Арқадағы аламан: аруақ аунап түскен күн

878 рет қаралды
1

at 1Арқада – Астана мен Көкшетау күре жолының бойына Ақан Серінің Алты Алашқа әйгілі хас тұлпары Құлагерге алып ескеркіш қойылды. Құлагер – қасиетті тұлпар, еңіреген ерен дүлдүлдің симболы. Хас тұлпардың қанды қол қарақшының қолынан қаза тапқаны қазақ баласының қабырғасын қайыстырған қаза еді. Құлагер бейнесі кейін қазақтың бір туар азаматтарының астарлы образына айналды. Құлагердің басына сілтенген айбалта қазақ баласының қара үзген «қара ұлының» желкесін қиған қаскөйлік белгісі ретінде қалыптасты. Арқа төсіндегі бүгінгі той – зұлымдық пен қанішерлік атаулының ерте ме кеш пе қарабет болып, қарасын үзіп, аты өшіп, есесіне елдік тұлғаның тарих бетінен өшпестей орын алатындығын көрсетті.
Сары Арқаның сары белінен бой көтерген Құлагер ескерткішін заманалар бойында қаскөйліктің құрбаны болған Алаш асылдарына қойылған мәңгілік мүсін, тас бейне, Алаш рухының қайта оянуы, оралуы деп қабылдаған жөн. Бүгін бір Ақанның – Ақан Серінің ғана емес, бүтін қазақтың ар жолында күресіп, алтын жанын Алаштың амандығы үшін пида еткен өткен дәуірлер мен бүгінгі кездеңдердің арыстарына тұрғызған Алтын Тұлға деп айдарласақ артық болмас. Өйткені қазақтың өзі өзін «қазақ жылқы мінезді» деп Қамбар баба түлігімен туыстырып жатады емес пе!
Ал қазақтың жылқыға деген махаббатын айтып та, жырлап тауыса алмаспыз. Әлі де айтылады да, жырланады. Қазақ баласының қолына түскен қу шыбықтан бастап, атасының таяғы, тіпті апасының сабауына дейін ат болып кетеді. Қу ағашқа жан бітеді. Қазақ философиясында жылқы айырықша орын алады. Жылқының адам баласының бойына ұлы күш, рухани рух сыйлайтын ала-бөтен қасиеті бар. Ол – намыс, ол – ұлттық сана- сезім, ол – тектілік. Біз Арқадағы бүгінгі Құлагер бейнесінен осыны көреміз!
Жылқы баласына ескерткіш орнату дәстүрі адамзат тарихында кездеседі. Ондай үрдіс өзімізде де бар. Жамбылда асыл тұқымды айғырға ескерткіш қойылса, Талдықорған қаласында бір ынжықтың қанжоса болып, қорқырап құлап жатқан рух – Құлагерді мүсіндеген бейнесі бар. Жылқыға деген мұндай құрмет көшпенді басқа жұрттарда да кездеседі. Моңғолияда «Арвай хэр» (Арпа кер) деген атағы шыққан аттың атында қала бой көтеріп, «Арвай хэрге» алып ескерткіш орнатқан екен…
Қалжырағанды қатайтып, шаршағанды шыңап, босағанды беркінтіп ерлікке шақыратын Ерен Рух белгісі Құлагерің тұрды. Енді жаратып, баптап, бәйгеңе қос! Батыраштардың ай балтасынан аман сақта, Алашым!

Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Иә, Рух күшеймей ұл болмаймыз. Күшіген қалпымызда қарғымызды сүйретіп жүре береміз!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар