Айлы түн. Мақпал самал аймалайды. Алма ағашының гүлдерінің үлбіреген бір тал жапырағы шалқасынан жатқан қыздың бетіне келіп қонды. Қандай ұлпа, қандай жұпар еді! Жігіт құшағында балқып барады. Демінің ыстығын-ай! Жүрегі лүп-лүп соқты.
– Сүйемін! Сен менің Шехризатымсың!..
– Шехризаты кім тағы да?
– «Мың бір түнді» оқыған жоқпысың?
– Кәріс қызы екенімді ұмытып кеттің бе…
– Қайдан білейін… Қазақ мектебінде оқығасын… Сара, сенсіз мен мына
дүниеге сыймаймын!
Жан жүрегі езіліп барады. Үні үздігіп шықты.
– Қай-қайдағыны айтпашы! Өзің үлкендерше сөйлейсің ғой. Сен әлі
баласың.
Сара балауса құрақтан басын көтеріп, еркелей күліп екі білегін ғашығының мойнына артты. Қарақат жанары ай сәулесіне шағылысып, жарқ етті. Күлтелендіре резіңкемен буып қойған қысқа қос бұрымын жел желпіді. Қақ жүрегіне қадалған найза кірпіктердің қуатынан әлсіреген бозбала қызды бауырына қыса түсті. Африканың аптабы қарып бара жатқандай…
…Еркінбала мына сұмдықты естігенде талып қала жаздады.
– Қаптаған қазақ қыздарының ішінен біреуін таппағаны ма?! Құдай кәрістерді қай күні айдап келіп еді біздің ауылға! Үйбай-ау, өзінен алты жас үлкен, бір балалы, байдан шыққан қатынды апа қылып алайын деп жүр ме!
Қолы құрғыры «жүрер» емес. Түс ауғанша бітіргісі келген. Құрап отырған құрағын тастай салды. Бұрқылдаған қалпы сыртқа шықты. Кәріс көршінің үйіне барды. Сара мен Алмастың арасындағы жайды бұлар да біліп қалыпты. Үзілді-кесілді қарсылық танытып отыр.
– Ақымақ болып жүр. Күйеуі келеді. Бәрібір қимайды. Баласы бар.
Сараның шешесі жұлқына сөйледі. Балаңа ие бол дегендей. Азғырмасын.
– Мұндай да көзсіз ғашық болады екен! Ештеңеге дес берер емес. Бар
амалым таусылды!
Еркінбала егіліп жылап жіберді. Шынымен де әбден титықтаған.
– Мен де қызымды тұсаулай алар емеспін. Не сұмдық екенін
түсінбеймін! Ел-жұрттан ұят болды!
Кәріс болса да, қазақи мінез-құлықты жақсы біледі бұлар. Беті ашылған қыздарының біреудің жас баласының басын айналдырып алды деген атқа қалғылары келмеген. Көшіп кетейін десе, көндігіп қалған жері. Орта жастан асқанда қоныс жаңартып қай оң табар дейсің.
Сара тұрмысқа ерте шыққан. Төсек үстінен көтеріп, ұлды болды. Көрсеқызар жарымен арадағы қызығы көпке бармады. Көзіне шөп салды. Ыдыс-аяқ сылдырлады. От басынан береке қашты. Ақыры жақсы болмады. Сараның күйеуінен көңілі қалып, сүйіспеншілігі тез-ақ сарқылған. Сүйіспеншілік дейтіндей, болды ма екен сол өзі? Жастықтың буымен…
Алмас Еркінбаланың өліп-талып жүріп жеткен жалғызы. Бұдан кейін көтермеді. Оқуы да нашарлап кетті. Сегіз сыныпты шықпа жаным шықпалап жүріп зорға аяқтады. Ауылда он жылдық мектеп жоқ. Анасы қаладағы ағайындас туысының қолына апармақ. Оқуын сол жақтан жалғастыруға Алмас әзер көнді. Оқымаймын деп қиғылықты салып көріп еді, шешесінің еңірегенде етегі толды. «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада».
…Алмас анасы алып келген хатты тағатсыздана оқып шықты да, қалшиып тұрып қалды. Денесі жансыз мүсінге айналғандай.
«Жан жүрегім – сәбиімнің бақыты үшін бәрін құрбан еттім. Кешір! Сені сүйемін!».
Сараны күйеуі алып кетіпті. Көңілі қалсын деп анасы хатты әдейі әкеліп отырғандағысы.
Алмас балконға атып шықты. Он екінші қабат не деген биік еді!
Әлемнің жарығы сөніп бара жатты. Қою қараңғылықтан Сара қолын созғандай болды. Ол ұмтыла берді…
Жансыз денені құшақтай құлап түскен ананың құлағына жедел жәрдем серенасының үні алыстан талып жетті де, үзіліп кетті. Инсульт. Сегіз күн есіне келе алмаған Еркінбала жалғыз ұлынсыз жарық дүниеге сия алмай кете барды.
Г. Шыңғысқызы
журналист