//

Карантин жағдайындағы “Алтынорда” базары (фото)

5649 рет қаралды

Алматы маңы Қарасай ауданына қарасты “Алтын Орда” базары карантиннен кейінгі жұмысын бастады. Кейбір саудагер маусымның 1-нен бастаса, өзгелері жұмысқа енді кіріскен. Мінбер тілшісі Алтын Орда базарының карантиннен кейінгі хал-ахуалын біліп қайтты.

Күнделікті таңертең Алматы қаласына кіреберіс, ал кешке қаладан шығар жол кептелістен көз ашпайтын. Карантинге дейін күнде кездесетін кептеліс – қазір күшейген.

Фото: Minber.kz

Кептелістен қиындық туып, соғысып қалған көліктерді де кездестірдік. Облысқа шығар бойда жол үстінде такси ұстаған халық қарасы біршама.

Базар тіршілігі қайнап тұр. 2 айдан астам уақыт жұмыссыз тоқтап тұрғанға ұқсамайды.

“Алтын Орда” базарының басты кіретін есігі. Күзетші тек базарға кірген көліктерден ақы алып тұр.

Тұрақ қызметкері: “Алтын Ордаға кіретін есік көп, оның барлығын қалай жабады?”

Базарға бірнеше есік арқылы кіруге болады. Барлық есігі ашық. Жағдай бұрынғыдай, кіру құны 100 теңге. Базарға кіреберісте санитарлық ережені тексеріп тұрған ешкімді байқамадық. Адамдар, көліктер арақашықтықты сақтап жүрген жоқ. Бақылап, тексермегеннен кейін келушілер де аса мән бермейтін секілді. Базарға адамдарды кіргізетін қызметкерлер де медициналық қолғап, бетперде тақпаған. Біз күзеттен неге бұлай болып жатқанын сұрағымыз келген еді, жауап беруден бас тартты. Тұрақ қызметкері есімін атамаса да, жағдайды баяндап берді.

– Айтыңызшы, неге барлық есік ашық? Неге карантиндік ережені сақтап, тексеріп кіргізбейді?

– Алтын Ордаға кіретін есік көп, оның барлығын қалай жабады? Бізде бәрі ашық тұр. Неге тексермейтінін білмедім, бірақ базарда барлығы маскамен жүруі керек. Қарасаңыз, оны да ешкім істемейді. Масканы да көбі тақпайды.

– Аға, сіздің маскаңыз қайда?

– Үйде ұмытып кетіппін, негізі тағамын.

Базарда саудагерлердің ¼ маска таққан деуге келеді. Ал тұтынушылардың барлығында дерлік маска жоқ. Сауда-саттық барысында арақашықтық сақталмайды. Карантин жағдайы емес, бұрынғы қалыпта тіршілік етіп жатқандай әсер берді.

Жаңа орынға көшкен зейнеткер Алтыншаш әже

Алтыншаш әже тары, сұлы, бидай, талқан дақылдарын сатады. Карантинге дейін базардың өзге бөлігінде қызмет еткен. Базар әкімшілігі дәнді-дақылдар сататын саудагерлерді осы тұсқа көшірген екен. Алтыншаш әже жаңа орындағы саудасын бір күн бұрын бастапты.

“ Карантин кезінде зейнеткер болғандықтан 42 500 алмадым, есесіне балаларым алды. Ал базардағы жұмыс жақсы басталды. Тұтынушылар аз-аздан келіп жатыр. Біздің бұл жаққа көшкенімізді көбі білмейді ғой. Сол үшін әзірге адам аз. Тауарларым Түркістаннан келеді. Қазірше тауар бар, жетерлік,” – деді Алтыншаш әже.

Базар ортасында “Телефон сатасыз ба?” деп сауда жасап жүрген адамдар бар

Базар ішінде “Телефон сатасыз ба?” деп өткен-кеткеннің бәрінен сұрап жүрген бірнеше саудагерді жолықтырдық. Журналист екенімізді біліп бірден фотоға түсірмеуді өтінді. Пікірлерін білдіруге келіскенімен мардымды жауап ала алмадық.

– Бұл жерді тұрып, жүріп сауда жасау үшін жалға аласыздар ма? Аренда төлейсіздер ме?

– Жоқ, төлемейміз.

– Карантин кезінде қандай қиындық болды?

– Бұл жердегілердің басым көпшілігі пәтер жалдап тұрады. Жұмыс болмағаннан кейін пәтердің ақысын төлеу қиынға соқты. Әлеуметтік көмекке барлығының дерлік қолы жеткен жоқ.

– Неге сіздер маскасыз жүрсіздер?

– Масканы не істейміз? Біз аурудан қорықпаймыз, біз Құдайдан қорқамыз.

Ұялы телефон саудагерлері бәлкім әзіл, бәлкім шыны болар, “бұл сауда заңды ма?” деген сұраққа “иә, заңды”, “толық құжатпен алып, сатамыз” ,“ ұрлаймыз, ұрлық түбі береке” деп бірнеше нұсқада жауап берді.

Біз базарды одан әрі араладық. Базар толық ашылмаған секілді. Кейбір орындардың жабық екенін көрдік.

Үй жиһаздарын сататын орындар

Диван, төсек, үстел, орындық, жалпы үй жиһаздарын сататын орындардың кейбірі біз жеткенше жабылып қалған екен. Сауда орыны ашық сатушы тауарлары жайлы айтып берді:

– Карантин кезінде біз алатын тауарлар қымбаттап кетті. Біз де амалдың жоғынан сатып тұрған жиһаздарымыздың да бағасын көтердік. Тұтынушылар оны түсіне бермейді. Неге қымбат деп ренжиді. Мысалы, карантинге дейін шамамен 100 мың теңгенің диваны қазір 110 мың. 10% ға өсірдік. Олай етпесек біздің көрер табысымыз да азайып кетеді. Әзірге сауда аз – деді орта жасар саудагер.

Жаңа ғимарат. Ет павильоны

“Алтын Орда” базары жаңа ғимарат түрінде қайта салынып жатыр. Алғашқы павильондардың бірі – ет, сүт өнім ғимараты. Сауда-логистикалық орталық мәртебесін иеленген Алтын Орда жаңа ғимаратының атмосферасы базардан қарағанда өзгеше. Павильонға кіреберісте адам қызуын өлшеп, маска тексерген ешкім жоқ. Дүйсенбі күні павильонда санитарлық күн. Рұқсат бойынша, ет түріне қарай бірнеше саудагер ғана жұмысқа шыға алады.

Павильондағы аз саудагердің бірінен жағдайды сұрастырдық.

“ Дүйсенбіде тек 5 орын жұмыс істейді. Себебі санитарлық күн. Негізге жұмыс ертең басталады. Базардан осы ғимаратқа көшіргеніне қатты қуанамын. Таза жер, салқын. Бәрі ұнайды өзіме. Жұмыс өте жақсы. Карантинде демалмадық, жұмыс істедік,” –  деп жауап берді есімін атамаған саудагер.

Жаңа ғимарат. Сүт павильоны

Сүт өнімдеріндегі сатушы: “Жаңа ғимаратқа көшкенімізге 2 сағат болды. Бәрін енді орналастырып болдық”

Жаңа павильон болғаннан кейін көп адам бұл жақта не бар/жоғын біле бермейді. Сол себепті әзірге тұтынушы жоқ, сауда жоқ көрінеді. Сатушы “біз бұл жерді әлі өзіміз дұрыс білмейміз. Әлі көбі көшпеді. 1-2 аптадан кейін бәрі орнына келер” деп түсіндірді.

Алтын Орда көпірі. Көпірдегі сауда

Базар ішіндегі саудагерлер атын айтудан бас тартқан болса, көпірдегі сауда иелері пікір білдіруден қашты.

“ Бұл жерде сауда жасау мүмкін емес. Заңсыз, адам өтетін жерде сауда жасап отырмыз. Әзірге ештеңе айта алмаймын. Себебі өзім кешеден бастап біреудің орнына шықтым” – деді көпірдегі саудагердің бірі. 

Алтын Орда. Жеміс-жидек

Алтын Орда базарына қарап “ болған өмір ұқсайды болмағанға” деген өлең жолдары ойымызға келді. Сақтық шаралары мүлдем жоқтың қасы болған сауда орыны өзі жеке дара әлем іспетті. Маскасыз жүрген бір топ саудагерге бір әже “бұларға вирус жұқпайды, соған кепілдік алған ғой” деп наразы болды.

Алтын Орда базарының бір күндік тыныс-тіршілігі міне осындай.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар