//

Қазақтың сүйегін зерт­тейтін бір адам

1282 рет қаралды

Оразақ Смағұлов  –  қазақтан шыққан тұңғыш антрополог және еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазіргі таңда академик елордадағы Ұлттық музейдің Физикалық антропология лабораториясының меңгерушісі қызметін атқарып жүр.

Антрополог ғалым қазақ этносының бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы, сезімі, май бүрмесі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне жарты ғасырға таяу уақыт жүргізген кешенді, салыстырмалы зерттеу нәтижесінде «Происхождение казахского народа» деген кітап жазып шыққан.


– Оразақ Смағұлұлы, кітабыңыздың басты ерек­шелігі не?

– Бұл кітапты оқыған адам қазақ халқын көнеден келе жат­қан этнос ретінде танып, оның бұ­зыл­май-сызылмай сақталған қы­рық ғасырлық тарихы барын ғылыми дәлелдер негізінде түсіне алады. Бұл тұжырым  биологиялық тұр­ғыдан анықталып отыр. Мұндай ұзақ тарихы бар халық әлемде жалғыз еврей ұлты деп жүрдік. Олардың тарихы теологиялық діни концепцияға негізделіп дәлелденген. Бұл нақты ғылыми тәсілге жатпайды.  Ал қазақтар ше, антропо­логия­­лық ерекшелігі жағынан Еура­зияда тұрып жатқан ха­лық­тардың бірде-біреуіне қосыл­майтын жеке-дара этнос. Мұндай ерекшелікпен жаратылған халық әлемде кемде-кем. Өйткені біздің ата-бабаларымыз ешкімге ұқсамайтын керемет даму сатыларын білген.  Мына кітапта сол баяндалады.

– Жұмысты қай жылдан бас­­тадыңыз және зерттеу нысанына халқымыздың қандай тобы негіз етіп алынды?

– Жұмысты 1966 жылы бас­тадым. Ол кезде елімізде 19 облыс бар-тын. Жыл сайын осы­ның бір-екеуін қамтып отырдым. Зерттеуге ауыл тұрғын­да­ры, яғни дала қазақтары көптеп тар­­тылды. Өйткені қазақтың попу­­ляциялық генетикасы ауыл қазағында жақсы сақталған. Со­ны­мен қатар зерттеу нысанына 12-ден бастап 60 жас аралығындағы ер және әйел адамдар тартылды. Одан кейін  тіс морфология­сының зерттеуіне 12-17 жас ара­­сын­дағы жастар таңдалды. Себебі бұл жас тістің тұрақты кезеңі. Сонымен қатар қазір әлемде 7 миллиардтан астам адам болса, солардың алақан тері бе­дер­лері бір-біріне ұқсамайды және жеке қауымның өмір сүрген ортасы, қолданған тағамы, таби­ғат ерекшелігіне байланысты ұзақ жыл қалыптасқан ерекшелігі бола­ды. Соны зерттедім. Ең бас­тысы сақ, ғұн дәуірінде өмір сүр­ген ата-бабаларымыз бен  қазіргі қазақтардың қаңқасы

– Сіздің антропологияға бет бұруыңызға не себеп болды?

– 1952 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетіне студент болдым. Содан бірінші курста оқып жүріп, археологиялық қаз­ба жұмыстарына жегілдім. Сон­да аңғарғаным археологтер қаз­ба жұмысы кезінде табылған арте­фактілерді мұқият жинап алады да, адам сүйектерін ша­шып тастап жүре береді. Бұ­дан түсінгенім тарихшы-архео­логтерге тек материалдық мәде­ни мұралар ғана қажет екен. Адам қажет емес. Студенттерді бас­қарып барған ұстаздарымнан сұрай­мын ғой «мына сүйектерді зерт­тейтін, айналысатын біреу бар ма?» деп. Ешкім жоқ. Экспедиция аяқталған соң «бір білсе осылар біледі-ау» деп Алматыдағы мединститутқа бардым. Институттың адам анатомиясы кафедрасын профессор Нұрыш Бөкейханов басқарады екен. Нұрекеңе экспедиция ке­зінде көргенімді айтып, шашылып жатқан сүйектерді зерттегім келетінін жеткіздім. Сондағы Нұ­­рекеңнің қуанғанын көрсеңіз ғой. «Япырмай, қазақтың сүйегін зерт­тейтін бір адам табылды-ау» деп шаттанды. Дереу институттың оқу бөлі­мі­нің бір адамын шақырып алып, мені таныстырды. Сөйтсем бұл адам да 30-шы жылдары антропологияны оқып жүріп, қудалауға ұшырап медицинаға ауысқан адам екен. Ол да қуанды. Ақыры мені мединститутқа да студент ретінде тіркеп қойды. Сөйтіп төрт жылда екі институтты қатар оқып бітірдім ғой…

Бір күні ұстазым Г.Дебец мар­­­­­­­құм шақырып жатыр деген ха­бар жетті. Барсам ол кісі ай­та­ды: «Оразақ, ҚазКСР Ғы­лым ака­демиясының басшысы Қа­ныш Сәтбаев ағаң Мәскеуге кел­ді. Мәр­тебелі жиында сөз сөй­лей­ді. Сен сол ағаңа жолығып мәсе­леңді шешіп ал!». «Құп, тақ­сыр» дедім де, Қанекеңді іздеп жол­ға шық­тым.

 – Бұған дейін Қаныш Иман­тайұлымен жолықпаған ба еді­ңіз?

– Жоқ. Бардым. Жағдайды бастан-аяқ айтып шықтым. Мені мұқият тыңдап болып Қаныш аға «енді не керек?» өзіме сауал қойды. «Қазақстанда сүйек қорын жасауымыз қажет». «Түсіндім, бұдан басқа не керек?». «Сүйек қорын жасайтын экспедиция жасақтау қажет». Қанекең бас изеді. Маған бұрылып «Дереу экспедицияға дайындал!» деп бұйрық берді. Арада үш күн өтті. Институт­тың­ басшысы шақырып жатыр деген хабар келді. «Не боп қалды екен…» деп сүрініп-қабынып жет­тім. Директордың алдында Сәтбаевтың қолы қойылған теле­грамма тұр. Оқып берді. Қа­ғаз­да мені экспедицияға басшы ретінде тағайындап, үш ай жұ­мыс істеуге 12 мың рубль, бір ма­шина, төрт ғылыми қызметкер бөл­гені жайлы айтылыпты.

– Содан…

– Содан дереу Алматыға кел­дім де бір аптаның ішінде қағаз-құжаттарды әзірлеп, көр қазуды Семей облысының Шұбар­тау ауданы жерінен бастап кеттім. Өйткені бұл өлкеде аштық жыл­­дары ие­сіз көмілген адамдар көп екен. Ке­лесі кезекте атақты Қоянды жәр­меңкесі бол­ған Қарасор көлін айнал­дыра сү­йек жинадық. Бұлар да аштан өл­­гендер ғой… Артынан сүйек жи­­науды Баян өңірінде жал­ғас­тыр­дым.

– Қанша сүйек жинадыңыз?

 – 300-ден аса.

 – Оларды қайда жібердіңіз?

– Ленинградқа. Өйткені Қа­зақ­­станда сүйек сақтайтын орын жоқ. Қазір бұл сүйектер Кун­ст­камерада сақтаулы тұр.

 –  Сөз соңында айтарыңыз…

– Сөз соңында айтарым: археологтер қазба жұмысын жүр­гізгенде табылып жатқан адам қаңқасын жинауы керек. Одан кейін оны сақтайтын орын жасауымыз керек. Нағыз тарих осы. Қазіргі біз малданып жүрген архивтік деректер мұның қасында түкке тұрмайды. Адамның нәсіл-тегіндегі генетикалық деректер әлемнің ешқандай қорында жоқ. Өйткені ол адамның өзінде ғана сақталды. Өлген соң сүйегінде, тірісінде бір тал шашында, бір тамшы қанында сақталады. Мұндай бірегейлікті болашақ ұрпақтарымыз тану арқылы өздерінің бір тектен шыққан халық екеніне мақтанатын болады.

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Тақырып өзгертіліп, сұхбат қысқартылып жарияланды – Мінбер админ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар