Бүгін (29.07.2018ж) Түркияның Стамбул қаласында Түркия-Еуропа қазақтарының көш басшысы Елісхан Əліпүлының 110 жылдығына орай үлкен ас беріліп, құран хатым бағышталып, конференциялар мен жиналыстар өтті.
Конференция Елімізден “Қаралы көш” романының авторы, жазушы Жəди Шəкенұлы құрметті қонақ ретінде бас баяндама жасады.
Сондай-ақ, Ж.Шəкенұлының түрік тіліндегі “Ел бастаған Елісхан” деректі зерттеулер кітабының тұсауы кесілді. Осы орайда жазушының “Ел бастаған Елісхан” атты мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Елісхан Әліпұлы (1908-1943) – қазақ халқының басына зұлмат күндер түскен 1930-1940 жылдардағы қанды күндердің құрбаны. Ұлт қаһарманы. Ел-жұртын зұлымдықтан құтқару жолында жан аямай арпалысқан күрескер тұлға.
Кеңестік қызылдардың саясатын көшіріп қолданған қытайлық зұлматтың қол шоқпары болған Шың Шысай дәуірінде Шынжаңдағы қазақ халқы қатты күйзеліске, аяусыз қырғынға ұшырады. Соның кесірінен туған жер – ұшқан ұясынан алыстап босқындық күй кешті.
Елісханның әкесі Әліп Жамысбайұлы халқына қамқор болған көрнекті тұлға еді. 1931 жылғы қытай үкіметіне қарсы Құмылда туған Қожанияз, Жолбарыс бастаған шаруалар көтерілісін қолдады деген айыпқа ұшырайды. Сол үшін де 1932 жылы қара күзде Баркөлде Шың Шысайдың Чиң Пишу аталатын жендеті жағынан бүкіл ауылымен қырғынға ұшырап, шаһид болған.
Осы қырғын жайында қытайда өткен көрнекті халық ақыны Сүлеймен Дәрібайұлы былай дейді:
Әліпті сөйтіп олар қырып салды,
Мал-мүлкін түгін қоймай жиып алды.
Түйе менен қойының бәрі кетіп,
Әліптің жылқы деген малы қалды.
Осылай бес-алты ауыл түгеді ғой,
Шапқандар мал-мүлкіне бөгеді ғой.
Қаптықтан Қожақын мен Елісхан да,
Тұсынан «Той төбенің» келеді ғой.
Бұл кезде Әліптің ағасы Қожамберген Моңғолияға қарай көшіп еді. Көшті тоқтату және елді қайырып әкелуге Әліп – інісі Қожақын мен баласы Елісханды аттандырған болатын. Олар елді қайырып әкеліп, ауылға оралғанда қызыл қырғынның үстінен түседі. Кәрі-жас демей тұтас ауылдан 117 адамды қырып салыпты. Кіші шешесі Шәрбен мен інісі Сетерханды олжалап, бүкіл ауылдың мал-мүлкін тонап, қашып бара жатқан қытай армиясына Елісхандар жанталаса оқ жаудырады. Алайда жаудың адам саны өте көп, қазақтар аз ғана адам болатын. Жауларын қадап атқан қазақтар олардың аз адамын шығындағанымен, көбі қашып құтылып кетеді. Елісхан жауға ауылды көрсетіп, жол бастап келген жергілікті қытай сатқындары мен тонаушыларын қырып салады.
Сүлеймен ақын осы кездегі Елісхан жайын:
Шошынған барлығы да қалтылдайды,
Өлімнен сонда Елісхан тартынбайды.
Ақылына сай келген қайраты бар,
Тасбике әлі содан артылмайды.
Кісідей көпті көрген жүрді саспай,
Жерледі барлығын да қорқып қашпай.
Кегін алып, керегін жайғастырды,
Ертіп ап, тасбикесін өзі бастай, – деп суреттейді.
Бұл шын мәнінде Елісханның не бәрі 24 жасқа шыққан кезі еді.
Міне, осы бір қанды оқиға Елісханның ел бастап көшуіне әсер еткен ерекше жағдай болды.
Сөйтіп, осы қырғыннан кейін Алтай-Баркөлді жайлаған қазақтар Гансу, Чиңхай өлкесіне қарай көшіп, ондағы дұңған мұсылмандарынан көмек алуды, соларға сүйенуді ойлады.
Шың Шысай көшті тоқтатуға бұйрық бергенімен сақадай сайланған қазақ қолы соғыса жүріп Құмыл өңірінен өтеді. Құмылдан кейінгі Шыңшиса асуынан (Дөңбастау) тосқан қытай армиясының да көзін құртады.
Осы кезде Кеңес олдағынан келген Абай Қасымұлы Құмыл аймағының орынбасар уәлиі және Баркөл елінің басқарушы әкімі салауатымен Баркөл халқын бір жағы алдап-арбап, бір жағынан үркітіп-қорқытып қатал басқаруға кіріседі. Елісхан көшіп кеткеннен кейін қалған елді уысынан шығармай ұстауға бар күшін жұмсайды.
Ел серкелерінің алды ұстала бастағанда, арты өздеріне төніп келе жатқан қатерді тез аңғарады. Абай мен Шың Шысайдың зұлымдығын сезген кейінгі ел де бірінен соң бірі Елісханның соңынан көшеді.
Шың Шысай қаша көшкен қазақ ауылдарын аяусыз бомбалайды. Көкте ұшақ, жерде машина және атты әскер көшті тоқтатуға жанталаса әрекеттеніп халыққа оқ жаудырады. Ел бастаған батырлар майданның алдыңғы легіне шығып, жауларымен аянбай атысады. Көшті қорғап, оларды үздіксіз алға жетелей береді.
Елсіхан болса аңсаған дүңген генаралы – Ма Буфаңға да жетеді. Көп ұзамай қалған ел де оның соңынан сол төңірекке барады.
Шын мәнінде Мабу фаң да гоминдаң үкіметінің әскери генаралы еді. Дегенменде ол Шынжаңды дара билеген Шыңшысайдың билілін құлатса, бұл өз үстемдігінен шығып кеткен Шың-ға тісін басқан Жаң Кайшіге тиімді болар ма екен деп те ойлаған. Алайда, дәл осы кезде оның қолына қашқын қазақтарды қайтарып беру туралы Шың Шысайдың хаты да келіп тиеді.
Сөйтіп, Ма Буфаң ендігі жерде саяси ойындар ойнайды. Бір жағынан Жаң Кайшыны, бір жағынан Шың Шысайды да алдай тұрып, қазақтарды өзінің қосалқы қосыны ретінде жасақтауды қарастырады. Алайда Елісхан оған бірден бас имей, дербес қазақ қолын жасақтап, тізгін-шылбырды өз қолына алуды ойлайды. Елісханның өзіне бойсынбайтынын аңғарған Ма Буфаң ендігі жерде оның көзін құртып, халқын құлдыққа ұстау пиғылына көшеді. Мұны Елісхан да анық аңғарады.
Осылайша ендігі жерде Ма Буфаң мен Елісханның теке тіресі басталады.
Елісханның соңынан ерген ордалы ел болса, Елісханға жеке дара ел басқару билігін сұрайды. Бүгінгі күннің сөзімен айтқанда Гансу-Чиңхайды мекендеген қазақтарға дербес автономия беріп, оның басшысы Елісхан болуы керектігін талап етеді. Ондағы мақсаттары алды-артын түгендеп, күш топтап, Шынжаңға жорық жасап, Шың Шысай билігін аудару еді.
Ма Буфаң болса гоминдаң үкіметінің «қазақтарды басқару саясатын» желеу етіп, оларды аймақтарға бөліп, әлсірету арқылы өз айтқанына көндірмекші болады.
Тайталасқан сәттерде қазақтардың билікке құмарлығын байқаған Ма Буфаң ел ішінен көптеген кісілерді шақырып, оларға түрлі-түсті мансап ұсыну арқылы өзара ірткі салуға кіріседі. Кейбірін Елісханға қарсы қояды. Қазақтарды өз ішінен ірітіп қана қоймай, көршілес моңғол және таңғыттармен болған ара-қатынас та ұлттарды бір-біріне айдап салып, араздық тудыруға кіріседі. Сөйтіп, тұрғылықты моңғолдар мен қазақтар арасында да ұрлық-қарлық, жауласу белең береді.
Осындай әр түрлі қақтығыстардың соңы қанды қырғынға ұласады. Ма Буфаң өзінің әскери басшыларына бұйрық беріп, Елісханның көзін құртуды тапсырады.
1940 жылы тамызда, Елісхан Ма Буфаңның тепершігі мен қысымына төзіп тұра алмай, Чиңхайдан Тибетке қарай көшеді.
Осы жайлар сөз болғанда Халифа Алтай «Алтайдан ауған ел» кітабында:
«1940 жылдың жазы.
Елісхан ит арқасы қияндағы – Алтыншөгеге барып қонды. Алтыншөге – Гансу өлкесінде, Тибет шекерасына жақын өлке. Көзі ашық, жалын-серпіні қайтпаған жас жігіттің елден оқшау, бөлек қонуының да себебі бар-ды. Ата-баба аманат еткен атажұрт артта қалды. Түптің түбінде осы жер, осы ел мекен бола ма екен?! Қайда барса да Қорқыттың көрі. Баяғы сән-салтанат, сауық-сайран көзінен бұл-бұл ұшқалы қашан. Аттың жалы, түйенің қомында өтіп жатқан сүркей тірлік, осының бәрі Елісханды бір сәт ой шырмауынан серпілтіп көрген емес.
Ары-ойлап бері ойлап ағайын, жолдас-жораларырмен ақылдасуды жөн деп тапқан ол Сауытбай, Беги, Қойшы, Сабырбай, Ілияс, Жәукіш қатарлы адамдармен ақылдаса келіп, Тибет арқылы Үндістанға өтуді жөн көреді…
Елісхан бастаған топ атқа қонады. Сөйтіп, жауды тауып, оларға соққы беріледі. Көштің жолы тазартылады», – деп баяндайды.
Чиңхайдың Алтыншоқы сахарасында Ма Пуфаңның орынбасар бригада командирі Хан Жинбау (Фу лүйжаң) оларды қуып жетіп қоршап алады.
Бұл оқиға жайында Қарамолда аталған Сейітхан Бортанқажыұлы былай деп жырлап еді:
Елісханның Хан Жиңбауға(Фу лүйжаң) айтқаны:
Елісхан айтты сонда: ұқсаң жайым,
Әділдік іздеп келдік патшайым.
Патшаның жарлығы деп мал қайтарсам,
Сұрақсың қоясың ба адам қанын.
Елісхан Алланікі әмір, патшанікі уәжіп деп біліп, «біз бойсұнсақ, өлген адамдарыңа құн аламыз деп бізге ауыз салмайсыңдар ма?» деген сұрақ қояды.
Дүңген айтты: керек жоқ бір қисық жол,
Қол қойып Ма Буфаңға бұқара бол.
Қас қылсақ бір Аллаға тапсыршы деп,
Құранға таңба басып алысты қол.
Шатырға қазақ саулап түсті келіп,
Жайраңдап дүңген жатыр жауап беріп.
Елісхан: өткен істің керегі жоқ,
Патшаның баласысың ақыл серік!
Бұлайша тоқтамдасты сөзді байлап,
Бастаған бір сапарға құдай айдап.
Шақырып ертеңінде Елісханды,
Кісендеп үш кісімен алды байлап.
Қазақ қолын қанды соғыс арқылы ала алмайтынын білген дүңгендер жағы құран ұстап Елісхан тобын алдамалап қолға түсіреді. Малын бұлап, бас көтерген жігіттерді оққа ұстайды. Қыз-қатындарға дейін ауыз салады.
Қол-аяғы байлаулы Елісхан амалсыз күйде тыпыршиды. Өзіне тамақ тасушылар арқылы ағасы Қожақынға сәлем айтып, «не өлетін күн, не өлтіретін күн» деген байламға келіседі. Сөйтіп, түн ортасы ауған шақта Қожақын бастаған қазақ қолы әскерлердің шатырына лап қояды. Қарудың бәрін тартып алса да Қожақын жалғыз ғана жең мылтығын (наганын) жасырып қалған еді. Елдің қолындағы балта-күрек, сойыл-шоқпар арқылы жаудың мылжа-мылжасын шығарады. Алды қырылғанын білген кейінгі жаулар да атысқа шығады. Екі жақ арасында қиян-кескі ұрыс басталады.
Қол-аяғы босаған Елісхан бір жағы жаумен атысып, бір жағы елді бастап көшіп, арпалысқа түседі. Екі жақтан да шығын болады. Қолына қару тиген қазақ жігіттері жауын да аямай қырғындайды. Оқтың астында қаша көшкен көш өлдім-талдым дегенде жаудың тырнағынан құтылады.
Хан Жинбау бастаған көп адамы қырылған Ма Буфаң да қатты кектеніп, қазақтарды аяусыз қыруды тапсырады. Елсіхан ауылы қаша көшіп, қуып келген қуғыншырларды оқпен қайтарады. Алайда бөлініп-жарылып қалғандарды жаулары аясыз оққа ұстап, қырып салады. Талай ауылдың, талай шаңырақтың түтіні өшеді.
Қаша соғысып, қан жылап бара жатқан елдің алдынан таңғыттар қарсы оқ атады. Әлімжеттік жасап, малын бұлап, балаларын ұрлап алуға дейін барады. Сөйтіп, қытайдан қашқан Елісхан көші дүңгендермен атыса қашып жүріп, ендігі жерде «қолық» аталған тибеттіктермен қанды қақтығысқа барады.
Осындай оқиғалардың барлығында ақыл мен қайратына сүйенген Елісхан ағасы Қожақынмен тізе қоса отырып, бөгеттердің бәрін бұзып өтеді. Жауласқанды оқпен жайратады. Сөйлескенді ақылмен алады. Тағы бір ерекшелігі барған жеріндегі халықтардың барлығының да тілін меңгеріп отырған. Қажет туғанда сол халықтардың басты өкілдерімен аудармашысыз сөйлесетін дәрежеге жетеді.
Тибет жеріне келгеннен кейін аздап есін жиып, алдағы көштің бағытын айқындайды. Гималай асып арғы беттегі Үндістан-Пәкістан мұсылмандарына жетіп бір жағынан жан сауғалап, бір жағынан көмек алуды армандайды. Сөйтіп, дүниенің ең биік шоқысы – Гималайды бағындыруға бел байлайды. Қар жастанып, мұз төсеніп қырғынға ұшырағанына қарамай алға жылжиды. Алған бетінен қайтпайды.
Оған ілескен ел басының бірі Зайып тәйжі Тибет үстіртінде көз жұмып, оның ұлы Құсман осыдан кейін Елісханға серік болады.
Сөйтіп көш 1941 жылы тамыз айында Үндістан шекарасынан өтеді. Көшпен өткендерді санағанда жиыны 3039 адам болады. Жол бойындағы қанды қырғындардан кем дегенде 6-7 мың адам көз жұмған екен.
Бұл туралы Сейітхан (Қарамолда) Бортанқажыұлы Үндістан шекара басшысына барған кезеңін:
Үш жылдай жапан дүзді кезіп жүріп,
Мінеки, жерім осы сізді тапқан.
Патшамыз бірі – Елісхан, бірі – Құсман,
Тірідей жолда қалды бірталай жан.
Екі-үш жыл Үндістанды іздеп көшіп,
Біз келдік медет тілеп бір Алладан, – деп жырлайды.
Ол кезде Үндістан-Пәкістан ағылшындардың басқаруындағы біртұтас ел болатын. Тек, 1947 жылдан кейін ғана Үндістан, Пәкістан айырым-айырым екі ел болған еді.
Ел Зұлжала асуынан асып, Мұзафарад қаласының іргесіне келгеннен кейін де осы орында ұзақ байланып отырып қалады. Ауарайынның қолайсыздығынан жұқпалы ауру тарап қазақтар тағы да қырғынға ұшырайды.
Елісхан болса тағы да жан аямай күресуге бекиді. Жат ел, жат жерде жүрмін деп олйамай, өздерін қоршап тұрған әскерлерден түнделете ұрланып шығып, Тернава жаққа өтіп өзіне жақтас мұсылман басшыларын тауып сөйлеседі. Солардың көмегімен Мұзафарабад жерінен Пәкістанның ішкі аймақтарына жылжиды. Әуелі Тернаваға көшіп келеді.
Осы жайлар сөз болғанда Халифа Алтай өз естелігінде былай деп жазды:
«Бір күні Тәрнаваға ағылшынның Үндістандағы бас өкілі Сэр Лорд Халфакс дейтін адам келді…
Біз жақтан Елісхан сөйлеп, босқындардың арыз-арманын айтты. Әр адамға босқын деген белгі қағаз берілсе, бүкіл Үндістан көлеміндежүріп-тұруға рұқсат етілсе, кім қайда барып, қайда орналасады өз еркінде болса, деген өтініш-тілек білдірді. Біздің қолымызға бүкіл ел көлемінде жүріп-тұруға рұқсат етілген, уақыт мерзімі көрсетілмеген босқын деген қағаз берілді. Көңіодеріміз көтеріліп, арқамыз кеңігендей болды.
Сонымен, Үндістанның қай бұрышына барамыз десек, осы қағаз арқылы кете беретін болдық».
Міне, Халифа Алтай ақсақалдың баянынан көргеніміздей, елім-жұртым деп қан жылаған Елісхан ең соңына дейін күресіп, жұқпалы дерттен құрып-жоғалуға айналған қандас аға-бауырларына ерекше құқықты «босқындық куәлігін» алып береді. Егер дәл осы куәлік қолдарына тимегенде, олардың күні не болар еді. Мүмкін телім-телімі шығып, түп-тқиянына дейін құрып кетер ме еді, қайтер еді?!
1934-1935 жылдан басталған алғашқы көш жаудың қырғынына ұшырай отырып, 1941 жылы Үндістан жеріне жан сауғалап өтсе де, ауру тарап, адам өлімі тоқтамайды. Шекарадан санап өткізгенде 3039 адам болса 1951 жылға келгенде 1400 адам ғана қалған. Алтай мен Баркөлде туған талай сабаздың басы жат жерде Үндістан-Пәкістан топырағында қалды. Шамамен 1600 адам сонда жерленді.
Елісхан мұнымен тоқтап қалмай, ес жиіп, етек-жеңін қымтап, халқын бұл жерлерден де алып кетуді ойлайды. Амал нешік, көсем ойлы көш басшысы Елісхан Әліпұлы 1943 жылы Пәкістанда аурудан қайтыс болады.
Демек, Елісхан және оның елінің басындағы қанды қырғын 1932 жылдан басталып, 1943 жылы өзі өлгенге дейін жалғасады. Қанша қаша көшсе де зұлымдық, ажал оны қуғанын қоймайды.
Күндіз-күлкі түнде ұйқыдан айрылған Елісхан қай кез, қандай жағдайда болмасын қара басының қамын ойламаған. Тек қана елім деп емірене күресіп қан кешіп өтті. Не бары 35 жасында шаһид болды.
Сүйегі Пәкістанның Дир аймағының Жандуыл жерінде Баруын аталатын мешіттің түбінде жатыр.
Осы жайларға тоқталғанда Халифа Алтай «Алтайдан ауға ел» кітабында: «Елісхан сөзге ұста, жауына бас имейтін ер жүрек, қысыл-таяңда жол таба білетін ақылды азамат болатын. Сонау Алтайдан осы араға дейін елді бастап келген де сол еді. Ел-жұртқа қайырымды да кішіпейіл. Осындай бір халықтың ардақты азаматы не бары отыз бес-ақ жаста (1943 жылы) қайтыс болып кетті», – деп күңірене еске алады.
Елісхан өмірінде үш әйел алған адам. Елісханның алғашқы жары Зүбайда мен екі ұлы әкесі Әліпті қырған алғашқы қырғында көз жұмды. Сарбас Зайыптан туған Райхан Пәкістанда Елісханнан бұрын аурудан қайтыс болды. Соңында қалған Әминоллахан да өзінен кейін о дүниеге аттанып кете барды. Жарлары Зайып пен Бәтимаға да сол жерден топырақ бұйырды.
Оның артында өз кіндігінен ұрпақ қалмаса да, бүгінгі күнгі Түркия-Еуропа қазақтары атанып отырған бір әулет ел батырдың ұрық-жұрағаты есептеледі. Елісханмен немерелес туысатын ағайын, ел-жұрты да өздерін ел бастаған Елісханның ұрпағы санайды. Оның күрес жолы мен көш бастаған көсемдігі хақында Хаифа Алтай, Хасан Оралтай, Дәлелхан Жаналтай, Қызырбек Ғайратола, Әбдуақап Қара және Шынжаңдық талай қаламгер тілге тиек етті. Менің «Қаралы көш» аталатын тарихи романым да батырдың ерлік іздері мен қайтпас, қайсар рухына арналған. Демек, өзі өлседе Елісхан Әліпұлының рухы әлі өлген жоқ. Оның есімі ұрпақтар санасында мәңгілік жасайды.
Бейне Халифа Алтайдың «Естеліктерім» атты өлең кітабындағы:
Кемеңгер айдын еді ерекше асқан,
Қажырлы қайратты еді жалын шашқан.
Майталман білімді еді бір данышпан,
Жеткізген елді бастап ол алыстан.
Төзімді ақыл тапқыш батыл еді,
Жүректі, қорықпайтын батыр еді.
Марқұмның өзі өлсе де аты өлмей,
Тарихтан орын алды ақыр енді, – дегеніндей болды.
Халифа Алтайдың аталған «Естеліктерім» атты кітабы 1980 жылы Түркияда Стамбулда жарық көрер алдында, кітапқа Хамза Ұшар Шөмішбайұлы «Ардақты азамат Әліпұлы Елісхан» атты алғы сөз жазыпты. Онда мынадай жолдар бар еді:
«Тұжырып айтқанда, 1935-жылдарда Ана жұрттан шығып Анадолыға жетіп келген көштің жолға шығуына, себепші болған ардақты азамат Әліпұлы Елісхан болмаса, немесе бастап шықпаса, бұл елдің Үндістанға, сондай-ақ Түркияға жетіп келуі мүмкін емес еді».
Елісхан қайтыс болғаннан кейін қалған елдің есі шығып, тұс-тұсқа тарыдай шашыла бастаған тұста, 1951 жылы Қалибек Хакім, Құсайын тәйжі, Солтаншәріп тәйжі, Дәлелхан Жаналтай, т.б. лар бастаған екінші көш олардың ізімен Гималай асып Пәкістан топырағына жеткен еді.
Бұл хабарды естіген Халифа Алтай Ғақыпұлы, Құсман тәйжі Зайыпұлы, Әтейхан Білгін Қайсаұлы сиқяты ел адамдары олармен байланысқа шығып, екі жақ ұштаса отырып, көштің бетін Түркияға бұрды.
Осы оқиғалар негізінде халық жадында аңыз бен ақиқат арасында «ел бастаған Елісхан» деген ат қалды. Түркияға көшу идеясын алғаш рет ортаға қойған да сол баһадүр еді.
Кейіннен көш тарихына қатысты көп кітаптар жазылды. Алайда Елісханның өміріне қатысты тікелей шығарма жазылмаған еді. Алланың қалауымен сол міндетті орындау бізге бұйырып, «Қаралы көш» атты тарихи роман жаздым. Кітап Қазақстанда үш рет, Түркияда бір рет (түрік тілінде) басылды.
Шындығында да Алла Тағала елім, жерім деп күрескен шаһиттік өмірдің иесі Елісхан Әліпұлының есімін алтын әріптермен жазып тарихқа таңбалады. Оның аты әдебиеттерден, тарихи кітаптардан орын алды. Туғанына 110 жыл толуы байланысымен артында қалған елі батыр көшбасшысын емірене еске алды. Батырдың ұрпақтары Қытайдан, Қазақстаннан, Еуропадан жиналып Түрік елінде бас қосты. Ғылыми конференциялар өтіп, құран хатым бағышталып, ас берілді.
«Ер өзі үшін туып, елі үшін өледі» деген аталы сөз дәл Елісхан Әліпұлына арналып айтылғандай болады. Халқы барда, артта қалған ел-жұрты барда ол біздің арамызда мәңгі тірі.
Қазақ ұлты – бүгінгі Қазақстан атты мемлекеті барлығы үшін бақыты. Бұл жалғыз Елісхан ғана емес, мыңдаған боздақтардың қанды күресі мен үміт-арманының жеңісі мен жемісі. Өзі жете алмаса да халқы жеткен мұраты, белесі. Сондықтан да кейінгі буын еркіндіктің, тәуелсіздіктің қадірін тереңдей түсініп, оны мәңгілік қорғап өтуі керек. Тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тігіп, шайт болған батыр бабалардың ерлік рухы – ұрпаққа өнеге!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ
Жазушы
Қазақстан жазушылар одағының,
Еуразия жазушылар одағының мүшесі.
Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі
Парақшамызға жазылыңыз