///

Кино туралы заң жобасы талқыланды

1581 рет қаралды

 Алматы қаласында «Кинематография туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша Парламент Мәжілісі Әлеуметтік мәдени даму комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Парламенттің Әлеуметтік мәдени даму комитетінің хатшысы, жұмыс тобының жетекшісі Бейбіт Мамраевтың айтуынша, бұған дейін елімізде кино тура­лы арнайы заң болмаған, қол­даныстағы «Мәдениет туралы» заңда фильмдердегі ұлттық тіл, прокат сияқты кино қатынастарды реттейтін алты бап қана бар екен. Сол себепті, заң жобасы негізінде отандық киноиндустрияны одан әрі дамытудың тұжырымдамалық негізінде ұлттық киноөнімдерді қолдау Қорын құру; республика аумағында фильмдерді жүйелеу және есепке алу мақсатында фильм­дер прокаты, мониторингінің ақпараттық жүйесін құру; жекелеген заңды тұлғаның жұмысы арқылы ұлттық мәдени игіліктің ажырамас бөлігі ретінде ұлттық фильмдерді және олардың бас­тапқы материалдарын сақтау мәселесі басты назарға алынған. Ресейлік сарапшы Олег Рудольфовичтің мәліметінше, 2017 жылы көрерменге 263 шетелдік, 26 ұлттық және 15 ресейлік фильм ұсынылған. Бұл – кинопрокаттың ресми статистикасы. Енді мұны пайызға шаққанда: Қазақстан ки­нонарығының 80 пайызы Гол­ливудтың, 17 пайызы ұлттық (арғы жылы бұл 6 пайыз болған), 7 пайыз Ресей киносының үлесінде. Қазақстанда жеке инвесторлардың қаржысымен жасақталған заманауи үлгідегі 70 кинотеатр, 250 кинозал бар. Барлық кинотеатрлар дерлік жекеменшік иелігінде. Шығармашылығының үлкен бөлігі киномен байланысты өрілген Дулат Исабеков ең алдымен «Кино туралы» заң жобасының қазақ тілінде әзірленбей, әдеттегідей орыс тілінен аударылғанына нара­зылығын білдірді. Сондай-ақ ол жобадағы «түнгі сағат 22.00-ден таңғы сағат 6-ға дейін» деп көрсетілген бап бойынша түн ауған уақытта ұсынылатын фильм­дер тағы да қазақ киносының өнімдері болмай ма?» деген қор­қынышын да жа­сырмады. Жа­зушының пікірінше, заң жобасында нақтылай түсетін, әлі де болса басын ашып, анық­тау­ды қажет ететін олқы тұстары жетерлік. Режиссер С.Нарымбетов жыл сайын «Қазақфильмнен» шығатын оншақты өнімнің ара-салмағына мән беріп, тарихи фильм мен анимациялық фильмдердің үлесін азайтып алмауға шақырды. Кинопродюсер мамандығы бойынша мықты маман әзірлеу де мәселенің бір түйінін шешу­ге септігін тигізбек. Бүгінгі «про­дюсермін» деп жүргендердің көпшілігі кешегі фильм әкімшісі мен картина директорлары. Продюсер кино процесті бизнес­ке айналдыра алатын адам болуы шарт. Оның ойынша, уақытқа қарай кино құпиясын меңгерген нағыз продюсерлер енді туып келеді. Жаңа жобаға байланысты талқылаудан жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай да сырт қала алмады. Өздерінің ұлттық киносын заңмен қорғайтын елдер табысты өнер саласын әлдеқашан дамытып алған. Ұлттық киноны салықтан босатып, шетел киносына салық салынса, бұдан түскен табыс отандық киноны жетілдіруге жұмсалар еді. Осы мәселе заңда айқын жазылуы тиіс. Шетел фильмдерінің молынан көрсетілуі ұрпағымыздың жат елдің идеологиясымен тәрбиеленуіне жол аша түспек. С.Елубай кино тариф, қаламақы мәселесінің де жігі көрсетіліп, айқындалуы ке­рек екеніне назар аудартты. Қа­ламгер жыл сайын 60 фильмге дейін аударып, қазақ көрерменіне түпнұсқамен пара-пар тәржіма фильм тарту еткен кешегі дубляж мектебін қайта жандандыруға байланысты да салмақты ой айтты. Кино туралы жобада аударма-субтитр мәселесі қалай көрініс таппақ, бұл да бүгінгі көрерменді ойландыратын сұрақ. Қазақстан киносы атышулы Голливудпен ешқашан жарыса алмайды. Бірақ отандық кинопрокатты қорғау – жаңа заңның міндеті болуы тиіс.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар