Адам бойында үрей тудыру жақсы қасиеттерге, мысалы қуанышқа қарағанда оңайырақ. Батыс мультипликациясында психологияға әсер ететін қорқыныш, үрей, зорлық секілді амалдар қолданылады. Әрине, бес саусақ бірдей емес дегендей, мен барлығы туралы айтып тұрғаным жоқ. Мысалы, «Том мен Джерриді» және «Ну, погодиді» салыстырайық.
Американдықтарда күш көрсету норма болып қалыптасып кеткен. Ал кеңестік және отандық мултьфильмдерде мораль бар және ол өнегелі. Қасқыр үнемі сазайын тартады, ал қоян ешкімнен кек алмайды. Тіпті қасқырдың өзі жаман емес, кейде қоянмен достасып та қалады. Ал диснейлік мультфилмьдердің кемшілігі сол — жағымсыз мінезді қаһармандарды көрсетеді. Бала не көрсе соны істейді.
Мысалы, менің үш жасар сіңілім бар. «Мадагаскардағы» кейіпкерлердің билейтін эпизодын бұлжытпай қайталап береді. Ал кейбір мультфильмдерде адам өлтіріу, табиғатты ластау, ата-анаға сөз қайтару секілді эпизодтар толып жатыр. Кезінде өзіміз әжеміздің ертегілерін тыңдап өстік. Ертегі — бала санасында қоршаған ортаның моделін, ана мен әкенің, дос пен қастың, жақсылық пен жамандықтың образын қалыптастырады. Міне, бала кейін ата-анасын сыйлай ма, әлде қарттар үйіне өткізіп тастай ма, адамгершілігі мол бола ма, болмай ма тәрбиеге, тыңдаған ертегілері мен көрген мультфильмдеріне де байланысты.
Мен бірталай батыс мультфильмдерін әдейі көріп шығып, бірнеше қорытындыға келдім. Ең алдымен диснейлік мултипликациядағы жиі кездесетін әйел образын алайық. Қызға тән инабаттылықты, сыпайылықты, ер адам алдындағы ұяңдықты мүлдем көрмедім. Мысалы, «Шрэк» мултьфильмінде Троль әйел қызға тән нәзіктікті ұмытып қарақшылармен супермен сияқты төбелеседі. Ал «Аладиндегі» Жасмин қылышымен сермегенде алдымызда қыз бала емес, ер жігіт па деп қаласыз.
«Горбач из Ноттердама» немесе «Божий храм Парижской Богоматери» деген мультфильмдегі цыған қыз ашуланып, тісін қайрағанда шошисыз. Ал өзіміздің немесе кеңестік мултьфилтмдерді алатын болсақ, әйел адамның ішкі жан дүниесінің әдемілігін, инабаттылығын, нәзіктігін көресіз. Олар ешқашан ер адамға тән ерсі қылықтарды жасамайды.
Әйел образын сомдайтын батыс мультфильмдерінің қаһармандарының бет-әлпеттері бірдей: үлкен көз, аққу мойын, қыпша бел, шие ерін, бір сөзбен өмірде жоқ сұлулықты сипаттайды. Сондықтан ер бала осыны көре отырып, шынайы өмірде жоқ қыздарды іздеумен болады. Әрбір ата-ана өз баласына жақсыдан үйрен деп жатады. Сосын бала мультфильмдердегі әдемі қыздарды жақсы адам деп санайды. Енді осы жақсы адамдарға ерсі қылықтар мен дөрекі мінезді қосып қойса, санасы дамымаған бала осылай істеу керек екен ғой деп қалады.
Сонымен қатар, ана образын алар болсақ, біз шетел мультипликациясында жануарлар туралы ғана мультфильмдерден үлгілі ана образын көреміз. Мысалы, «Король-лев», «101 далматинец», «Книга джунглей», «Спирит», «Дамбо» және т.б. мультфильмдерінде ана мен бала арасындағы махаббатты, ана қамқорлығы мен мейірімін көрсететін әдемі эпизодтарды байқаймыз. Ал адамдар ойнайтын немесе адам рөлін ойнайтын жануарлар туралы мультфильмдерді көрсеңіз жиіркенесіз.
Мысалы, «Метро голден майердің» ана-үйрегі төмен түскен, абыройы жоқ образда бейнеленеді. Өз іш киімін жұрт көзінше жұбайына көрсетеді, ұрсысады. Оның даусы, іс-әрекеті, қимылы анаға тән емес. Тіпті өз баласын стакан ұстағандай ұстап тұрады.
Енді осыны отандық «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмімен салыстырайық. Екеуінде де ана образы көрсетілген. Бірақ кішкентай көрермендер екі түрлі қарама-қарсы әсер алады. Жалпы, батыс мультипликациясынан әдемі, жас, қуатты, жігерлі, еліктеуге боларлық адамдар сомдайтын ана образы аз.
Сатқындық мәселесіне келсек, «Шрэктегі» құсты троль әйел өлең айтып жарып жіберетін, оның үш жұмыртқасын қуырып жейтін немесе құрбақа мен жыланды шар қылып үрлеп ұшырып жіберетін эпизодты бәріміз білеміз. Сонда бала санасында қоршаған орта мен табиғатты аялау керек деген ой қайдан пайда болсын?
Ал енді фантастикалық мультфильмдерді атамасам да, өздеріңіз көрген шығарсыздар. Бала тұрмақ өзіміз шошитын кездер де болып жатады. Осыдан бала бұзық, сотқар, жаны ашымайтын болып өседі. Төбелес пен соғыстан өзге ештеме көрмейді. Ал қарапайым кеңестік «Перевал» атты фантастикалық мультфильмінің өзінен баланың танымы кеңейіп, патриоттық сезімі ұлғаяды.
Әрине, барлық бала мультфильм көргенді ұнатады. Бірақ балаға ұнайтын нәрсенің бәрі пайдалы емес. Мысалы, балалар кішкентай кездерінде отпен ойнағанды, розеткаға саусақтарын тыққанды, мұрынға ине салғанды жақсы көретін. Бірақ сіз балаңызды ондай қауіп-қатерлерден сақтайтынсыз. Енді неге миллиондаған отандастарымыз балалары сапасыз мультфильмдер көргенде тыныш қана отыра береді?
Жазира Қасымбай
Парақшамызға жазылыңыз
“Ел боламын десең экранынды түзе” – С.Елубай
жазбаң сәтті шыққан. Салыстыруын да тамаша өрілген.
Айтқаныңның біразына қосылам. Ал біразына қарсылығым бар. Әр елдің мәдениеті әр түрлі. Олар солай ойласа біздің кінәміз не? Ең бастысы қалай өз өнімімізді көрсетуіміз керек. Бұл менің ойым
Бұл біздің жастарға ғана арналған телеқойылымдардан ғана емес, ересектерге арналған сериялдарды жаулап алған жағыдай. Өйткені өзгенің қаңсығы, бізге келіп таңсық болғаны қашан. Сондықтан да, өзіміздің Отандық өнімдерінімізді көре алмайынша ұлттық болмыс, ұлттық рух, адамгершілік болымыстың орын алуы мүмкін емес. Алайда өз басым мынау жоғарыда аталған мультфильмдерді көрген емеспін. Алайда, оңып тұрған бірі жоқ екенін көрмей-ақ сезіп тұрмын.
Өзгенің қансығы бізге таңсық болып жатқаны өкінішті, әрине. Бірақ шетелдік мультфильмдердің бәрін бірдей жаман дей алмаймын. Тек жақсы шыққандарын сүзіп, бүлдіршіндерге көрсету қажет.