/////

Қазақ тіліндегі контент проблемалары Астанада талқыланды

2290 рет қаралды

 Астанада желтоқсанның 6-сында Қазақ контент жасаушыларының Форумы атты іс-шара өтті.  Форумды ұйымдастырушылары Qazaqstan Ұлттық Телеарнасы, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі және Қазақстан Баспасөз клубы. Форум қатысушылары – журналистер, блогерлер және медиа эксперттер. Форумды қолдап көмек көрсеткен KcellKaspi.kz және Air Astana Kazakhstanкомпаниялары.

#Qazforum хештегімен әлеуметтік желілерде форумнан тікелей хабар таратушылар жалпы форумда талқылан,ып жатқан әңгімелерден жұртшылықты хабардар етуге тырысты. Форум 4 панельден тұрады. Алғашқы панель ресми ашылуына арналса, екіншісі – “Контентті басқарудың заманауи технологиялары” тақырыбында өтті. Үшінші панель – “Хайп мәдениетін” талқыласа, төртіншісі – болашақта бізді күтіп тұр, қазақ елі технологиялық тұрғыдан қай деңгейде, болашақта қайда барамыз, деген мәселелер талқыланды.

Оқырман назарына форум туралы саясаттанушылардың пікірін ұсынуды жөн көріп отырмыз:

Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы:

Былтырғымен салыстырғанда бір-ақ жылдың ішінде қазақтілді форумның (демек жалпы қазақтілді журналистиканың) саны да, сапасы да өскен. Биылғы форум былтырғыдан анағұрлым жинақы, мазмұнды, конструктивті әрі жан-жақты болды. Интернеттің даму деңгейі, кәсіби мәселелер, саяси тақырыптар әр қырынан талқыланды. Осыған дейін қазақтілді форумдарда немесе үлкен орысша құрылтайлардың қазақша сессияларында бір қоңылтақсу, кемсіну сезімдері болатын. Тақырып аясы шектеулі, болса да “қазақ журналистикасы орыс журналистикасынан кем бе?” деген таптаурын әңгімеге кетіп қала беретін. Былтыр дәл осы жерде өткен форумда да ой қайталау, бірнеше тақырып арасында айналсоқтау, өкпе-реніш көбірек болды. Кей сессиялар “жайылыңқырап” кеткен. Өз басым алғаш рет басым бөлігі қазақша өткен форумнан кәсіби тұрғыда керегімді алдым. Қысқасы, қазақтар қазақша кәсіби, мазмұнды, пайдалы форум өткізе алады.
Екіншіден, Интернеттің, журналистиканың, қоғамның, т.с.с. кеш дамуын тек тілдік тұрғыдан, “бейшара қазақ тілінің мемлекеттік тіл болмай жатуынан” деп “жылап” отыру тенденциясы азайды. Оның орнына мәселеге тың көзбен қарап, тілді тек кәсіби жұмыстағы, журналистегі, бизнестегі, ақша табудағы құрал деп түсінетін жағдай қалыптасты. Мұндай жағдайда спикердің қай тілде сөйлеп отырғаны да онша маңызды болмай қалады. Қазақ тілі бизнестің, технологияның интернеттің тіліне айналып келеді. Айдос Сарым айтпақшы, ұлтты құтқарамыз деп намыстан жаралған сайттар дәуірі аяқталды, қазір қазақ интернетегіндегі бизнес дәуірі келді. Оған Ербол Серікбайдың “Бәрібар” сайтының даму жолы дәлел.
Соған қарамастан, өкінішке қарай, қазақтілді аудиторияның сұранысы көбіне жеңіл-желпі шоу.-бизнес тақырыптары болып тұр. Сондықтан бизнеске бейімделген сайттар, ақпарат құралдары (мәселен Nur.kz) халықтың талабына бейімделуге мәжбүр. Мұны “Қазақпарат” басшысы да, басқалар да мойындады. “Қазақ оқырманын өсіру керек пе? Әлде ол өздігінен өсе ме?” деген сұрақтар көп талқыланбады.
Төртіншіден, қазақтілді Интенетті дамытып та, кері тартып отырған нәрсе – мемлекеттік тапсырысқа негізделген идеология. Форумға жиналған қауымның өзінен-ақ мемлекеттік БАҚ атаулыға деген сенімсіздік білініп тұрды. Кей сессияларда миллиардтап мемлекеттен ақша алып жатқан сайттар мен 5-6 адамы бар кішігірім бірақ ықпалды ресурстардың өкідері қатар отырып осы мәселені талқылады. Өкінішке қарай, осы форумдағыдай әділ бәсеке шынайы өмірде болмай тұр. Ақпарат агенттіктері, газеттер, телеарналар мемлекеттен тапсырыс алып, үнемі ақшалы болып отырғандықтан, оларда дамуға деген ұмтылыс аз, тақырып мазмұны шектеулі.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

НӘНизм мен нанизм

Қазақтілді интернет саласының басты проблемалары осы екі ұғым айналасында топтасқан.
НӘНизм – бір ғана тұлғаны дәріптеу үшін, соны ғана айтқызу үшін жасалып жатқан тіршілік пен саясат. Сайт иелеріне беріліп жатқан қаражат нақты саланы немесе бағытты ашып-тарату үшін берілмейді, бұл, шындаса, ақпараттық блок. Яғни саяси лоялдылықты, тәуелділікті сатып алу.
Осыны сезген біраз пысықтар сайт жасайды, НӘНді, айналасын, әкім-сәкімді сынай бастайды. Ойбай-ойбай басталған соң, сайт иесі мемтапсырысқа ілігеді. Бұл нан табу жолы мен тәсілі. Яғни нанизм.
Бұл екі бағыт та оқырманды ескеріп отырған жоқ. Оқырман өресін, деңгейін арттыруды ойлап отырған жоқ. Басқаша айтсақ таза саяси-ақпараттық онанизм. Ұрпақ бермейтін қозғалыстар.
Бұның бәрі, айналып келгенді қоғамды өсірмейді. Қоғамды сол делсал, ергежейлі сатыда ұстап қалады. Медицина тілінде ергежейлілікті нанизм деп атайды. Демек НӘНизм де, нан табуға негізделген нанизм де қоғамды кемтар қылады. Нанизмге алып соғады.

Қазақтілді контент жасаушылардың үшінші форумы осымен тәмам. Дәстүрге айналып келе жатқан форумның келесі жылында қазақ контентін жасаушылардың деңгейі бұдан да арта түсетін болатындығына және талқыланатын тақырыптардың өткірлене түсетіндігіне сеніміміз кәміл. Форумда мемлекеттік тапсырыс, оқырманның сеніміне түскен селкеу, маргиналды қоғамға арналған маргиналды контент мәселелері де жұрт назарынан тыс қалмады. Демек, бұндай талқылау алаңдары дағдарыста тұрған қазақ медиасының дамуына аз да болса серпіліс береді деп сенейік.

Мінбер-ақпарат

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар