аяққа тапталды
«ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» СЕРИАЛЫНЫҢ БАСТЫ САБАҚТАРЫ
алдымен біз үшін, сосын болашақта тарихи фильм түсіруге талпынған жастар үшін
2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басында жұрттың бәрі осы фильм, біздің корпорация туралы жақсылы-жаманды пікір айтқанда арттарында еш тапсырыс жоқтығын ескертіпті. Тапсырыспен жазып отырған біз ғана. Ашық айтамыз. Семей ядролық полигоны кесірінен аз қалған ғұмырында ұлттық дәстүрді ұғындырып үлгерген әжеміз Ханымияның, ана сүтімен бірге ана тілін бойымызға дарытқан анамыз Ханымзаданың, алғаш «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанынан баға қойған мектептегі мұғаліміміз Зүбәйла Сәбиханованың, университетте тура осы дастаннан сынақ алған ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаевтың тапсырыстары. Анығында аманаттары. Жатқан жерлері жарық болғай, бәрі әлдеқашан о дүниеге аттанып кеткен. Сол кісілердің аманаттары бізге осы жазбаға жетеледі.
* **
Алдымен, жұрттың бәрі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудан» баяғы «Қыз Жібек» фильміндегідей дәмді сөздер күтті. Дастан ретінде көркемдігі жағынан бірінен бірі өткен соң киносында неге олай болмасын? Күтіп қойған жоқ-ау, іздеді.
Иә, «Қыз Жібек» фильмінде кейін тұрақты тіркеске айналған сөздер көп еді. Әңгімеге біреу ортасынан килігіп кетсе «Бекежан мырза, сөзді бөле бердіңіз ғой» дер едік. 2018 жылы 8 қаңтарда 60 жасқа толған Әндіржан атты курстасымыз жатақханада қыздардың бөлмесіне кіріп: «Жібекжан, қымызды қонақтар ішсін, бізге шай да жетеді» деп күлдіретін. «Қалауыңыз қасқалдақтың қаны, не адамның жаны емес шығар» дер еді аудиторияда қалжыңдаған қыздар. «Біреудің басына қызыққан өз басын да ойлай жүргені жөн болар» дейтін профессорларымыз. Бір кинодан осыншама теңеу, тұрақты тіркес ұлттық тіл байлығына қосылып еді.
Ал, Баянның «Баянын» баяндасақ: «Бағымызға қарай алатын бай табылды.» Қарабайдың қызы туралы айтқаны. «Күйеуді тапқан өзің. Қызды да өзің тап.» Бәйбішесінің Қарабайға айтқан сөзі. «Үйіне шымылдық құрғызып қойдық. Әкел де өзің отырғызып қой». Бұл да Қарагөз бәйбішенің аузынан шығады. «Өзіңізге тиер деп зорламаңыз». Баянның Қодарға айтқаны. Қодар Баянның құрбысы Талшынға бірнеше рет «Найсап» дейді. Қанша Қодар болса да қызға ондай сөз айтпаса керек. Басқа теңеулер баршылық қой. Иә. Талшын байғұстың естімегені жоқ. Қозы да Қодардан қалыспай оған «антұрған Талшын» дейді. Бірі жағымды, бірі жағымсыз екі кейіпкердің қызға қарата айтылған сөздерінің сыйқы осындай.
Мынау Баянның шешесімен оңаша қалғандағы сұрағы: «Әкеме сүймесеңіз неге тидіңіз?» Шешесі жауап бергеннен кейінгі келесі сұрағы: «Сонда қарсыласпадыңыз ба?» Анау ғасырдағы Баян қойған сұрақтар ма, әлде мына ғасырдағы басқа қыздың сұрағы ма деп ойлайсың.
Шешесі Қарагөз қызына «Сені ғашықтық оты өртеп жатыр» дейді. Қандай ана қызына осылай деген екен? Әрі, бергі Баян емес, сегіз ғасыр бұрынғы Баянның заманында.
Баянға шешесі әкесін жамандағанда «Қарақшылармен әбден әуейі болып алды» дейді. Ал керек болса! Қарабай мен Қодар және оның қасындағылар әуейі болса қандай көрініс шығарын көзге елестете беріңіз. Сериалдағы әр фильмнің басында «12 жастан асқан балалар көруіне болады» деп жазылған. Оған «тек естулеріне болмайды» деп қосқан ләзім. Өйткені, ананың аузынан қызына қарата «еркек пен еркек әуейі» дегенді жас балалар естімесін. Баянның тағы бір тұста Қодардан «бала күнімде мені қатын қылармын демеген шығарсыз?» деп сұрағанын да естімесін жас ұрпақ.
Сөйлем құрауларында құжынаған қате жүр. Бұл сериал тіл заңдылығынан жұрдай. «Бір өзің аттану керек».Баянның айтқаны. Дұрысы «аттануың» шығар. «Тағдырым өз қолымда болса ғой, мұндай бақсыз бағыныш болмас па еді». Бағзы заманның Баяны өз ойын ана тілінде бұдан сауатты жеткізсе керек еді. Жігітінің де тілі жетісіп тұрған жоқ: «Байқасам, сен Қодардың жары болғың келмейді». Қодар «Ал Қозыны біреудің қалыңдығын алып қашқаны үшін жазасын тартатын болады» дейді. «Қозы … жазасын тартатын болады» емес пе? «Егер оған бірдеңе болса, менің тірі болғанымнан керегі жоқ» дейді Баян. Дұрысы «болғанымның» шығар. Қодар Баянға «Бір махаббаттың отын жаққанмен, бірін өлтіремін деп ойламайсың ба?» дейді. От өлмейді, өшеді. Оның үстіне құрмалас сөйлемнің бірінші бөлігінде «жаққан» деген соң, екінші бөлігінде «өшіріп» деуге міндетті.
Еркешора Баян, жетім Қозы, құл-қарақшы Қодар солай сөйлесе де, ата сақалы ауызға біткен Қарабайға не жорық, ол «Қодар, қызымның еркін бер» дейді. Шамасы, «еркіне жібер» демек болған.
Қазақтың сөзінің мәнін білмей, қалай болса солай қолдану жетіп артылады. «Ондай орай өтіп кетті» дейді Қозы. «Орай» ешқашан өтпейді. «Орай», анығында «орайы» келеді. Сценарий авторларының осы сөзге неге үйір екені белгісіз, енді бірде Қодарға «саған бір орай беруге ұйғардық» дегізіпті. Бұл сөзді дұрыс қолданудың орайын таппаған авторларға қарның ашады.
Қозының әкесінің ағасы Әжібай би сый-сияпатты көрсетіп «мына сауғаны бәйбіше, өзіңізге арнайы әкелдік»дейді. «Сауғаны» жауды шапқан батыр беріп кететін. Кейде жомарттанған тонаушы тастайтын. Ал құдалыққа келген әрі елге сыйлы бидің «сауға» әкелгені – өз қадірін өзі кетіргені ме? Одан әрі маңғаз Әжібай би «Шүршіт сәнқойлары қолға түсе бермейтін бұйым, бәйбіше» дейді. Айтайын дегені «Шүршіт сәңқойларының қолына түсе бермейтін бұйым, бәйбіше», не «Шүршітте сәңқойлар үшін жасалған, қолға түсе бермейтін бұйым, бәйбіше» шығар.
Қазақша сөздер тұрмақ орысша аударылған субтитрде өрескел қате тұр. Қозының Баянға айтқан «тұп-тұнық жанары, аққу мойны, шиедей ерні» дегені «чистыми глазами, шубами как вишня, с лебединой шеей»жазылған. Біз эфирден көргенде ақырғы серияның ең соңы осындай өрескел қатемен біткен. Шие түстен тонды Баянның үстінен көре алмадық. Көбіне құлын жарғақпен жүрген еді. «Губа» мен «шуба» сөздерін шатастырғанда бізде қате қаптап жүретінін орыс тілділер де сезсін дегендері шығар.
Орысша субтитр демекші, оның пайдасы да тиетін тұсы бар. «Таңқы, таңдау сенікі» дейді Қодар қарақшыларының біріне. Анау қайдағы таңқы, мұрны аузына түскен біреу. Әйтеуір орысшасында оны«куроносный» деп беріпті. Шамасы қазақша сөзден емес, фильмдегі көріністен жөндесе керек.
Баян қашып кеткен соң Қарабай «Естідіңдер ме маған бөзек етіп тұр» дейді. Қодар «ешқандай бөзек емес» деп безілдейді. «Бөзек» – жергілікті диалект сөз. Жалпы ұлтқа арналған фильмде ондай азғана аймақ түсінетін диалект болмағаны абзал. Аннан-мұннан оқығанымыз бар «бөзек» сөзінің мәнін түсінгендей болдық, ал мына сөйлемнің бір сөзін мүлде түсінбедік. «Мен неге өз қалыңдығым үшін біреуге қарымжы қайтаруым керек.» Бұл – «қарымжы» деген не? Қарыз ба, қарымта ма, қаржы ма? Оның қайсы екенін мыңдаған көрермен ұғынуы үшін әрбірінің қасында сценарий авторы тұрмаса, басқа амалын білмедік.
Қозы мен Баян бірі жирен қасқамен, бірі ақбозбен қашып келе жатқанда Қозының аты жығылады. Қозы«күрең атым-ай, мұның не?» деп күйінеді. Күрең мен жиренды ажырата алмаған аңғал бала ма сонша? Сол атына қарап «Егер көкте арғымақтарға орын болса, сонда кездесерімізге сенемін» деп толғанады. Мынау Баянға да арнамаған сөзі ғой. Сосын Баянға қарап «жілігі үзіліп кетіпті» дейді. Жілік үзілмейді, сынады. Өйткені, ол – тұтас бір сүйек, үзілсе – бірнеше сүйек жалғасқан омыртқа немесе мойын үзіледі.
«Саған тіккен шаңырақты» дейді Қарабай Қодарға. Шаңырақты көтереді. Отауды тігеді. Құрсыншы. Енді қазақ тілінде мүлде жоқ «жаңалықтарға» келейік.
«Осындай адамсыздық болар ма екен» деп Қодарға зекіреді Қарабай. Қалың көрерменнің де күйініп отырғаны сол «адамсыздық» қой. Қарабайға қарата бәйбіше «бұл сенің абыройыңа жат» дейді. Енді фильмді түсіргендерге тура осылай айтылса, қалай болар еді?
Бәрі құраққа түрпідей тиген сөздердің арасында бір дұрысы бар екен. Таптық. Тек естір құлақ болса. Қодар Қарабайға қарата: «Сенің қызыңның күйеуі бар. Ол екі рет байға тимейді» дейді. Бәрекелді Қодар!
Қайнар Олжайдың фейсбук парақшасынан
(жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз