Коронавирус төңірегіндегі аңызға бергісіз әңгімелер желдей еседі. Соның бірі коронавирусты Америка вирусологтары ойлап тауып, Қытайда лабораторияда жасауға тапсырыс беріпті. Оны қаржыландыруға атақты филантроп, Майкрософт компаниясының негізін қадаушы Билл Гейтстің қатысы бар-мыс.
Бұл әңгіме алыс Америкадан басталып, қазақ медиасын да шарлап үлгерді. Оған негіз болған Билл Гейтстің 2015 жылғы TEDtalks жобасындағы сөйлеген сөзі. Бұнда Билл Гейтс бізге болашақта атом бомбасынан емес, биологиялық, эпидемиологиялық соғыстан қорқуды ескертеді. Алдағы он жылдықтың бірінде 10 миллиондаған адам қауіпті вирустан көз жұмуы мүмкін. Ең өкініштісі, бүкіл ғалам ядролық қарудан қорғануға миллиардтаған қаржы жұмсауда, алайда вирустан қорғану жайлы ешкім ойланбайды да деген ол әлемнің келесі вирус эпидемиологиясына дайын емес екендігін айтып дабыл қаққан. Оның былай деуіне негіз болған Ебола эпидемиясы кезіндегі мыңдаған адамның көз жұмуы еді. Сонымен қатар, Билл Гейтс 2018 жылы қауіпті вирустан 33 миллион адамның қайтыс болатынын болжаған. Ал вирус тарардан бірнеше ай бұрын, Event-201деген шара өткізіп, егер 18 айдың ішінде вирустан 65 миллион адам қайтыс болса, қалай болар еді деген сауалдарға жауап іздейді. Осы әрекеттерінің бәрі бүкіл әлемді жалмап бара жатқан вирустың авторы деуге итермелейді.
Әлемнің екінші байы атанған Билл Гейтс әйелі Мелиндамен бірге 2000 жылы Bill & Melinda Gates қорын құрып, қоғамдық денсаулық сақтау саласында қайырымдылық жасаумен айналыса бастаған. Қордың негізгі бағыты вакциналарды қаржыландыру. Мәселен, GAVI бағдарламасы арқылы 1999 жылы $750 миллион доллар осы жолға жұмсалып, миллондаған адамның өмірін сақтап қалуға негіз болған. Гейтс қоры малария және полио секілді жұқпалы ауруларды емдеуге көмектеседі. Соңғы жиырма жылда осы мақсатқа 40 миллиард доллар жұмсалған.
Билл Гейтс меценаттардың ішінде коронавируспен күресуде алдыңғы шепте жүрген адам. Оның қоры коронавирусқа қарсы 100 миллион доллар жұмсаған. Сондай-ақ, вакцина жасайтын фабрикаларды қаржыландыруға қисапсыз қаржы бөліп отыр.
Zignal Labs медиа анализ компаниясының мәлімдеуінше Билл Гейтсті қаралаған жазбалар мен мақалалар әлеуметтік медиа мен телеарналарда 1.2 миллион рет тараған. Америкалық The Times басылымының айтуынша, тек фейсбук желісінде 16 мың пост жарияланып, бұл жарияланымдар 900,000 ұнату мен пікірлер жинаған екен. Ал Наурыз және Сәуір айларындағы YouTube арнасындағы ең танымал 10 видео осы әңгімеге арналған әрі 5 миллионнан астам көрермен жинаған.
Есенгүл Кәпқызы
Парақшамызға жазылыңыз