///

Бақытбек Бәмішұлы: Баянөлгей қазақ әдебиетінің бағушы, бақташысы

1846 рет қаралды

 Шет елдердегі қазақ әдебиеті, соның ішінде моңғолиядағы қазақтардың ауыз және жазба әдебиетінің туып, қалыптасуы, дамуы туралы сөз болғанда көрнекті әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлының ғылыми еңбектерін айналып өте алмаймыз. Олай болса,  бүгінгі сөзіміз осы тарапта ерен еңбек сіңірген, қарымды қаламгер, қоғам қайраткері  Қабидаш Қалиасқарұлына арналмақ.

Қабидаш Қалиасқарұлының ғылым жолы 1963 жылдардан басталады. Бұл – коммунистік идеологияның әбден пісіп-жетіліп, қарсы келгенді бет қаратпай тұрған аса қатал, өткеннің шынайы тарихына көз салған жанның көк желкесін қияр, «жылымық» деп аталғанмен жазғанынан бұлтарсаң жардан құлатып, жалғанмен қоштастырмай тынбайтын кезеңі еді. Мұндай заманда жай бір әдебиет зерттеушісі ғана емес, ұлттық тарихыңнан сызылып қалған, заманына жат, идеологияның жаны сүймейтін халықтық қазына ауыз әдебиетіне «ауыз салып»,  зертеймін деу шыныммен де көзсіз ерлік болатын. Алайда Қабаң осы іске бел буып, бекем тұрып барады.

Ұлттық әдебиетіміздің шет жерде шашырап кеткен, шашылып қалған, замананың зұлмат, зұлым дауылды дүрбелеңге толы жылдарында ұлттық тұтастықтан көз жазып, сабақтастықтан ажырап, өзіндік ерекшеліктерімен дами келе сары топырақ, қиыршық құм, қирандылар мен үйінділер астында басылып, жаншылып жатқан, құрдымға кеткен, ал оның көрнекті өкілдерінің бәрін Еркін Ібітан айтқандай «уақыт өзі көрге тығып жіберген», «қайғы жұтып, қан түкірген аз жұрттың… жылымығы мол жылдарға сүлдерін сүйретіп, қатары сиреп әрең жеткен уақытында» (Рысбек Зұрғанбайұлы) социалистік реализмге тоғытылып, ленинизм ілімімен сақадай сай қаруланып, марксизмнің майын мейірі қанғанша іше жүріп, табан терісі тесіліп, көз майы таусылғанша ізденіп, тауып, жинап-теріп әкеліп қанды қол қоғамның алақанына «мынау менің көмбем, ұлттық мұрам, байлығым» деп жайып салу дегеніңіз оққа кеудесін тосқандай  ерлік еді.

Осындай өлермен жанкештіліктің нәтижесінде 1969 жылы «түгі де жоқ, тақыр жерге тау тұрғыздық» деген идеология үшін айды аспанға бірақ шығарған күтпеген «оқыс оқиға» болды. Осылай деп қазір біз айтып отырмыз, тәуелсіздіктің арқасында. Қабаң жан-жақтан төнген, қыспаққа алған, басып, жаншып тастауға барын салған, астыртын саяси, ашық рухани, пәрменді психологиялық соқы, қысым, кедергілерді көре жүріп, көкейгесті арманына қол жеткізді. Қазақ фольклоры, халық ауыз әдебиетін жинақтап, зертеп қазақ әдебиет тарихына қомақты үлесі қосты. Қабидаш Қалиасқарұлының «Баян Өлгий қазақтарының халық ауыз әдебиеті» атты «тұңғыш әдеби сыни жинақ» (Кәпқызы Е!) еңбегі жарық көреді. Ұмыт болып бара жатқан, ескі көздердің көкейінде ғана сақталған, жаңарып хатқа түспеген халық ақындарының қоғам өмірін жырлаған, адамгершілікті, адал махаббаты, елін, жерін сүюді уағыздаған қаншама інжу-маржандары жарқырап қайта оралды. Олар: Тауданбек Қабанұлы (1830-1908), Төлебай Бөжекұлы (1858-1924), Мешел Қожекеұлы (1858-1928), Ақыт Үлімжіұлы (1966-1939), Отарбай ақын (1882-1953), Нәжікеш Таңқайұлы (1885-1953), Оңашыбай Ірбітұлы (1892-1953), Бұрқасын Тауданбекқызы (1905-1968) қатарлы халық ақындары еді. Бұл Қабидаш Қалиасқарұлының қазақ фольклоры, халық ауыз әдебиетін жинақтап, зертеп қазақ әдебиет тарихына қосқан қомақты үлесі.

Ардақты қазақ халқының бағзы заманнан бері шашылып қаламай, шашауы шықпай, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей, үздіксіз жалғасып, жақсы сақталып келе жатқан фольклорының тартымды бір тармағы, бай мұрасы, драмалық әрі театрлық өнері – айтыс. Халық ауыз әдебиетінің осы бір ұтқыр да ұтымды жанрының моңғолиядағы дамуы мен оның өміршең қызметінің өсуіне өзі мұрындық бола жүріп, Қ.Қалиасқарұлы 1981 жылы «Айтыстың қыры мен қызметі» атты зерттеу мақаласын жазды. Қабаңның «Жомартұлы Тоқтамұрат – айтысқа соңғы он жыл бойы араласып келе жатқан ақын» деуінен айтыс өнерінің Баян-Өлгейде өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының өзінде дәуірлеп тұрғанынан хабар береді. Осы еңбегін кейінгі монографияларында толықтырып, байытты. Қабаң «көркем айтыс жасаудың» қыр-сырын, тәсіл-әдісін, әуен-сазын, өлең шумағын, ұйқас-ырғағын, аспап-құралын, айтыскер ақынының мақамын, мақсат-мүддесін, тапқырлық қуатын, білім деңгейін, үлгі-өнегесін жеріне жеткізе жіктеп-жіліктеп, «бүгінгі айтыс ақынының алдында әдебиетшінің, ақынның, жаңа заман құрлысшысының қоғам алдындағы жауапты міндеті тұғанын» шегелей айтып, «айтыстың барлық қыры мен сырына, иіріміне жан-жақты ғылыми анализ жасап, өте үлкен жұмыс атқарды» (Сейт Қасқабасов).

Ғылымда зерттеліп отырған шығарма авторының туған және өмірден озған жылдарын анықтау олардың өмір сүрген заманын, шығармашылдық ортасын, айналасын, шығармашылдығының қалыптасып, өсіп-жетілуіне әсер еткен қоғамдық факторларды, туындының туған жылдарын нақты беруде үлкен роль атқарады. Осы тұрғыдан келгенде Қабидаш Қалиасқарұлы көне сүрлеудерге сіңіп кеткен арыдағы ауыз әдебиеті өкілдерінің жас шамасын, туған, қайтқан жылдарын нақтылап, дәл көрсетуде аса таланты, зор зерделілік танытады. Мәселен, халық ақыны Бөжекұлы Төлебайды 1858 жылы туған деп көрсетеді ғалым. Әдебиет зертеушісі Қуанған Жұмақанұлы бұл пікірмен келіспей, шынжандық Ахметбек Кірішбаевтың Төлебай Бөжекұллы 1848 жылы туды деген пікірін құптайды. Оған Т.Бөжекұлының

Алпыстан асқан жасым бар,

Жетпіскетаман кеп едім.

Жетпісті келем тақымдап,

Ойлағанда кетемін,

Өліміме жақындап, деген өлең жолдарын дәлелге алады. Өлең жолдары дұрыс таңдалып алынғанымен, осында «Жетпіске таман кеп едім, Жетпісті келем тақымдап» деген жетпіске жетпеген адамның сөзін «жетпістен асқан» деп топшылайды. Ал Ж.Сәмитұлы «Қытайдағы қазақтар» кітабында да Төлебайдың туған жылын 1848 жылы деп көрсетеді және оның өмірің көбі Қобда бетінде өткендігі айтылмайды.

Қабидаш Қалиасқарұлы – тыңға түрен салып, моңғолия қазақ әдебиетінде тұлға тану тарапында алғашқы боразда тартқан ғалым, Ақыттану және Ақтантанудың алғашқы зерттеушісі. Қазақ баласында алғашқы болып кітап бастырған, дін исламды кеңінен уағыздау арқылы халқын еркіндік, бостандық, теңдік үшінгі күреске шақырып, азаттықтың жаршысы болған, осы жолынан ғұмырының ақырына дейін таймаған күрескер ақын Ақыт Үлімжіұлының шығармашылығы мен өмірбаяны Моңғолия мен Қытай қазақтарына кеңінен танымал болғанымен оны зерттеу, ғылыми айналып енгізу ісі кешеуілдеп ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының ақырында ғана қолға алынып, Қабидаш Қалиасқарұлының әдеби журнал «Шұғылада» «Ақыттанудағы алғашқы талпыныстар» (1972 ж) атты мақаласы жарық көрді. Қ.Қалиасқарұлы бұдан кейінгі «алтын қоймасының аузын ашқан» (Т.Бодаухан) «Халық ақындары» (1973 ж) атты кітабында ақынның өмірбаяны мен шығармашылығын толықтырылып, талдау жасап, оның жырлары мен өлеңдерін жариялады. Шет елдердегі қазақ оқымыстылары арасынан Ұлы Абай өлеңдері мен қара сөздерін тәпсірлеп, түсініктеме жазған адамдардың алғашқысы Ақыт Үлімжіұлы болса, Ақыт ақын туралы тұңғыш ғылыми зерттеу жасаған ғалым – Қабидаш Қалиасқарұлы.

Ақыт ақын – қытаймен моңғолия қазақтарына телі тұлға. Оның өмірі мен шығармашылығы екі елде жеке дара өмір сүріп жатқан қазақтар өмірін бірдей, тең қамтиды. Қытайдағы қазақ әдебиетінің зертеушілері Ақыт Үлімжіұлын «шынжаң қазақтарының жазба әдебиетінің негізін салушы атасы» (Жақсылық Сәмитұлы) деп бағалады. Алайда Ақыттану бұл елде кеш, 1994 жылдардан бастап қолға алынуы қытайдағы сол кезеңдердегі саяси жағдайға байланысты болды деп көруге әдбен болады. Солақай, зардапты, халқына, халық өнеріне, руханиятына қас саясат оны зертеп, тектеп, шығармаларын жинастырып, дамытып, байытудың, халық қазынасына қосудың орнына барын жалмап, жиып алып өртеп, көзін жойып жіберу әрекеттерін неше дүркін жасайды. Сөйтсе де халықтың қасиетті туа бітті жады мен оның еңбектерін ел ішінен жиып-теруге, жазып алуға бар күш жігерін жұмсаған ақытшылардың арқасында ұмытылмай, ізі суымай бүгінгі заманға жеттіп отыр. Қазіргі күнде Қабидаш бастаған, көрнекті ақын, әдебиет зертеушісі Кәкей Жанжұңұлы жалғастырған Ақыттану елімізде де (Зұпар Сейтжанұлы, Дәлеткерей Кәпұлы, Гүлнар Омарова т.б.), шет елдерде де өзінің даңғыл жолына түсті.

Моңғолия қазақтарының жаңа жазба әдебиетінің туып, қалыптасуы 1940 жылы Баян-Өлгейде дербес қазақ ұлтық аймақ құрылып, елдің қоғамдық өмірінде жүзеге асқан саяси, әлеуметтік һәм рухани өзгерістерімен тікелей байланысты. Осы жылдардан бастап баян-өлгей топырағында «түрі ұлттық, мазмұны соңиалистік» қазақ әдебиеті туып, қалыптаса бастады. Мемлекеттік шекара ұлтты да, ұлысты да арасынан бөліп тастайды. Барыс-келіс, алыс-беріс, қоян-қолтық араласу болмаған соң тілі бір, діні бір, бір ұлттың өкілдері болса да бір-бірінен мәдениеті де, руханияты да алшақтап жергілікті ерекшеліктерін қалыптастырады. Басқа елдердің құрамында өмір сүріп, тағдыр тауқыметін кешкен ұлт бөлшектері үшін оның тарихи отаны қанша жерден қол ұшын созып, бүйрегі бұрылып, боздап тұрса да халықаралық нормалардан тыс әрекет ете алмайды. Десек те Баян-Өлгий қазақтары қазақстандық қамқорлықты сәбет кезеңінде әсіресе мәдениет, оның әдебиет пен өнер саласында көп көрді. Бірақ қоянқолтық араласа алмады. Үйір аңсаған арғымақтай Алтай тауының арғы жағынан өңешін кере арқырап, Қазақстанға үмітпен үңіліп қарап тұрды. Оның күн құрғатпай жеткен баспасөздерінен бас алмады. Соның нәтижесінде Баянөлгей қазақ әдебиеті екі үлкен нәрлі әдебиеттің – қазақ әдебиеті мен моңғол әдебиетінің қайнар көзінен қанып ішіп, тұнық тұмасынан сусындады. Осындай нәрлі, шырынды көзден, мөлдір таза бастаудан қуат алған әдебиет қалай қалыптасып, қалай дамыды деген көкейгесті сұраққа тұңғыш рет ғылыми зерттеу жасап, оған кімдердің ат салысқанын тектеп, атап берген – ғалым Қабидаш Қалиасқарұлы.

Көркем әдебиеттің дамылсыз дамып, өркендеп өсіп, құлашын кенге жайып мәуелі бәйтеректей биітеп көктеуіне әдебиет сыншысының, әдебиет зерттеушісінің рөлі ауадай қажет болса керек-ті. Осы тұрғыдан келгенде моңғол әдебиетінің бір саласы болып, моңғол көркем әдебиетімен терезесі тең, өресі биік, өзіндік болмыс, бітімі бөлек, қуат алған қайнары шырынды, діңі мығым, діңгегі сом, тамырлы әдебиеттің дамуында 1960 жылдардың орта шенінен бастап, күні бүгінге дейін жарты ғасырдан астам уақытта баян-өлгейлік қазақ жазба әдебиетінің шын жанашыр тілекшісі, сыншы-зерттеушісіне айналған Қабидаш Қалиасқарұлының айшықты іздері, анық қолтаңбасы, қосқан үлесі қомақты болды. Ол аймақтық әр ақын-жазушынының шығармасына өзінің баққан малындай қарады, әр бір туындыны шекара сақшысындай қалт кетпей қарауылдады. Қолына қалам алған тұстан тынысы енді ашылып, терісі кеңіп, құлашы жазыла түскен жүйріктей көсілген туындылардың аңысын ізге түскен аңшыдай аңдап, барысын бағамдап, тамыр соғысын тыңдап, қажет болған тұста талабын шыңдап, бағыт-бағдар, жол көрсетіп, теріс-бұрысына текті сөзін айтып, жазушылардың үнемі үдеріс, даму үстінде болуын талап етіп, көз майын тауысып, маңдай терін төгіп адал қызмет жасады. Олардың әр бір туындысын, еңбегін дер кезінде, ыстығында оқып, індете зерделеп, сүзгісінен өткізіп, алдарақ шыққан озығың мынау, кенжелеп қалған тозығың анау деп ақ-қарасын айырып көрсетіп отырды. Бір сөзбен айтқанда Баянөлгей қазақ әдебиетінің бағушы, бақташысы болды. Қабаңның адалдығына ешкім шәк келтіре алмады. Ақиқатқа арсыз да иілді. Кер тартпа саясат көркем әдебиеттің «ұлттық қасиетін әлсіретіп, табиғи күресінен тайқып, құлаққа үйір бір сарынды, оқырманына жұғымы аз туындылар көптеп берілуіне тікелей әсер еткені» де сыншы Қабидаш Қалиасқарұлының назарынан тыс қалмады. Осындай адал әдебиет сыншысының арқасында баянөлгейлік қазақ көркем әдебиеті жылдан-жылға сатылап көтеріліп, жаңа белестерді бағындыра берді.

Талап бар. Дарын бар. Ал «шығармашылықтағы олқылық қайдан, неден пайда болады? Құр өлеңшінің сыры неде?». Иә, жаттанды сұрақ, ақын-жазушының кімісіне де талайдан қойылып келген әбден жауыр болған сауал. Бұған қайтарар жауап та жетерлік айтылған. Ал Қабаң жалғыз ауыз сөзбен «Білімсіздік» деп түйіп тастаған. Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген критерий бар. Әр адам сегіз қырлы, бір сырлы бола ала ма? Қазақтың талабы тым қатал болып көрінуі мүмкін. Ғалым өзіне де, өзгеге де тап осындай талап қояды да нысанасына алған туындыны жіліктеп талдап әкетеді. Егер шығарма мелжемді, кристалдай мөлдіреп шыға келсе, онда оны туған туындыгер де талғамға сай, талаптан көрінгені. Бұған мысал жетерлік, ол үшін сыншының бүкіл еңбектерін қотарып, көшіріп жазу керек. Бұның қажеті қанша?!

Қабаң әр зерттеу туындысында туындыгер мәселесінде де осы талант пен талғамға жиі оралып отырады. Талант пен талғамды жетілдіретін еңбек те соңғысын білім биікке көтереді деген ұстанымы мен талабын өзіне де қоя білгенін оның еңбектерін оқыған кезде көзіміз жете түседі. Ол Баян-Өлгей топырағында туған әр бір қаламгердің шығармаларына алғашқы болып, дер кезінде теориялық електен, өзінің жетілген лаборатиясынан өткізіп, әділ бағасын беріп отырды. Ат үсті атап өту, орағытып келіп, орай сілтеу, сыбай солтаң, шал-пұшық шолу жасай салу ғалымға жат. Ол әр шығарманы өзі айтқандай шұқшия оқып, терең мазмұнды талдаулары арқылы тұжырым жасайды да оның авторына кемелді зерттеулерінен түйген түйінін жұртқа жариялады. Бұл мақалада бәрін атап өту мүмкін емес қой, сондықтан бірлі-жарымына ғана тоқталамын. Ол Бабиұлы Ақтанның шығармаларының толық жинағын құрастырып, баспаға әзірлеп, кітаптың алғы сөз орнына берілген ақынның өмірі мен шығармашылдығы жөніндегі көлемді зеттеу мақаласында Бабиұлы Ақтан – жаңа мәдениетіміздің, әдебиетіміздің негізін қаласқандардың басы деген тұжырым жасайды (1977 жыл); Байбатырұлы Имашхан – нәзік сезім мен сындарлы ойдың, көрікті түр мен көркем тілдің ақыны десе. 1975 жылы қазақ әдебиет әлеміне жаңа бір жарық жұлдыз туғанын айтты. Айтқаны айнымай келді. Ол жұлдыз болып туып, жұлдыздай аққан Кәкей Жаңжұңұлы еді. Бұған дейін де К.Жаңжұңұлының нәзік сезімге толы, жүрекке жылы, жұпар аңқыған жырлары жайлы сипай қамшылап айтылып келгенімен тұп-тура «жұлдыз туды» деп хабарлап, айтуға ешкімнің дәті жетіп, батылы бара алмаған.

Қазақтың көрнекті әдебиет зертеуші ғалымы Рымғали Нұрғалив қазақ драмасының эстетикалық байлығын зерделеуде жазылған драмалар радиусының шеңберінде ғана шектеліп қалмай, романдар ішіндегі драмаларға дейін сүңгіп, сөзін сүйектен өткізе сөйлеп, қайта суырылмастай етіп шегелеп, нақтылап, көкейге құйып тастаса, Қабидаш Қалиасқарұлының баянөлгей қазақ әдебиетіне баға берудегі ұшан теңіз еңбегінен білім мен тәжірибенің, қаны тамған зор қайраттың түрлі тәсілі мен іс-әрекетін бір-бірімен қайың ердің қапталындай жымдасып, қиюласқан шебер дәлдікті, сұр мерген қырағылықты, саф адалдықты көреміз. Ол өзін монғолиядағы қазақ әдебиетіндегі прозаны да, поэзияны да, драма, әзіл-сқақ жанрындағы туындыларды да cаралап, сынап-мінеп отыруға аманат артқан адамдай сезінді, міндетім деп білді. Қабидаштай қарымды сыншының өткір де әділ соны зерттеулерінің арқасында “Соцреаизм” десең болды басыңа – балға, мойыныңа – орақ тиетін» (Сұраған Рахметұлы) заманда Баянөлгей қазақ әдебиеті қатарынан қалыспай көркем әдебиеттің әр түрлі жанрларын кеңінен игеріп, қатарынан қалыспай қарыштап дамыды. Өйткені сын болған жерде, сыналып, мін түзелген жерде даму да қатар жүреді. Бөтен ұлт, жат мемлекеттің құзырында отырып, бар жоғы жүз жиырма мыңға жетпейтін жан санды халықтың туған тілінде көркем әдебиет жасағаны әлем әдебиет тарихында жоқ үлгі. Осының біз бағасына жетуіміз, әділдігін айтуға тиіс едік әлі күнге дейін үнсіз келе жатырмыз.

Қабидаш Қалиасқарұлы ұстазық ұлағаты, педагогтық қырының өзі үлкен әңгімеге арқау. Батыс деп шатаспай, шығыс деп шатыспай төл өнерінен, ұлтық әдебиетінен, рухани қазынасынан сусындап, нәр алған ұрпақтың келешегі кемелді, отан сүйгіш рухы өр, еліне, туған жеріне деген махаббаты зор болып ержетіндігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Қазақтың жастарына, мектеп оқушыларына арнап оқулық жазу дәстүрі алаш арыстары бастаған үлкен өнеге, үлгі еді. Бұл орайда біз өзгенікі таңсық, өзіңдікі қаңсық болып, батыстық атаулының бәрі балдай көрініп, анадан, мынадан қотарып, құр босқа еліктеп, көшіріп көсемсіп, қотарып қоразданып, ұлттық менталитетке ұйқассын-ұйқаспасын тықпалап, кім көрінген сауатсыз оқулық жазып баланың басын қатырып, сарсаңға түсірген беймаза уақытта Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы, Тіл – құралды, Тіл жұмсар», Мағжан Жұмабайұлының «Педагогика»,  Міржақып Дулатұлының «Есеп кұралы» қатарлы еңбектерін еріксіз еске аламыз. Осы игі дәстүрді, ұлы адамдардың ісін жалғастырған көрнекті ғалымның бір Қабидаш Қалиасқарұлы. Ол Кәкей Жаңжұңұлы, Баят Жанатұлдарымен бірлесіп мектеп оқушыларына арналған оқулық-хрестоматияның «Моңғолия қазақтарының халық ауыз әдебиеті», «Халық ақындары», «Бабиұлы Ақтан», «Тұрмыс-салт өлеңдері», «Ертегілер», «Айтыс үлгілері» тарауларын әзірлеп, 1,2,6 және 8-10 класс оқушыларына арналған «Моңғолия қазақ әдебиеті» оқулықтарын жазды.

Қабаңның туған жері Алтайдың арғы жағы, құдайдың өзі аппақ мәрмәр сынды ақ шағыл мұздан құйып жаратқан Бес Тәңірінің бесінші шыңының бел ортасы, бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған, жайылып жатқан жайсаң, жалпақ жасыл көл – Ноған нұр (Ногоон нуур), бай өлке Бақылық, қырмызы Қызылтау. Ноған нұрдың ұзыны кере құлаштай, сұлулығы сүмбідей, сүліктей қара балықтарын қайқая тартып тұрған бозбала шақ, табанын тас тілген, маңдайын тасқа ұрғызған аттап өткен балалық шағын сәтке ғана ұмыттырып әкететіні сөзсіз.Ұшар басы алқалы құзды жасыл шыңдардан басталып, бір-бірімен қанаттаса, жалғаса жазыла жоталанып жатқан шөкен түйедей шомбал- шомбал таулардың етегін қымтай жарқыраған жасыл көл, жалпақ жазық. Белуардан асқан, ат бауырын сызған көк шалғын. «Дала қандай! Даладағы ат қандай! Нөсер шөпке белшесінен батқандай. Құйғытсам бір, Дала, Қала Болады-ау, Көз алдымда аунап бара жатқандай!». Пай, бұл – ОлжасСүлейменов! Тапосы жерде, анау биіктен мына байтақ өріске қарап тұрып төгілген-ау дейтіндей. Ал, Қабаңның өзі болса бүкіл Баян-Өлгей аймағының тұмарлы тал-терегін, қызыл қайың, қарағайын, киелі арасан, суларын қасиет қадірін желкілдетте айтып-айтып келіп, әңгіме ауаны ел адамдарына ауғанда қалың қабағы қабарып, қоңырқай жүзі қара барқындай бастаса-ақ ойы ойысып, түнек һәм тарпаң тағдырлы жылдарға түскенін тап баcып, аңғарып отырасыз. Бұл сәтте Қабаңның бесіктен белі шықпай жатып қан жұтқан, жаралы жүрегін ауыртып, түнерген қабақтың қыр-сырын сұрау әбестік болады. Басқа білмесе де біз білетін, біздің әке-шешелеріміз бастан кешірген тауқыметті тағдыр, «аттап өткен балалық шақтың» дауылды, қара боран жылдары көк теңіздей көкірегенінде тулап жатқаны аян еді.

Әкесі Қалиасқар молла баласы Қабдолла (Қабидаш) қырқынан шықпай жатып,жаңа нәрестесінің жұпар иісін қанып бір құшырлана иіскей де алмай, отыз үш жасында отыз сегіздің қанды ққпанына ілініп, шапанын желмегей киіп, екі қолы артына қайырыла байланып, айдалып кете барған. Жалғыз кеткен жоқ. «40-45 жастағы екі ағасы, 18-20 жастағы үш бірдей бауырымен бірге» (Рысбек Зұрғанбайұлынан) кеткен. Бір әулеттің бетке ұстар бес адамы 1938 жылдың тамызында Қобда шаһарының түрмесінде «халық жауы» деген айып тағылып, ауыр жазамен жазаланған.  Қара бұқарасына хат танытып, есеп-шотқа үйретіп, ел ішінде ағартушылықпен айналысқан әке жалғыз күнде сол халқының, туған жұртының жауы атанып, артындағы бүкіл мал-дәулеті, киер киім, киізге шейін тәркіленіп, барын қидай сыпырып алған соң бір әулет, бір қора жан бір күнде қу сирақ, мінерге ат, тігер тұяқғы жоқ кедей, шеше жесір, бала жетім болып шыға келген… Қатыгез, қара бет қоғам бұл қылмысына қымсынбады. Араға жылдар салып, ат жалын тартып мінген балаға әкесіндей «елжіреп» арқасынан қағып, бар қуат-күшін социалистік қоғамға, оның бас жетекшісі коммунистік партиясына адал, оның марксистік-ленинистік идеясын жүзеге асыруға сарқа жұмасаған, емендей иілмес, Алтайдың қызыл қарағайындай қайсар, қаранардай белді, азамат Қабидашты тәрбиеледі. Ешкім «халық жауының баласы» деп бетіне басқан жоқ, «әлеуметтік шығу тегі» деген сауалдарға «малшы текті» деп жаза салғанда да ешкімі ештеңе демей, біліп отырса да білмегенсіп, көріп отырса да көрмегенісіп, жұмған ауыздарын ашпады, іш жиған жан болмады, құжаттарды айтуы бойынша толтырып өткізе берді. Ал жоғары жақ, тіпті Орталық Партия комитетінің дөкейлерінің өздеріне дейін оған көз жұмды. Өйткені, сол мүйізі қарағайдай болып төрде отырған, билік басындағылардың өздерінің түбі шикі, «әлеуметтік шығу тегін»  жасырып отырғандар еді. Өйткені коммунистік қоғамның өзі жаппай дүмбілез, шала піскен, өтірікпен өмір сүрген, шикі болатын.

Қ.Қалиасқарұлы 1963 жылы Алматы қаласының Абай атындағы Педогогикалық институтын бітіріп, мол біліммен елге оралады. Ол біліммен ғана қуаттанып, қанаттанып келген жоқ, өз ұлтының өткен тарихына, оның көміліп, көз жазып, көңілден өшіп кетуге шақ қалған құнды қазынасы көркем шежіресі – ауыз  әдебиетіне деген құштарлығы қоздап, үлкен арман арқалап оралады.  Өлгей қалалық №1 он жылдық мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі бола жүріп,  жоғарыда атап өткеніміздей моңғолия қазақтарының ауыз әдебиетін жүйелі түрде жинауға, оның көрнекті өкілдерінің өмірбаянын нақтылау мен шығармашлық жолдарын дерек-дәйектермен толықтырып, зеттеп-зерделеп ғылыми айналымға енгізіп, халық игілігіне ұсыну ісіне бел буып, білек сыбанып, құлшына кірісіп кетеді. Бұл әрине, инемен құдық қазғандай қиын да қияметті, теңіз түбінен маржан сүзгендей машақаты көп, кер заманның кедергісі мол бейнетті іс еді.

Біз «Шұғыла» журналының оқырманы едік. Айында бір рет шығатын журналдың үтір, нүктесіне дейін тәмпіштеп оқып бітіретінбіз. Баян-Өлгей қазақ әдебиетінің тынысын, тамыр қағысын осы журналда жарияланған  туындылар арқылы танып, танысып, біліп, табысып жататынбыз. Қабаңның еңбектері, зерттеулері,  соны мақалалары осы журналда жылына кемдегенде бір, кей жылдары екіден үш ретте жарияланып жататын. Үнемі, үздіксіз оқимыз, ой елегімізден өткіземіз. Сондықтан да Қабаңмен еңбектері арқылы табысып, тап бір қасында жүрген, қатарлас адамдай тамырласып кеткен едік.

Қаб идаш Қалиасқарұлының қазақ әдебиеттің үш түрлі бағытындағы жұмысы – Алтай қазақтарының ақындар айтысына, ауызша және жазба әдебиетіне жасаған талдауы оның докторлық диссертациянына негіз болады. Бұл еңбегін еліміздің әдебиет зерттеуші ғалымдары (Серік Қирабаев, Мүсілім Базарбаев, Өтежан Күмісбаев, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібаев, Оразгүл Нұрмағанбетова, Нығмет Ғабдулин,Шериаздан Елеукенов, Мұхаметжан Қаратаев, Зенолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Ханғали Сүйіншіәлиев қатарлы) бір ауыздан «қазақ әдебиетінің тарихына қосылған үлкен үлес» деп бағалады.

Жалпы елімізде қазақ әдебиетін зертеу сәбет дәуірі кезінде ғана қолға алынып, қалыптасқандықтан ба әлде сол замандағы талап солай болды ма сол тұстағы зерттеушілердің еңбектерінен байқалатын келісуге келмейтін келеңсіздік, тұтас территориялық аймақта туып-өсіп, өмір сүріп, кейінгі заманда мемлекеттердің аумақтық жер бөлісіне орай әр елдің құзырына өтіп кетіп, екі тарап болып қалған елдің тарихын, әдебиетін, мәдениетін зерттеген уақытта сол заманда өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмір, шығармашылдығын бөліп-жарып тек өзіне ғана тәуелді етіп бағалау, тұйық шеңбер аясында бағалау көрініс берді. Міне, осындай олқылықтар Қабидаш Қалиасқарұлы сынды қиыр жайлап, шет қонған қазақтың үлкен бір кесек сом алтын бөлшегін әкеп қосуымен толығып жатыр.

Еліміз тәуелсіздік алуы әдебиетімізге де тәуелсіздік әкелді. Кейінгі жылдарда шет елдердегі қазақ әдебиетін зерттеуге жаңа көзқарас, оларды біртұтас құндылықтар тұрғысынан жаңаша пайымдау, кең ауқымда зерттеу мемлекет тарапынан жолға қойылды. Осы тарапта филологияғылымдарының докторы, профессорТемірхан Тебегенов: ««Шетелдегі қазақ әдебиеті» деген сөзді айтқанда біз де біртұтас қазақ әдебиеті деген ұғыммен қараймыз. Бір-бірімен сабақтас, бір-бірімен егіз, арғы түпкі тамыры бір, әуелде сақ, ғұн дәуірінен бастап негізі қаланған жалпы қазаққа ортақ бір тұтас ұлттық әдебиет. Бұл Ел тәуелсіздігіне дейін естімеген әдебиет тануға деген жаңаша көзқарас» дейді. (http://www.qazaquni.kz/2011/04/20/6874.html). Соның сонысы да, белді, сүбелісі де шет елдердегі қазақ әдебиетін біртұтас ұлттық әдебиет қазынасы ретінде қарастырылып, олардың ақын- жазушыларының шығармаларының көркемдік, стилдік, жанрық ерекшеліктері жан-жақты пайымдалып, талданған, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстутының ғылыми кеңесі ұсынған «Шет елдердегі қазақ әдебиеті» атты ұжымдық монографияда (2014 ж, Бас редакциясын басқарған ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті У.Ұ.Қалижанов) моңғолиядағы қазақ әдебиетіжалпы мәселесінде 1963 жылдардан бастап қалам тартып, соның ішінде ауыз әдебиетінің бүкіл жанрының үлгілеріне тұңғыш рет жүйелі жинақтау жүргізіп, талдау,  зерттеу жасаған Қабидаш Қалиасқарұлының еңбектеріне сүйенгені ғалым еңбегінің айшықты бір көрсеткіші болса керек.

Бұл күнде жасы сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Қабидаш Қалиасқарұлы тарихи отанына қоныс аударып, осында жасап жатыр.  Халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар мен мерей тойлық жиындарға жиі қатысып, кейбірінің салмағын арттыру үшін қолқалап әкеліп мінберге шығарғанда әуелі жамырап жайғасқандарды бажайлап бір шолып алады да ұйқысы қанбаған немесе мажаурап, қалғып-шұлғып бейілсіз отырған, есінегіш құлықсыз аудиторияда өзін де өзгені де өзеуіретіп, жалықтырып қинамай тым аз, тым қысқа сөйлеп, түйіп қайырып, түксиіп мінберден түсіп бара жататыны да білгенге үлкен үлгі. Ал мінберге көтерілгенде қарсы алдында жайнап, жанын салып, құлағын түріп, ынтызар отырған, көз қарастарымен-ақ өзіне қарай тартып әкетер, баурап алар құйма құлақ, ұқсам, білсем, естісем деп емініп, аспандағы ақ бұлтардан көзін алмай қадалып жатқан шөліркеген даладай аңсарлы аудиторияны жайлап алған жылы топтың алдында  Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов сөзін сәл өзгерте келтіре болсақ «менің тілімде  қаймағы бұзылмаған халықтың тілі бар, мені түсінемін, мені ұғамын, мені зерттеймін десеңдер әуелі халық фольклорын көп оқыңдар, ауыз әдебиетінен қанып сусындаңдар» деп төгілер еді.

Қабидаш Қалиасқарұлы – шет елдердегі қазақ әдебиетін (моңғолиядағы) әр жанрын жүйелі зерттеген тұңғыш, көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, бұл – оның мерей тойы қарсаңында айтыла салған кезекті бір алқау, марапат емес, шығармаларын шұқшия оқып, еңбектерін ой елегінен өткізіп, зардемізге салып, көзіміз жетіп, көкейімізге қонғаннан кейін туған дәлелі мол тұжырым.

2018 ж, қаңтар;

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар