//

Еуразия астаналарының қаламгерлері: өркениет және өлең

820 рет қаралды

Жә, көлігіміздің терін кептіргенімізбен, көңіліміздің ыстық-суығы әлі де басыла қояр емес. Солай болса да кеше ғана өзім қатысқан, қатысқанда қатты риза болған, Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Cұлтан қалалық филалының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткен, бергені мол, беделі зор «Еуразия астаналарының қаламгерлері» бірінші халықарлық форумы жайлы пікірімді сәл кеңейтіп айту маған парыз. Өйткені мен, талай жиынға қатыссам да бұрын-соңды бұндай әсерде болмаған болармын.

Бірінші болып сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма  төрағасы Ұлықбек Есдәулет мырза бұл жиынға әлемнің жиырма екі елінен ақындар мен жазушы, аудармашылар қатысып отырғанын хабардар етіп, ой тастай сөйлеп, форумның мақсаты мен бағдар-бағытымен таныстырды. Төрден мінберге көтерілген Арғымақ ақын Олжас Сүлейменов бүгінгі әдебиет жайлы ойын қысқа тұжырымдап айтып берді. Тың екен, өзі де нық сөзі де нық. Бірақ мен тап өз тарапымнан ол кісінің бүгінгі әдебиет жайлы пікірімен іштей келісе алмай отырдым. Өйткені Олжас Ағаның аузы дуалы адам ғой, сондықтан көп со кісінің айтқаны оң деп ойлай береді. Ол жайлы оңаты келгенде бір айтармын.

Ал форумға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және Президент кеңесшісі  Мақсат Сқақов  қатысып, сөз сөйлеп, көркем әдебиетке деген көзқарастарын ашық білдіруі мемлекетіміздің әдебиетке деген ықыласы бұрынғыдан мүлдем күрт өзгерген екен деп түйіндеуге болатын. Әдебиетсіз яғни адамзат баласының рухани құдылығын алдынғы шепке шығармай, қоғамның жан дүниесі тазармай өркениетке жету мүмкін емес екендігін жоғарғы билігіміз де түсінгендей. Әлемнің әр тарапынан келген ақындар өз тілдерінде баяндамалар жасап, оларды біз ілеспе аударма арқылы ұғынып отырдық.

Форум өзінің өзгеше жаңалықтарын ала келіпті. Испан елінің көрнекті ақыны, бұдан бұрын да қазақ ақындарымен байланыс жасап үлгерген  Хусто Хорxе Падрон  мырза Ұлы Абайымыздың 100 өлеңін испан тіліне аударатын болып «Фолиант» баспасы және ҚЖО-ның астана филалымен бірлесіп келісім-шартқа қол қойды. Ал үлкен жаңалық, ол осы форум барысында Дәулеткерей Кәпұлы бас редакторлық ететін көркем де әсем безендірілген, форматы да өзгеше, тысы да тартымды, ішкі мазмұны  да сан қырлы, салмақты “Samruq” (Самрұқ) атты астаналық әдеби журналдың тұсауы кесілуі. Ұзағынан сүйіндірсін!

Әуелгі беташар салтанатты жиыннан соң қаламгерлер әр салаға бөлініп өз ой пікірлерін ортаға салды. Мен Жазушылар Одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек жүргізген “Өркениет және поэзия” атты секцияға қатыстым. Тұтқиылдан сөз берілгенде «бүгін әдебиет жоқ» деп бүгіл дүние әлемді, қазіргі әдеби болмысты тек өз заманымен ғана сараптайтын кей ағалардың пікірімен келісе алмайтынымды айттым. Бұны үлкен бір сыни зерттеуге ұластыруға болатындай ойда қалдым.

Форум аясында қазақ әдебиетін шет әлемге, сырт елдерге насихаттауда жемісті еңбек етіп жүрген ақындар арналған сый-сияпат та ала бөтен болды.  Испан ақыны Падронның Ұлы Абайдың шағын бюст мүсінінің маңдайынан сүйіп тұрғанына сүйсіндік. Тап сол сәтте Әлем қазақ әдебиетіне де бас иетін күнге жеткен екеміз деп топшыладық. Тәңірім көп көрмесін!

Мен өз тарапымнан форумды ұйымдастырған Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филалының басшысы Дәулеткерей Кәпұлына, өзім аса зор ықыласпен бастамашыл, жаңашыл іс-шараларына әрдайым ырза, риасыз көңілмен қолдап отыратын Қазақстан Жазушылар Одағыма алғысымды жеткіземін!

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Бақытбек Бәмішұлы.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар