Міне 2018 ит жылы аяқталып, 2019 доңыз жылы кіргелі тұр. Барша жамағатты ертеңгі күн бүгінгінің жай ғана жалғасы, жылдың басының қазіргі сандық жүйе бойынша ілгерінді кейінді сәйкессіздігі болса да қалыптасып отырған үлгімен жаңа жылымен шын жүректен құттықтап, әр отбасына мықты, таза денсаулық, бейбіт те мерекелі бақытты өмір тілейміз.
Жалпы ата-бабаларымыз уақыт мөлшерін есептеуді он екі мүшел жүйесі бойынша жыл қайыру деп атаған екен. Сонымен жылдың басы баршаға белгілі Тышқан болады да мүшелдің соңы Доңыз жылымен аяқталады. Мәселен бізден бұрынғы сегізінші, оныншы ғасырда өмір сүрген, еуропаның ешбір елінде жазу, сызу болмаған заманда өмірін өлеңмен өрнектеп, тасқа бәдіздеп жазып кеткен көне түріктер тілінде Он екі мүшел жылды: Сычған (тышқан), Сығыр (сиыр), Барс (барыс), Табышқан (қоян), Ұлу, Жылан, Йунд (жылқы), Қон (қой), Бічін (мешін), Ыт (ит), Тоңыз (доңыз) деп атаған екен. Ал енді соңғы жылдары осы Доңыз жылын Қабан деп атайтын үрдіс қалыптасыпты. Қабан жылы деген атауды ескі ауыз екі әдебиеттен де оқымаппын, көне көз қариялардың «Жылым қабан» деп жатқанын да естімеппін.
Менің ойымша бұлай атау орыстардың Доңыз жылын Қабан жылы деп атайтындығынан ауысып келген бе деймін. Орыстар жыл қайыруда атауларын шатастыра береді. Қой жылын олар ешкі жылы деп мүлдеп қарама-қайшы атайды емес пе?! Қабан мен шошқаны ажыратпау, бұ да сол сияқты.
Қабан – түз аңы, нулы-сулы жерлерді мекендейтін, шөп пен өсімдік тамырларымен қоректенетін, сырты түкті, айбатты, бір мойын жануар. Оның жауынан тайсалмай, қасықтай қаны қалғанша ажалға қарсы ұшатын батырлығы мен зор жүректілігін бағалаған болу керек қазақ баласы баласына Қабан деп ат қояды. Қабанбай батыр, Қабан жырау… Ал Шошқа не Доңыз деген есімді кездестірмейміз, өйткені шошқа, жем талғамайтын, өте арам, лас, түйсіксіз үй жануары. Демек қабан мен шошқа екеуі екі түрлі болмыс-бітім болса керекті. Олай болса олардың қасиеті де екі тарап, бір-біріне сәйкес келмейтін айырымды, шатастыруға, жаңылуға болмайтын дүние жаратылыс.
Бурылалтай
Парақшамызға жазылыңыз