ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ МҰНДАЙ СЕМИНАРЛАР ТЫМ СИРЕК..
Семинарға өңірлерден 20, Алматы қаласынан 15-ке жуық адам қатысты. Бұған дейінгі хабарландыруларда айтылғандай, семинарға қатысуға ниет білдірген әрбір үміткер жаңа медианы қаншалықты түсінетіндігі жайында «Блоггер болғым келеді» немесе «Жаңа медиа және қазақ ақпарат құралы» тақырыбында мақала жазуы қажет болатын. Белгіленген межеге дейін қоржынымызға 40-тан астам мақала келіп түсті. Содан іріктей отырып, аймақтардан 20 үміткерді шақырдық. Ал, Алматы қаласынан 6 адамға жолдама берген едік. Алайда, семинар-тренингке келушілердің саны одан анағұрлым көп болды. 34 адам.
Қатысушылардың жаңа медиа технологияларына сусағаны соншалық, екі күннің 70%-ға жуығын арнасақ та, аздық еткендігі байқалды. Семинар барысында қатысушыларға екі түрлі сауалнама таратылып берілген еді. Оның бірі – семинар-тренингті бағалауға арналса, екіншісі – жаңа-медиаға қатысты әрбір қатысушының ойын білмек мақсатта дайындалған болатын. Қатысушылардың 99%-ы мұндай семинарларға бұрын қатыспағанын айта отырып, оның себебін таза қазақ тілінде семинар-тренингтердің тым сирек болатындығымен түсіндірді. Оларға семинар-тренингтегі тақырыптардың барлығы дерлік ұнаған, дегенмен, басым көпшілігі жаңа медиаға арналған тәжірибелік сабақтардың аса маңызды болғандығын атаған. Құқықтық білімге арналған секцияларға да басты назар аударады. Дегенмен, интернет технологияларына деген ынта пейілдің ерекше екендігі байқалды.
Қатысушылардың барлығы интернетте жұмыс істей алады, дегенмен, оның заманауи технологияларын пайдаланып, өзінің жеке сайтын және блогын ашқан, әрі соңғы жетістіктерді пайдалана отырып, өзінің жеке көзқарасын білдіруді мақсат еткендер тым аз болды. Әрине, Мақпал Мұқанқызы, Жалғас Ертай, Мейіржан Әуелхан т.б. секілді танымал блоггерлер де біздің арамыздан табылды. Олардың бізге айтқан бір ұсынысы – блогы бар, онымен жұмыс істей білетін журналистер мен жаңа медианың әліппесін енді ашып жатқандарды екіге бөліп, оларға медиа технологияны тереңдете үйретіп, өзгелерді әліппеден бастаса болып отыр.
Сондай-ақ, ең көп ұсыныстардың бірі – аймақтарда осындай қазақтілді медиа семинар-тренингтерді өткізу болды. Тіпті, еліміздің жүрегі – Астананың өзінде қазақтілінде мұндай басқосулар сирек болады дейді.
Үшінші ұсыныс – жаңа медиаға арналған кітапшалар, брошюралар, әдістемелік құралдар шығаруға ойысты.
Біздің қолымыздағы 30 парақтағы сауалдарды сараптап, қорытындылап айтатын болсақ, басты мәселелер осы деп қадап айтуға болады.
ЖАҢА БЛОГТАР ҚАРҚЫН АЛА БАСТАДЫ…
Семинар-тренингте бір күнде 25 блог ашылған еді. Қазір соның онға жуығы қарқын ала бастады. Айталық, Өркеннің өрмегі , Бүркіт Нұрасылдың Ақиық блогы, Ерболдың блогы, Жігердің блогы, Мөлдірдің мөлдір мекені, Дәулеттің блогы, Айнаш Есалидің күнделігі, Zhasakaz’s Blog, Maudanov, kjadyra, Динара Мыңжасарқызы, Еркін Қуатайұлы, Ербол Азанбековтардың күнделігі – күн сайын жаңаратын блогтардың қатарына қосылды. Әрі келбеті де өзгеше, айтар ойы да тосын жазбалармен толыға бастады. Демек, бұл біздің семинар-тренингіміздің бекерге өтпегендігінің көрінісі. Жасаған ісіңнің нәтижесін көру де бір ғанибет екен.
P.S. Аталған семинар жайында «Қазақ радиосы» мен «Азаттық» радиосының әуе толқынында, «Айқын», «Түркістан», «Алтынорда», «Жас қазақ» секілді республикалық апталық газеттерде, «Қазақпарат» ақпарат агенттігінде және облыстық газеттердің басым көпшілігінде жазылды. Әрбір мақалада әрбір журналистің өзінің жеке ой таразысын ұсынады. Әркімнің семинардан алған ерекше әсерлері бар екен. Бұл жөнінде әрбір блоггер өз блогында да ой бөлісіпті.
“Мінбер” журналистерді қолдау орталығы