///

Табысынан айрылғандар неге көп?

1086 рет қаралды

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша 23 сәуірде Мемлекеттік қордан   4 млн 146 мың әлеуметтік төлемдер төленген екен. 42500 теңгені алуға 8 миллионнан астам адам өтініш беріп, оның 4 миллионнан астамына тағайындалып үлгеріпті. Енді сұрақ 18 миллион халықтың қаншасы еңбек жасында? Статистикаға сүйенер болсақ, 2 миллион 140 мың зейнеткер бар. 3 миллионға жуық оқушы бар. 2018 жылғы жағдай бойынша елдегі 17 жасқа дейінгі балалардың саны 5 784 583ке жеткен — халықтың 32%-ы. Сонда жиынтығы 8 миллионға таяу бала мен зейнеткер бар. Оған жарты миллионнан астам (542,5 мың) студентті, бір жасқа дейін бала күтімімен отырған әйелдерді, көп балалы аналарды қосыңыз. Демек, еңбекке жарамды тұрғынның бәрі табысынан айрылып, күні 42500 теңгеге қарап қалды деп топшылауға бола ма сонда.

Жоғарыдағы сайт мәліметтеріне сенсек, берілген өтініштің 3 млн 585 мыңын Мемлекеттік қабылдамаған. 

Карантин уақыты Қазақстандағы еңбек нарығының әлі де толық сарапталмағанын көрсетіп отыр. Интернетті ақтарып отырып, Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының 2017 жылы «Қазақстанның еңбек нарығы» деген зерттеуіне көзіміз түсті. Зерттеу 2016 жылғы мәліметтерді қамтиды. Дәл осы жылы Қазақстандағы еңбекке жарамды тұлғалар саны 9 миллионға жеткен. Зерттеулер көрсетіп бергендей, еңбекке қабілетті адамдардың саны жыл сайын азайып отырған. Мәселен, 2012-2016 жылдар аралығында еңбекке қабілетті тұрғындардың үлес салмағы 68,5 пайыздан 65,9 пайызға дейін төмендеп, балалардың үлес салмағы 24,9 пайыздан 27,1 пайызға дейін өскен. Ал қарт адамдардың үлес салмағы –  6,6 пайыздан  7,0 пайызға жеткен. Еңбек жасындағы адамдардың жұмыспен қамтамасыз етілуі де төмендеп отырған. 2016  жылғы көрсеткіш бойынша  бұл 66,5% болған.  ( 2012 жылы – бұл көрсеткіш 67,9% болған). 

Зерттеудегі назар аударатын тағы бір тенденция ауыл және қала тұрғындарының арасындағы айырмашылық. Зерттеу жүргізілген төрт жыл ішінде ауылшаруашылығында жұмыс істеушілердің үлес салмағы 10 пайызға төмендеген. Мәселен, ауылшаруашылығы саласында  2012 жылы 2 миллион 172 мың адам жұмыс істесе, 2016 жылы олардың саны 1 миллион 385 мыңға дейін құлдыраған. Яғни, ауыл шаруашылығы мен дәстүрлі кәсіпорындар еңбек  нарығындағы негізгі ойыншы болудан осы төрт жыл бұрын қалған. Ал қала тұрғындарының 84%-ы жалдамалы жұмысшылар болса, 16%-ы өзін жұмыспен қамтамасыз етушілер. Өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етушілердің үлес салмағы ауыл шаруашылығында анағұрлым көп. Бұл жұмыс істеушілердің 40 пайызға жуығын қамтиды.  Жалпы республика бойынша, 2 миллион 210 мың адам өзін өзі жұмыспен қамтыған. Олардың 1,5 миллиондайы ауылдық жерде болса, 700 мыңнан астамы қалада. 

Еңбек нарығын талдаған бұл зерттеуден бері де төрт жыл өте шыққан. Төрт жылда жағдай айтарлықтай өзгере қоймағаны анық. Дегенмен, тенденция осылай сақталған болса, өзін өзі жұмыспен қамтушылар саны өскені байқалады. Әрі 42500 теңгенің жыры өзін өзі жұмыспен қамтушылардың саны анағұрлым көп екендігін айқындап отыр. Бүгінде табысынан айрылғандардың көбі осылар. 

Есен Байнұр

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар