///

Айгүл Ісімақова: Қазақ ғылымы үш жылда бір бөлінетін грантқа телміріп отыр

1700 рет қаралды

Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Айгүл Ісімақова ханымның араласуымен соңғы кезде біраз өзекті проблемалардың түйткілі шешілген еді. Ғалымның қазіргі қазақ ғылымы жайлы толғақты ойларын назарларыңызға ұсынамыз.

ҚАЗІРГІ ҒЫЛЫМДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ БАЛАМА ЖОЛЫН ТАБУЫ КЕРЕК

 -Айгүл Серікқызы, жақында ғана Ғылым комитеті бөлген ғылым гранты төңірегінде дау шыққаны белгілі. Бұл ғылымдағы тағы бір былықтың бетін ашқандай болды. Сіз қызмет ететін М.О Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қанша жобасы өтті?

-Қазақстанның техника саласындағы көп ғалымы бизнеске кеткен еді. Олардың өз қаржылық көздері болды. Бірақ жағдай қазір өзгерген.  Себебі басқа жақта да олардың ақша табу мүмкіндіктері азайып жатыр.

«Мәңгілік Елді» қарастырған ҰҒК комиссиясының төрағасы аграрлық мамандық иесі Гамарник мырза қазақтың ұлттық мүддесі, әдебиеті, тарихын қай дәрежеде біліп, төрелік айта алады? Тура бір жыл бұрын біз қазақ тілі мен әдебиетінің классификаторына қатысты мәселе көтергенімізде тарихшылар фейсбукке бір қорқынышты құжат салған еді. Бұл мағлұмат  менің  Фейсбуктегі парақшамда әлі  тұр. Осыдан екі жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры қызметін атқарған Ахмет Зәки дегеннің бастамасымен «Қазақ  xалқының тарихы» мен «Қазақстан тарихы» пәнін жоғары оқу орындарына оқытудың қажеті жоқ деген ұран тасталып, оны бүкіл жоғары оқу орындарының проректорлары қолдап, осының негізінде  «Қазақстан тарихы» жоғары оқу орындарынан алынып тасталды. Қазіргі Ұлттық Ғылым Комиссия төрағасының бірінші орынбасары осындай ісімен «әйгілі» Ахмет Зәки екен. Яғни министр Сағадиев өзінің идеясын қолдайтын адамының қолын жылы-жұмсаққа салып қойып, соның қолымен өздерінің біраз жобасын мақұлдатып алғандай.(Сол Ахмет Зәки ҚазҰУдағы қызметінен сол жылы БҒМ-ға ауысқан. Сөйтсек, қазіргі БҒМ министрінің жекеменшік UIB атты оқу орнының Президенті екені және  ҰҒК- ның тізімінде  бұл адамның қызмет орны көрсетілмеген – бұл туралы Қазақстанның жас  ғалымдарының Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа жазған хатында көрсетілген: https: //www.kursiv/kz/news/obshestvo/ucenye-kazahstana-napisali-otrytoe-pismo-nursultanu- nazarbaevu). Министрдің осындай «сенімді»өкілі басқарған мемлекеттік ғылыми комиссиядан қандай әділдік күтеміз?!

«Мәңгілік Елді» басқарғандардың ішінде қазақ тілінде сөйлейтін филолог жоқ. Әдебиетшілерден орыстілді, жиырма жылда бір ғылыми мақаласы жарық көрмеген бір адамның фамилиясы жүр. Біздің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты атынан өткізілген 26 жобаның 4-еуі ғана мақұлданып отыр. Оның біреуі – музыканы зерттеу, екіншісі – фольклорлық терминдер, үшіншісі – М.О.Әуезов музей-үйінің жобасы. Әдебиет институтының ғылыми қызметкерлері үшін бір ғана жоба өткен. Сол төрт жобаның қаржылық сметасының өзі әлі бекітілген жоқ. Күні бүгінге дейін басшымыз Астана мен Алматы арасында осы жобалардың қаржысын бекіту үшін шапқылап жүр. Естуімізше, сұратылған қаржы көлемі қысқарып кеткен. Бізде қызмет ететін жас ғалымдарымыздың көбі қала маңындағы ауылдарда тұрады, өйткені оның көбінде қаладан пәтер алуға мүмкіндіктері жоқ. Қазір ақпан аяқталды, жыл сайын қайталанатын үрдіс сол – сәуірге дейін жалақы алмаймыз. Жоба үш жылға бекітіледі, ал жыл сайын сәуірдің соңына дейін қаржы болмайды. Сонда ғылым мен технология дамыған қазіргі заманда біздің Үкімет қаржыны қолмен санап, жаяу таситын секілді.

Ғылыми жобаларды қаржыландыру тендері 2017 жылдың соңында өткізілді. Оның шешімі қаңтарда мәлім болды. Қазір жобалардың жұмыс істеу уақыты басталып кетті. Біз ай сайынғы қаржыға, жасалған жұмысқа есеп беруге міндеттіміз. Сол есептің электронды түрде және жазба түрде қағаздағы нұсқаларын  да қытайдың ала дорбаларымен  Астанаға арқалап жүргеніміз. Жыл  соңындағы есепті Астанаға жеткізу үшін  екі үш адам ала сөмке арқалап жүреді. Сонда электронды үкімет, цифрландыру заманында неге әлі күнге дейін қағазға тәуелді болып отырғанымызды түсіне алмай-ақ қойдым.

Осы жас ғалымдар біздің институттың отымен кіріп, күлімен шығады десем өтірік айтқан болмаймын. Өйткені, жалақылары төмен болса да, ғылымға берілген энтузиазистер көп. Көне тілдерден аударма жасайтын, шағатай, араб-парсы жазбаларын оқи алатын текстолог мамандарымыз бар. Сол мамандардың өзінің институтта қалу-қалмауы екіталай болып тұр. Ертең қаржы айқындалғаннан кейін, «сендерге төлейтін қаржымыз жоқ екен, бара қойыңыздар» демесімізге кім кепіл?!

— Институтта қанша қызметкер бар?

— Жүзге жетпейді.

— Сонда сіздің институтты қаржыландыру көзі осы үш жылда бір бөлінетін грант арқылы ғана жүзеге аса ма?

— Иә. Институтта базалық қаржыландыру көзі бар. Ол отырған ғимараттың жалға алу қызметтерін, әкімшілік пен техникалық қызметкерлерге төленетін айлық қана. Ал ғылыми қызметкерлерді тек осы грант арқылы ғана қаржыландырады.

— Жалпы, үш жылда бір бөлінетін ғылым гранты Қазақстан ғылымын өркендетуге қандай ықпал ете алады?

— Аллаға шүкір  мен шет елдерге ғылыми іссапармен жиі шығамын. Алысқа бармай-ақ, іргемізде тұрған Ресейді алайықшы. Ондағы «Тіл білімі», «Орыс әдебиеті» және «Тарих» институттары тікелей  мемлекеттен қаржыландырылады және оны қадағалайтын  Президент әкімшілігінің қамқорлығы мен қадағалауындағы саяси идеологиялық орталықтар болып есептелінеді. Олар бұндай грантқа тәуелді емес. Ал біздегі А.Байтұрсынұлы атындағы «Тіл білімі», Ш.Ш.Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология», М.О.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер», Р.Б.Сүлейменов атындағы «Шығыстану» институттары соңғы он-он бес жылда әлемдік деңгейдегі заманауи іргелі зерттеулерге бара алмай отыр. Кезінде Елбасы бастауымен шығарылған 100 томдық «Бабалар сөзі» бүгін атаусыз қалып барады. Бұл зерттеулер жалғассыз қалды. Әлемдік дәрежедегі жобаларымыз өтпей, екінші-үшінші дәрежедегі жобалармен айналысуға мәжбүрміз. Қазір мен зейнет жасындамын, ал бізден кейінгі ғылымды жасаушылардың ғылыми атағын қорғату, оларды осы институттың иесі етіп қалдыру секілді үлкен ғылыми міндет тұр. Бірақ, қазіргі жағдайда ол қиын проблемаға айналды. Егер, жас ғалымдарды тәрбиелей алмасақ, біздің жасымыздағы адамдар ғана қалатын болса, екі-үш жылда институт жабылады деген сөз. Мына Ресейде жастарды тәрбиелеп, ғылыми қатарға қосу – іргелі әрі сатылы түрде жүзеге асады. Біздің қазіргі директорымыз істің көзін білетін, менеджер адам, осының негізінде былтыр 9 жас докторантымыз арендалы баспанаға ие болды. Бірақ, ол барлық материалдық проблеманы шешпейді ғой. Олар алған үйдің кредитін 50-60 мың жалақымен қалай  төлейді? Магистратура, докторантураға орын аз бөлінеді. Егер  бұл институтта біздің жолымызды жалғастырып, орнымызды басатын ғалымдарды дайындамасақ, енді бірер жылдан кейін институт жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады.

— Сіздіңше, бұл институтты сақтап қалудың қандай жолы бар?

— Біріншіден, ғылымды қаржыландырудың басқа жолын ойластыру керек. Оның үстіне, қазақ тілі Конституция бойынша мемлекеттік тіл. «Қазақтың тарихы – қазақ әдебиетінде» деп айтып кеткен Әлихан Бөкейхан бабамыз. Қазақ әдбиетін қазіргі кезеңге сай насихаттай алмасақ, қазіргі қоғамға керегін бере алмасақ, ол біздің кісілігімізге, ғалымдығымзға сын болары анық. Қазақ мемлекетінің тарихына тікелей қатысы бар – «Тіл білімі», «Тарих және этнология», «Шығыстану» және «Әдебиет және өнер» институтын қаржыландырудың басқа амалдарын да қарастырғаны абзал болар еді. Біздің әуелі осы үш институтты Астанаға көшіре ме деген дәмеміз де болған еді. Тариxы, Мемлекеттік тілі мен Әдебиеті іргелі зерттеулерден тыс қалған қандай мемлекет болмақпыз?

—  Жақында әлемге танымал ғалымдардың бірі Кеннет Әлібек Америкаға кететіндігі жайында мәлімдеді. Қазақстан шынымен ғалымдар үшін қажетті жағдай жасай алмай отыр ма?

— Жалпы, жас ғалымдардың көпшілігі бізде де, Ресейде де туған Отанын тастап, ғылымға жеткілікті деңгейде көңіл бөлетін, жағдай жасайтын дамыған елдерге кетіп жатыр. Ол жақта ғалымға қажеттінің бәрі жасалған. Ғылыми-зерттеу лабораториясы, эксперимент жасауға қажетті құралдары, материалдық жағдайы барлығы шешілген. Мен Кеннет Әлібектің не үшін кеткені туралы жазғанын оқыдым. Әрбір қажет құрал-жабдық, техника, технологияны алу үшін қаншама мекеменің есігін тоздырады, қағаздағы бюрократия аяқталғанша, оның ғылыми жаңалығы ескіре бастайды, идея тоқтайды. Яғни ғылымдағы бюрократия біздің ғылымның алға жүруіне кедергі келтіріп отыр.

— Ғылым Академиясының қызметкері Нұрлан Атығаев: Тарих және этнология институтының қызметкерлерінің жылдап айлық алмағанын, сол үшін ғылыми жұмыстардың сапасына жауап бере алмайтындығын мәлімдеген. Ғылым Комитеті бұл мәлімдемені жоққа шығарып отыр екен. Сіз не дейсіз?

— Тарихшы ғалым Нұрлан Атығаевтың көтеріп отырған проблемаларының бәрі дұрыс. Біздің тарихшылар – ақсақалдар, алашшылдар және жас тарихшылар болып бөлінеді. Нұрлан Атығаев – қазақ тарихын пән ретінде үзіп-кеспей, тек қазіргі заманмен шектеліп қалмай, оны бірыңғай оқытуды қолдап келе жатқан аз   ғана тарихшылардың бірегейі. Оның институттан кетуіне мәжбүрлеген себептер осындайдан да болуы мүмкін. Мұндай шыншыл жас ғалымдардың басы ноқтаға сыймайды, «айтқанға көнбейді, айдағанға жүрмейді». Нұрлан қызметінен кетіп бара жатып, ғылымдағы толғақты проблемалардың бетін тұңғыш рет ашып  бергені де жастарға жан ашығандық деп түсіну керек.

 ИМПАКТ-ФАКТОР ЖАЛҒАН ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҚАРАСЫН КӨБЕЙТІП ЖАТЫР

— Импакт-факторға мақала жариялау үшін қаржы төлеу біздің ғалымдар үшін қалыпты дүниеге айналды.Соңғы жылдары шетелдік импакт-факторлы журналдарға мақала жариялаған ғалымдардың басым көпшілігі «хищный» немесе жалған журналдарға ұрынып қалғандығы жайында жиі естіп жатырмыз. Шынайы журналдарға жариялану мүмкіндігі неге төмен? Жалпы, әлемдік ғылым үдерісіне қаншалықты ілесе алдық?

— Scopus ғылыми орта шығаратын журналдар сериясы. Ол журналдардың дәрежесі өте жоғары. Олар ғылымилығы жоғары деп тапқан мақалаларды өздері іздеп жүріп тегін жариялайтын кездері де де болады. Мысалы, менің орыс тілінде шыққан бір мақаламды Scopus базасына енетін бір журнал өздері сұратып жатыр. Рецензенттер өздері маған хабарласып, мақаланың қай жерін өңдеуге, қай жерін қысқартуға болатындығын сұрап отыр. Орыс тіліндегі мақаланы, ағылшын тіліне өздері аударуда. Біздің министрлік тіпті докторанттардың өздерінен осы ғылыми базадағы журналдарда мақалаңыз болуды талап етеді. Әрі ол мақалалар өте тез жариялануы тиіс. Енді не істейді? Жас ғалымдар, оңы мен солын әлі танымайтын жас балалар, импакт-факторлы мақалаларға шығудың жолын іздейді. Сол кезде Scopus базасында бар үндістандық, пәкістандық журналдарға жалынуымызға тура келеді. Әрбір мақалаға 1000 доллардан сұрайды. Импакт-факторлы журналға шыққан мақаласы жоқ ғалым ғылыми жобаға жетекшілік ете алмайды және қатыстырылмайды. Бұл БҒМ-ның қойып отырған шарты. Осыны жақсы біліп алған Scopus базасы да біздің бұл әлсіздігімізді жақсы пайдаланып келеді. Олар біздің ақша төлеуге мәжбүр екенімізді білгендіктен кей басылымдарына мақалаларымызды шығаруымызға мүмкіншілік жасап, кейін ол журналдарды базадан шығарып тастайды. Мәселен, «Man India» деген журнал былтыр Scopus талаптарына сай келмейді деп, базадан шығып қалды. Біздің ғалымдар, оның ішінде біздің орталық университеттердің екі ректоры бар, Президенттің стратегиялық сараптама институты директорының мақалалары сол жерде шығып үлгерді. Олар ең кемінде 1 мың доллардан төлеген. Бұл журналда Үндістанның 88 ғалымының, Ресейдің 68 ғалымының (көбісі академиктер, жастар жоқ) және 280 қазақ ғалымының мақаласы шыққан…

— Мұндай талапты қоюдың қаншалықты қажеті бар деп ойлайсыз?

— Мұндай талапты Ресей де қояды. Бірақ онда  тек профессорлыққа және академиктікке үміткерлерден талап етіледі.  Мысалы, біз әр тоқсан сайын есеп беруіміз керек. Ғалымдар жоба бойынша импакт-факторға мақала шығаруы керек. Егер айлап жалақы алмаса, олар ол мақаланы шығаруға төлейтін мың долларды қайдан табады?

Егер сіздің зерттеп жүрген салаңызды ғылыми орта қажет етсе өздері-ақ шығарады ғой. Шетелдегі әріптестеріміз  біздің  бұл қылығымызға күледі. Өйткені, жалған немесе «хищный» журналдарды «асырап» жүргендер қазақтар екен. Бұл абыройсыздықпен қоса, қаншама қаржымызды шетелге алып кетіп жатқанын бағамдаған жан жоқ. Біздің институт та бізден талап етеді, бірақ мен ондай абыройсыздыққа барғым келмейді. Шетелдік әріптестерімнің «сіз де сондай журналдарда жүр екенсіз ғой» деуін елестете алмаймын. Ғылымға заман талабына сай жаңалық енгізбеген ғалымның Skopus базасын жағалауы ұят. Бірақ БҒМ талабы өзгерер емес. Бізге сапасы жоқ болса да сандық көрсеткіштер керек. Мен онда шыққан біздің кейбір ғалымдардың  мақалаларын қарадым. Оны импакт-факторлы журнал түгілі, біздің «Қазақ әдебиеті» газеті де баспайтын деңгейдегі мақалалар. Әдебиеттің маңайындағы көр-жерді сөз етіп қана қойған. Бұндай мақалалар ақшасы төленгеннен кейін ғана  шығып отыр ғой.

ҒЫЛЫМ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАСАЛМАСА, ТІЛ ӨЛЕДІ

— Академик Асқар Жұмаділдаев мектепте физика мен математика қазақ тілінде  үйретілмесе, ғылым да қазақ тілінде дамымайды деген пікір айтады. Сіздіңше, үштілді білім беру, қазақ білімін қаншалықты алға сүйрейді?

— Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Осыдан 100 жыл бұрын 19 жастағы Қаныш Сәтбаев «Алгебра» оқулығын жазды. Әлімхан Ермековтің «Есеп» кітабын, Міржақып Дулатұлының «Есеп құралын», Қошке Кемеңгердің «Қазақ тілінің грамматикасы», «Учебник казахского языка» (1929) кітабын жазғандағы мақсаттары қазақ тілінде ғылым жасау. ХХІ ғасырда тәуелсіз ел бола тұрып, бізге ағылшын тілінде ыңғайлы, орыс тілінде ыңғайлы деп қазақ тілін былай ысырып қойғанымыздың себебін түсіне алмадым?! Бізге Ата Заңымызда көрсетілген Мемлекеттік тіл – қазақ тілін осылай тұншықтыруға кім құқық берді?!

— Бұндай тәжірибе жалпы қандай елдерде бар екен?

— Пәкістан мен Ауғанстанда болған екен. Үндістан жүздеген диалектіде сөйлейді екен. Бірін-бірі түсінбейтін Үндістан халқы білімді ағылшын тілінде жасаңдар дегенде, ғылым тоқтап қалған. Бүкіл ел жаппай сауатсыздыққа ұшыраған. Бізде де солай болайын деп тұр. Егер, ағылшын тіліне басымдық беретін болса, қазақ тілі тұрмыстық дәрежеде ғана қалады. Есепті қазақ тілінде шығарған, мектепті қазақша тәмамдаған, академик Асқар Жұмаділдаев  МГУ-ге түскенде орысша білмеген, бірақ есеп шығарғанда  озаттардың қатарынан көрінген! Енді есепті ағылшынша шығаратын біздің мектептерден болашақта Асқар Жұмаділдаевтар шықпауы әбден мүмкін. Өйткені, есепті ағылшын тілінде оқыған қазақтың тапсырманы жан жүрегімен түсінуі екіталай. Сонда бұл бастаманың аржағында халықты сауатсыздыққа, білімсіздікке бастау ниеті тұрған жоқ па? Қазір бұл мәселені көтеріп шырылдап жүрген бірнеше ғана адам бар. Өзгелер бұның болашағының бұлыңғыр екенін біледі, бірақ үн қатуға мұршасы жоқ. Маған мектеп мұғалімдері неше түрлі  зорлықпен шыққан оқулықтар мен құжаттарды әкеп көрсетеді. Соған қарап, біздің болашағымызға балта шабылып қойған жоқ па деген күмән қылаң береді.  Осыған қарап, жер мәселесі түбегейлі шешіліп кеткен жоқ па деп те қорқамын. Қазақтың қарапайым халқын ғылымнан ада етіп, тек ортанқолды  кәсіби-техникалық білімге бағыттап, сонымен қоса ағылшын тілін де үйренуге бел шеше кірісіп жатқанымыздың түпкі мақсаты – бізді басқаратын біреулерге қызмет еткізуге  ғана дайындап жатқан сияқты. Бір кездері жоғары эшелоннан «біз қытай тілін де үйренетін боламыз» деген де мәлімдеме жасалып еді ғой. Осының бәрі сатылып кеткен жерлерімізді заңдастырудың амалы емес пе деген үрей де жоқ емес. Әйтпесе, басымызға не күн туды? Тәуелсіз елміз, қазақ  тілі – мемлекеттік тіл. Өзіміз Конституциямызға қайшы әрекет етеміз. Бірақ, жер мәселесіне келгенде қазақтың үнсіз қалмайтыны анық. Әлихан Бөкейхан айтқан: «Мемлекетке не ыңғайлы, соны мемлекет жасай береді. Бір тілде сөйлеу, бір тілде жазу, бір дінге құлшылық ету, тіпті дінсіз, атеист қоғам болса мүлдем жақсы». Сауатсыз елді билеу өкіметке әрине оңай .

— Сіз Қазақ әдебиетінің жеке пән ретінде үйретілмейтін болғандығы жайында дабыл қаққан едіңіз. Алайда, БҒМ бұл мәлімдемені жоққа шығарды. Қазір «Қазақ әдебиеті» жеке пән ретінде сақталып отыр ма?

— Былтыр осы мәселе жайында шу көтерілмегенде, тіл мен әдебиет бір кафедраға айналып кетер еді. Қазір көптеген оқытушылардан маған алғыс жаудырған хаттар аламын. Әрине, басында «Қазақ әдебиеті» пәнін классификатордан алып тастаған еді. Кейін ың-шыңсыз «Қазақ әдебиеті» кафедраларын қайта ашты.

Бірақ, тағы бір мәселеге назар аударып көріңіз. «Қазақ әдбиеті» пәнінің мектептегі  бағдарламасын қарасаңыз, сағат саны қалған, бірақ оқулықтағы сапа түбегейлі өзгерген. Ауыз әдебиеті Кер құла атты Кендебай, Қобыланды, Қыз Жібек, Асан Қайғымен біткен, 100 томдық «Бабалар сөзі» айдалада қалған,  эпос,тарихи жыр,дастандар, мақал-мәтел, жұмбақ, айтыс, толғаулар қазіргі оқулықтарда жоқ. Қазіргі қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми, көркемдік мұрасынан тек екі өлеңі ғана берілген: «Егін бастары» мен «Адамдық диханшысы» ғана. Екі өлеңмен А.Байтұрсынұлының ақындығын, ғалымдығын, аудармашылығын, мемлекет қайраткерлігін таныта ала ма?! Осы оқулыққа М.Жұмабайдың «Батыр Баянынан» басқа бір де бір өлеңі енбеген. Әдебиеттің теориясы мен сыны туралы мағлұмат жоқ. Әлемдік оқулықтарда  әдебиет оқушының жас ерекшелігіне қарай беріледі. Әдебиеттану деген ғылыми пән мектептің базалық біліміне кірмей ме? Әдебиеттану ғылымының методологиясын бұзуға оларға кім жол берген? Қазіргі шыққан қазақ әдебиеті оқулығында Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалына» 18 сағат берілген, онымен бірге ортаңқол жазушының бір шығармасы енген. Яғни бір тоқсан бойы екі шығарма ғана оқытылады. 5 сыныпқа жыл бойы он төрт, 6 сыныпқа  жыл бойы он жеті, 8 сыныпқа жыл бойына он алты, 10 сыныпқа он-ақ шығарма, 11 сыныпқа жеті-ақ шығарма, І тоқсан 16 сағат: О.Бөкей «Атаукере», Ж.Әбдірашев «Дала, сенің ұлыңмын!». ІІ тоқсан 15 сағат Б.Мұқай «Өмірзая», Л.Қоныс «Тиын» әңгіме. ІІІ тоқсан 22 сағат: М.О.Әуезовтің «Абай жолы» ғана. ІҮ тоқсан 15 сағат: Қ.Мырзалиев «Қызық кітап», С.Балғабаев «Тойдан қайтқан қазақтар» комедиясы. 11 сынып І тоқсан 24 сағат:С.Сейфуллин «Сыр сандық» өлеңі, І.Есенберлин «Қаһар», А.Сүлейменов «Бесатар». ІІ тоқсан 24 сағат: С.Елубай «Жалған дүние», Қ.Аманжолов «Өзім туралы». ІҮ тоқсан 24 сағат: Т.Молдағалиев «Бауырлар» өлеңі, М.Райымбекұлы «Көшбасшы» поэмасы.   Бүкіл қазақ әдебиеті деген киелі Ата Баба Асыл Сөзі осылай жаңа оқулықтарға енген! Бұған не дейсіз?

Біз кезінде жыл бойына 100-120 шығарма оқитынбыз. Оның үштен бірі шетел әдебиеті болатын. Мына түрімен  мектепте әдебиет туралы толық мағлұмат берілмейді. Пәленбай жылдан бері оқытылып келе жатқан іргелі базалық білім ескерілмей келеді! Оқулық авторлары Назарбаев мектебінің мұғалімдері. Олар біздің зерттеу институттары жасап жатқан базалық білімді қайдан біледі?! Сегізінші сыныптың оқулығында Ахмет Байтұрсынұлының екі-ақ өлеңінен басқа ешқандай мағлұмат жоқ. Оның ғалымдығы, тілі білімінің, әдебиеттің негізін салғаны, алашордашыл, қоғам және мемлекет қайраткер болғандығы оқушының санасына зерделенбейді. Керісінше, бүгінгі замандағы бір асабашыл ақынның өлеңі бүкіл оқулықта жүр. Бұл дегеніңіз, Білім және ғылым министрлігі мен базалық институттар арасындағы байланыстың үзілгендігінің белгісі. Ал оқулық авторларымен сөйлессек, олар бағдарлама қалай болды, солай жаздық, дейді. Яғни оқулық авторларын әдейі солай жасауға мәжбүрлеп қойған. Бұған не себеп? Оқулықтар сондай сын көтермес деңгейге қалай жетті? БҒМ Кембридж университетінің ең арзан тіл үйрету жүйесін сатып алып, оқулықтарды осы жүйеге тәуелді етіп қойды. Бұл елді сауатсыздандырудың бір амалы. Сауатсыз елді басқару оңай болады ғой. Министрлердің балаларының бірде біреуі Қазақстанда оқымайды. Бәрі шетелдік униерситеттерді сағалап жүр. Егер осы жүйе керемет болса, олар өз балаларын неге осында оқытпайды?

— Бұрын Совет дәуірінде жазушылар мен ғалымдар бүкіл-бүтін қоғамның жұлын-жүйкесі саналатын. Олар қоғамдық маңызды мәселеде өз ойларын ортаға салатын. Қазір олардың қоғамдық белсендігі көрінбейтін болды. Оның сыры неде?

— Менің жеке пікірім бойынша, біздің қоғамдағы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұxаммеджан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқай бастаған Алаш арыстарының зиялы еңбегін сіңіргендер М.О.Әуезовтен кейінгі Әлкей Марғұлан, Қайым Мұхамедхан, Кеңес Нұрпейісов, Салық Зиманов, Рабиға Сыздықовалар еді. Қазір мұндай тұлғаларымыз жоқ. Солардың жоқтығы себепті білім мен ғылымда бүгінгідей келеңсіздіктер көбейіп бара жатыр.

— Бір ауыз сөзбен тәуелсіз Қазақстанның ғылым мен білімін түйіндесеңіз…

— Жуырда Путин Нововсібір мемлекеттік университетінде бүкіл академиктерді жинап кездесу өткізді. Путин ғалымдардың әрбір пікіріне құлақ асып, лабораториясының ашылуына, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуына, әрбір ұсақ-түйекке дейін қадағалап, оның шешімін сол жерде табуына ықпал етті. Осы ретте гуманитарлық ғылымдардың қазіргі заманда аса қажеттілігіне арнайы тоқталды. Бізде де өте дарынды жас ғалымдар көп, математиктеріміз Еуропада Қытайдан кейінгі екінші орынға жайғасқан. Біздің ғылым мен білім беру стандартын пәкістандық, ауғанстандық ,үндістандық деңгейге түсіріп жатқан қоғамда дарынды балалардың, оның ішінде ауыл  баласы мен ауыл мектебінің келешегі қалай болар деген де үрей бар.

Ойымызды «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай Алтынсарыұлының мектебін бітіріп, ісін дамытқан ұлағатты ұлт ұстазы Аxмет Байтұрсынұлының сөзімен түйіндегенді жөн көрдік: «Біздің мұнан соңғы айтатынымыз: қазақтың бас адамдары! Әуелі Сіздер адаспаңыздар,адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақты іс етіңдер. Екінші, қазақтың байлары, күштілері! Жарлы-жақыбай, нашарларыңды жермен теңгеріңдер. Бір асауға болса да  құлдық дейтіндер көбінесе солардан болады. Үшіншіден, Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан ерген Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына Сіздер қаласыздар!» («Көшпелі һәм отырықшы норма», 1913).

— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Есен Байнұр.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар