Құрметті « Мінбер» газетінің қызметкерлері!

3911 рет қаралды

Сіздердің «тура биде туған жоқ» деп,  әділдікті ту еткен қызметтеріңізге  сенім арта отырып, Алманияның Кельн  (Германия) қаласынан хат жолдап отырмын. Мен –  Өр Алтайдан өткен ғасырда   «елім-айлап»,  Гималайдың адам аяғы баспас мұздағымен, Кәшмирдің ми қайнатар аптабымен, Үндістан мен Пәкістан, Ирак, Ауған асып 1955 жылы Түркияға, одан Алманиядан нәсіп бұйырған қандастардың ұрпағы боламын. 1946 жылы Пәкістанда  туылдым. Сол көшпен жеткен жас бала болсам да «қазақ» деген затымызды, тегімізді жүрегімізден өшірмей,  жасымыз егде тартқан шаққа дейін ата жұртқа елеңдеп, оралар күнді  күттік. Аллаға шүкір, сол күнді көруге жазды. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін-ақ түбінде елге оралуға ниет еттік. Мен де Алманияда 30 жылға жуық адал еңбек етіп, жиған –тергеніме онсыз да бұғанасы қатпаған ел үкіметіне,  ондағы ағайындардың несібесіне ортақтаспайық, салмағымызды салмайық деп, үй-жай сатып алуды ұйғардым. Зейнеткерлікке шыққанымда ата жұртқа оралармын деп үміт еттім. Бағыма қарай қазақтың белгілі азаматы,  спортшы Әлімқұлов Бүркітбай деген кісімен танысып, сол кісінің көмегімен 1992 жылы Талғар ауданы, Белбұлақ ауылынан, ол кезде Мичурин елді мекені, сол жерден үй сатып алдым. Шетелдің, яғни Түркия азаматы болсам да Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 23 қыркүйекте қабылданған № 791 «Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктемен қамтамасыз ету туралы» Қаулысы бойынша  сол үйді өз атыма рәсімдедім. Қуанышымда шек болмағанын, ата жұртта өз қонысыма ие болғанымды айтып, жеткізу мүмкін емес еді. Бірақ сол үйдің қазір Талғар ауданының 2007ж. әділетсіз сот шешімімен және жалған құжат жасап, өз аттарына аударып алған  қандастарымның қылығына қандай жауап табарымды білмей,  тек соңғы үмітім:  Сіздерден көмек сұрап отырмын.

Мен Қазақстанға осы үйге келіп қоныстануыма Алманиядағы жұмыс ыңғайым келмегендіктен 1999 жылы   туған бауырым О.Бюктелдің осындағы К. Раймова деген танысына сеніп, ҚР Түркия консулдығынан үйді сатуға сенімхат жібердім.  Оның жарамдылық мерзімі –  1 жыл болатын. Өкінішке қарай,  К.Раймова 2000 жылы үйді саттым дегенімен  оның ақшасын маған берген емес. Әрі үйді  саттым деген адамдарына 1 жыл ішінде аттарына аударып  бермеген. Інім 2003 жылы осы үйдің мәселесімен Алматыға келіп, танысы К.Раймовадан  ақшаны сұрап,  ала алмай қайтты. Адамгершілік танытып, банктегі есеп-шот номерін де қалдырып, тағы 3 жыл күттік.  Мен  2006 жылға дейін сол кісіден бауырым арқылы жауап күтіп,  үйдің ақшасын бермеген соң үйді жаңа талаптар бойынша қайта рәсімдеп, техникалық құжат, Жерді пайдаланудың мемлекеттік актісі сияқты  т.б құжаттарды жаңартып алдым. Жаңа құжаттарымды алған соң   Алматыдағы таныстарым арқылы сол үйде тұрып жатқан адамдарға алты жылдан бері К.Раймованың ақшаны бермегенін айтып, шығуларын ескертім.  Ал, Раймова Күлсара болса,  үйді саттым деген  адамдарына үйді аударып беру үшін  5 сәуір,  2005 жылы Алматы қаласындағы № 0000013. 25.04.1998 жылдан лицензиялы нотариус М.А.Абинадан менің атымнан жалған  сенімхатты жасатып алып,  2007 жылы осы үйде тұрып жатқан Ш.Нарымбаевқа өз атына Талғар ауданының сотына азаматтық-іс қозғатып, қитұрқылыққа барған. Талғар ауданының соты, сот төрағасы – Ж.М. Қадырханов мырза үйдің негізгі иесі мен екенімді құжаттардан көре тұра, әрі жоғарыда айтқан жалған сенімхатты тексеріп жатпастан, әрі мені сотқа шақыртпай үйді Ш.Нарымбаевтың атына аудару жөніндегі  өтінішін қанағаттандырған. К.Раймова үйдің  сол ақшасын маған бермегендігін   күні бүгінге дейін Алланың алдында да, адамның алдында мойындап отыр. 2005 жылы сенімхат берілген уақытта Алматыда болмағанымды растайтын дәлелді айғағым бар, яғни  сол уақытта менің ҚР аумағында болмағанымды төл құжатымдағы  кеден мөрі әрі сенімхатқа қойылған қолдың менің қолым емес екенін сот-сараптау қорытындысы да  растайды. Әрі осы  үйді атына аударып алған Ш.Нарымбаев  кейінгі 2009 жылы,  23 шілдедегі сот отырысында Т.В. Окунева ханымға жоғарыда аталған сенімхатты өзі жасатып алғанын өз аузымен мойындады.

2007 ж өткен азаматтық  соттың заңсыз шешім шығарғанын, яғни сыртымнан мені сотқа шақыртпастан, әрі менің атымнан берілген жалған сенімхатты негізге ала отырып, сот төрағасы Ж.М. Қадырханов мырзаның заңға қайшы шешім қабылданғандығын мен тек 2009 жылы ғана естіп-біліп, осы  жылдың 20 ақпанында адвокат Ә.Жетпісбаев  арқылы Талғар ауданына осы соттың шешімін қайта қарауды айтып, өтініш білдірдім. Бірақ   осы істі жүргізген сот Окунева Т.В ханымның істі қайта қарауға дәлелдер жеткіліксіз дегенін қай Заңға сыйдырарымды білмей басым дал болды.

Ж.М Қадырханов мырза 2007 осы істі қарағанында  сенімхаттың жалған екенін білмеді дейік, бірақ оның мерзімі – 3 жылға жарамды деп көрсетілген.  Осы сенімхатпен–ақ үйді аттарына  аударып алуларына болатын еді. К.Раймованың атына жасалған жалған сенімхаттың мерзімі 3 жылға жарамды деп көрсетілген. Сонда соттың бұл істі неге қарағаны да түсініксіз.

Ал, 2009 жылы осы жағдайларды айтып, Талғар аудандық сотына шағымданғанымда яғни,  үйдің ақшасын алмағандығым,  әрі менің атымда  сол үйдің 2006 жылғы жаңа талаптар бойынша рәсімделген құжаттарымның бар екендігі,  сондай-ақ сенімхаттың жалған екенін естіп –біле тұра сот Т.В. Окуневаның істі қайта қозғауға дәлелдер жеткіліксіз дегенін қалай түсінуге болады?  Солай бола тұра соттың шешімді бұзбай отырғаны ешқандай заң талаптарына жауап бермейді. 2007 жылғы сотқа берілген сенімхаттың жалған екендігін Ш.Нарымбаев мойындап отыр. Әрі Т.В Окуневаның осы нотариусты сотқа шақыртып жауап алмай отырғаны да еш қисынға келмейді.

Талғар аудандық сотынан әділдік таппаған соң 2009 жылы шілде айында  біз Алматы қаласы қаржы полияциясына осыған байланысты қылмыстық іс қозғауға өтініш бердік.  Осы істі қараған Экономикалық және коррупциялық қылмыспен күрес департаменті,  қаржы полициясында  осы істі қараған инспектор А.Әбеновке 2009 ж. тамыз айында Алматы қаласындағы нотариус А.Абина бұл сенімхатты өзінің нотариалдық кеңсесінде бермегендігін мойындап, өз қолымен түсініктеме жазған. Ал оны жоғарыдағы Талғар аудандық сотында берген жауабында Ш. Нарымбаев өзі жасатқанын мойындағандығы Талғар аудандық ресми сот анықтамасында көрсетіліп отыр. ( № 2-290/2009ж. Іс. 23 шілде, 2009ж.)  Мен осы іске қатысты барлық құжаттарды, Талғар ауданында қаралған істің барлық құжаттары мен куәгерлердің, осы іске қатысты кісілердің түсініктемелерін қосымша жолдаймын.

Менің үйімде Ш.Нарымбаевтың 10 жыл бойы ақысыз-пұлсыз отырғаны былай тұрсын,  сол кезде К. Раймоваға берген 2 500 АҚШ долларын қазір төлейміз дегендерін қандай адамгершілікке жатады ?

Құрметті әділдік сақшылары,  осы істің ақ-қарасына сіздер төрелік айтпасаңыздар, соңғы 3 жылда жасалған соттың қитұрқы қылығына құрық бойламайтынын,  ата жұртта қасиетті Заңның қалай бұрмаланып отырғанына Еуропада 30 жылдан артық өмір сүрген мен – куәмін.  Қара қылды қақ жарып, төрелік айтқан, бір ауыз сөзбен ел мен жер дауын шешкен біртуар ұлттың осылай ұсақталып, «құрт-құмырсқаға» айналып кеткенін көргенде ел деп соққан жүрегімнің Абай атам айтқан «қырық жамау жүрекке» айналып кеткенін  айтып жеткізе алмаймын.

Құрметпен, Абулрауф Бюктел

10.10.2009ж.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар