Сіз де байқаған боларсыз, қазақ тіліндегі блогтарда Қытай тақырыбына арналған жазбалар жиі ұшырасады. Бұл жолы солардың кейбіріне шолу жасағанды жөн көрдім.
Ақзере осыдан біршама уақыт бұрын “Қытай – күйеу жігіттер мекені” атты жазба жариялаған еді. Аталған жазбада қытайда отбасылы болғысы келетін жігіттердің көптігі қызықты оқиғамен түсіндіріледі.
Университетте оқитын бойжеткен танысу үшін жарнама жариялайды. Танысқысы келетін жігіттерді жатақханасының алдында белгіленген уақытта күтемін деп ескерткен бойжеткен 2000 жуық жігіт жатақхана алдына келетінін болжамапты.
Аталған жазба оқырмандар тарапынан да қызығушылық тудырды. Мәселен, Мейіржан есімді оқырман:
“Еркек пен әйелдің сан жағынан тепе-теңсіздігі қазіргі қытай әлеуметіндегі ешкім ауызға алуға батылы бармайтын ең өзекті мәселенің біріне айналып кеткен” дейді.
Мейіржанның өзі neweurasia-ға жариялаған жазбасында Қытайдан келген қандастарымызға азаматтық алудың қиын екенін түсіндірген. Дәл осыған ұқсас тақырып оның жеке блогында да “Қазақстанға шетелдегі қазақтардың керегі жоқ” деген атпен жаряланды.
Қалалық немесе Обылыстық әбердің алдына барсаңыз туған жерлеріне қайту визасын аштыра алмай жүрген өз қандастарымыз шеңдей соғылысады. Мынаған қараңыз, сол жердегі осындай құжатқа қажеті түскен қытай мен ұйғұр еш кедергісіз қызыл пасапортын береді де керекті мөрі мен елтаңбалы көк қағазды арасына қыстырып шыға береді. Ал, қазақтарға(оралмандарға) ондай мәртебе жоқ. Жоғардан шектелген, тұра тұр дейді.
Өзінің жақын досынан естігенін жеткізген Мейіржан: “Шеттегі қандастар әлемнің сан түкпіріне тарыдай шашылған қандастарды жинау қазіргі Қазақстандағы орындалуға тиісті бірінші мәселе деп қарайды. Қазақстан бізді керек етпейді деген түсінік тіптен ойыда жоқ дүние” деп ашынады.
Қытайдан келген қазақ бауырларымыздың тіл білмей, әрі Қазақстанның өмір сүру салтымен таныс болмағандықтан көп қиналатынын бұған дейін де айтылатын.
Әйткенмен ел ішінде оларға көмек қолын созып жүрген жандар да бар. Мәселен, Өскеменде тұратын bahtgul65 есімді блогшының “Мерейің үстем болсын, Нұржан” атты соңғы жазбасы Қытай жақтан келген 22 жастағы қазақ студентіне арналған.
…кафеде тұрсам, бір балалар келіп ас ішті.Кетіп бара жатып біреуі:”Апай,менің қарындасым жұмыс іздеп жүр еді,жұмыс жоқ па?” деді.Мен аты-жөнін жазып алдым,қажет болса телефон соғамын деп. Сөйтіп тұрып,әңгімелесіп кеттік. Нұржан Қытай жақтан көшіп келген бала,22 жаста,студент екен.”Апай,өзім де осы сияқты кафе ашайын десем, құжат жағына шорқақпын,орысша білмеймін,ал мына жақта қазақтар да орысша сөйлейді ” деді.
Қазақстанға келген Нұржанның алдымен анасы одан кейін әкесі қайтыс болыпты. Артында екі қарындасы бар.
Қытайдағы өмірді ішінен танып жүрген блогшы Ертайдың жазбалары да өте мазмұнды. Қытай тілін үйреніп жүрген азаматтың блогындағы жазбалардың көпшілігі Қытайдың әлеуметтік-саяси қырларына арналған. “Әскери бақталас” деген жазбасында автор Қытай әскери әлеуетін АҚШ-тан да асыруда қалайтынын хабарлайды.
Жазбада қытай палковнигінің “Қытай арманы” атты кітабынан мынадай үзінді келтірілген:
“алдағы 10–20 жыл ішінде Қытай қандай да бір соғыстан бұлтармайды. Қытай АҚШ-пен байланысы бар басты өштес елдермен қоршалғандықтан, Вашингтон ҚХР-ның артқы қақпасынан өрт шығаруы мүмкін. «Ондай жағдайда біз де олардың артқы қақпасына өрт қоя аламыз»,”
Ертай келесі бір “Қытайдың қарусыз жорығы” жазбасын Қытайдың мәдени экспансиясына арнаған.
Соңғы жылдарда Орталық Азия елдерінен Шыңжаң аймағына келіп қытай тілі мен қытай мәдениетін үйреніп жатқан жастардың саны едәуір артқан. Аймақтық білім департаментінің таратқан мәліметтері бойынша өткен жылы Шыңжаңға келіп білім алушы шетелдік оқушылар мен студенттердің жалпы саны 3,2 мың адамды құраған. Дәл қазіргі таңда бұл база Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан мемлекеттерінде жаңа Кофуций институттарын, әрі Орта Азия елдерінің орта мектептерде қытай тілі курстары мен арнайы орталықтар ашу жұмыстары жүріп жатыр дей келе, соңғы он екі айдың ішінде Қазақстан мен Қытай басшыларының бес рет кездескенін еске салады.
Қытаймен арадағы байланыс қарқын алған сайын қазақ қоғамында да оның әсері жылдам байқалуда. Блогосферамызда қытай тақырыбы бұнымен шектелмесі анық. Алдағы уақытта Қытайда тұрып жатқан қазақ қандастырымыздың блогтарына да шолу жасамақ ойда бар.
Асхат Еркімбай,
www.neweurasia.net блогынан
Сурет “Проза” блогынан және әл Фараби университетінің сайтынан алынды