Сайрагүл Сауытбайдың ісінің оңынан шешілуі қолымызға қалам алуға түрткі болып отыр.
Тұп-тура 64 күнге созылған сот процесінде ресми БАҚ жұмған аузын ашпаса да, ресми тұлғалар бұл мәселеге қатысты аса сақтықпен қимылдаса да, Қазақ қоғамы шетте жүрген қазақ тағдыры үшін жүрегі қан жылап, жаны күйетіндігін тағы бір дәлелдеді.
Тәуба, қазақ бір идеяның, бір мақсаттың төңірегінде біріге бастағандығын, ел болып, ұлт болып ұйыса алатындығын дәлелдеді. Сайрагүл Сауытбай ісінде аса белсенділік танытқан әлеумет әлеуметтік желілер арқылы оқиғаны жіті бақылап отырды және көңіл ауандарын білдіріп отырды.
Соның арқасында қазақ билігі және сол биліктің қабағына қарап шешім шығаратын соты әлеуметтің пікірімен санаспасқа болмайтындығын түсінді. Әлеуметтанушылар «қоғамдық пікір дегеніміз, белгілі бір оқиғаға қоғамның 70 пайыздайы көңіл бөліп, соған орай биліктің реакция танытуы» дегенді жиі айтады. Ендеше Сайрагүлдің ісіне байланысты қоғамдық пікір қалыптасты. Қоғам шетте жүрген қазағының отаны, атажұрты, қара орман елі бар екендігін танытты. Сайрагүл сот залынан босап шыққаннан кейін: «Келгенде жалғызсырап құлазығаным рас. Бірақ менің артымда қара орман халқым бар екен. Сіздердей ел-жұртым тұрғанда, сіздердің мынадай рухтарыңыз тұрғанда, мен бақыттымын!» деп елжіреді. Қазақстан тұңғыш рет өзі қол қойып, ратификациялаған халықаралық конвенциялар мен пактілерді көлденең тартып, үкім шығарды. Өзі қол қойған халықаралық конвенциясына Қазақстан заңдарының да қарсы шықпайтындығын мәлім етті. «Оның үсттіне Сайрагүл Сауытбайдың этникалық қазақ болуы да назарға алынды» дейді судья.
Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып, 1991 жылдың наурыз айында Моңғолиядағы қазақтарды көшіріп алуды бастап та кеткен болатын. Онда арзан еңбек күші дегенді желеу еткен еді. Жылға жетпей тәуелсіз ел атанған Қазақстан алғашқы стратегиялық мақсаты ретінде шетте жүрген қазақтарды тарихи отанына шақыруды көздеді. Бұл саясат өз дегенін бермей қоймады. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен бір миллионнан астам қазақ оралды. Ол діңкелеген демократиямыздың серпілуіне біршама үлес қосты. Осы жылдары аралығында өзге емес Қытаймен арада көші-қон келісімін жүзеге асыруға қаншама талпыныс болғанымен, ол мүмкін болмады. Дегенмен, соңғы жиырма жылда екі ел арасындағы қарым-қатынас нығайып, екі ел азаматтарының араласуына еш кедергі болмаған еді. Осы уақытты пайдаланып, келіп, азаматтығын алып алғандардың айы оңынан туған секілді. Өйткені, Қытайдағы қазіргі саяси жағдай күн өткен сайын күрделеніп барады. Қазақтардың атажұртымен қауышуы – қиямет қайымға айналды. Сайрагүлдің тағдыры сол миллионның бірінің ғана тағдыры.
Деміккен демографиямызды сауықтырудың бір мұраты – бос жатқан шекара аймақтарды халықпен толтыру. Қазір шекара аймақтар бос жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың о бастағы негізгі мақсаты – осы бос жатқан аймақтарды адаммен толтыру болғаны айқын. Сол мақсаттың үдесінен шығу үшін “Нұрлы көш”, “Отандастар” бағдарламаларын алға тартты. Бүгінде жол ортада қалғандай сезілетін көші-қон негізгі миссиясын қаншалықты орындады? Оны қайта жандандырудың жолы қайсы? Егер қазақ ХVІІІ ғасырдың соңы ХІХ ғасырдың басында екі империяның шекраа бөлінісі салдарынан екіге бөлінген болса, бүгінде аяқталмаған көші-қон салдарынан тағы да бөлініп-жарылуға мәжбүр. Сол себепті де Қазақстан көші-қонға қатысты саясатын қайта қарап, оны жандандырудың жаңа жолдарын іздестіргені абзал болар еді.
Есен Байнұр.
Парақшамызға жазылыңыз